Қазіргі шешен сөздің негізгі сипаты мен белгілері

0
3089
Иллюстрация: Freepik.com

Шешендікті сөз еткен ғалымдар мен өзге де адамдардың айтулары бойынша XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында (1920-1930 жылдары) жаңа әлеуметтік-саяси жүйеге, сол арқылы туған қазақ халқына қызмет етуге күш салған қоғам мен мәдениет қайраткерлерінің бірқатары әр алуан жиналыс, конференцияларда алқатоп алдына жиі шығып, қазақша сөз сөйлегендерін және біразының шешендік көрсеткенін айтады.

Олардың есімдерін Тұрар Рысқұлов, Ғани Мұратбаев, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов, Ораз Исаев деп атайды. Бұлардың сөздерінің шешендігін азды-көпті көркемдік тұрғысымен қатар мазмұндық (мақсаттық) сипатына қарай да танылғаны сөзсіз.

Бұл жердегі шешендік – алқатоп алдында сөз ететін мәселені түсінікті, жинақы етіп мүдірмей айта білу деп танылды. Бұл – шешендікке жаңаша қырынан қойылған талаптар болды, өйткені шешендік көрінетін кеңістік пен уақыттың өзі жаңа еді, көзделетін мақсат та бұрынғы шешендіктен өзгеше болғаны белгілі.

Шешендікті осы тұрғыдан тану күні бүгінге дейін жалғасуда, яғни алқатоп алдында еркін, жинақы сөйлеу, әдеби тіл нормасын сақтау және реті келгенде там-тұмдап болса да, көріктеуші амалдарды да жатсынбау. Осы талаппен келгенде, бүгінде филолог ғалым, жазушы, ақын, журналистерден басқа да мамандық иелерінің ішінде шешендік таланты бар тұлғалар кездеседі.

Солардың ішінде заңгер академик Салық Зимановты, тарихшы академик Манаш Қозыбаевты атауға болады. Әрине, бұл сияқты ғалымдардың көбінесе топ алдында орыс тілінде сөйлегендері белгілі (заман, тәртіп осыны талап етті). Сонымен қатар реті келген тұстарда қазақ тілінде де алқасөз үлгісін көрсеткендерін келтіруге болады.

Тарихшы академик М. Қозыбаев ескіше, жаңаша қай талаппен қарағанда да нағыз шешен болатын. Ол жиын-конференцияларда, сессияда, радио мен теледидарда талай рет ауызша сөйлеген. Бұл сөздердің бірсыпырасы, әрине, жазылып дайындалған, бірақ алқатопқа ауызша жеткізілген.

Солардың ішінде 1992 жылы Бүкіл қазақтың тұңғыш құрылтайында жасаған баяндамасын талдап таныталық. Баяндаманың алғашқы нұсқасын қазақ халқының тарихына тереңдете үңілген ғалым «Ата тарихы туралы үзік сыр» деп атап, кең көлемде дайындаған. Оның толық нұсқасы ғалым еңбектерінің I томында жарияланған. Құрылтайда оны едәуір ықшамдап, азын-аулақ шешендік сөз атрибуттарын қосып, баяндама етіп ұсынды.

Баяндама тақырыбы әлеуметтік үні зор, оны тыңдауға тек шетелдерден келген қандастарымыз ғана емес, өз елін мекендеген тұрғылықты қазақтар да мейлінше мүдделі, ынталы болды. Әр алуан себептермен дүние жүзіне бытырап, ауып кеткен қазақтардың тағдыры мен талайына үңіліп, оларды өз Отанына жинау сияқты мәселе тәуелсіздікке, жеке мемлекеттілікке енді қол жеткізіп жатқан алғашқы жылдарда (1990 жылдардың басында) өте өзекті болды. Сондықтан баяндама барша қазақтың жүрегіне ұялайтын әңгіме тақырыбында ғана емес, сол тақырыпты ұсынған тілінде, тіл иесі ғалымның өз ұлтына деген асқақ сезімінде екені де даусыз.

Академик М. Қозыбаевтың бұл баяндамасы алқатоп алдына ұсынылған сөз болғандықтан, мейлінше түсінікті, әсіресе сыртта өмір сүріп жатқан қандастарымыз жатсынбайтын, бірден еркін түсінетін стильде (тілде) болуы шарт екендігі белгілі. Және жай ғана түсінікті емес, жан толқытар әсерлі, ұлттық намысқа құрылған уытты болмаққа керек еді, баяндаманың сөзі осы үдеден шықты. Баяндаманың мәтінінде шет тілдік, оның ішінде орыс тілінен келген термин сирек ұшырасады, орыс тілінен келтірілген дәйексөздер де жоқ деуге болады.

Ондай дәйексөздердің орнына елшілікке барған Қаз дауысты Қазыбек бидің қалмақ ханына айтқан сөзі өте орынды, әдемі келтірілген. Ол – әр сөзін қазып айтатын Қазыбектің: Біз қазақ деген мал баққан елміз; бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз; елімізден құт-береке кетпесін деп, найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз; басымыздан сөз асырмаған елміз!!! – деп таныстырып, сес көрсетуі. Бұл – нағыз қарасөзбен келген шешен сөз.

Сөз дегеніміз – айтылған пікір, әңгіме деп танысақ, ондай пікір – өлеңге ұқсас болғанмен, нағыз өлең емес. Бірақ мұнда өлеңдегі сияқты ұйқас (мал баққан — жай жатқан, құт-береке қашпасын деп – жау баспасын деп т.т.), қайталама сөздер де (елміз, елміз…) болады, біршама ырғақ та (өлшем де) табылады, бірақ бұл – өлең-толғау емес.

Бұл дәйексөз арқылы баяндамашы еліміздің қазіргі ұстанып отырған саясатын да, халқымыздың тарихи бейнесін де тыңдармандардың естеріне салып, рухани күш-қуат береді. Бұл – шешендік сөздің бір шарты болатын. Осылай шақыру арқылы қоғамның әрбір азаматын, оның ішінде қазақтарды алдағы зор мақсат – қазақ мемлекетін нығайтып, оның экономикалық, ағартушылық, мәдени, рухани күш-қуатын арттыруға жұмылдырады. Бұл – алқатоп алдында айтылған шешендік сөздің екінші қыры (белгісі) болатын.

Ал үшінші қыры – әсемдік, тіл кестесінің көркемдігін талдасақ, мұнда да эмотивтік сөздер, экспрессивті фразеологизмдер, ұйқасты-ырғақты түзілімдер шебер, орынды қолданылған: Еуропа мен Азия құрлығын жамбастап… апайтөс, сайын сахарада ерте заманда көшпелі халықтар мекендеді… Ұлы даланы бес ғасырға жуық… дүбірлетіп, гүмбірлетіп ғұндар өтті. Шығыстанушылар ғұндарды түркі этногенезінің мәйегі деп қарайды… Түркі қағанаты сол бір дәуірде (VI ғасырларда) басы барды идірген, тізесі барды бүктірген Қытаймен, Рұммен терезесі тең болған… өзі батыр, өзі ұлан, өзі Сарбарбек, өзі хан, өзі көсем, өзі шешен, өзі жеке-дара дана туған. Қара басының қамы емес, қара қазақтың ары үшін, намысы үшін күрескен алып тұлға… (Кенесары туралы айтып отыр).

Мұнда да дыбыс бірыңғайлығы (қ-мен келген аллитерациялар), қайталаулар да (өзі сөзі 7 рет қайталанып келген), үшін шылауы 2 рет бірыңғай мүшелердің әрқайсысымен қайталанып тіркескен т.т. осы сияқты әсерлі, үнді қолданыстар – шешендік сөздің атрибуттары.

Міне, бүгінгі шешен түрде айтылған сөздердің көркемдік сипаты, әлеуметтік мәні, адресанттары мен адресаттары талданған үлгілердегідей болулары керек. Сондықтан алқатоп (алқа-қотан отырған жұрт) алдында сөйленген сөздің барлығы әдеби тіл нормасына сай келетіндігіне, аз ба, көп пе әлеуметтік сұранысы болатындығына, адресаттың аялық білімін еске ала отырып айтылатындығына қарамастан, шешендік үлгісіндегі ауызша дамыған әдеби тіл көрінісі деп атала бермейді.

Бүгінгі, біздің заманымыздағы, яғни соңғы ғасыр барысындағы шешен түрде айтылған сөз статусына жауап беретін қолданыстардың, сөздердің, яғни сөйлеулердің, айтылымдардың негізгі сипаттары мен белгілері, біздіңше, мынандай болуы керек:

  1. Қазіргі шешен түрде айтылған сөздер негізінен алқатоп алдына шығатын алқасөз типіне, жанры жағынан проза түріне жақын келеді. Олар жазба түрінде дайындалып, оқып беру арқылы ауызша адресатқа жеткізіледі, сонымен қатар табан астында ауызша айтылатын сөздер де шешен сөз болады. Соңғылары көбінесе аса ұзақ айтылмайды.
    Бірақ шешендік сипат алу үшін сөздің ұзын-қысқалығының да, бірден ауызша айтылуы немесе алдын-ала жазба түрінде дайындалып, оқып беруінің де айтарлықтай рөл атқармауы мүмкін. Шешендік дарыны бар адам айтпағын шұғыл, табан астында жинақы, әсем, әсерлі етіп беруде көп қиналмайды, сөзі «төгіліп» тұрады. Дегенмен, сөз жоқ, жазба дайындықтың мүмкіншіліктері молырақ болады. Бұл айтқандарымызды жоғарыда талданған бүгінгі шешен түрде айтылған сөз үлгілері толығынан дәлелдейді.
  2. Қазіргі шешендік – қазақ тілі нормаларын мүлтіксіз жақсы сақтап шебер сөйлеу ғана емес, әсерлі, әсем сөйлеу. Күнделікті қарым-қатынаста, айталық, көпшілік арасында өзара сөйлеу барысында азды-көпті топ алдында сөйлеу актісінде, дүйім жұрт алдында белгілі бір мақсатпен айтпақ ойын ауызша жеткізуде болсын, оның ішінде жазылған дүниесін оқып беру үстінде болсын – осы сәттердің барлығында да әдеби тілдің нормаларын, сөз нормаларын бұзбай дұрыс сөйлеу – бүгінгі мәдениетті, сауатты әрбір адамның міндеті. Бұл міндет тіпті реті келген тұста тілдің көріктеу құралдарын пайдаланып, біршама әсерлі (әдемі) сөйлеуді де жоққа шығармайды.

Дереккөз: «Тұран» университеті, журналистика мамандығының дәрісі

Басқа материалдар: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ