Мектептің ата-аналармен жұмыс жасаудағы рөлі

0
2876

Мектеп өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі мәні зор. Еліміздің жастары мектеп арқылы өмірге жолдама алады. Мектеп ешуақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, автономиялық мекеме болған емес. Сондықтан оның іс әрекеті отбасымен, жұртшылық, әлеуметпен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Міне, мектептің орасан зор қызметі осында.

Мектеп тәрбиеге байланысты қоғамдық күштерді ұйымдастыру және біріктіру рөлін атқарады. Ол ішкі тәрбие процесін басқарып қана қоймайды, мөлтек аудандарда, кәсіпорындарда жүргізілетін тәрбие жұмысының мақсатқа бағыттылығын қамамасыз етеді.

Осы тұрғыдан мектеп — балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жеке адамның дамуына және қалыптасуында әр түрлі факторлардың ықпалын ұйымдастырып, үйлестіріп, біріктіретін орталық. Мектепте іс-әрекеттің ең бастысы — тәрбие түрлері: дүниетанымның, еңбек, мінез-құлық, эстетикалық дене тәрбиесінің мақсаттары мен міндеттері жүзеге асырылады.

Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары көп. Олар:

— ата-аналармен жұмыс;

— сынып жетекшілерінің және мұғалімдердің отбасымен жұмысы;

— сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары.

Осы жұмыстарға мектеп басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті адамдармен, ұйымдармен бірігіп іске асыруды қамтамасыз етеді.

Тәрбие жүйесінде, әсіресе жеке адамның жоғары моральдық қасиеттерін қалыптастыруда адамгершілік сезімін, эстетикалық талғамын қалыптастыруда, дамытуда қоғамдық тәрбие институттарының алатын орны ерекше.

Мектептің ұйымдастырушы тәртіп орталық ретіндегі қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі — мектептің, отбасының және жұртшылықтың күшін біріктіру. Бұл жұмыстың мазмұны, әдістері мен түрлеріне қарай өзіндік ерекшелігі болады. Ол әрекеттің өзіндік ерекшелігі бірқатар факторларға байланысты. Олар педагогикалық процестің объективті заңдылықтарын білу; қазіргі жағдайдағы мектептің әлеуметтік қызметіне қанық болу; қазіргі отбасының ерекшеліктері мен даму тенденцияларын түсіну, мұғалімнің, ата-аналар, жұртшылық өкілдерімен жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты жұмысқа практикалық тұрғыдан дайын болуы.

Мектеп балалар тәрбиесі мен отбасы тәрбиесін педагогикалық басқарудағы тікелей іске асыратын маңызды әлеуметтік институт болып табылады. Жас ұрпақты өмірге дайындауда жаңа сапалық белгілер қалыптасып, дербестікті дамыту, кәсіптік бағдар, білім алу және өздігінен білім алу, қабілеттерді анықтау және дамыту сияқты мәселелерге ерекше маңыз бере бастады. Мектептің, отбасының және жұртшылықтың тәрбиелік қызметінің біртұтастығы мектептің мақсатты түрде жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Ал, бұл нәтиже қазіргі заманғы білім беру мекемесіне қойылатын басты талаптардың бірі.

Белгілі педагог В.А.Сухомлинскийдің еңбектерінде «мектептік-отбасылық тәрбие» ұғымы кең қолданылады. Оның пікірінше тәрбиені мектептік немесе отбасылық деп қарастыруға болмайды, өйткені бала тұлғасы біртұтас және оны қалыптастыру процесі де біртұтас сипат алады. Міне, осындай біртұтас тәрбие процесінде мектеп жетекші рөл атқарады.

Мектеп отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңітеді және дамытады, осы бағыттта педагогикалық ағарту жұмыстарын жүргізеді, қоғамдық және мектептен тыс ұйымдардың мектеп пен отбасына белсенді түрде көмек көрсетуін ұйымдастырады және бағыттайды, олардың әрекеттерін үйлестіреді. Мектеп басшысының, сынып жетекшісінің жұмыс жүйесі ең тиімді түрлер мен әдістер таңдап алу арқылы ұзақ жылдар барысында қалыптасады. Ол жүйе жұмыстың нәтижелігін қамтамасыз ететіндей талаптарға жауап беруі тиіс.

Ең бірінші талап — бүкіл педагогикалық ұжым әрекетінің мақсаттылығы.   Педагогикалық проблемаларды шешу үшін ата-аналар жиналысын өткізу, лекция оқу, ата-анаға, отбасына жекелеп ықпал жасау қажет.

Екінші талап — мұғалімнің кәсіптік біліктілігін, педагогикалық мәдениетін көтеру. Оның жолдары әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы: сынып жетекшілері секциясының жұмысы, «Отбасылық педагогика» немесе «Отбасы тәрбиесін жетілдіру» сияқты тұрақты педагогикалық семинар жұмысы; мектеп тәжірибесінде анықталған формалды емес жасөспірімдер тобының ерекшеліктерін есепке алу, қолайсыз отбасылар мен педагогикалық тұрғыдан бетімен жіберілген балаларды есепке алу, ата-аналардың жүргізген жұмыстарының тиімділігін анықтау, олардың озық тәжірибелеріне педагогикалық талдау жасау.

Үшінші талап — педагогикалық ұжымның сынып жетекшісі мен мұғалімдердің ата-аналармен жүргізетін жұмыстарына бірыңғай талап жүйесін жасау. Бұл талап негізді, әдепті, заңды болуы тиіс. Асығыстық, талапты бұрмалаушылық ата-аналармен келіспеушілікке апарып соғады.

Төртінші талап — ықпалды қоғамдық ата-аналар ұйымын қалыптастыру.

Қазіргі жас өркен – мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан да , балаға – бір отбасының ұрпағы деп емес, бар қазақтың баласы деп қарау керек сияқты. Ұлы Абай атамыз: «Баланы ең алдымен ата-анасы , сосын ұстазы, сонан кейін қоршаған ортасы тәрбиелейді» деген екен. Сіз қалай ойлайсыз?

Сонымен әрбір ата-ана өз баласының тәрбиелі де, саналы, мәдениетті, жүрген ортасында сүйкімді болу үшін алдымен тәрбиені өзінен бастағаны жөн, яғни оғаш қылықтармен баласына үлгі-өнеге көрсетпеуге тырысқаны жөн. Жас кезінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана кейін бармағын тістеп өкініп қалады.  Оның түзу жолмен жүріп білімді де саналы азамат болып өсуі біздің, яғни әрбір ата-ананың қолында.

 

Орындаған: Айзада Тасым

ПІКІР ҚАЛДЫРУ