«Үш тілдің патшалығына саяхат» атты ойын (балабақша ертеңгілігі)

0
2240
Дене шынықтыру
«Үш тілдің патшалығына саяхат» атты ойын
Мақсаты: балабақшадағы қазақ және басқа ұлт өкілдері балаларының қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне деген қызығушылықтарын оятып, тіл үйренуге деген ықыластарын туғызу. Балалардың сөздік қорлары мен тіл байлығын дамыту. Ана тілі мен өзге тілдерді құрмет тұтуға, достыққа тәрбиелеу. Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» саясатын насихаттау.

Жүргізуші:
О, Адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер.
Әркімнің туған тілі – туған шеше,
Оған бала міндетті сан мың есе.

Бүгінгі «Үш тілдің патшалығы» атты ойын-сауық кешімізге қош келдіңіздер!

Біздің патшалығымызға өз елімізден сонымен қатар сонау алыс елден қонақтар келіпті. Соларды бірінші қарсы алайық. (бейнеролик)

1.Өз елімізден келген «Жұлдызды бестік» тобын қарсы алыңыздар.

2.Сонау Ресей елінен келген «Улыбка» тобы

  1. Америка елінен келген «Clever» тобы

Құрметті қонақтар біздің патшалығымызға қош келдіңіздер!
Біз Еуразияның орталығы – Қазақстанда тұрамыз. Міне, біздің ел – Үш тілдің патшалығы болып табылады. Бұл бейбітшілік пен достықтың сиқырлы елі.

Тыңдаңыздар: Тыңдаңыздар!

Біздің патшалықта мынадай бұйрық жарыққа шықты:
1-тілмаш: «Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Кішкентайлардан бастап үлкендерге дейін, қалалар мен ауылдарда үш тілде (қазақша, ағылшынша, орысша) сөйлеуді үйренетін болыңдар!».
2-тілмаш: «Всем!Всем!Всем! От мала до велика, в городах и селах научиться разговаривать на трех языках (казахском, английском, русском)».
3-тілмаш: «To everybody! The young and the old in the cities and villages should learn three languages-Kazakh, English, Russian!»

Жүргізуші: Ендеше, балалар, ортаға сол Үш тіл патшалығының Патшайымын шақырайық. ( Патшайым ортаға шығады).

Патшайым: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен сонау Астана қаласынан еліміздің қасиетті қазыналы мекені Қазалыға ат басын тіредім. Патшалығымыздың ішінен осы балабақша тіл үйренуде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген алғашқылардың бірі болып табылады. Менің көмекшім жарлығымның орындалуын сендерге тапсырма беру арқылы тексеріп көреді. Кәне, көмекшім, баста!

Жүргізуші: Патшайым, балабақшаның бүлдіршіндері үш тілге деген құрметтерін өз өнерлері арқылы көрсетуге дайын. Құрметті патшайым біздің патшалыққа сонау Ресей, Америка елдерінен қонақ бүлдіршіндеріміз де келді.

Патшайым: Қандай жақсы. Менің патшалығыма қош келдіңіздер!

Ендеше, құрметті көрермендер, балалардың тілге деген құрметтерін бәріміз бірге тамашалайық!

1.«Балалар cәлемі». Балалар үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) мәнерлеп өлең оқиды.

Көк ту және достар: мультфильм

Патшайым: иә, дұрыс айтасың!! Балалар мен сендерге үлкен сыйлық әкелдім. Ол-«білім кілті». Қане көмекшім, білім кілті салынған қорабымды беріп жіберші.

Жүргізуші: Ой Патшайым, кілт орнында жоқ, білім кілті жоғалды. Бұл кімнің ісі екен?

Патшайым: Бұл кілтті ұрлаған кім екенін ішім сезіп тұр ғой деймін. Жақында сиқыршы сайқымазақ елді бір дүрліктіріп жүргендігін естігенмін. Түбі бізге жеткен ғой!

Жүргізуші: Патшайым сиқыршы сайқымазақ тікелей эфирде. Тыңдайық! (экраннан сиқыршы сайқымазақ шығады).
Сиқыршы сайқымазақ: «Патшайым және балалар! Сендердің жоғалған кілттерің менде. «Білім кілтін» алып, одан әрі білімдеріңді шыңдайын деп отырсыңдар ғой, бірақ бұлай болмайды. Мен ол кілтті сендерге ешқашан бермеймін. Ж-о-о-о-қ! Егер сендер өте білімді, үш тілге жетік болсаңдар сендерді уысыма қалай түсірем? Сендер менен қашып, шетелге асып кетесіңдер ғой! Мен болашақта балалардың білімді болғандарын қаламаймын. Ал, ендеше, батылдарың жетсе алып көріңдер!» —  деп мысқылдап күледі (ха-ха-ха).

Патшайым: Қорықпаңдар, балалар! Бұл кедергіден құтылудың амалын табуға болады. «Білім кілтінің» екінің бірі біле бермейтін қасиеті бар. Бұл кілт кім білімді, соның қолына өзі еш кедергісіз келетін болады. Бұған сиқыршы сайқымазақ де кедергі бола алмайды.
Жүргізуші: Ендеше, «Білім кілтін» сиқыршы сайқымазақтың қолынан алу үшін үш тілді үйренуді жалғастырайық! Біздің қонақтарымызда «Білім кілтін» алуымызға көмектесе алады. Балалар, «Мақал-сөздің көркі» дегендей, мақалдардағы жасырынған сөздерді тауып, сол сөзді үш тілде аударып айтып берулеріңіз керек. Және де бейнеден жұмбақ жасырылады. Жауабын тауып, үш тілде айту керек. Дайынбыз ба балалар?
(әр топқа 2 мақал, 2 жұмбақтан жасырылады)

Мақалдар:

1.Бала … бал. (тіл, язык, language)

2.Өнер алды ….. тіл (қызыл, красный, red)

3…. да сұрауы бар. (су, вода, water)

4.Көз қорқақ, … батыр. (қол, рука, hand)

5.Ананың сүті … (бал, мёд, honey)

6.… адамның арқауы. (ас, еда, food)

Жұмбақтар:

1.Қобдиыңда қайырлы,

Қазынаның бәрі бар.

Тауыссаң көз майыңды,

Қалағаның табылар. (кітап)

2.Шанамен зырғып желдетіп,

Шаңғы, коьки тебетін

Аққала жасап ойнайтын. (қыс)

3.Аяғы біреу, қолы жоқ

Шиыр шиыр жолы көп.

Өзі сөйлей білмейді,

Салған ізі сөйлейді. (қалам)

4.Сылдыр сұйық су емес,

Ішсең сусын қанады.

Ақ болса да қар емес,

Шешуін кім табады. (сүт)

5.Түссе күннің шуағы

Көзді еріксіз жұмады

Жылы жерді сүйеді

Беті қолын жуады (мысық)

6.Әрі қызыл, әрі тәтті

Татқан жанды таңырқатты (алма)

Барлығымыз бірге келген қонақтермен бірге бой жазып билеп сергіп алайық.

Танец-игра

«Өнерлі өрге жүзер». Балалар қазақ, орыс, ағылшын ұлттарына тән бір өнер түрін көрсетеді.

Жүргізуші:
-Балалар, сендер ертегілерді жақсы көресіңдер ме?
— Иә.
— Енді «Ертегілер еліне саяхатқа» барамыз. Сендер қандай ертегілерді білесіңдер?
— «Бауырсақ», «Шалқан», «Жеті лақ», «Ешкі мен түлкі».
—  Өте жақсы.

Пазл арқылы ертегіні құрастыру арқылы, қай ертегі екенін тауып айту.
1. «Бауырсақ» ертегісі (қазақ тілінде) – саусақ театры арқылы

  1. «Үйшік» ертегісі (орыс тілінде) – қолғап театры арқылы
  2. «Шалқан» ертегісі  (ағылшын тілінде) – рөлдерге бөлініп өздері ойнап шығады

Жүргізуші: Патшайым, қораптың ішінде бір нәрсе жылт-жылт етеді. Кәне, ашып көрейікші! Ой,   Патшайым, қорап ішінде «Білім кілті» тұр. «Білім кілті» сайқымазақтың қолынан қалай келген?
Патшайым: Міне, балалар, мен сендерге айтып едім ғой, «Білім кілті» білімдінің қолына өзі-ақ келеді деп. «Білім кілті» сендерді адаспай тапқан екен.(сайқымазақ есік соғады).
Жүргізуші: Біреу есік қағып тұрған сияқты, есікті ашайын! М-м-м, сайқымазақ, сізді мұнда кім шақырып еді? Балаларға тағы да қиянат жасамақшысыз ба?
Сайқымазақ: Жоқ, менің балалар мен патшайымға айтар сөзім бар. Балалар, сендер үш тілге де жүйрік екенсіңдер ғой. Сондықтан  «Білім кілті» менің қолымда ұзақ тұра алмады. Мен кілтті бекер ұрлап алған екенмін.  Ай, ақымақ басым-ай! Сендерден және патшайымнан мың рет кешірім сұраймын. Балалардың үш тілге жетік екеніне көзім жетті. Енді мұндай жамандық жасамаймын. Мені кешіресіз бе, патшайым?
Патшайым: Алдымен, мұны балалардан сұрайық. Балалар, сайқымазақты кешіресіңдер ме?

Балалар: Иә, кешіреміз!
Патшайым: Балалар кешірсе, мен де кешіремін сені. Тек енді адамдарға ешқашан жамандық жасамаймын деп уәде бер!
Сайқымазақ: Иә, патшайым, иә, балалар, мен енді ешкімге қиянат жасамаймын. Мен елімізде бейбітшілік пен білімді ұрпақ көп болсын деп тілеймін! Сау болыңдар, балалар!
Патшайым: Міне, балалар, енді «Білім кілті» сендердікі! Осы кілттің атына сай білімді де тілге жүйрік болыңдар! Әлі де алатын асуларыңыз алда. Сол асулардан сүрінбей өтіңдер дегім келеді.
Жүргізуші: Рахмет, патшайым, айтқаныңыз келсін! Ендеше,
Ақыл көпке жеткізер,
Өнер көкке жеткізер,- дегендей, балабақша бүлдіршіндерінің дайындаған өнерлерін тамашалайық!

Оркестр: Хор

Осымен «Үш тілдің патшалығы» атты кешіміз аяқталды. Барлық қатысушы бүлдіршіндерге үлкен рахметімізді айтамыз. Благодарим всех детей за участие!

Басқа да материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ