Мүмкін еместің бәрін мүмкін еткен Бекзат…

0
1969

Ол кезде мен 8-сынып оқитынмын. Таңнан кешке дейін қайталана беретін сабақ пен үйдің тіршілігі. Апам тапсырманы орындамасаң, қатал қарайтын. Менің ең негізгі жұмысым таңертең ерте тұрып есіктің алдына су сеуіп, түгел сыпырып шығу, нан ашыту (тандырға 11 нан сыятын, апам күніге сонша нан жабатын), сүт пісірілген қазандарды тазалау, құрттың іркітін қайнату, ошақтың басын күніге əктеу, сосын қолға қолғап киіп алып сиырдың жапасын қыстық отын ретінде дайындау болатын. Соңғы жұмысым басқа жұмыстарға қарағанда қызығырақ болатын. Өйткені жапаны түрлі-түрлі формаға салып, қиялға ерік беретінмін. Дегенмен, қайталана беретін жұмыстан кейде зерігіп кетесің. Тіпті теледидардың өзі жалықтырып жібереді.

Бірде теледидардан бізге ерекше серпін берген оқиға басталды да кетті. 2000 жылы Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындары. Сол кездегі комментатор Амангелді Сейітханның дауысы əлі күнге дейін құлағымызда. Орысша сөйлесе, жынымыз келетін. Өйткені сөзінің бірін түсінсек, бірін түсінбей қаламыз. Ал Амангелді аға сөйлегенде, шəй ішіп отырғандай əңгіменің майын тамызатын. Намысымызды сөзбен жанитын. Бала қиялға Амангелді ағаның сөзі Құдайдың сөзіндей көрінді десем, өтірік айтқаным емес. Ал үлкендер болса, бəріне салқынқанды қарайды. Олимпиаданың жиырмасыншы күнінен асса да, қазақтың қоржынына бір медаль түспегені оларды онша алаңдата қоймаған сияқты. Медальдің жоқтығы Амангелді аға мен біз секілді балалардың ғана проблемасы сияқты. Ұмытпасам, Олимпиаданың жиырма үшінші күні. Төрт бірдей қазақ боксшысы финалға шықты. Сұмдық оқиға ғой. Ал апам болса, əлі сол баяғы тезектің мəселесімен жүр, «былжырамай жұмысыңды бітір» дейді. Сол күні олимпиаданы жылап жүріп көргенім есімде. Ольга Шишигина бірінші боп қоржынға алтын салды. Сосын Ермахан Ибрайымов нақты алады деп отырдық. Өйткені оның алдындағы олимпиадада қола алған боксшы осы жолы қалайда алтын алу керек қой. Тəжірибе бар дегендей. Ал бізге жаңалық болған – Түркістаннан қатысқан жиырма жасар баланың финалға жетуі. «Қайтер екен?» дейміз теледидарға анталай қарап. Финалда америкалық боксшы, Əлем чемпионы Хуаресті ұтқанына қалай риза болмайсың! Өмірімде қатты секіргенім сол шығар. Бекзат Саттарханов чемпион атанғанда, бəріміз мəре-сəре болдық та қалдық. Тіпті апам екі-үш күн бойы ешкімге «жұмысыңды бітір» деп айтқан да жоқ…

Иə, біздің өз геройымыз пайда болды. Қыз болсақ та, Бекзат сияқты елді қуантқымыз келді. Міне, бала жүрегіне патриоттық сезімді дарыту деген осы екен ғой. Əйтпесе, оған дейін мұғалімдер елді, жерді қорғау, қуанту, оған қызмет ету туралы талай əңгіме айтты. Бірақ бірінің сөзі Бекзаттың жеңісіндей əсер еткен жоқ. Бүкіл қазақ даласының жастары Бекзат Саттарханов деп тұрғандай көрінді. Өкініштісі, біздің кумиріміз көп өтпей-ақ көзден ғайып болды. Бірақ ол туралы аңыз əліге дейін таусылар емес.

Жақында Бекзат ағаның ата-анасымен КТК арнасының бір хабарына түстік. Көптен бері көрмеген Сейілхан аға мен Сырлыкүл апаны көріп, бір жасап қалдық. Олардың сыртқы кейпі жиырма жыл бұрын қандай болса, əлі сондай. Жетпіске жақындаса да, Бекзат чемпион болғандағыдай. Əңгімелері де балалары кеше ғана чемпион болып келгендегідей. Сейілхан ағаның Алматыға ұстап келген сөмкесі Бекзат ағаның Сиднейде ұстаған сөмкесі екен. Көзіме оттай басылды. Əйгілі сиднейшілердің жалауымыз түстес көк сөмкелері. Су жаңа қалпында тұр. Бəрі бүгінгідей. Тек Бекзат Саттархановтың жоқтығы болмаса… Иə, енді тек естелік айтамыз.

Бекзат аға туылғанда 3 келі 200 грамм болыпты. Бағдат, Болат, Мақсат деген үш ағасы бар. Есімін əкесі қойған. Үш ағаның алдында еркелеп жүретін бекзада ұл болсын деген ниет болыпты. Шынында да ол отбасының ғана емес, елінің бекзада ұлы болды.

«Төрт ұлды да еркелетпедім. Кім болу керектігін де айтқан жоқпын. Бала кезден спортпен өмір сүрдім. Мен не істесем, балалар соны істеді. «Əке көрген оқ жонар» дейді қазақ. Тəрбиеде сол сөзден артық ештеңе айта алмаймын. Өзіңіз балаға не көрсетсеңіз, балаңыз сондай болып өседі. Кеңес өкіметі кезінде спорт туралы жазатын негізгі басылымдардың бəрін жаздырып алатынмын. Тігіндісін жасайтынмын. Балалар да соны оқып өсті», – дейді Сейілхан аға.

Бекзат ағамыз алғаш боксқа 1995 жылы қатысқан. Небəрі бес жыл ішінде олимпиада чемпионы болған. Чемпион болудың бар құпиясы – жалықпай еңбек етуінде. Ол аптаның алты күні тоқтаусыз жаттығу залына барған. Жаттығуды түске дейін де, түстен кейін де жасаған.

Бекзат гитара да, домбыра да тартқан. Саттархановтар əулетінде бəрі бір-бір музыкалық аспапта ойнай алады. Тіпті əкесі Сейілхан аға кезінде əйгілі Шəмші
Қалдыаяқов атамызбен бірге əн салған. Шəмші атамыз бен Сейілхан ағамыздың жас кезде ауылы аралас отырған екен.

Əр чемпионның артында жігер беретін анасы тұратындай көрінеді. Əсіресе, Бекзат Саттархановтың жетістікке жетуіне анасының ықпалы ерекше болды. Жарыста жеңіліп қалса қалай жұбату керек екенін де анадан артық ешкім білмесе керек. Бала кезде əлжуаз боп өскен баласының гемоглобинін көтеруді Сырлыкүл апа жақсы біледі. Өмір бойы медбике болып істеген жан спортшының бабын да тапты. Мейіз, кептірілген өрік, жаңғақты еттартқыштан өткізіп, балға араластырып, ашқарынға кемінде бір үлкен қасықпен асатып отырыпты. Тіпті ұлы Шымкенттегі олимпиадашыларды даярлау мектебіне ауысқанда, ере барған. Спортшы қабылдайтын дəрумендерді уақтылы қабылдауды да қадағалаған. Анасының қадағалауы Бекзат ағаға сіңіп қалса керек, Ермахан Ибрайымов:
«Бекзат дəрумен ішудің уақытын бір сəт ұмытпайтын. Шіркін, бір минут кешікпейді ғой. Ол дəрумен қабылдап жатқанын көргенде, «А-а-а… мен де дəрумен қабылдауым керек екен ғой» дейтінмін», 
– дейді.

Бекзат аға өте патриот болатын. Олимпиадаға кетер кезінде Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өтуді ұйғарған. Ол қалайда туған қаласының тойына чемпион болып тарту жасаймын деп серт берген. Бес уақыт намазын оқып, Əзірет Сұлтанға тəу етіп, жетістікке жетуін көп тілепті. Ермахан Ибрайымов ырымшыл болғанын айтады.

«Біз 1 қазан күні финалға шығатын болдық. Мен көк бұрыштан шығам. Таңертең ерте біреу бөлменің есігін қағады. Ашсам Бекзат. Пысық қой. Менің қай бұрыштан шығатынымды сұрастырып біліп алыпты. «Аға, сіз көк бұрыштан шығады екенсіз. Қызыл мəйкіңіз бос екен. Соны маған беріңізші», – дейді. «Не істейсің?» десем: «Киіп шығамын, чемпионның мəйкісі ғой», – дейді. «Ол саған үлкен болады, кедергі келтіреді. Оның үстіне мен əлі чемпион емеспін» дедім. Бекзат қоймады. Скотчпен байлап киіп шықты. Ол менің чемпион болатыныма сенді. Құдай аузына салған ғой», – дейді Ермахан аға.

Бекзат Саттархановтың жиырма жылдық ғұмырына қарап таңғаласың. Ол мүмкін емес деп ойлағанның бəрін мүмкін етті. Тіпті дені-басы сау, жап-жас адамның өмірден ерте кетуі де мүмкін еместей көрінеді. Бірақ Бекзат тағы да жазмыштан озмыш жоқ екенін көрсетті. Кейде өмірі аңыз болған адамдардың соңынан жақсы да, жаман да сөз ілесіп жүре береді. Бекзаттың соңынан бірде-бір жаман сөз айтылмапты. Оны қазақ халқы шексіз жақсы көрді, жақсы көре береді. Ол өмірге періште болып келіп, періште болып кеткендей əсер қалдырады. Ол атақты бола тұра, соңынан ыңғайсыз сөз ілестірмеуден де үлгі болған сияқты… 39 жастағы Бекзатты елестете алмаймыз, біздің көз алдымызда жиырма жастағы өмірге, жеңіске құштар бозбала бейнесі ғана… Туған күніңізбен, чемпион! 4 сəуірдің
қандай күн екенін ұмытпаймыз!

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №14
2 сәуір 2019 жыл


ПІКІР ҚАЛДЫРУ