«Тұлға» ретінде қалыптасу үшін бойымызға жақсы әдеттер мен қасиеттерді жинауымыз қажет. Қамшының сабындай қысқа ғұмырды қызықты, пайдалы өткізу өз қолымызда. Мақсатқа жету үшін қандай қағидаларды ұстану керек?
Қорықпа!
Шешім қабылдаудан, жаңа істі бастаудан, тәжірибе жинаудан, біреудің сіз жайлы айтқан сөздерінен, айыптаулардан, түсініспеушіліктен қорықпаңыз. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Өлімнен қорқуға болмайды. Еңбекке қабілеттіліктен айырылудан қорқу керек». Өмір деген алып күре жолда еңбекке қабілетсіз болу, шыңды бағындыруға деген ниеттің, жігердің болмауымен тең.
Қателік жасаудан қорықпаңыз! «Өміріңізде жол беруіңіз мүмкін ең үлкен қателік – қателік жасаймын деп әрдайым қорқу». (Элберт Хаббард) Қателесу арқылы тәжірибе жинайсыз. Тек жасаған қателігіңізді мойындай білсеңіз болғаны. Неден қорқу керек екенін білесіз бе? Өз жасаған қателігіңізден сабақ алмай, оны қайталаудан қорқу керек.
Шешім қабылдап үйрен!
Өзге жандардың сізді қалай өмір сүретініңізді, кіммен кездесетініңізді, қалай киінетініңізді шешуіне жол бермеңіз. Ата-анаңыз, жақын достарыңыздың ойын біліп, ақыл-кеңес сұрауыңызға болады. Өмір — шешім қабылдаудан, тыңдаудан, мүмкіндіктерден тұрады. Шешім қабылдауда қателеспеген жөн. «Ұлы шешімнің бастамасы өзіңізге деген сенімділікте жатыр».( Сэмюэл Джонсон) Сіздің қазіргі таңдауыңыз, шешіміңіз келешектегі бір шыңды бағындырудағы жемісіңіз. Өз жолыңызды, өз бағытыңызды таңдау арқылы ертеңгі күнге қадамдар жасайсыз. «Егер алдыңызда тұрған мәселе шешілетін болса, сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Егер шешілмейтін мәселе болса, ол үшін қайғырудың мән-мағынасы жоқ». (Далай-Лама) Ең бастысы ұмытпаған жөн – бұл сіздің өміріңіз!
Әрдайым ізденісте бол!
Уақыт бір орында тұрмайды. Өткен күн- бұл тарих, ертеңгі күн- құпия, бүгінгі күн- бұл сый! Уақытты тиімді пайдаланып ізденіңіз. Уақыт ағынынан қалмай, әрқашан біліміңізді жетілдіріңіз. Бір орында тоқырап қалудан аулақ болыңыз. «Оқу-білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек». (Ғабит Мүсірепов) Өзіңізді-өзіңіз дамытыңыз. Күніне кемінде 1 сағат кітап оқыңыз, онлайн тренингтерге, семинарларға қатысыңыз. «Білім – қазына қоймасы, оның кілті – практика». (Томас Филлер) Нәтижеге жету үшін өзіңізге есеп беріп, ертеңгі күнге жоспар құрыңыз.
Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.
(Төле би)
Жақсы болса көңілің — жақсы болады өмірің
Өзіңізге не тілесеңіз, өзгелерге де соны тілеңіз. Өзіңіз жайлы қандай ойда болсаңыз, өзгелер жайлы да жақсы ойда болуға тырысыңыз. Негативті ойлардан аулақ болыңыз. Әрдайым барлық нарсенің жақсы жағын көріңіз немесе жақсылыққа жорыңыз. Осы қағиданы ұстанған жөн: «жақсылық қылсаң – өзіңе, жамандық қылсаң – өзіңе, аспанға қарап түкірме, түседі қайтіп көзіңе».
«Жоқ» деп шектеу қоя бермеңіз!
Менде мынау жоқ, анау жоқ. Менің мүмкіндігім жоқ. Менің қолымнан келмейді. Осы сынды ойлардан, шектеулерден арылыңыз. Керісінше өзіңізді шабыттандырыңыз. Сіздің мүмкіндіктеріңіз көп. Жетістікке жету үшін еңбектену, әркеттену керек. Еңбек — бәрін жеңбек. Қандай іс бастасаңызда бар жан дүниеңізбен, шын ниетпен істеңіз. «Егер нәтиже қажет болса — оған өзіңіз талпынып, қол жеткізіңіз. Өз өміріңізге жауапкершілікті алу — діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін бәріне де дайын болу дегенді білдіреді» (Стив Павлина)
Жібі түзу адаммен дос бол!
Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау айлмайды. Жүрегінде иманы бар, адами қасиеттерге бай жандармен дос болыңыз. Ортаңыз қандай болса, сіздің көзқарасыңыз, дамуыңыз, тұлғалық белгілеріңіз ұқсас болады. Сіздің ортаңыз мақсатқа жетуде тежеуші құрал немесе жетелеуші құрал болуы мүмкін. Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа. Жаманмен жолдас болсаң — қаларсың ұятқа. Өз ортаңызды таңдауда да мұқият болыңыз!
Жауапкершілік
«Істегісі келетін адам — мүмкіндік, ал істегісі келмейтін — сылтау іздейді». (Сергей Королёв) Өз ісіңізге, айтқан сөзіңізге, шешіміңізге, таңдауыңызға, өміріңізге жауапкершілік танытыңыз. Біреуді кінәлап, айыптамаңыз. Бүгінгі істі ертеңге қалдырып, сылтау айтпаңыз. Түстік жерге өтірік айтсаң, кешке артыңнан қуып жетеді. Өтірік айтпаңыз! Өтірік айтқанша үндемеген абзал. Қуанышты кезде, ашуланған кезде, көңіл күйіңіз жоқ кезде шешім қабылдап, сөз беруге асықпаңыз. Сөз бердіңіз бе, сөзіңізде тұрыңыз. Өз өміріңізге бей-жай қарамаңыз. Еркелік пен жалқаулықты серік қылмай, көздеген мақсатыңызға жетпей жатып берілмеңіз!