МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДАН ЖАҢЫЛЫСПАДЫМ

0
2986
Хасанова А. С.

Өмірде жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеу керектігін бәрі дерлік біледі. Бірақ өмірде қателік жібермеу керек сәттер өте көп. Өмірдің өзі көптеген маңызды таңдаулардан тұрады. Дұрыс таңдау дұрыс жолдарға жетелейді. Мен сол дұрыс жолдардың бірінде келе жатырмын деп есептеймін. Себебі, емірдегі ең қиын таңдаулардың бірінен, яғни мамандық таңдаудан қателеспедім.
Мен болашақ әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімімін.

Бұл мамандықты таңдауыма менің кішкентай балаларға деген махаббатым себепші болды. Мен балаларға тәлім-тәрбие беруші, дұрыс бағыт-бағдар көрсетуші, яғни ұстаз болғым келетінін 10-сынып оқып жүргенімде түсіндім. Өз мұғалімімнің тапсырмасы бойынша 5-сынып оқушыларына тарих пәнінен сабақ беріп көрдім. Балалардың мені «апай» деп, құрметпен атаған кездегі жүрегімдегі толқыныс сезімін айтып жеткізе алмаймын. Сол сәттен бастап менің өмірімде айқын мақсат пайда болды.

Өзім ес білгелі Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқуды армандайтынмын. Осы университеттің мамандықтар тізімін қарап отырып, өзіме жақын, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығын кездестіруім нұр үстіне нұр болды. Содан ұлттық бірыңғай тестке дайындықты бастап кеттім. Қайтсем де 100 баллдан асырам деп жүріп, ақыры 100 баллдан бір сан асырдым. Менің қалаған мамандығыма грантқа түсу үшін дәл 100 балл керек болатын. Арқамнан ауыр жүк түскендей болды.

Құдайға шүкір, қазір өз мамандығымды сүйемін деп көкірек кере айта аламын. Себебі, менің басты мақсатым — қоғамға риясыз қызмет ету. Университетке оқуға түскелі, менің өмірімде өзгерістер өте көп. Ең алдымен, өмірге деген көзқарасым мүлде басқа арнаға өзгерді. Қара шаңырақтың қабырғасында нағыз педагог мамандардың берген білімі мен тәрбиесінің арқасында педагогикалық білімім мен шеберлігім шыңдалып келеді. Рухани-адамгершілік қасиеттердің маңызын түсініп, бойыма сіңіріп келемін. Шәкірттерінің болашақта білікті маман болып шығуы үшін жан аямайтын оқытушыларыма қарап, күнде үлкен шабыт аламын.

90 жылдық тарихы бар еліміздегі алғашқы жоғары білім ордасында білім алу мен үшін үлкен жетістік. Бұл оқу орнында ұлтымыздың мақтаныштары Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Мұхтар Әуезов, Темірбек Жүргеновтер дәріс берген. Мен осы есімі ел есінде мәңгі сақталатын ұлы тұлғалардың жолын қуып, шәкірт тәрбиелеу үшін барымды салатын боламын. Басты мақсатым осы.

Ұлы Абайдың «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», — деген өлең жолдарын өмірлік ұстанымым ретінде әрқашан жадымда ұстаймын. Иә, мен өзіме сенемін, өз таңдауыма сенемін, өз күшім мен қайратыма сенемін. Мақсатым айқын, жоспарларым жетерлік, тек алға қарай ұмтылып, биік-биік белестерді бағындыру үшін болашаққа нық қадам бастым.

Халмахан А.С.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті,
5В012300 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының
2-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Булшекбаева А.И.
PhD доктор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ