Ұлттық ойын –халық мұрасы (ашық сабақ)

1
10313
“Шығармалардағы әдіс –амалдарды жетілдіру” Ашық сабақ

Сабақтың тақырыбы:  Ұлттық ойын –халық мұрасы.

Сабақтың мақсаты: Халқымыздың ұлттық ойындарының қалaй қалыптасқандығы,оның атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырғандығы туралы мағлұмат беру.Ұлттық ойын түрлерінің мазмұнын түсіндіре отырып,ойнату арқылы қызығушылықтарын арттыру.Ата-бабамыздан бізге жеткен баға жетпес байлығымыз,асыл қазынамыз ұлттық ойындар екендігін біліп өсуге,денсаулығын шыңдай түсуге тәрбиелеу.

Сабaқтың көрнекілігі:Слайд(ұлттық ойындарға байланысты суреттер,видео роликтер), шарлар т.б

Сабaқтың жүрісі:

Ұйымдастыру бөлімі:Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

Құрметті ұстаздар! 2 «г» сынып оқушыларының  «Көкпар» бағытындағы  «Ұлттық ойын-халық мұрасы»атты ашық тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер.

Кіріспе сөз:

Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан алуан.Солардың қай-қайсысы да адамға,соның игілігіне қызмет етуге бағытталған.Осындай аса құнды игіліктердің бірі –ұлттық ойындар.Бүгінде адам баласы жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп осы ойынның  аталып жүруі де жайдан-жай емес.Бұрын ел қорғаушы батыр,жауынгер,халық қайраткерлері,ойын үстінде көрінеді.Сол ойын арқылы шынығып,өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түседі.Ұлттық ойындар осылайша атадан-балаға үлкеннен-кішіге мұра болып жалғасып отырған.Ойын тек адамның дене күш- қуатын молайтып,оны шапшаңдыққа,дәлдікке тәрбиелеп қана қоймай,адамның ақыл-ойының толысуына,есейіп өсуіне де көп пайдасын тигізеді.Қазақтың ұлттық ойындары тақырыпқа өте бай және алуан түрлі болып келеді.

Мұғалім: Ал,балалар,кім қандай ұлттық ойын түрлерін біледі?

Балалар: Көкпар,күрес,теңге алу, жамбы ату,аударыспақ,қыз қуу т.б

Мұғалім: Бұл ойындарда қандай мінез-құлықта болуды қажет етеді?

Балалар:Өжеттікті,батылдықты,шапшаңдықты,табандылықты, тапқырлықты…

Мұғалім: Олай болса ,балалар, келесі кезекті ойын түрлеріне байланысты жаттаған өлең жолдарына берейік.

Нұртас:  Әзір титтей бойымыз,

Әзір балаң ойымыз.

Тек қуамыз ойын біз.

Ұзарады бойымыз.

Толысады ойымыз

Өйткені біз күн санап

Өсіп келе жатырмыз.

Сегізге толған батырмыз.

Ерасыл:Кел,қанекей,келіңдер,

Тамашаны көріңдер.

Бізде қызық ойын бар.

Барлығың ден қойыңдар.

Фатима: Атты баптап,

Түсеміз біз көкпарға.

Күш болмаса өзіңде

Қаларсың аунап көк шаңға.

Нұршат: Көкпар-ұлттық ат спорты ойындарының бірі.Ойынның атауы «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан.Көкпарға жасқа толған серкенің  семізі таңдалған.Семіз серке терісі жыртылмайды.Орташа салмағы 20-30 кг –дай келеді.Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан көкпарға тартпайды.

  Көкпар жігіттердің күш-жігерін,төзімділігін батылдығы мен ептілігін,ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады.Сонымен қатар көкпар аттың қалай бапталып үйретілгенін,жүйріктігін де сынайтын спорт.

Әділбек: Бәйге міне басталды.

Қосылдым мен шетінен.

Озып шықсам егерде

Әжем сүйер бетімнен.

Диана:    Ала алмасаң теңгені,

Мазақ қылар көпшілік.

Ілу үшін теңгені

Керек екен ептілік.

Дилназ:  Теңге ілу-бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны.Көбінесе қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойналады.Бұл ойында жігіттің  атқа мықтылдығы ,ат үстіндегі әрекеті,денесін игеріп алған ептілігі сыналады.Теңгені іліп ала алмай,аттан ауып қалып жататындар да көп болады.Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп,беті ашылғаннан кейінгі сайрандарда  ырым үшін де ойналады.Сонда жас келін өзінің шолпысын  немесе алқа күмістерін орамалға түйіп,бір қарыстай терең қазылған ,қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды.Сәйгүлік мінген жігіттер жүз,жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп,шұңқырдағы орамалды  іліп әкетуі тиіс.Шұңқыр тұсында іркіліп.тоқтауға не аттың басын бәсеңдетуге болмайды.Кімде-кім орамалды іліп әкетсе ,оны өзіне сыйлаған жас келіннің сыйлығы деп біледі.Оны өзі алып қалмайды,қалаған адамына сыйлайды.

Ақбота:  Кімнің көзі қырағы

Жамбы атуға шығады.

Кім тигізсе жамбыға

Сол елінің ұланы.

Жасұлан: Алтын қабақ (жамбы ату)-шауып келе жатқан аттың үстінен нысананы дәл көздеп,атып түсіру.Бұл ойнның нұсқалары басқа халықтарда да кездеседі.Мұндай жарыс өткізілетін  мерекелерде биік бағана ,болмаса ұзын сырық қадалып,оның ұшар басына нысана ретінде жамбы(күміс құймасы) ілінетін болған.Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған.Атпен шауып келе жатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп,жеңіске жетуге тырысқан.Жамбы ату жігіттерді шабандоздыққа,мергендікке үйретуде елеулі роль атқарған.

Нұрай: Палуан болу оңай ма?

Қажет оған көп айла.

Сол үшін біз аянбай,

Көп күрестік көгалда.

Нұрлыбек: Күрес-қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ,ұзақ тарихы бар ойын.Бұл ойында адамның жеке қүш-қайраты сынға салынады.Жігіттер сайыс майданына түскен кіммен болса да тайсалмай күресуі тиіс.Қарсыласқысы келгеннен аянбау керек.Күрес қазақ арасында күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Асем:Аударыспақ-салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы.Бұл ойынға қайрат күші мол,батыл да төзімді шапшаң қимылдап,атқұлағында ойнай білетін жігіттер қатысады.Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап,қылыш шабатын жауынгерге  қажетті қасиеттерді қалыптастырған.Аударыспақ қазіргі кезде де шопандар тойында ,мерекелерде спорт ойынының бір түрі ретінде көрсетіліп жүр.

Мұғалім: Қазақтың кез-келген шаңырағында болған той-мереке ән-бисіз өтпеген .

Олай болса, «Қара жорға» биін тамашалайық.

Біздер шымыр,жүйрік те

Ойынменен шынықтық

Еп қана емес, бірлікте

Керек екен  соны ұқтық.

Бекжан:   Асау үйрету туралы тақпақ.

Мұғалім: Асау үйрету туралы қысқаша айтып өту.

Мұғалім:Қазақтың ұлттық ойындарының көптеген түрлері бар.Азғантай уақыттың ішінде олардың барлығына бірдей тоқталу мүмкін емес.Сондықтан қазір сол ойындардың ішінде  «Арқан тартыс», «Сақина салу», «Асық» ойындарын ойнап көрейік.

Сақина салу-жеребе арқылы бір қыз,бір жігіт ортаға шығады.Басқалары екі қолдарын уыстаған күйі тізелерінің үстіне қойып отырады.Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен ойынға қатынасушыларды түгел аралап өтеді.Содан кейін жігітке  «Сақинаны тап!» деп бұйырады.Жігіт өзі ұйғарған ойыншыдан «Сақинаны бер!»деп сұрайды.Тапса ,сақинаны ұстап отырған ойыншы айып тартады.Таппаса,іздеушінің өзі айып тартады.Ал айыптың өтеуі көпшіліктің қалауы бойынша орындалады.Айыптың түрі:ән салу,жұмбақ шешу,жаңылтпаш айту т.б болады.

Асық ойыны— ер балаларға тән ойын.Асық ойынын жаздыгүні  тақыр жерде ойнайды.

Асық ойыны туралы балалардан сұрақтарға жауап алынады.Асық ойыны және арқан тартыс ойыны  ойнатылады.

Қорытынды сөз:Сонымен ұлттық ойындар-ата-бабамыздан бізге жеткен,өткен мен бүгінгіні жалғастыратын баға жетпес байлығымыз,асыл қазынамыз.Ойын адамның алдынан өмірдің есігін ашып,қабілетін оятады.Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы мүмкін емес.Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе секілді.Ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін ,ойдан-ойға жетелейтін ,адамға қиялымен қанат бітіретін ғажайып нәрсе,ақыл-ой жетекшісі,денсаулық кепілі,өмір тынысы.

Атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойындарымызды ойнау арқылы бойымызға қүш жинап,ақыл-ойымызды толықтырып,еліміздің туын биікке көтеретін сегіз қырлы ,бір сырлы  азаматы мен азаматшалары болып өсе берейік-дей келе Сапарбай Нұрлыбектің орындауында  «Жаса,Қазақстан!» әнімен бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Басқа материалдар


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ