Махамбеттің күйлері

0
5180

Қай халықтың да қадір тұтары – өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры. Екеуі де тек халықтың ғана бойынан табылар сарқылмас жігер мен шабыттың, сана мен сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі.

Екеуі де жұртын елдікке бастаса, қайсыбір жұмыр басты пенденің болсын өресі жетпес ерен ерлікке, кемел кісілікке бастары анық. Екеуі де тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кемсіз пішер кемеңгер ақылдың көрінісі. Ал, осы қос қасиет бір адамның басына сиып, бағына бітсе ше…

Онда таңданатын не тұр! Тек батыр бас тігер көзсіз ерлікке алдымен ақынның дәті барып, қарымдас халқына жар салса, тек ақынның асқақ шабытына лайық нар тәуекелге тек батыр ғана белбуар болса, одан жарасымды, одан ғанибет не болушы еді!

Сондықтан да, ол – табиғаттан  қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылыс.

Махамбет те сол асылдың, сол сиректің бірі. Ондай құбылыс тек тек қазақ түгілі барша адамзаттың ғұмырында көп кездесе бермеген. Махамбет кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы.

Бұрын кез келген қазақ жырын жатқа білетін ақын Махамбет, атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай естілетін батыр Махамбет, кейінгі жылдары табылған бұлтартпас дәйекті деректер көрсеткендей, күйші де екен.

Қапелімде қай құлаққа та таңсық естілер бұл дерекке де таң қалатын ештеңе жоқ сияқты. Батырдың найза ұстамауы миға қандай қандай қонбаса, ақынның домбыра ұстамауы да сондай ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бұл екеуінеде ақынды да, батырды да, желпіндірер халық басындағы тасқын күш, топан ашу, толағай тағдыр болғанымен, кез келген көк найзалы батырдың, қызыл сөзге суырылып тұрған ділмәр шешеннің семсерін жарқылдатып қан майданға шыға бермесі қандай ақиқат болса, қолына домбыра ұстаған кез келген ақынның сөзді  қысып, сазды сөйлетер аруақты композитор бола бермейтіні де сондай ақиқат.

Ал Махамбеттің адам таң қалатын жері де,  сол бола берместің бәрін болдырта білгендігінде ғой. Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болғасын бастыр болу да, ақын болу да, күйші болу да оп-оңай сияқтанып тұратындығы да осыдан шығар.

Сол біртуар Махамбеттің қайда салсақ та саф алтындай жарқылдап, ақ алмастай қиып түсіп, шыны майдай шыжғырынды көкірегіңді өртеп түсер құдіреті неде? Батыр болса – кез келген тымақты шоқпар ұстаған сотқар  заманда  екіленген есер болмай, еңіреген ер болуының, ақын болса – бардың алдында байпақтап, жоқтың алдында шайқақтап  шыға келер өзге әріптестеріндей мақтаушы болмай, жоқтаушы болуының сыры неде?

Міне, гәп қайда жатыр? Махамбеттің Махамбет болуының себебі де осында ғой. Оның тұсындағы дүркіреген  көп ақынның өзі де, сөзі де халық жадынан шықаннда, оның тұсындағы күркіреген көп батыр сазбауға біткен  құба талды сайғақ қып жатып алып, бүгіндері топографтардың ғана қырағы көзіне ілігер белгісіз жер төмпекке айналған кезінде ақын Махамбеттің ащы айғайы әлі күнге дейін құлағыңда саңқылдап, батыр Махамбеттің тап көз алдыңа көлбеңдей шауып бара жатқандай әлі күнге дейін делебеңді қоздыруының себебі де, міне, осында – Махамбеттің кімнің сөзін сөйлеп, кімнің  сойылын соға білгенінде ғой.

Істе де, сөзде де шынайылық тек шындықтан туады. Махамбет озінің батырлығын, ең алдымен, өз дәуірінің шындығына тура қарауға арнады да, өз ақындығын сол көзі көріп, көңіліне түйген шындықты еш қалтқысыз, еш бұлтақсыз айта білуге салды. Сөйтіп, мезгілмен бірге өлетін өтіріктің сөзін сөйлемей, халықпен бірге қимылдап,  тарихты жасайтын ақиқаттың сөзін сөйледі. Сондықтан да Махамбет халықпен бірге жасап, бірге жаңғырып келеді. Махамбеттің Махамбеттігі де сол шындық қуғандығында, әділет қуғандығында. Ол сөйлеген сөз бен ол істеген істің тарихи өміршең болып келетіндігі де осыдан.

Махамбет ақын мен Махамбет батырдың осы қасиеттерін біз күйші Махамбеттен де анық байқағандаймыз.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған мына жеті күй  соны айғақтайды. Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған кескекті ердің ереуіл ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің  сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі.

“Исатайдың Ақтабаны-ай” баяғы ереуіл атқа ер салғандардың дегені болып, тастары өрге домалап тұрған қайран дәурендерін жарқылдатып көз алдыңа тосса, “Шілтері терезе” сол өктем көңіл, өр жүректің торға түскен торғайдай  бұлқынған, бірақ қиянатшыл тағдырға көнбей тайталасқан арпалыс халқынан зар төккендей. Онда да тауы шағылып, таусылған мүскінің мүсәпір жылап-сықтауы емес, намысына қыл бұрау түсіп, бұлқынған арыстың арпалысып буырқынғаны естіледі.

Біз осы хал, осы әуенді Махамбеттің “Өкініш” атты күйінен де жақсы аңғарамыз. Онда қалт жіберіп, қапы соққан кісінің ызасы тепсінгенімен, “мұны неге істедім” деп өксік жоқ. Күйдің әуен бітімі оның  Исатайдан айырылып, көтерілістің дағдарысқа ұшыраған тұсында туғанын аңғартқан. Бірақ сондай жер жарылып, аспан шатынаған кездегі күйші жүрегі неткен сабырлы, күйші зар  неткен мәнді, неткен ұстамды!

Махамбет күйінің бір бояудан ғана тұрмайтынын қапысыз таныта алатын шығармалар санатына “Жұмыр,Қылыш” пен “Қайран Нарынды” жатқызуға болады. Орындаушылар “Жұмыр, Қылышты” Исатайдан айырылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыр мен Қылышқа арнаған деседі.

Осылай болуы ғажап емес. Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбірлей  төгілген қоңыр сазбен ара жігі білінбей әдемі жымдасқан. Ал, “Қайран Нарын” Махамбеттің ақындық творчествосының басты арнасын айқындаған туған ел, туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы кескесті күрес тақырыбына арналған. Күйден “аһ” ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді. Одан Махамбеттей кемеңгер азамат, кемел жанның басында бола  берер тоқсан толғақ, сексен серпін, сергелдең сезімдердің кең тынысы таыблады.

Нарынның шағыл бұйраттарындай жонданып, бұратыла бүктеліп, кейде сүр бесіннің көк сағымына көкірегінен малынып тұрған Қараойдың қатқылындай көсіліп қоя берер шежіре күйлер азаматтық қарым, батырлық қайрат,  ақындық шабыттың неден туып отырғанынан хабар бергендей. “Батыр болмақ адам-ды” – деп Махамбеттің өзі айтқандай, аламанды артыңа ертер ер болу да, қарымдас халқың аузыңа  қарар ақын болу да, заманыңның батпан жүгін қара нардай қайыспай көтерер ұлы болу да, ең алдымен, сол ел қамына, оның болашағына теңселе тебіренген терең ойлы азамат болу екен.

Дуниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігінің заңды мақтанышын туғызады. Дүниеде Махамбеттей адамдардың жасауы топырақ жалаған жауын құрттай жер бауырлаған жебір  пенделік пен сұңқардай саңқылдаған асқар азаматтықтың арасындағы шырқау айырмашылықты айқындай түседі. Ал, енді Махамбеттей асыл азамат қанын қиған халықтан туып, Махамбеттей адам адам құдіреттер аңсаған армандар мен мұраттарға өзінің де мүдделілігіңді сезіну – өз алдына ғанибет, өз алдына сүйініш.

Махамбеттер аңсаған адамгершілік мұратын ту етіп көтерген біздің дәуірде Махамбеттің аты өлуші ме еді, сөзі өлуші ме еді, тегі өлуші ме еді. Ендеше, сондай сұңғыла азаматтың сезімінің сергек дірілін өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының күміс құймасы –күйлері неге ұмытылсын!

Ұмытылмайды! Кеше ғана Махамбет күйі болған сарын енді, міне, қадірлі оқырман, сенің күйіңе, сенің жүрек сараныңа айналмақшы!

Алдыңнан ақ күн туа берсін, Махамбет сарыны!

Дереккөз: internet-konkursy.com

Басқа материалдар: 

  1. Махамбет: ақын, айбын, аңыз (сабақ жоспары)
  2. Махамбет Өтемісұлының педагогикалық көзқарастары
  3. Махамбет  Өтемісұлы (1803 — 1846)
  4. Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы
  5. Нарында туған батыр ұл (Махамбетке арнау)
  6. Махамбет өлеңдеріндегі («Қара нар керек біздің бұл іске», «Қызғыш құс»,«Еңселігім екі елі») ақын көңіл күйін танытатын жолдарды талдап жазыңыз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ