Ғұмар Қараш – өткен ғасырдың 20-30-жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың жазықсыз құрбаны болып қазаға ұшырап, кейін ақталған қазақ зиялыларының қайраткерлері қатарындағы ірі тұлғалардың бірі, қоғам қайраткері,ағартушы, педагог.
Елінің азаттығы жолында жанкешті қызмет еткен Ғұмар есімі отарлық бұғаудан босағалы ғана ауызға ілігіп, зерттеле бастады. Тарихи ақиқаттың орнауы нәтижесінде Ғ.Қараштың құнды мұралары ортамызға қайта оралды.
Ғұмар — көрнекті ақын, ойшыл — философ,халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер ағартушы, дін шариғат, имандылық жолы, араб, парсы,түрік, татар,башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама – ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан» , «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.
Басқасын айтпай-ақ, әуелі Ордада, кейін Оралда жарық көріп тұрған аталмыш газет «Қазақстан» сөзін тұңғыш рет ресми қолдануымен де құнды, сонысымен де айрықша бағалы. Ғұмар Қараштың өзі ұстаз тұтқан қазақтың белгілі ақыны Шәңгерей Бөкеевтің қолдауымен ел аузынан жинаған әдеби мұраларды құрастырып, Орынбордан «Шайыр», «Көксілдер» атты екі жинақ шығарады.
Кейін оның «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914), «Тұрымтай» ( Уфа, 1918 ) аталатын бес поэзиялық, «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Уфа, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген.
Содан бері ақын өлеңдері мен мақала, әңгімелері топтастырылған «Замана» кітабы 1994 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан басылып шықты. 2006 жылы Ғ.Қараштың 130 жылдығы туған жері – Жәнібек ауданында аталып өтіліп, орталық алаңға біртуар азаматтың кеуде мүсіні орнатылды. Жақында туған жері Борсы ауылынан 8 шақырымдай жерде кесене тұрғызылды.
Сонымен қатар ақынның 3 томнан тұратын алғашқы толық жинағы жарық көрді.
Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімін қалыптастыруға Ғұмар
Қараштың ықпалы зор болды.Оқу-білімді ең алдымен азаттыққа, бостандыққа қол жеткізудің негізі деп түсінген Ғұмар Қараш халықты, оқу, өнер, үйрену арқылы оянуға үндеген.
«Ұл-қызың,-бірдей оқыт » деген сөзім,
Тыңдалып қазағыма ұнар ма екен?
Тыңдалып, қазақ тегіс өнер біліп,
Зарыққан ерлер көңілі тынар ма екен?-деп, ақын балаң өнер біліп өссін дегенді айтудан жалықпаған.
Иә, Ғұмар Қараштың халыққа сіңірген еңбегі өте көп. Оның қазақ әдебиетіне, оқу-ағарту ісіне, педагогикалық ой-пікірді дамытуға өз үлесін қосқан қайраткер.20 тараудан тұратын «Тумыш» өлеңдер циклында ақын ұрпақ тәрбиесін, әйел-ана рөлін,халықтың ой-санасын өзгертуде ғылым-білімнің маңызын, оның ішінде қыз баланы оқытуды және әрбір саналы азаматтың халқына қызмететуін насихаттайды.
Сонымен қатар ол байларды жаңа мектеп үйін салуға көндіреді. Ордада мұғалімдер даярлайтын курс жұмысын ұйымдастырып, педагогикалық техникумның ашылуына бірден бір себепші болған. Ғұмар Қараш ұстаздық жолын өзі туған өзі туған Жәнібек ауданындағы Борсы маңында мектеп ашып, ұсыл жәдит әдісімен бала оқытудан бастайды. Ол бала оқытып қана қоймай, бала оқытатын мұғалімге қойылар талап-білім мен тәжірибе деңгейіне ден қойған. Оқушылары тез арада сауатын ашып, арабша, қазақша, татарша және орысша жазылған басылымдарды оқуға мүмкіндік алған.
Мұндай батыл реформалық іс-әрекет дүмше молдалар мен шынжыр балақ,
шұбар төс үстем тап өкілдеріне ұнамай «ислам дінін бұзып, қазақ балаларын орыс қылды» деген айып тағылды. Бірақ, көкірегі ояу азаматтың мақсат-мүддесі жергілікті зиялы қауымнан қолдау тауып, жәдитше оқытуын әрі қарай жалғастырады.
Ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың «Ғұмар Қараш» еңбегінде «Демек, 1919 жылғы Қарашта ағартушылық ыңғай қай кездегіден де күшті, пәрмендірек» делінсе, М.Ысмағұлов: «Шын мәнінде педагогика теориясын ана тілімізде жазған тұңғыш автор Ғ.Қарашев.«Педагогика»- Ғұмардың көп жылдық ұстаздық қызметінің жан-жақты
ізденісінің сөлі, қорытпасы»-деп ой түйген.
Ғ.Қараштың бала тәрбиесіне байланысты айтқан тұжырымдары бүгінгі күнге дейін мәнін жоғалпаған. Мәселен, «Балаларға тәрбие берушілер мүмкін болғанша жастардан болу керек. Егер қолдарынан келсе, мен бала тәрбиешісінің бала болуын артық көрер едім. Осылай болғанда тәрбие беруші өзінің шәкіртіне ең жақын жолдас, ең сенімді сырлас болып, оның түрлі өмір бойына өзгермелі жағдайларға тез икемделе білетін тұлғаны қалыптастыру талабы қойылған.»
«Шәкіртіңізге ауыздай үгіт бермеңіз, нәрсені өздерітәжірибе арқылы тапсын. Оларды еш уақытта жазаламаңыз. Олар айыпты болудың не екенін білмейді. Оларды еш уақыт кешірім сұрарлық халге жеткізбеңіз. Олар сізді жәбірлей алмайды… »Бұл тұжырымдар-бүгінгі педагогика үшін де әлі күн тәртібінен түспеген, білім берудің жаңа талаптарымен үндескен батыл ойлар болып табылады. жаңартылған жүйе бойынша бала сабақ барысында өздігінен ізденуі қажет.
Ұстаз тек қана бағыт береді. Ал тура осы әдісті 1919 жылы «Мұғалім» журналында айтып кеткен. Ардагерұстаз, ақын-жазушы Д.Мұштанова: «Жинақты қолыма алғанда Ғұмардың «Дұрыс бер, дәріс берсең теріс берме» деген сөзі оттай басылды,»-деуі де Ғұмардай ғұлама ұстаздың айтқаны бүгінгімен сабақтасатынын анық көреміз.
Ғұмар Қараш оқу үрдісінде хат таныту әдістерін үйретіп, қараны дұрыс таныту жолын,
онымен қатар мағынасына түсініп, мәнерлеп оқуға өлеңді сөздерді әнге салып оқып, әнге үйретеді, соған жаттықтыруды тапсырып отырған. Пән сабақтары ішінде жаратылыстану, табиғат, жағырафия сабақтарының оқыту әдістеріне тоқталып, оларды түсіндіріп оқытуға тырысатын. Ғұмар Қарашұлының мұғалімдік қызметі жөнінде 1946 жылы жазылып, Ғылым Академиясының сирек қолжазбалар бөлімінде сақталған Хәкім Әжікеевтің естелігінде: «Ғұмарды ертеден, 1907 жылдан білемін, Ғұмардың сонда өз мектебі, яғни медрессесі болды.
1909-1910 жылдары Ғұмар мектебінде мұғалім болып істедім.Өзі молда әрі мұғалім еді. Медреседе жәдитше оқыды,табиғаттану, жаратылыстану, орыс тілі пәндері оқытылды.Үйінде ән салып, домбыра тартады. Жаратылыстану туралы білімін өн бойы оқып, толықтырып жүретін. » дейді.
Сонымен бірге Ғұмардың шәкірттері туралы да: «Әр жерден 40-50 шәкірттері болды.
Шәкірттерін жаңаша баули бастады. Бас шәкірттерініңбірі Ақмади Есқалиұлы дегенді өлең айтуға баулыды. Мәдени кештерін ұйымдастыруға баулыды.Бұның шәкірттері көпшілігі заманадан хабардар, жақсы адамдар болып шығады ,»- деген мәліметтер берді. Ғұмар Қараштың шығармашылық келбетін танытатын түрлі қырларын анықтауға
тырысқан тарихшы ғалым И. Кенжалиевтің: «Ғұмар Қараш – қазақтың ұлы педагогі. Ол алғаш қазақ мектептерін ұйымдастырып, мектеп үйлерін салдырып, оқулық, бағдарлама жазып, жабдықтаған.
Ол қазақ тілі пәнінің алғаш оқытушысының бірі. Ғұмардың ауылшаруашылық артелін ұйымдастырғаны да белгілі. Ғұмар жалынды, жарқын патриот. Ол өз ұлтының мерейін
көтеруге қызмет істеп, өз ұлтының болашағын ойлап, тілдің рөлін айқындап берген» – деген пікірі өте орынды.
«Мұғалімдердің мұғалімі» Ғ.Қараш «Мұғалім» мұқабасына эпиграф түрінде:
Тіл -көңілдің ақылшысы,
Ілім – жарық, жанға ұя.
Білім – бақтың басқышы,
Қараңғыда жол қия,- деген жыр жолдарды босқа алмаған. Қараңғыға жол көрсетіп,
халқына шырақ болған ол мектептер ашу ісіне белсене араласып,жаңа мектептің оқу
бағдарламаларын, жоспарын жасауға қатысады. Міне, осындай ерен еңбек етсе де, қазақ тарихында өз орнын таба алмағаны өте өкінішті. Бірақ оның тағдыры қасіретті болса да, кеш те болса есімі туған халқына қайта оралып,қазақ зиялыларының ортасынан ойып тұрып орын алды.
Қазақ елі үшін, ұлты үшін еңбек еткен Ғұмар Қараштың есімі халық жадында мәңгілік
сақталады. Қазақ елі асыл ұлдарын еш уақыт жадынан шығармайды. Оның мұралары кейінгі ұрпаққа өнегі болары хақ.
Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы
Басқа материалдар:
- Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
- Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
- Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
- Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
- Ежелгі дәуір әдебиеті
- Лиро-эпостық жырлар. Халық ауыз әдебиетінің рухани қазынасы
- Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?