«Наурыз келді – жайдары!» (балабақшаға арналған ертеңгілік)

0
4108
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі
«Наурыз келді – жайдары!»

 

Тәрбиеші: Келіңіздер науырыз  тойға бәріңіз бүгін.

Аямас өнерпаздар ән мен жырын.

Тойлайық ұлы мейрам – Науырызымның,

Шуағын жерге төккен бақыт күнін.

Келіңіздер, наурыз күнін қарсы алайық.

Билейік,жыр жырлайық,ән салайық.

Қаһарлы қыстан өтіп Наурыз келді.

Арқаңды кеңге салшы, уа халайық.

Құрметті қонақтар! Алыстан арып келсең, айран ұсынып,қонағына құрт – майын сақтаған абзал әжелер, күлкісі әсем аналар мен жеңгелер, қылығымен сүйсінткен аяулы апа сіңіллер, ұстаздар мен балалар! Төл мерекеміз Наурыз мейрамы құтты болсын! Мектепалды даярлық тобы дайындаған «Наурыз келді жайдары» атты ертеңгілігін  тамашалауға  шақырамыз.

Балалардың орындауында ән: «Наурыз көктем»

Тәрбиеші: Балалар,көктем келді! Көктем келсе айнала төңірекке жан кіреді.Алыс жақтан құстар ұшып келеді,қысқы ұйқысынан аңдар оянады.Табиғат жаңарып, гүлденеді.Әр халықта көктем мерекесі әртүрлі тойланады.Балалар бұл мереке қалай аталады?

Балалар : Наурыз.

Тәрбиеші: Бақта құстар сайрайды.

Жайнап көктем нұрымен.

Жаңа дәстүр жырымен.

Ел наурызды тойлайды.

Ендігі кезекті балалардың наурызға арналған тақпақтарына береміз.

Ақниет: Жаңа ағытқан қозыдай.

Жамырасып өрістен.

Ұлыс күні кәрі жас.

Құшақтасып көріскен.

Оңдасын: Ата-бабам тойлаған.

Наурызым, армысың!

Қызығына тоймаған,

Дарқан дала, қарлы шың.

Фатима: Мерекені байрығы.

Алды халқым қабылдап,

Ақ дастархан жайылды,

Ошақта от жалындап,

Тәрбиеші:  Наурыз мейрамы – өте ерте заманнан бері тойланып келе жатқан тұрмыстық мереке.Ол парсының «Наурыз» жаңа күн  деген сөзінен шыққан.Бұл жөнінде халқымыздың кемеңгер ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтурсынов біршама деректер жинаған, күн мен тұн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып,малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.

Балалардың орындауында «Тұлпарым»

Тәрбиеші: Наурыз жырын жырлаймыз,

Осыменде тұрмаймыз.

Шыңдалып жеткен бұл күнге,

Ел дәстүрін сыйлаймыз.дей келе

Ендігі кезекті балалардың тақпақтарына береміз:

Муслим: Наурыз тойын әдемі.

Әжем еске түсірді.

Біздерге арнап әдемі

Наурыз көже пісірді.

Нұрболат: Көже пісті әр үйде,

                   Дастарханда – береке.

Халқымыздың мерейі.

Өсе берсін мереке.

Жанібек: Бата беріп атамыз.

Бата беріп апамыз.

Тәтті етіп жасалған.

Наурыз дәмін татамыз.

Айкүнім: Өмір бағы жайнасын,

Бақта бұлбұл сайрасын.

Өркендесін тірішілік.

Өсірілсін бір шыбық.

Айтқали: Наурыз келді еліме.

Наурыз келді жеріме.

Байлық, бақыт тілеймін.

Бүкіл қазақ еліне.

Тәрбиеші: Наурыз күні кеш батуға айналған кезде ақындар айтысы басталған.Олар жақсылық пен жамандықты, суық пен жылыны, қыс пен жаздың күресін жырлаған.Олай болса балалардың балалардың орындауында жумбақ айтысқа береміз.                                                                                               Жанібек: Айналайын,халқым-ай.

Құтты болсын салтың –ай.

Шықтық біздер жырлауға.

Қазағымның салтын – ай.

Аружан: Айналайын халқым-ай,

Болсын жүзің жарқын –ай.

Ата салтын сақта деп.

Үран етем жалықпай.

Жанібек: Айтсам егер жаңылтпаш.

Жаңыласың қалқам – ай,

Жумбағымды шеше алмай.

Қиналасың қалқама- ай

Аружан: Қына тасқа бітеді.

Білім басқа бітеді.

Жұмбағыңды шешуге.

Білім бізде жетеді.

Жанібек: Төбедегі көзінен.

Күн сәулесі түседі.

Бұрышы жоқ төрінде.

Самал еркін еседі.

Біліміңді көрейін.

Жауабыңды бере ғой.

Аружан: Үйлеріндей қаланың

Бөлек-бөлек бөлме жоқ.

Макетіндей даланың .

Болады ол дөңгелек.

Қазағымның үйі ғой.

Тәрбиеші:  Балалар 22- наурыз  аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан – жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін,жер үстіне шаттық орнаған күн.Олай болса ортаға  Ай мен Күнді шақырамыз.

Ортаға Ай мен Күн шығады.

Ай – Ақниет: Күндіз бар да,түнде жоқ.

Түнде бар да,күндіз жоқ.

Бұл екеуі болмаса,

Тірішілігің мүлде жоқ.

Күн – Мирас: Қос жанары аспанның ,

Қос арқылы дастанның,

Домбыраның қос  ішегі,

Мына тұрған Ай мен Күн.

Арта берсін халайық.

Берекелі байлығың,

Наурыз тойы құтты болсын.

Ойын: «Орамалды қағып ал, сөз жалғасын тауып айт»

1 Ұлыс оң болсын,…ақ мол болсын.

2.Ұлыс бақты болсын,….төрт түлік ақты болсын.

  1. Ұлыс береке берсін…..бәле жала жерге енсін.
  2. Бір тал кессең,…..он тал ек.

5.Атаңнан мал қалғанша,….тал қалсын.

6.Бұлақ көрсең,…көзін аш.

Тәрбиеші:  Әнім де,саған биім де.

Құт қонақ өзің үйімде.

Қуаныш сыйлап еліме.

Күлімде,наурыз күлімде.

Тәрбиеші:  Аружанның орындауында аққу биі.

Тәрбиеші: Ендігі кезекті балалардың  наурыз тойына дайындап келген

өтірік өлеңдеріне береміз.

Жанібек: Құмырсқа көлге шомылып.

Құмға аунады жағада,

Жазда қарға көміліп,

Аққала соқты далада.

Жандос: Бүгін асып саспадым,

Қайта оралды жас шағым,

Толқындарын Каспийдің,

Үтіктеп мен тастадым.

Ақниет: Піл биледі күйіме,

Қол соқты жұрт сүйіне,

Картадағы өзеннен.

Су тасыдым үйіме.

Диана: Бұл ойымды кім білген.

Көршілерім бір күлген.

Бүгін кемпірқосақты.

Скакалқа қылдым мен.

Айтқали: Қыста гүлдер жайнады.

Жапалақтар сайрады.

Қатты аязға шыдамай.

Теңіз суы қайнады

Тәрбиеші: Наурыз күні той дұман.

Ортамызды ашайық.

Думандатып би билеп.

Інжу маржан шашайық.

Тәрбиеші: Балалардың орындауында би: «Жігіттер биі»

Тәрбиеші: Айта берсек тасылмас,

Мереке де ән жырымыз,

Кел,оданда халайық,

Ойын ойнайық жаңа бір.

Ойын: «Күш сынаспақ» Шарты: Екі бала білек күшін сынасады. Шынтақты үстелге тіреп қойып күш сынасады.

Тәрбиеші: Балалардың орындауында ұлттық би «Мереке».

Тәрбиеші: Наурызда атқа мінген жігіттер елді аралап жарапазан айтқан. Ізгі тілекпен әндете келген жарапазаншыларға адамдар бауырсақ, құрт, ірімшік  ұсынып, шапан жауып белдеріне жібек орамал таққан.Ендігі кезекте біздің балаларымыздың орындауындағы жарапазанды қабыл алыңыз.

Муслим: Айтамын жарамазан есігіңе,

Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.

Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,

Кім келіп кім кетпейді есігіңе.

Нұрболат:  Айтамыз жарамазан үйіңізге,

Қондырған үй айнала шиіңізге.

Қой берсең, қозы берсең көпсінбейміз,

Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.

Айтамыз, байлар, саған жарамазан,

Айыпқа бұйырмаңыз, естіген жан.

Айтқан соң жарамазан үміт етем,

Қанеки, мырзалығың енді маған?

Жандос: Айтамыз жарамазан ниетіңе,

Түк таппай жатыр ма екен сый етуге.

Тай берсең жарар еді ат ететін,

Болады бота берсең түйе етуге.

Айтамыз жарамазн құлағыңа,

Әндетіп айтқанымыз ұнады ма?

Тайыңды қимай тұсаң бермей-ақ қой,

Қозы мен бата қылдыр лағыңа.

Мирас:  Айтамыз жарамазан сауабы бар,

Берсең бер, бермесең қой, не қамым бар.

Бермесең садақаңды кете берем,

Астыма мінген атым, шу жануар!

Он екі айдың сұлтаны — Рамазан,

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.

Айтқанда үмітпенен жарамазан,

Жар болсын мырзаларға Алла Тағалам!

Ойын: «Аударыспақ» Екі бала арқаларын беріп қолын айқастырып тұрады,кім бірінші көтеріп алса сол жеңіске жетеді.

Тәрбиеші: Ұлы күні ұлыстың,

Құтты болсын халайық.

Күй төгілсін,күй төгілсін.

Шырқап әнге салайық.

Балалардың орындауында ән: «Көгөрай көктем»

Тәрбиеші: Наурыз құтты болсын,

Дендерііңіз сау мықты болсын.

Әр шаңараққа шаттық толсын.

Көріскенше күн жарқын болсын.

Осымен ертеңгілігіміз аяқталды.

Ұлыс оң болсын,ақ мол болсын!

Успанова Қарлығаш Джусуповна

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ