Мен – қазақстандықпын

0
3198

      Мен – тәуелсіз елдің өскелең ұланымын. Менің елім, тәуелсіз Қазақстаным бұл күнде әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесін теңестірді. Тіпті, мемлекетіміз әлем бойынша бірнеше елдерден оқ бойы озық тұр десем артық айтқаным емес.
    Қазіргі таңда Тәуелсіздік — әрбіріміз үшін қасиетті ұғым. Бірлік пен ынтымақтың, татулықтың өшпестей етіп ізін қалдырған айтулы мереке. Еліміздің егемендігі жарияланған уақыттан бергі уақыт ішінде көптеген толағай табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі.
   Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, қасиетті өлке. Республикамыз қойнаудағы өлшеусіз табиғат байлықтарымен ғана емес, ең алдымен, алуан түрлі ұлт өкілдерінен құралған халқымен ерекшеленеді. 130-дан астам этнос өкілдерін жатсынбай, өз мекендеріне тартқанынан қазақстандықтардың қонақжай халық екенін байқауымызға болады. Бүгінде, сан түрлі ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астында бейбіт күн кешіп отырғанымызға талай жылдар толды. “Бірлігіміз жарасқан”,-деп ұран еткен әрбір ұлт өкілдері киелі Қазақстанның желбіреген көк туының астында еш қиындық көрместен күн кешуде, ал енді біреулері – көк жалауымызды серік етіп, қазіргі қоғамдағы әр салалардағы үздік додаларда өзге ұлт өкілдерінің азаматтары еліміздің еңсесін тіктеп жүргенін айта кеткенім артық болмас. Атап айтар болсақ, әлемнің түпкір-түпкіріне  GGG деген атпен белгілі болған қазақстандық бауырымыз Геннадий Головкин орыс ұлтының өкілі бола тұра, әлемдік додаларда Қазақстанның көк туын көкке көтеруден, қазақтың кестелі шапанын әлем көрермендеріне насихаттаудан және де әр жекпе-жегінің соңын уақытынан бұрын, жеңіспен аяқтаудан еш тайсалған емес. Бүгінгі күнге дейін ел қоржынына 34 жеңіс сыйлап, оның 31-ін өз уақытынан бұрын аяқтап, 4 чемпиондық титул жеңіп алып ел мерейін үстем еткен қазақстандық бауырымыз үшін еліміздің әр азаматы мен азаматшасы ерекше ықыласпен жерлесіміздің әр жеңісіне айтарлықтай қуанары айдан анық. Геннадий Головкиннің осылайша әлем додаларына Қазақстанның намысын қорғап шығуының бірден-бір себебі, оның жүрегінің “Қазақстан” деп соғуында. Сондықтан, біз тек қана қазақ болып туылған қазақстандықтар үшін қуанып қоймай, “Қазақстаным” деген әрбір жанның жетістіктерімен мақтана аламыз. Өзге ұлт өкілдері ішінде Гена бауырымыз сияқты еліміздің көк байрағы желбіретіп жүрген Илья Илин, Зульфия Чиншанло, Ольга Рыпакова, Денис Тен сияқты әлемдік тартыстарда жүлделі орындар алып жүрген әр Қаақстан азаматы – еліміздің мақтанышты тұлғасы.
    Найзаның ұшымен, білектің күшімен қалдырған ата-бабаларымыздың киелі   аманаты – туған топырағымыз – қазіргі таңда қаны “Қазақстандықпын” деп тулайтын әрбір азаматтың киелі мекені, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған тыныштық мекені, Асанқайғының Желмаяға мініп іздеген жерұйығы. Біздің Отанымыз еш адамды жатырқамайтын, қолынан келсе бар көмегін аямайтын, Абайдың сөзімен айтқанда, “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген сөзін ұран еткен қасиетті өлке. Өйткені мұнда тек қана қазақтар ғана емес, өзін Қазақстандықпын деп есептеген бауырмал халық мекендейді.  Сондықтан, біз еліміздің әрбір азаматының бармақтай бағы, таудай талабы үшін төбемізді көкке жеткізе қуанамыз.Жасасын, көп ұлтты Қазақстан!


                                                                                                                     Нышан Айдана
                                                                                                                    Жамбыл облысы,
                                                                                                                    Меркі ауданы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ