Өмірбай шешеннің өнері

0
993
Freepik.com

Жамбыл облысының Сарысу ауданында Борбас деген жасы келген кісі болған. Қонысы шалғай болғанымен, Сыр бойындағы ағайын-туыстармен жүздесіп-көрісуді аңсап, алтыжеті адаммен ағайынға дидарласып қайтуға барған екен.

Көптен сағынысып көріскен туыстарының біріне қонып, біріне түстеніп, сейіл-серуен құрады. Бірнеше күн арқа-жарқа боп сағынышын басқан соң, ақ пейілмен құрмет еткен туыстардың ықылас-­ниетіне риза боп, рақметін айтып, елге қайтуға рұқсат сұрайды. Кетерінде жақсы менен жайсаңдарды алдағы жылы күзде өз ауылына серуендеп қайтуға шақырады.

Межелі мерзім жеткенде бір-бірімен хабарласып, ел адамдары Борбастың ауылына аттанады. Үлкендерге ілесіп он үш жасар Өмірбай да барады. Борбастың Жантас, Бектас, Алтыбас деген ұлдары болған. Сол кезде Алтыбастың оқу бітіріп,
білікті азамат атанған кезі екен.Он үш жасар қаршадай баланың қияндағы елден ересектерге еріп келгеніне Алтыбас таңданып:

– Түріңе қарасам, ойын баласысың, ақсақалдарға еріп
келгеніңнің мәнісі не? – дейді.

Сонда Өмірбай бала:

– Ер бала он екі жасында балиғатқа жетеді. Әкелер мен көкелерге ергеннен нем кетеді? Есті болып ешкім де іштен тумайды. Игі жақсылардың әңгімелерінен бір сабақ жіп ілсем, маған сол жетеді! – депті таңдайы тақылдап.

– Жарайды, балам, – дейді әкесі Алтыбасқа, – қонақтың үлкен-кішісі жоқ, мазалай бермеңдер енді.
Сонда Өмірбай іле-шала:

– Дұрыс қой, көке, маған сұрақ бергені. Мүсіркеу түбі –
азап, азаптың түбі – тозақ, ағаларымның маған сұрақ қойғаны – мені елегені. Мен үшін бұл – ғажап! – дейді.

Екі елдің ақсақал-қарасақалдары шұрқыраса табысып, ел-жұрттың амандық-­саулығын сұрай, мәре-сәре болып жатқанда, отау үйдің белдеуінде байлаулы тұрған түйенің бауырына көрші үйдің бір қозысы ойнақтап кіріп, түйе тарпып, қозыны өлтіріп қояды. Борбас тұрымтайдай баланың әлгіндегі сөзіне еріксіз назар аударған еді.

«Бұл бала, сөзіне қарағанда, тегі, болайын деп тұрған науша-ау!»– деп түйін түйген.
Осы оймен әдейі Өмірбайды шақыртып алып:

– Ал, наушам, түйем тарпып, көршінің қозысын өлтірді.
Осы қозының кесімін айтшы! – дейді.

– Жақсы, көке! Тарпыған аяғын кессем – түйеңіз шолтақ
болады, өркешін кессем – молтақ болады, қозысынан айырылған адам осы түйенің қырыққан жүніне ортақ болады! –дейді жүзі балбұл жанып.

Борбас балғын жастың өжет-өрлікпен сөз таба сөйлеуіне
сүйсініп:

– Талабыңа ақылың серік болғандай наушам екенсің! Ғұмырың ұзақ болғай, қаражүректілерге тұзақ болғай, ел-жұртыңа шырақ болғай! Жүзің жарқын, ашық болсын, лебізіңе халқың ғашық болсын! Енші деп емес, бір жорға құнан тұсаукесер жоралғы болсын! – деп маңдайынан сүйген екен.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
    Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева
  2. «Қазақтың би-шешендері» кітабынан

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ