-майынша, -ғалы, -гелі формалы көсемше қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

0
1142
Иллюстрация: Freepik.com

-майынша көсемше формасы ретінде Н.К. Дмитриевтің «Грамматика башкирского языка» деген еңбегінде аталған және Н.К.Дмитриев осы құрамды бір аффикс ретінде таныған. Біз де осыған қосыламыз.

Қазақ тіл білімінде бұл форма сабақтас құрмалас сөйлем құруға қатысады.

Тана аман-есен босанып, кол-аяғын бауырына алмайынша, ұзақ алыс рейске бармайды (С.Мұратбеков). Шұғаның әке-шешесінің бір жақсы жері – Шұға он алтыға келмейінше күйеуге бермеді (Б.Майлин). Алайда патша мөрі басылған қағаз келмейінше, бұл атаудың заңсыз екенін білген (К.Исабаев).

Келтірілген мысалдар –майынша формалы етістік арқылы құрылған құрмалас сөйлемдер оқиғаларды мезгілдік қатынасқа түсіріп хабарлайтынын көрсетеді. Мезгілдік қатынастың сипаты – бағыңқы хабарлаған оқиға іске аспай тұрған шақта басыңқы хабарлаған оқиға да ске аспайды.

Оқиғаларды мезгіл жағынан шарттастырып хабарлайтын бұл конструцияда шарттық қатынастың үстем көрінетіні болады.

«Алла» демейінше, іс түзелмес, тәңірі бермейінше, ер байымас (Қорқыт). Үш-үш тораңдының басын байлап, араларын ағашпен бекітпейінше, суға үйшік шайла тәрізді етіп қатар тұрғызу мүмкін емес (Ә.Шілтерханов).

-майынша – құрама, әрі күрделі жолмен жасалған жұрнақ. Осы көсемше форманы қатыстырып жасалған конструкция оқиғалардың арасындағы мезгілдік қатынасты ерекше  қиюластырып білдіреді. Осы себептермен бұл көсемше де, конструкцияда өте сирек жұмсалады. Оның орнында күнделікті сөзде оңтайлы келетін конструкциялар бар: мен келмей, келме; мен келгенше, келме; Осының бәрінің төте мағыналас варианты – Мен келгенде, кел.

-стан (-стен) формалы көсемше етістік қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемде –стан (-стен) — көнермеген көсемше формасы. Оның есмішенің болымсыз түрінің аясында туғаны көрініп тұр: келер-кел-ме-стен. Көсемше пысықтауыш және бағыңқы сөйлемнің баяндауышы қызметінде жұмсалады: Көлік келместен, біз жолға шықпадық. Қызметіне қарап кейде келер-келместен (келер есімше) түрінде қос сөз құрып та жұмсалады.

-стан тұлғалы көсемше қатысып жасалған сабақтас құрмалас сөйлемдердің компоненттері мынандай қатынасқа түседі.

  1. Мезгілдік – бағыңқы компанент хабарлаған оқиға басыңқыда хабарланған оқиғаға мезгілдік меже ретінде қызмет атқарады.

Қазір де қараша ортасына жетер-жетпестен, қыстауға қарай тартты (М.Әуезов). Бас-аяғы бір ай өтпестен, Алматы қайдасың деп, бәрін тастап тайып отырды (Л.Омарова). Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты, таң атар атпастан оятып, тұрғызып алды (М.Әуезов).

  1. –сын пысықтауыштық – бағыңқы хабарлаған оқиға басыңқы хабарлаған оқиғаға сын сапа ретінде қызмет атқарады.

Темір тепкішікке аяғы тиер-тиместен, жерге секіріп түсті (Ж.Қорғасбаев).

  1. Себептік – бағыңқы хабарлаған оқиға басыңқы хабарлаған оқиғаға себеп ретінде қатысады.

Пост өткізбестен, көлік кейін қайтты. Жаңбыр жаумастан, егін қурап кетті.

-ғалы, -гелі формалы көсемше етістік қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

-ғалы, -гелі формалы көсемше етістік бағыңқы сөйлемнің баяндауышы болып, оны басыңқы компонентпен мезгілдік қатынасқа түсіреді. Бағыңқы хабарлаған оқиға басыңқы хабарлаған оқиғаның басталу межесі ретінде қатысады.

Сіз келгелі, сөзім жерде қалмай, ісім оңға басты (Д.Досжанов). Қойшекең, қой төлдегелі, етігін шешепей, үсті сауыстанып, басы тиген жерге қор ете қалып, әбден титықтапты (Д.Досжанов).

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Етістіктің көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  2. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  3. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  4. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  5. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  7. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  8. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  9. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  10. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  11. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  12. Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері
  13. Сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның танылуындағы проблемалар
  14. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық түрлері және олардың жасалуы
  15. Келер шақ көсемше етістіктің қатысуымен құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер


ПІКІР ҚАЛДЫРУ