Мұғалімнің талабына сай болуы үшін қойылатын талаптар. Студенттердің субьект-бағдарлы психологиялық дайындаудың тұжырымдамалық негіздері.

0
3357
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Мұғалімнің талабына сай болуы үшін қойылатын талаптар.

Қазіргі таңда дүниежүзілік өркениеттілікке жету мақсатында білім беру жүйесін оңтайландыру қажет. Онда азаматтық міндеттерді жүзеге асыру үшін білім беру мен тәрбие мәселесін нағыз гуманистік дәрежеге көтеру, бүкіл ғаламдық мәдени кұндылықтарға қол жеткізу керек. Мұны атқаратын, сөзжоқ, мұғалім.

Осыған орай, егемен еліміздің білім беру ісінде реформалар жасалуда. «Ғасырдың мектебі мен мұғалімі қандай болу керек?» деген негізгі сұраққа жауап ізделуде. Мұғалімді даярлау барлық кезеңдерде мәнін жоймайтын мәселелер қатарына жатады, себебі коғамның әлеуметтік-экономикалық міндеттері өзгеріске ұшырап отырады, ал мұның бәрі педагог кадрларын мамандық даярлау жүйесіндегі көзқарастарды байыта карауға жетелейді. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, өз ісінде қасаңдық пен жаттандылықтан аулақ, практикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог-педагогтық диагностика қоя білетін іскер мұғалім қажет.Ғалымдардың зерттеуі бойынша, мұғалімге өз қызметінде екі жүздей жұмыс түрін атқаруға тура келеді екен. Ол мектептің барлық шараларына қатысады, көптеген адамдармен қарым-қатынас жасайды, көптеген педагогикалық құрылыстармен жағдаяттарды кездестіріп, оларды шамасына, біліктілігіне қарай шешеді.

Енді осыған сәйкес XXI ғасыр мұғаліміне қойылатын талаптарға тоқтала кетейік.

Біріншіден, мұғалім жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман мұғалім болуы қажет. Зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар мұғалім жалтақ болмайды. Өз ісін жетік біліп, табанды жүргізетін мұғалім ғана түпкі нәтижеге қол жеткізе алады. Ондай мұғалім әрбір күніне есеп беріп отырады, азаттык ар-ожданын корғай алады.

Екіншіден, мұғалім педагогтық, психологиялық білімін күнделікті ісінде шебер пайдалана білетін болуы керек. Дүниежүзінде ғаламтану үрдісі жүріп жатқандықтан, ақпараттар ағыны көбейді. Мұғалім қандай пәннен сабақ бермесін, ол баланың өмірді әр саласына қатысты кез келген сұрағына жауап беруге даяр болуы керек.

Әр мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс. Психологиялық басты зандылық – «Адам өзінің шығармашылық өзгерушілік қызметі арқылы адамдармен қарым-қатынас жасайды. Және жеке ойлау қабілеті зор жеке тұлға болып қалыптасады». Көп білу үшін көп ойлау, оқу керек. «Интернет» жүйесін білу керек.

Үшіншіден, міндетті орта білім беру, стандартты    оқулықтарды    пайдалану, ақпараттардың көбеюі, т.т. мұғалімнің білім берудегі жетекші рөлін жойды. Енді білім беру негіздерін өз бетінше оқып үйренуге оқушыны баулу міндеті тұр. Өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға үйретпеген мұғалім қазір түпкі нәтижеге қол жеткізе алмайды. Жан-жақты даму үшін балаға осы салада мұғалім ғана көмектесе алады.

Төртіншіден, мұғалім ұйымдастырушылық, құрылымдық, бейімділік сараптамалық қабілеттермен қатар өз бойындағы педагогикалық жағдаяттарды, дәйектерді, құбылыстарды талдай білуі және солардың пайда болуының себеп-салдарын анықтай білуге де бейім болуы шарт. Соның негізінде күрделі жағдайларда шешім таба алатын дәрежеге жетуі мүмкін.

Бесіншіден, мұғалімнің адамгершілік, саяси-идеялық ұстанымы жұмысында көрініс тауып, ол ұстанымды бала тәрбиесіне негіз етіп алу шарт. Қысқасы, бала ықпал ету объектісі емес, ынтымақтаса қызмет ететін тұлғаға айналуы керек.

Педагогтык мамандық білімділікті қажет етеді. Мұғалім — белгілі бір пәнді жетік меңгерген мамандық иесі. Болашақ мұғалімнің біліктілігі оқу орнындағы алған білімі арқылы қалыптасады. Туған Отанын сүйетін, оның қаратасын қадірлеп, қорғай білетін, тілін, дінін кұрметтейтін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде білім саласының белді буыны — мектеп басты рөл атқарады десек, осы мектептің жүрегі, басты тұлғасы — мұғалім.

Педагогқа тәрбиелей және басшылық ете білу, тыңдата және тыңдай білу, дүниетанымы кең болу, сөйлеу мәдениеті, адаммен қарым-қатынас жасай білу, оған сенім арту, алға ұмтылуға үйрету, байқампаз болу, қандай жағдайда болсын шешім қабылдай білу — қажетті қасиет.

Қай мемлекеттің болсын өркениеттілігін көрсететін білімі мен ғылымы. Ғылымды дамытатын терең білімді ұрпақ тәрбиелеу мұғалімнің қолында. Біздің мемлекетіміздің білім саласында осындай тың бетбұрыстарға қадам басуы заңды да. Бұл бетбұрыстың бел ортасында тағы да мұғалім.  «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі» деп айтқандай, қолына шырақ пен кітап ұстаған мұғалімнің қоғамдағы рөлі ерекше. Әрбір білікті ұстазға білім жолында бұлдыр нәрсе жоқ демейміз.. Өнегелі ұстаз «өзім бол» демейді, «өзің бол» дейді. Мұғалімнің басты мақсаты – оқушыға  білім беру, тәрбиелеу, жетілдіру, болашағын дамыту.

Қазіргі заман талабына сай ғаламдану кезеңінде мұғалімдерге қойылатын талаптар:

Біріншіден, бұрын оқулықтар мен бағдарламалар ұлттар мен ұлыстардың өзіне тән менталитеттерін ескермей, оқыту мен тәрбие үрдісі орталықтан басқарылды. Соның нәтижесінде ұлттық сана мен мәдени құндылықтарға нұқсан келтірілді, өз ана тілін ұмытқан ұрпақ пайда болды. Оның орнын толтыру оңай шаруа емес. Сондықтан бүгінгі әрбір ұстаз Абайдың, Ыбырайдың, Шоқанның, Мағжанның, т.б. қазақ зиялыларының педагогикасын оқып үйреніп, жаңа заманға лайық «этнопедагогика» мен «этнопсихология» ғылыми негіздерін  тезірек  меңгеруге тиіс.

Екіншіден, кешегі педагогикадағы жақсы үрдістерді ысырып тастамаған абзал.

Үшіншіден, жер шары бүкіл адамзат үйі екенін естен шығармай, дүниежүзілік хабарлар кеңістігінің мүшесі болып, «Интернет» жүйесіне ену қажеттілігі туып отыр. Біздің республикамызда барлық мектеп компьютерленуде. Мектептен барлық мұғалімдер компьютер тілін үйреніп, сабақтарында пайдалана білуге қол жеткізуі керек. Бұл – уақыт талабы ғалам талабы, ғаламдану талабы.

Төртіншіден, мамандар өзара араласып, ақылдасып атқарған істің жемісті болатыны белгілі. Ендеше, жаңа оқулықтар оқыту әдістемесі мен дидактикалық материалдар даярлау барысында ғалымдар мен ұстаздар бірлесіп еңбек етсе, олардың сапасы да талапқа сай болары сөзсіз.

Бесіншіден, мұғалімдер ынтымақтастық педагогикасы қағидаларын өз ісінде басшылыққа алулары тиіс. Ең бастысы, мұғалім өзінің өмірімен, білімімен, зерделілігімен, салауат-тылығымен, яғни барлық ісімен үлгі болатын тұлғаға айналуы қажет.

Алтыншыдан, оқу мен тәрбие егіз екенін бір сәтте естен шығармаған жөн.

Келешектің, біліктіліктің бастамасы киелі шаңырақ-мектепте. Ондағы балаға берілетін білім үлкен ізденісті талап етеді. Яғни ұстаз -үнемі үздіксіз «ізденуші». Әр ізденістің өз олжасы бар, ол алдымен ізбасарлыққа, содан соң із ашарлыққа үйретеді.

Бұл, сөз жоқ, мұғалімдерге бұрынғыдан да зор жауапкершілікті, заман ағымына бейімділікті, жанқиярлықты талап етеді.

Қорыта айтқанда, өмірде мұғалімнің жасаған істері артында мәңгі-бақи қалуына игі әсер ететін ұстаздар қауымы мәңгі жасап, рухы ешқашан төмендемесін десек, өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана, ол заман талабына сай мұғалім болады деген пікірді тұжырымдаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  • Үсенбек Р.Қазақ халық педагогикасы.Түркістан.-1999.159-б.
  • Подласый И.П. Педагогика. М.: Владос. С. 57- б..
  • Коджаспирова. Г.М. Педагогика. М.: Владос.2003.С.
  • Ұстаздық іскерлік негіздері. Ұлағат. 2004.

 

Студенттердің субьект-бағдарлы психологиялық дайындаудың тұжырымдамалық негіздері.

Жоғары оқу орнындағы субъект-бағдарлы психологиялық дайындауды өз проблемалық жағдаяттарын өздері шеше алатындай студенттердің субъект ретінде психологиялық сауат ашуын, психологиялық құзіретті дамытуын, психологиялық мәдениетті игеруін қамтамасыз ету жүйесі деп атаймыз. Мұндай психологиялық дайындауға негіз болатын субъектілік тұрғыларды қарастыралық.

Адамды өмір, іс-әрекет, қарым-қатынас процестерінің субъектісі ретінде психологиялық зерттеу жантану ғылымындағы түрлі теорияларды ықпалдастыратын, артықшылығы басым тұрғы дәрежесінде көрініп, оған өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан ерекше назар аударылып келеді.

Субъект категориясының философия аясынан шығып, психологиялық теорияға кіргізілуі арқасында кейбір іргелі психологиялық проблемалардың методологиялық тіректерін дәлме-дәл келтіруге мүмкіндік ашылды. Ең алдымен, объект қағидасы кейбір психологиялық қасиеттердің, процестер мен жағдайлардың өздігінен ғана субъектіні, белсенділікті толыққанды анықтай алмайтынын ескеруді негіздейді. Өздігінен сана ешқашан аңғара алмайды, ниет өзі ғана мақсатқа жеткізбейді, тек сезім адамның қатынастарын реттей алмайды. Саналы аңғару, мақсатқа жету, қатынастарды реттеу тек адамның өз жан-дүниесінің, іс-әрекетінің субъектісі ретінде жүзеге асыратын белсенділік түрлері болып табылады. Сонда психика-субъектемесі, жан-дүние иесі-адам субъект болады.

Субъект психологиясының негізгі ілімдері әдебиетте аса жалпыланған түрде келтіріледі. Сондықтан олардың теориялық-экспериментальдық негіздемесін тиянақты талдау қажет.

Субъект психологиясының алғашқы ғылыми ілімдері С.Л. Рубинштейн, Д.Н. Узнадзе, Б.Г. Ананьев еңбектерінің арқасында қалыптасқан. Сондай-ақ субъект психологиясы жалпы түрде гуманистік бағыт негізінде бар. Алайда субъектінің әлдеқайда жүйелі де дәйекті психологиялық теориясы С.Л. Рубинштейн мен оның ізбасарларының философиялық-психологиялық тұжырымдамасының негізінде құрылған деп түсінеміз. Алғашқылардың бірі болып «субъект» ұғымын онтологияға тұлғаның шынайы болмысына орай енгізген де С.Л. Рубинштейн еді (1;2). Ғалым қорытқан субъектінің болмысты және өзін саналылық иесі құрауға, өзгертуге, түрлендіруге қабілетті болатыны жайлы идея қазір де субъект теориясында белді орын алады. Сондай-ақ,біздің де, жалпы, педагогикалық психология саласындағы зерттеу үшін С.Л. Рубинштейннің кез-келген адамды әрқашан дүниені және өзін өзгерте алатын субъект ретінде қабылдайтыны жайлы түйіндері аса құнды болып табылады.

Оған қоса ғылыми мектептердің талайы субъект мәселесін зерттеуде бай тәжірибе жинақтай алған. Мұнда Б.Г. Ананьевтің түлғаның өмір жолы бойынша тұжырымдамасын ерекше атауға болады. Ол адамды индивидтік, жеке-даралық, тұлғалық және субъектілік сипаттамалардың жүйелері тұрғысынан зерттегенді (3; 4; 5). Ал В.Н. Мясищев басқаларға деген қатынастың әрқашан басым болуын көрсете отырып, тұлғаны түрлі қатынастар субъектісі ретінде анықтайды (6).

Тұлғаның субъектілік сипаттамасын ашуға В.С. Мерлин мектебіндегі ықпалдасқан жеке-даралықты зерттеудің әсері мол болды. Ықпалдасқан жеке-даралық ағзаның қасиеттерінен (биохимиялық, морфологиялық, нейродинамикалық), индивидум параметрлерінен (психодинамикалық), таным процестерінің ерекшеліктерінен және метадаралық сипаттамаларынан жинақталған көп өлшемді құрылым ретінде сипатталады (Б.А. Вяткин; В.Я. Дорфман және т.б.). Осы орайда субъект психологиясы үшін В.С. Мерлин (7), В.В. Белоус (10; 11) еңбектерінде әрбір тұлғаның ерекше субъектілік пішінін құрайтын даралықтың түрлі деңгейлері арасындағы көптеген байланыстардың анық көрсетілуі аса маңызды деп санаймыз.

А.Н. Леонтьев (12; 13) тұжырымдамаларында тұлға заттық-практикалық іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастырылады. Жетілген қоғамдық қатынастарда іс-әрекет өзіндік құрылымы саралануы болатын (мотив,мақсат, тәсілдер,әрекеттер дағдылар және т.б.) белсенділіктің ең жоғары деңгейі ретінде жан қуаттары мен психикалық қасиеттердің калыптаса бастауына және одан әрі дамуына мүмкіндік ашады. Интериоризация негізінде бұл жан қуаттары мен психикалық қасиеттер құрылымы бойынша сыртқы іс-әрекеттің іспеті сияқты қалыптасады.

Л.С.Выготский теориясынан (14;15) бастау алатын зерттеу дәстүрінде психика ерекшелігі тұлғаның сөйлеу, тіл, жалпы психикалық құралдардың субьектісі болып, оның әрқилы әлеуметтік, мәдени заттар мен құралдарды меңгеруіне байланысты карастырылады. Қазір жантанудағы тілдің мәдени пішіндерін қолдануға қатысты тұлғаның субьектілік қасиеттері психосемантика әдістерінің арқасында ашылуы (В.Ф.Петренко, А.Г.Шмелев, В.А.Цепцов және т.б.).

Соңы уақыттағы субъект психологиясының методологиялық қағидаларының жасалынып, жетілдірілуі А.В. Брушлинскийдің,     К.А. Абульханованың іргелі еңбектерімен байланысты (16; 17 т.б.). Олардың ықпалымен соңғы жылдары субъект және субъектілік даму мәселелері талай танымал жантанушы ғалымдардың зерттеу объектісіне айналды. Мәселен, Л.И. Анцыферова, М.И. Воловикова, АЛ. Журавлев, В.В. Знаков, В.Т. Кудрявцев, В.В. Селиванов, Е.А. Сергиенко, В.И. Слободчиков, Д.И. Фельтштейн, Г.А. Цукерман сынды ғалымдар субъект дамуының әр жақтарын белсенді түрде зерттеуде. Сондай-ақ субъектілік белсенділіктің құндылықты, рефлексивті, үйреншікті белсенділік, операционалды, істес сынды құраушылары анықталып, олардың жіктері ажыратылды               (А.К.Осницкий). Ал экопсихология саласында эволюциялық дамудың бірлескен процесінде бірыңғай субъектіні анықтайтын адам мен табиғат арасындағы өзара әрекеттестік болатыны негізделді         (В.И. Панов). Тұлғаның түсіну субъектісі ретіндегі қырлары жан-жақты қарастырылған (В.В. Знаков).Қабілет жан қуаттары қызметінің оңтайлы болуын қамтамасыз ететін сапалар мен қасиеттер ретінде субъектілік тұрғыдан тұжырымдалады (В.Д. Шадриков, В.Н. Дружинин). Қабылдау сезім мүшелерінің арқасында алынған бейнеден, субъектінің ішкі жағдайынан (перцепциялық кешеннен) және кеңістік пен уақыттағы тіршілік әрекетінің формасынан тұратын перцепциялық жүйе болатын субъектілік әрі тұлғалық процесс ретінде зерттелінеді (В.А. Барабанщиков).

Біздің зерттеуге қатысты субъектілік негіздегі кәсіби даму психологиясы, кәсіби сабағат беру мәселесі маңызды болмақ. Осы орайда адамға субъект ретінде қарау оның кәсіби іс-әрекетінің нәтижелілігі мен сапасының аса маңызды факторы болатыны дәйектелген (Л.Г. Дикая, Е.А. Климов, Б.Ф. Ломов, А.К. Маркова, В.Д. Шадриков және т.б.)- Мәселен, Е.А. Климов пікірінше қазіргі жағдайда кәсіби білім беруді жетілдіру міндетті түрде»…еңбек субъектісі ретіндегі адам жайлы сараланған психологиялық білімді…» қамтуы қажет(18,27-б.).

Бірқатар зерттеушілер субъект табиғатын адамның заттық іс-әрекеттің белгілі бір түрлерінің негізі, белсенділікпен жүзеге асырушысы және бастамашысы ретіндегі өзіне (басқаларға) қатынасы тұрғысынан түсіндіреді (А.Н. Леонтьев, Е.Н. Волкова және т.б.). Мұнда субъектілік іс-әрекетті меңгеру ретінде ғана болып, тұлғаның әрқилы сипаттамаларының бірі санатында қалады да «тұлға», жеке-даралық» ұғымдары сияқты әлдеқайда жалпыланған құрылым қатарына жатпайтын сияқты. Ал адам әртүрлі іс-әрекеттердің, қарым-қатынастың субъектісі ретінде қарастырылатындықтан, оның табиғаты көп деңгейлі, сипаттамасы көптеген қасиеттердің жиынтығы болатыны анық. Осыған орай В.В Селивановтың (19) субъектіні талдауын келтірелік. Ғалымның пікірінше, адам психикалық белсенділіктің және кез келген іс-әрекеттің субъектісі болып қалыптасуы үшін оның ақыл-ой әрекеті басты рөл атқарады. Бұл тұлғаның онтогенезде қалыптасуына қатысты генетикалық бастау болады.

Қазақстан ғалымдарының зерттеулері субъект психологиясындағы іргелі ілімдерге сүйенуімен қатар, оны өз тұжырымдамаларымен байыту да байқалады. Х.Т. Шериязданованың және оның шәкірттерінің зерттеу жұмыстарында (20; 21 және т.б.) білім беру саласының болашақ мамандарына қатысты педагогикалық қарым-қатынастың аса дамыған деңгейі ретінде кәсіби қарым-қатынасты анықтап, сипаттау арқылы субъектілік қасиеттердің мәні айқын берілген. Ал оқыту процесінің психологиялық құрылымын тұжырымдап, жіктеуде С.М. Жакыпов (22; 23 және т.б.) субъектілік тұрғыны басқа ұстанымдармен ықпалдастыра негізге алады. Аталмыш мәселе оның ғылыми мектебінде, шәкірттерінің зерттеу жұмыстарында орнығып та қалған сияқты. Мәселен, С.Қ. Бердібаева зерттеулерінің (24) методологиялық негізіне С.Л. Рубинштейннің субъект психологиясы ықпал ретінде алынған. Ал Қ.Б. Жарықбаев еңбектерінде (25; 26 және т.б.) қазақтардың топтық және жеке-дара субъект ретіндегі ерекшеліктері, жалпы субъект этногенезіне қатысты сипаттамалар жиі кездеседі.

Субъект психологиясының негізгі ілімі бойынша — ол ең жоғары деңгейдегі белсенділік, дербестік, тұтастық таныта алатын адам болып табылады. Мұндай деңгейдегі адам аса дараланған, мотивациясындағы, психикалық құрылымдарындағы, қабілетіндегі ерекшеліктері айқын болады. Адам баласына туғаннан белгілі дәрежедегі белсенділік тән болғанмен, ол тек іс-әрекет процесінде ғана субъект бола алады. Әрбір тұлға субъект болса да олар тепе-тең ұғымдар емес. Субъект — тұлғаның өзін-өзі ұйымдастыру, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі құру ерекшеліктері, іс-әрекетті жүзеге асыру үшін ішкі және сыртқы ахуалдарды үйлестіру тәсілі, іс-әрекеттің объектілік және субъектілік мақсаттары мен міндеттеріне орай барлық психикалық процестерді, қасиеттерді, кейіпті, байланыстыру орталығы. Субъектке тән осындай біртұтастық, ықпалдастық, бірлік сипат оның субъектілік қасиеттерінің жүйелі екендігін көрсетеді.   А.В. Брушлинский субъект тұтастығын адам дамуының барлық кезеңдеріндегі табиғи және әлеуметтік қасиеттердің ажырамас байланысымен түсіндіреді.

Әдебиеттерге жасалған талдау арқылы аталмыш тұрғының студенттерді психологиялық дайындауды тұжырымдауға ықпал ететін негізгі екі идеясын байқадық. Бірінші қағида субъектілік іс-әрекеттік тұрғы мен жүйелік тұрғыны бірлестіру мүмкіндігіне қатысты. Бұл екі парадигманы біріктіру студентті оқу-кәсіби іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастыруды психологиялық тұжырымның өзегі етіп алу арқылы мүмкін болмақ. Осыған орай небір жағдайда студент субьект ретінде белгілі бір жүйелі қасиеттерді, қатынастарды жүзеге асырады. Тек субьект қана кез-келген іс-әрекет барысында өзінің күрделі, көп деңгейлі психологиялық құрылымдарының жүйесін жасап, жүйе құрушы фактор болып табылады. Ал жүйелік тұрғы қағидасынан деңгейлі түрде дамитын адам психологиясының өзіндік ұйымдастырылып  құрылуы шығады. Субъектлік іс-әрекеттік және жүйелік тұрғылардың бірлестігі жантанудың студентке, оқу-кәсіби іс-әрекет субъектісіне қарай шынайы бет бұруына, қадам жасауына және жастардың өзін-езі құрайтын жүйелік механизмдерді аңғарып, түсінуіне мүмкіндік береді.

Студенттерді психологиялық дайындауда мәнді болатын субъект психологиясының тағы бір қағидасы бар. Ол адамның жеке-даралығы мен жалпыға ортақ қасиеттерін бірге қарастыруға қатысты. Әдетте психологияда адамның индивидтік қасиеттерін және басқалардан өзгешелігін танытатын жеке-даралы ерекшеліктерді анықтау дәстүрі орын алған. Алайда психологияның қазіргі кездегі даму беталысына орай, студенттердің жалпы және жеке-дара қасиеттерін байланыстыра қарастыруға мүмкіндік беретін бірыңғай тұрғының болуы өткір қойылады.

К.А. Абульханова қайшылықтарды шеше алудағы мүмкіндіктерді субъект категориясының анықтауышы ретінде ұйғарады. Іс-әрекет субъектісі бола алған тұлғаның, сапалық өзгерістерін қарастырып, ғалым адам бойында өтетін трансформациялардың үшеуін ажыратады. Біріншіден, барлық жан қуаттары (психикалық процестер, қасиеттер, қабілет, кейіп) тұлғаның өмірдегі тірлігі мен іс-әрекетін қамтамасыз ету құралы ретінде қолданылады. Екіншіден, барлық жан қуаттары тұлғаның іс-әрекетіне бағынышты болатын жеке-даралықтың композициясын құрайды.         К.А. Абульханова ұстанымы бойынша тұлғаның субъект ретінде қалыптаса бастауы іс-әрекетке қатысты әрі оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін психикалық және тұлғалық қасиеттердің іс-әрекет талап-міндеттері мен тұлғаның өз өлшемдеріне сәйкес қайта құрылу, қайта ұйымдастырылу процесі болып табылады. Үшіншіден, тұлға субъект болған соң бойындағы өз шамасына, қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарамастан өмірдегі және іс-әрекеттен өз стратегияларына арқалана бастайды. Міне сондықтан өзінің ерік-күшін, зерде-зиятын, қабілеттерін өмір сүру мағынасынан айырылып қалған адам іс-әрекет пен өзін-өзі жүзеге асыру үшін қолдана алмайды. Ғалым «субъектінің қайшылықтарды шешуші ретінде анықталуы шешім қабылдаудан қашқалақтайтын тұлғаның деформацияға, деградацияға, фрустрацияға ұшырай бастауын түсінуге мүмкіндік береді» -деп түйеді (17,68 б.). Олай болса, субъект өлшемі ретінде қайшылықтарды шешуге қабілеттілік алынады. Ал мұндай қабілет болмаса, онда тұлға субъектілікке қол жеткізе алмайды немесе субъект мәртебесінен айырылып қалады.

Сонымен, К.А. Абульханованың анықтауы бойынша субъект үйлесімді, өзін-өзі жүзеге асыратын, иерархиялық дамуда биік бір белеске, жеткен тұлға болып табылады. Зерттеуші айтуынша тұлға өз ерекшелігінің барынша  жоғары деңгейдегі дамуына жету арқылы жеке-даралығын көрсетеді. Ал тұлға кісіліктің, әдептіліктің оңтайлы даму деңгейіне жеткенде ғана субъект бола алады. Сонда тұлғаның  субъект ретіндегі қасиеті өз өмір жолын, қарым-қатынасын, іс-әрекетін ұйымдастырып құра алуының оңтайлы тәсілінен көрінеді. Субъект қашан да өмірдегі құбылмалы өзгерістер мен қарсылықтарды ескере отырып, өз өмірін біртұтас процесс ретінде ұйымдастыруды, құруды жүзеге асыра алады.

К.А. Абульханова айтқан субъект өлшемі қажетті болғанмен, жеткілікті емес, әрі аталмыш категорияның тек өзіндік сипатын танытпайтын сияқты. Ғылымда қайшылықтарды шешу тіпті бейсаналық деңгейде де кездескен. Олай болса, тұлғалық та дамудың қозғаушы күші ретінде анықталады. Адам баласының пренатальді даму кезеңінің бастап-ақ үнемі қайшылықты тенденцияларды, қажеттіліктер мен мотивтерді шешу керектігі алдынан шығып тұрады. Әрине қайшылықтар күрделілігі жағынан психофизикалық дамудың жайлы болуын қамтамасыз етуден бастап, дүниетанымдық проблемаларды шешуге дейін әр деңгейлі болатыны түсінікті. Міне тұтастығы психикалық ұйымдасудың және реттеудің жүйе құрушы факторы болатын субъектінің алдыңдағы күрделілігі әр деңгейлі қиыншылықтар индивид ретіндегі де, тұлға ретіндегі де дамуды қамтамасыз етеді. Бірақ қандай болмасын қиыншылықтарды шешудегі белсенділік субъектінің бойындағы психологиялық қасиеттерді жасампаздықпен дамытып жетілдіреді. Ал осы белсенділіктің таңдамалы болуы және оның даралық негіздегі нәтижелілігі, баламалылығы тек субъект әрекетін сипаттайды. Мұнда іс-әрекет субъектісінің өзін-өзі ұйымдастыру, кұру және реттеу деңгейлері басты мәселе болып табылады. Сондықтан К. А. Абульханова бойынша субъектіні қайшылықтарды шешуші ретінде анықтаудан тұлға дамуының ең жоғары даму деңгейіне субъектілік сәйкес екенін көрсетеді. Тұлға осы деңгейде ғана өзін-өзі жүзеге асыруға қабілетті болмақ. Бұл адамның өзін-өзі актуалдандыруға, өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылысы жайлы гуманистік тұрғы (А. Маслоу, К. Роджерс) түсініктеріне тепе-тең келеді.

Психологияда субъект категориясын әлдеқайда кең түрде А.В. Брушлинский анықтайды. Ғалым алғашқылардың өмірі болып субъектінің өзін-өзі ұйымдастырудың, құрудың сапалы анықталған тәсілі екенін түсіндіреді. Сонымен бірге ол субъектіні аса жоғары деңгейдегі белсенділік, тұтастық (жүйелік) және автономдық қасиеттер тән болатын адам деп сипаттайды. Ғалымның ұйғарымы бойынша адам баласы субъект болып дүниеге келмейді, тек субъект ретінде жетіле бастайды, іс-әрекет субъектісі ретінде үздіксіз дамуда болады. Осыған орай А.В. Брушлинский еңбектерінде әрбір субъект тұлға болғанымен, субъектіліктің тұлғалық қасиеттерге ешқашан беттеспейтіні ерекше ескертіледі. Оның теориясы бойынша тұлғаға қарағанда субъект мазмұны әлдеқайда кең түрде анықталады. Мәселен, «топтық субъект» ұғымының кіріктірілуі осыған дәлел болып табылады.

Субъект негізін, табиғатын анықтауға Е.А. Сергиенко зерттеулерінде (27) талпыныс жасалған. Зерттеуші ұстанымы бойынша психикалық дамуға қатысты теориялық тұрғыларды, эксперименттік зерттеулерді мұқият талдап, адамның өзі, өзінің жеке-даралығы, басқалармен қатынасы жайлы түсінігінің жалпылануы арқасында адамның іс-әрекет субъектісі болғандығын көрсететін өлшемді табуы қажет. Сондай-ақ Е.А. Сергиенко субъектілік алғы шарттарының ерте онтогенезде-ақ, нәрестелік шақта пайда болатынын, ал кейбірінің генетикалық негізі бар екендігін дәлелдеген. Бұл базалық деңгейлер бала тарапынан рефлексияланбаса да, оның кейіннен субъектінің кемелденген, дамыған, саналы белсенділік формаларына алғы шарт әрі анықтауыш болады. Д.И. Фельдштейн де субъектілік ерте онтогенезде байқалатынын жазады. Бірақ оның ұстанымы бойынша адамдармен танысудың бірінші сатысының соңы болып келетін 3 жасқа таман ғана бала»… өзінің жаңа әлеуметтік жағдайын шегендеп, өз «Мен»-ін көрсетіп, «өздігін» саналы аңғарып, өзін субъект позициясына қояды»(28, 130 б.).

Көбінде субъект функцияларын жеке-дара психологиялық қасиеттермен, процестермен немесе жағдаймен байланыстыру дәстүрі орын алады. Функционализмге тән бұл жағдайда адам, тұлға, қарым-қатынас, іс-әрекет кейбір қасиеттер, мотив, жай-күйге тәуелді болып қалады.Осы орайда адам өзінің еңбасты сапасы субъект болудан айырылып, өзінің жан-дүниесіне, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына басшылық етуге шамасы жетпейтіні шығады.

Біздің пайым-байқауымызша психологиялық сауаты төмен, құзіреті дамымаған, психологиялық мәдениетті игере алмаған, рухани-адамгершілік кұндылықтарды қабылдамаған, ізгіліктік ұстанымы жетілмеген адамдарда белсенділік, дербестік, бастамашылық сынды субъект қасиеттері ешқашан біртұтас болып ұйыспайды. Мұнда тек субъект функцияларының кейбір жеке-дара тұстарына ғана екпін түседі де, олар адамның жан-дүниесінен, тұлғалық сапаларынан, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысынан жоталанып, біржақты, яғни адамның өзі үшін ғана мәнді қасиет немесе әдет сияқты ерекше көрінеді. Бұл жағдайда кейбір жеке психологиялық кұбылыстардың үстем ықпалы орын алып, адам өмірін өзінің кереғар, адамилықтан аулақ мазмұнына бағынышты етіп қояды. Маниакалдық жағдайларды,түрлі фобияларды, клептоманиялықты, зомбилық құбылысты, агрессия мен девианттылық формаларын, эгоистік қатынастарды, т.с.с. осыған барынша көрнекі мысал болады деп танимыз. Басындағы мұндай ауытқушылық жағдайында адам өз-өзіне еркі жүрмей, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі бақылау мүмкіндіктері жоғалып, тәуелді кейіпте күй кешеді. Осындай біржақты, тұтастығы жоқ, адами тұрпатқа жат, ауытқуға ұшыраған белсенділік, дербестік, бастамашылық қасиеттерді субъектілік ерекшеліктің бір түрі дегеннен гөрі бейсубъектілік деп анықтаған жөн сияқты. Біздің тәжірибе мұндай бейсубъектілік орын алса, жоталанған жеке-дара субъект қасиеттерді таратып, жалпы субъектілікті біртұтас құрылым ретінде күшейту мақсаты алға қойылатын арнайы субъект-бағдарлы психологиялық көмек беру қажеттігін көрсетті.

Сонымен, субъект адамның әрекеттік, шығармашылық, ерікті, реттеушілік негізін танытатын ықпалдастықтың, жалпылаудың әлдеқайда жоғары деңгейі болып табылады. Субъект адамның барлық нақты қасиеттерін, жан-дүниесін бір жүйеге біріктіреді. Мұнда А.В. Брушлинский пікірінше тұтастық, бірлік, ықпалдастық субъектінің барлық, тіпті, өзара қайшылықты және үйлесе алмайтын да қасиеттерін бір жүйеге ұйыстыратын негіз ретіндеп оның аса маңызды ерекшеліктері болып табылады.

Субъект теориялары оның сипаттамаларын, өлшемдерін анықтауда аса маңызды екені даусыз. Философиялық және психологиялық зерттеулерде анықталған субъект параметрлерін талдап, жинақтау арқылы субъектіні жан-жақты сипаттайтын өлшемдік қасиеттерді бөліп көрсетуге болады. Себебі психологиялық дайындау міндетті түрде субъект психологиясын сипаттайтын қасиеттерге тіректелуді де, бағдарлануды да қажет етеді. Әдебиеттерге жасалған талдау арқылы субъектіге тән ерекшеліктер анықталды: 1) белсенді; 2) психологиялық қасиеттеріне тұтастық, бірлестік, ықпалдастық тән; 3) психологиялық қасиеттері жүйелі; 4) дербес, автономды; 5) саналы; 6) жасампаз; 7) жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті; 8) қайратты, ерік-жігер иесі; 9) бастамашы; 10) өз тағдырының, өмір жолының авторы; 11) дүниені тану мен түрлендіруге қабілетті; 12) қоғамды дамытуға белсенді; 12) шығармашылыққа қабілетті; 13) өзін-өзі тануға, өзін-өзі реттеуге, өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі актуалдандыруға қабілетті;    14) психологиялық қасиеттерді, процестерді, жай-күйді өзекті етеді; 15) іс-әрекеттің белгілі бір түрлерін меңгеріп, оларды жетілдіре алады; 16) өмір сүру мен іс-әрекетте жеке-даралық сипаттағы стратегиялар мен мәнерлерді қолданады; 17) өз болмысымен басқа да адамның болмысын, оның даралығын, құндылығын күшейтеді; 18) басқа адамды субъект ретінде қабылдауға, түсінуге қабілетті; 19) қарым-қатынасты диалогтық (субъект-субъект) негізде құруға, жетілдіруге қабілетті; 20) қайшылықтардың қандайын да шешуге қабілетті.

Әрине бұл тізімде субъектінің барлық қасиеттері түгелімен қамтыла қоймағаны анық. Бірақ осылардың өзінен-ақ субъектінің белсенді түрде әрекет жасайтыны, дүниені тани алатыны, сана мен ерік арқасында өзін, іс-әрекетті, қарым-қатынасты үздіксіз дамытып жетілдіретіні және өз проблемаларын өзі шешуге қабілетті екені көрінеді. Сонымен қатар бүл қасиеттер тізімі субъект бойында шынайы және идеалды, субъективті және объективті, сана мен іс-әрекет, материалдық пен руханилық, дискреттік пен үздіксіздік, аффективтік пен зияттылық сынды көптеген дәстүрлі қайшылықтардың тоғысатынын және субъект қашанда олардың, үйлесімді қызметін, өзара байланысын, өзара әрекеттестігін, бірлігін қамтамасыз ететінін аңғартады.

Алайда студенттерді психологиялық дайындау үшін субъектілік мазмұнында барынша ескеруді қажет ететін де жақтар бар.

Біріншіден, адамның өз жан қуаттарына, психикалық қасиеттері мен жағдайына, өзінің психологиялық дамуына, өзінің әлеуметтік-психологиялық проблемаларына қатынасы субъектіні толық қанды талдауға негіз болады. Басқаша айтқанда, адамның өз психологиясын, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, әлеуетті мүмкіндіктерін, шама-шарқын саналы түрде дәлме-дәл аңғаруға, түсінуге, білуге, дамытуға психологиялық даяр болуы субъект мазмұнына кіреді. Осы орайда ғана адам өзінің ішкі-сыртқы проблемаларын субъект ретінде өзі шеше алмақ. Екіншіден, психологиялық даярлықтың үш жағы — сауат, құзірет, мәдениет арқасында адам әлеуметтік ортасының, социумның, ұлтының, елінің, жалпы әлеуметтің дамуына, жетілуіне субъект ретінде мүдделілікпен қатысып, белсенділік таныта алады. Сонда адам өз өмірінің ғана емес, басқалардың да тірлік жағдайларының қамын ойлап, рухани-адамгершілік құндылықтарға, ғылыми-психологиялық білімге тіректелу арқылы осыған орай әрекет етуі субъектінің әлеуметтік белсенділік атты құраушы компоненті ретінде анықталмақ. Үшіншіден, іс-әрекетті, қарым-қатынасты жетілдіруге психологиялық даярлықтың болуы субъектілікті анықтауға мүмкіндік береді. Олай болса, субъект іс-әрекетті тек меңгеруге, қарым-қатынасты тек жүзеге асыруға ғана емес, жетілдіруге де қабілетті болады. Бірақ оған арнайы (іс-әрекетті тікелей орындауға қатысты) біліммен қатар психологиялық сауат, психологиялық құзірет, психологиялық мәдениет жеткілікті болуы шарт.

Ал К.Л. Абульханова пікірінше тұлғаның субъектілік болмысының жоғары деңгейінде ғана адам өзінің психологиялық мүмкіндіктерін тіршілікті қамтамасыз ету үшін қолдана алады. Психологиялық мүмкіндіктер өмір сүру мен таным мәнерлерінен және стратегиялардан көрінетін тұлғаның ерекше, жеке-дара құрылымын ұйыстырады. Олай болса, субъект сипаттамасын оның психологиялық негізде дамуы мен белгілі бір қасиеттердің өзара ұйысқан құрылымының болуы тұрғысынан қарастыру керек. Тек сонда ғана «субъект» белсенділіктің, бастамашылықтың, ықпалдастықтың, жүйеліліктің әртүрлі дәрежеде көрінуін қамтамасыз ететін барынша жалпыланған ұтым болып табылмақ. Осыған орай арнайы субъект-бағдарлы психологиялык дайындаудың маңызы артады. Себебі адамның іс-әрекетті, қарым-қатынасты жетілдіруі, өзінің проблемаларын өзі шешуі, өзін-өзі дамытуы психологияланған болса ғана, субъектілік ұстаным әлеуетті мүмкіндік болып табылады. Психологиялық даярлық негізінде когнитивті конструктілер, жаңа психологиялық қасиеттер мен мінез-құлық, жүріс-тұрыс сипаттары пайда болмай қоймайды.

Олай болса, субъект-бағдарлы психологиялық дайындау студенттердің өз өмір жолын, қарым-қатынасын, іс-әрекетін және әлеуметтік белсенділігін дамытуы, жетілдіруі үшін психологиялық сауат ашу, психологиялық құзіретті жетілдіру және психологиялық мәдениетті игеру мақсаттарын көздейді. Ал студенттердің өз өмір жолын, қарым-қатынасын, іс-әрекетін, ортасын жетілдіруі осы орайдағы проблемалық жағдаяттарды олардың өздерінің шешуі арқылы мүмкін болады деп қарастырамыз. Сонда өмір, қарым-қатынас, іс-әрекет, әлеуметтену барысында студенттердің субъектілік қасиет танытуына бағдарланған психологиялық дайындау көкейтесті болады.

Олай болса, субъект-бағдарлы психологиялық дайындау студенттердің субъектілік қасиеттерінің дамуын ғана өзекті етпейді. Мұнда субъектілік, когнитивті және тұлғалық дамулар да өзара байланысты, өзара шарттастықта болатынын ескеру керек. Басқаша айтқанда, субъект-бағдарлы психологиялық дайындау студенттердің субъектілік құрылымы мен когнитивтік және тұлғалық қасиеттерін қабаттастыра дамытуға мүмкіндік жасайды. Ал екінші жағынан, субъектілік позиция студенттердің психологиялық даярлығын жетілдіруге негіз болады. Сонда студенттердің ықпалдастық, тұтастық, жүйелік сипат тән болатын субъект қасиеттері мен олардың психологиялық даярлығы бірін-бірі анықтай алады.

Алайда, нақты жағдайда субъектінің көпқилы қасиеттерінің бірде-бірін шеттетпей, қатаң ескеру мүмкін бола қоймас. Сондықтан психологиялық дайындау арқылы студенттерде әлдеқайда біртұтас болып ұйысқан, ықпалдасқан субъектілік ерекше құрылымды анықтап алу керек.

Біз студенттер субъектігінің өлшемін белгілеу үшін алдымен С.Л. Рубинштейн мектебінде негізделген субъект параметрлерін негізге алдық. Ал студенттерді субъект-бағдарлы психологиялық дайындауға К.А. Абульханованың субъектке артқан адамгершілік, кісілік, әдептілік сақтау шарттары методологиялық қағида ретінде маңызы аса зор болады. Сонымен қатар бұл субъектілік қасиеттерді шығыстық парадигмаға, қазақтың ұлттық құндылықтарына сәйкес келетін сипаттармен үйлестіруге талпыныс жасадық.

Сараланған бұл өлшемдер студенттердің оқу-кәсіби іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарын жетілдіруін, өз проблемаларын өздерінің шешуін, әлеуметтік белсенділік танытуын анықтайтын психологиялық қасиеттер мен ерекшеліктер болып табылады. Адамның өз психологиясына, өзінің психологиялық мүмкіндіктеріне қатынасы субъект үшін басты бір критерий болады деп анықтағанымыз бойынша субъектілік қасиеттердің дамуын студенттердің өзін-өзі тануы, өзін-өзі бағалауы, өзіне-өзінің қатынасы, өзін-өзі актуалдандыруы, өзін-өзі реттеуі сияқты өзіндік сана-сезім құраушыларынан, яғни, олардың «Мен» тұжырымынан ажыратып қарастыру мүмкін еместігін ескеру керек.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Рубинштейн С.Л. Избранные философско-психологические труды. М., 1997.
  2. Процесс мышления и закономерности анализа, синтеза и обобщения. Экспериментальные исследования. Под ред. С.Л.Рубинштейна. М., 1960.
  3. Ананьев Б.Г. Психология и проблемы человекознания. Избранные психологические труды. Под ред. А.А.Бодалева. Москва -Воронеж, 1996. Гл.ІУ. Психологическая структура личнности и ее становление в процессе индивидуального развития человека.С. 196-280.
  4. Мясищев В.Н. Психология отношений //Под ред. А.А.Бодалева. М., 1995.

5.Мерлин В.С. Очерк интегрального исследования индивидуальности. М., 1986.

  1. Вяткин Б.А. Творческий путь В.С.Мерлима как процесс создания учения об интегральной индивидуальности// Психологический журнал, 1998.№1,с.54-61.
  2. Дорфман І\.Я. Метаиндивидуальный мир:методологические и теоретические проблемы. М., 1993.
  3. Белоус В.В. Принцип многомерности как фактор развития теории интегральной индивидуальности // Психологический журнал, №6,с.113-119.
  4. Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание.Личность. М.: Политиздат, 1977.
  5. Выготский Л.С. Проблемы развития психики. Собр.соч. М.: Педагогика, 1983, Т.З.
  6. 1 Брушлинский А.В. Психология субъект и его деятельности. //Современная психология. Справочное руководство. Под ред. Дружинина В.Н. 4.4. Психическая регуляция поведения. М., Инфра-М„ 1999. С. 330-34-б.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ