Майра Әуесбаева: «Олимпиадалар мен байқаулар мұғалімнің білімін шыңдайды»

0
1727

«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі»-, дейді орыс халқының педагогы Константин  Ушинский. Менің бүгінгі кейіпкерім де бар болмысымен қарапайым, тарихты жасап қана қоймай, оны ұрпақ бойына сіңіріп жүрген мұғалім Майра Әуесбаева.

Қарашаш Есенбай: Майра ханым, сіздің пікіріңізше қазіргі заман ұлы ұстазының бейнесі қандай болуы керек?

Майра Әуесбаева: Бүгінгі қоғамдағы ұстаз қандай болуы керек десеңіз, ол – алтын жүректі, балалар мен мамандығын сүйетін, рухани дамыған, әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педогогикалық құралдардың барлығын шебер меңгерген білікті, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға болуы керек дер едім.

Қарашаш Есенбай: Ал өзіңіз осы идеал болмысқа қаншалықты ұмтыласыз және ұстаздықты таңдауыңызға не себеп болып еді?

 Майра Әуесбаева: Мен осы идел болмыс пен ұстаз болуға бала кезімнен ұмтылдым деп айтсам болады. Өйткені, менің балалық арманым — ұстаз болу. Сол кішкентай кезімнен бері, одан кейін жиырма төрт жыл ұстаздық ғұмырымда да ұстаздың идеал болмысына талпынып келемін.  

Қарашаш Есенбай: Сіз ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері, қазақ тілдік үздік білім сайты Qaztest.kz сайтында ұйымдастырылған «Үздік педагог», «Үздік сынып жетекші» сынды педагогикалық олимпиалардың жүлдегері атандыңыз. Мұндай олимпиадалар сізге не берді?

Майра Әуесбаева: Кез келген ұстаз өз білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Мұғалім әрдайым даму үстінде, сондықтан ол өз еңбек жолында ізденуші, зерттеуші болып табылады. Оның кәсіби дамуы алған дипломдарынан кейін тоқтап қалмауы керек, бес жылда бір рет өткізілетін білім жетілдіру курстары мен аттестация арқылы дамып отырғаны жақсы. Осыған орай жасалған арнайы жоспарлар жүзеге асырылып отырғаны құба-құп, мысалы олардың қатарына ашық сабақтар, түрлі сайыстар, байқаулар, конкурстар, сыныптан тыс жұмыстар, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысу кіреді. Атап айтсам, қазақ тілдік үздік білім сайты Qaztest.k порталындағы байқаулар мұғаліммен қатар, оқушының да зейінін ашады. Жалпы олардың үйрену мен білуге деген құлшыныстарын арттырады.

Қарашаш Есенбай: Сондай ақ сіз осы сайтта кеше ғана аяқталған І Республикалық Е.Бекмаханов атындағы тарих олимпиадасына оқушыларыңызды белсенді түрде қатыстырып, өзіңіз «Ең үздік тарихшы» номинациясын иеленіпсіз. Құттықтаймыз! Е.Бекмаханов, А. Байтұрсынұлы сынды тұлғалардың атындағы олимпиадаларды ұйымдастырудың артықшылығы неде?

Майра Әуесбаева: Сіздер ұйымдастыратын мұндай байқауларға мен ғана емес, мектебіміздің бірнеше ұстаздары мен оқушылары қатысып, жүлделі болып жатыр. Мектебіміз «Үздік ұжым», «үздік сынып жетекші» сияқты номинацияларды жеңіп алды. «Бұл олимпиадалар не берді?» деген сұраққа келер болсақ, мұғалімнің теориялық білімі шыңдалды, кәсіби шеберлігі дамыды. Олимпиаданың ұйымдастырылуының артықшылығы — талантты педогогтар анықталды, оларды ынталандыру арқылы беделі мен мәртебесін арттырды.

Қарашаш Есенбай: Олимпиада ұйымдастыру комитетінен сұхбаттасушы іздегенімде көп педагогтар арасынан сізді ұсынды. Біздің мақсатымыз ұстаздарымызды жұлдызды мамандық ретінде қарап, оларды көпке үлгі ету. Осы сұқбат арқылы оқушы жастарға, əріптестеріңізге не айтқыңыз келеді?

Майра Әуесбаева: Әріптестерім мен жастарға айтарым, тынбай еңбек етсең жемісін көресің! Әр ұстаз осындай олимпиадалар мен конференцияларға қатысу арқылы өз білімін шыңдайды, дамытады. Олимпиада ұйымдастыру коммитетіне толағай табыстар тілеп, шығармашылықтарыңыздың шыңдала беруіне шын жүректен тілектеспін!

Қарашаш Есенбай: Рақмет! Ұстаз бен оқушы егіз ұғым ғой. Соңғы кездері ғаламторды шулатып жүретін мектептегі ұстаз бен оқушының «айқастарын» көріп екі арадағы бұрынғы сыйластық жойылып кеткендей көрінеді. Осы екеуінің арасындағы қазіргі байланыс қандай? Педагог ретінде қандай баға бересіз?

 Майра Әуесбаева: Ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас бір-бірімен сабақтасып жатуы керек. Қазір әлеуметтік желідегі өзіңіз айтқан түрлі видеоларға қарап отырсаңыз, оқушы қайсы, ұстаз қайсы ажырата алмайсыз. Оқушы мен мұғалім қатынасының дұрыс болмауы ата-аналардың қоғамдағы шуына алып келеді. Қай ана немесе қай әке өз баласын жаманға қисын? «Баламның айтқаны дұрыс» деп тұрып алатын кейбір ата-аналардың кесірінен ұстаздар қауымы опық жейді. Сондықтан, екі жақты қарым-қатынасты дұрыстау үшін оқушы – оқушы, ал ұстаз өзінің ұстаз екенін сезінуі керек. Жай ғана сезіну аздық етеді, сол бағытта жұмыс істеуге ұмтылғанымыз жөн.

 Қарашаш Есенбай. Қазіргі жасөспірімдердің мінезі қиын, олардың түсінік, пайымы да бөлек. Олардың тілін табу үшін өзіңіз қандай әдістер қолданасыз?

Майра Әуесбаева: Оқушылардың тілін табу үшін — мен өз сабағымды қызықты өткізуге тырысамын. Қазіргі заман талабына сай барлық әдістерді қолдануға тырысамын. Мысалы әр сабағымды түрлендіру мақсатында«шынжыр», «өрмекшінің торы», «ыстық орындық» секілді ойындармен қатар, логикалық және интеллектуалды тапсырмалар беріп отырамын. Осы арқылы оларды оқуға, өз білімдерін саралауға талпындырамын.

Қарашаш Есенбай: Педагог мәртебесі түсіп кетті деп жиі айтамыз. Осыған ұстаздардың өзінің де кінәсі бар емес пе? Мысалы көп ұжымда бірлік табылмай жатады дейді…

 Майра Әуесбаева: Бұл әңгіменің жиі атылатыны рас, бірақ «Оған ұстаздардың өз кінәсі бар сияқты» деп айту дұрыс емес! Ол — қоғам болып шешетін мәселе, меніңше мұғалім мәртебесі төрттік біріккенде ғана артады. Ол төрттік – билік, ақпарат, ата-ана және мұғалімнің өзі. «Бала құқығы» мен «ата-ана құқығы» туралы заңдар бар кезде, мұғалімнің міндеті, парызы, қарызы, жауапкершілігі, бала алдындағы нормалары сияқты дүниенің бәрі қамтылған заң керек. Ал ақпаратқа келсек, білім саласындағы жамандықты тере бермей, әлемдік ғылым бәсекелерінде өзін дәлелдеген оқушылар мен ұстаздар, бала тәрбилеуде жоғары жетістікке жеткен үздік педагогтар туралы жазу керек. Тек жақсы ақпарат қана, өскелең ұрпақтың педогогикаға қызығушылығы мен құрметін арттырады. Ал ата-анаға айтарым, баласына жаны ашыса, ұстазын сыйласын. Қазақта «Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» деген сөз бар, ата-анасы сыйласа, баласы да ұстазын сыйлайтын болады. Әркім өзі сыйлайтын адамнан ғана тәлім алады, өзі сыйламатын адамның сөзі мың қайталаса да  құлағына кірмейді.

Қарашаш Есенбай: Осы жылы «Педагог мәртебесі» деген заң қабылдануы керек. Өзіңіз қандай ұсыныстар айтар едіңіз? 

Майра Әуесбаева: Осы жобаға мен де өз ойымды айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, әскери қызметкерлердің өз емханалары мен госпитальдары бар. Осы секілді мұғалімдердің де денсаулығын тексеріп, оларды емдейтін жеке орындар болса нұр істіне нұр емес пе?! Сондай-ақ мұғалімдердің зейнетке шығу жасы қаралғаны дұрыс деп есептеймін. Жиырма бес жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер 55 жаста зейнетке шығуын қолдаймын.

Қарашаш Есенбай: Мен мектеп оқып жүрген кезде шынымды айтайын, тарих кітабы дегенді алтыншы сыныптан кейін бе екен көрмедім. Қазақстан тарихы деген санаулы болды, ал дүние жүзі тарихы кітабының қандай болғанын білмейміз. Қазір оқулық жеткілікті ме?

 Майра Әуесбаева: Шынымды айтсам, өзім мектепте Кеңес дәуірінің тарихын оқыдым. Қазақ хандары туралы мүлде оқымаған едік. Осы тұста қазіргі оқушылар бақытты деп санаймын. Өйткені, өз еліміздің тарихын оқып жатыр және барлығына да бірдей оқулық жеткілікті. Мемлекет ретінде барлық оқушы бірдей білім алуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, оқулықтар сапасы сұранысқа, талапқа сай болса екен.

 Қарашаш Есенбай: Көп мектептерде мұғалімнің жалақысын «қысып қалу» бар деп жиі айтылады. Өзіңіз осындай мәселемен бетпе-бет келген кезіңіз болды ма?

 Майра Әуесбаева: Мұндай оқиғамен кездеспеппін…

Қарашаш Есенбай: Қазір сайлауға байланысты мұғалімдерге қосымша жұмыстар артуда. Бірақ елбасы педагогтарға ондай жұмыстар бермеуді ескерткен еді. Сізге де ондай қосымша жұмыстар беріліп жатқан болар… Шыныңызды айтыңызшы, ауылыңыздың педагогтарына артық тапсырмаларды орындау өз еріктерінде ме, әлде бастарта алмай атқара бере ме?

 Майра Әуесбаева:  Иә, рас сайлауға байланысты мұғалімдерге қосымша жұмыстар беріліп жатыр. Бірақ ешқандай қысым жасалуы мүмкін емес! Өйткені әр адамның өз құқығы, өз еркі бар. Өзіме ондай жұмыстар әлі тапсырылған жоқ.

Қарашаш Есенбай: Сайлау демекші, осы елдің азаматы ретінде айтыңызшы. Қандай тұлғаның ел басқарғанын қалайсыз және нендей өзгерістер күтесіз?

Майра Әуесбаева: Еліміздің басқарушысы білімді, көппен жұмыс істей білетін, халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайымен санаса білетін ер азамат болуын қолдаймын. Сонымен қатар, өзім ұстаз ретінде еліміздегі білім сапасының артқанын қалаймын.

 Қарашаш Есенбай: Кейбір мұғалімдер «Сабағымды тыныш өтіп кетсем болды» деген оймен жүреді. Сізді керісінше, өзін дамытуға ұмтылатын педагог деп есептейміз. Осы тұста әріптестеріңізге қандай кеңес айтар едіңіз?

Майра Әуесбаева: Біз – ұстазбыз! Ұстаз сабырлы да, салмақты болуы керек, алдына келген әр баланың жүрегіне жол таба алуымыз керек деп айтар едім.

Қарашаш Есенбай: Мұғалімнің жұмысы мектептен кейін, үйде жалғасады ғой. Дәптер тексеру, жоспар құру дегендей…. Өзіңіз отбасыңызға жеткілікті көңіл бөле аласыз ба?

 Майра Әуесбаева: Отбасыма жеткілікті көңіл бөле алмаймын! Өйткені өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, шынайы берілген тұлға ретінде қызметімді жоғары қоямын.

 Қарашаш Есенбай: Еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ