Әлеуметтік-эмоциялық оқу адам капиталын дамыту факторы ретінде

0
2055

Бүгін Астанада «XXI ғасырда адам капиталын дамыту факторы ретінде академиялық және әлеуметтік-эмоциялық оқуды біріктіру» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция сәтті өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы: «САНА» ғылыми-тәжірибелік психология орталығы. Martebe.kz ақпараттық білім порталы шараның ақпараттық серіктесі болды. 

Іс-шараға 150-ден астам адам қатысты, олардың қатарында аймақтардағы білім басқармаларының және мектеп психологтарын дайындайтын ЖОО-ның өкілдері, мектеп директорлары, мектеп психологтары, мұғалімдер мен әлеуметтік-эмрциялық оқу сарапшылары бар.

Конференция барысында қатысушылар ұлттық білім жүйесінің өзекті мәселелерін талқылап, академиялық және әлеуметттік-эмоциялық оқу жүйелерін біріктіру мүмкіндіктерін қарастырды, сондай-ақ конференцияны ұйымдастырушы — «САНА» ғылыми-тәжірибелік психология орталығы жасаған «SANA skills» бағдарламасымен танысты.

— Балалар психологиясының ересектердікінен басқа екенін бәрі біледі, сол себепті көп жағдайда баланы не мазалайтынын және оған қалай көмектесетінімізді білмей жатамыз. Бұл ретте мектептегі психологтар да кішкентай тұлғаларға үнемі лайықты қолдау көрсетіп, тиісті көмек бере алмауы мүмкін. Ал балалар мектеп бітірген соң және мамандық таңдағанда қажет болатын тұлғалық-бағдарлы тәсілге мұқтаж. Осы факторлар бізді мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды әлеуметтік-эмоциялық оқытуға арналған «SANA skills» бағдарламасын жасауға итермеледі, — дейді «Сана» ғылыми-тәжірибелік психология орталығының директоры Алтынай Әбдрахманова.

Соңғы жылдарда білім саласында жүргізілген зерттеулер XXI ғасырда толыққанды өмір үшін балаға мектептегі базалық біліммен бірге бірқатар әлеуметтік-эмоциялық дағдының қажет екенін көрсетті. Олар – қарым-қатынас орнату, жауапты шешім қабылдау, сезімдерді басқару, шиеленіскен жағдайларды шешу, эмпатия, мақсаттарға жету дағдылары. Осының бәрі жиналып келгенде,  әлеуметтік-эмоциялық оқуды (SEL) құрайды.

Әлеуметтік-эмоциалық оқу – бұл балалар мен жасөспірімдердің өмір қиындықтарына психологиялық төзімділігінің және бәсекеге қабілеттілігінің кілті. Бүгінгі таңда, әлеуметітк-эмоциалық оқу АҚШ, Канада, Финляндия, ҚХР, Корей Республикасы және Австралия елдерінің ұлттық жалпы білім беру жүйелеріне сәтті енгізілген.

Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 97 000 оқушы қатысқан сараптама (әлемнің 38 елінен) SEL бағдарламасының академиялық үлгерімді 13%-ға арттыратынын, психикалық күйзелісті 14%-ға төмендететінін және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейін 19%-ға азайтынын көрсетті. Сарапшылардың берген қорытындысы бойынша, адамның табыстылығы 15-20% мектеп пен университетте алған білімімізге және 80-85% әлеуметтік-эмоциялық интеллектімізге байланысты болады екен. Бұл SEL бағдарламасының тиімділігін көрсететін нәтиженің аздаған бір бөлігі ғана.
Қазақстанда қазір оқушылардың жүктемесі өте жоғары, бұл балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Академиялық білім балалардың бәскеге қабілеттілігі мен психологиялық орнықтылығын қамтамасыз етпейді. Сондықтан, осы мәселені шешу үшін, психологтар, педагогтар және ата-аналар өзара байланыса әрекет етуі тиіс.

— Әлем өзгеруде, онымен бірге оқыту тәсілдері де өзгеріп жатыр. Сондықтан, алдымызда Қазақстандағы білім осы саладағы соңғы трендтер мен халықаралық стандарттарға сай болатындай етіп жұмыс істеу міндеті тұр. Біз балаларымыздың алған дағдылары еңбек нарығында қажет болатындай етіп тәрбиеленуіне жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ балада, өмірдің жаңа кезеңдеріне бейімделуге еш қиындық тумайтындай болуы тиіс. Сол себепті, бүгін әлемнің әр қиырынан келген сарапшылар балалар мен жасөспірімдерді ересек өмірге дайындаудағы және тәрбиелеудегі озық тәжірибелерімен бөлісті, — деп ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова атап өтті.

SEL саласындағы халықаралық сарапшылар: Лондон Корольдік Колледжіндегі Психиатрия, психология және нейроғылым институтының жетекшісі Патрик Лиман, Doorob қорының директоры (Сауд Арабиясы және Африка) Солафа Батерджи, CASEL өкілі, Калифорния университеті Жоғары білім мектебінің психология факультеті докторанты Зухра Теджа, психология докторы, Ресейдің эмоциялық интеллекті дамыту жөніндегі жетекші сарапшысы Виктория Шиманская және тағы басқалары өз тәжірибесін бөлісті.

Академиялық және әлеуметтік-эмоциялық оқуды біріктіру мәселелерін талқылау нәтижесінде конференцияға қатысушылар бірқатар ұсыныс дайындады. Біріншіден, SEL бағдарламасын барлық оқу деңгейіндегі білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қосу мүмкіндіктерін қарастыру. Мектеп бағдарламасына енгізу үшін, Bilim Land оқушыларына арналған платформаны қолдану ұсынылды. Екіншіден, «SANA Skills» бағдарламасын сынап көру үшін, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы бірқатар сынақтық мектептерде бағдарламаны іске қосуды ұсынды. Үшіншіден, SEL бағдарламасын орта буын мен психологиялық-педагогикалық бейін мамандарын дайындау мазмұнына енгізуге кеңес берді.

Сарапшылардың айтуынша, SEL – бала өмірге келген сәттен басталатын табиғи үрдіс. Ата-ана мен жақындардың ары қарайғы тәрбиесі, өз тұстастарымен, педагогтармен және әріптестермен араласуы адамға әрдайым жаңа қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Яғни, SEL бағдарламасын кез келген жаста оқуға болады, әрі оқу қажет.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ