Өнер философиясы (сабақ жоспары)

0
7885
Гомотетия және оның қасиеттері

Тақырыбы: Өнер философиясы

Жоспар:

1. Эстетика пәні философиялық білім саласы ретінде

2. Антика философиясындағы өнер

3. Классикалық эстетика негіздері

4. Өнер философиясының категориялары

1. Эстетика (грек. aіsthetіkos – сезіну, сезімдік) – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым.

Адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсінуі бір-бірімен тығыз байланысты үш нәрседен тұрады:

1. объективті шындықтағы эстетикалық ұғым

2. субъективті эстетикалық үғым (эстет. сана)

3. өнер (субъективті және объективті эстететикалық ұғымдардың бірлігі ретінде).

Эстетика дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсінудің объективті негізін адамдардың қоғамдық мәнісін және табиғат пен қоғамды өзгертуге бағытталған
жасампаздық күштері ашылатын олардың шығармаылық қызметінің іс жүзіндегі көрінісі ретінде анықтайды.

Эстетика гректің «айстетикос» (сезілетін) деген сөзінен шыққан. Ол сөздің мағынасы біз қазір қолданып жүрген эстетика ұғымымен онша сәйкесе қоймайды. Эстетика тек қана ақыл-ойды немесе олардан тыс адам сезімдерін ғана қарастырады десек қателескен болар едік.

Бұл сөздің астарында оның екеуі де бар және интуиция мен елестету (қиялдау), армандауға қатысты қасиеттер де осы ұғымның шеңберінде қарастырылады. Біз эстетикалық деген ұғымға тек сезім арқылы танығандарымызды (қабылдағандарымызды) жатқыза салмаймыз.

Эстетика және эстетикалық дегенде біз өмір мен өнердегі әсемдікті қабылдаудан бөліп алып қарай алмаймыз, заттар мен құбылыстарды өзгеше көркемдік тұрғыдан қабылдаудан ажыратып та жатпаймыз. Мұнан эстетикаға деген адамзат қауымының қызығушылығы ол сөздің, яки эстетика деген атаудың пайда болуынан кейін ғана басталған екен деген ой тумауы керек. Эстетикалық мәселелер ол атау өмірге келмей тұрып-ақ пайда болғаны баршаға аян.

Адамзат тарихында эстетикалық таным тегінің тарихы өте көне дәуірлерден тамыр тартатынын бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Бірақ олар оны эстетика деп атын атап, түсін түстей қоймаған болатын. Оның ғылым ретінде орнығуын ғалым А. Құлсариева өзінің «Эстетика» деген оқу құралында былайша түсіндіреді: «Эстетика ұғымын ғылыми қолданысқа ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде неміс философы Александр Баумгартен енгізді.

Ол эстетиканы грек тіліндегі «айстетикос» сөзінен құрастырып шықты. Этимологиялық тұрғыдан алған «айстетикос» – сезім, сезіммен қабылданатын деген мағынаға ие. Этимологиялық түбірі әлі күнге дейін «анестезия» сөзінде кездеседі», – дейді. А. Баумгартен (1714-1762) адам ақыл-ойы арқылы жүйелі нақты түсіндіруге көне бермейтін құбылыстың бар екенін мойындап, оған танымның ерекше саласы ретінде эстетикалық деген атау берген. Эстетика ғылымы – адамның ақиқат шындықты көркем игеру заңдылықтарын, оны көркем қабылдау заңдылықтарын зерттейді.

«Эстетика» деген сөзді біз күнделікті өмірде жиі пайдаланып жатамыз. Адамдар тіршілігінің барлық саласында дерлік қолданып жүргендіктен бәрімізге де түсінікті, жалпыға ортақ ұғым сияқты әсер қалдырады. Киім эстетикасы, кино эстетикасы, спектакль эстетикасы, үй жабдықтары (шкаф, сандық, орындық, стол т.б.) эстетикасы деп айта береміз. Әрине мұның бәрі қате екен деп айтуға болмайды. Бірақ эстетика негізінен өнер туралы философиялық ғылым.

Өнер адамзаттың өмірқамының ең ертедегі формаларының бірі болып табылады. Алайда бүгінде өмірдің дәстүрлі түсінігі қайта қарастыруды қажет етеді. Өйткені өнер еңбектің, моральдың, діннің қызмет етуін қамтамасыз ететін әрекет түрлерінен жоғары тұрады. Сондықтан да, ең алдымен, өнердің нені білдіретінін ұғынып алу қажет. Профессор Б.Ғ.Нұржанов өзінің еңбегінде өнер терминінің қазіргі тілде екі мағынада – кең және тар мағыналарында қолданылатынын айтады.

Өзінің кең мағынасында өнер адамының барлық шығармашылық жасампаз әрекетін білдіреді және бұл мағынада өндіріс те, тіпті дін де өнердің формалары ғана болып табылады. Әсіресе осы мағынасында ол ежелгі грек тілін де көбірек қолданылады: орыстың «искусство» деген терминімен аударылатын «poіesіs» сөзі ежелгі гректерде «білім», «туынды», «сана» ұғымдарын де білдіреді.

Адамның әрекетімен байланысты және осы әрекеттің өнімі болып табылатын барлық нәрселер «poіcsіsіa» — адамзат саласына жатқызылады және ол адамзат жаратпаған табиғи салаға – «Physіs’y»қарсы қойылады.

Өзінің тар мағынасында өнер әртүрлі формалардағы көркем шығармашылықтың нәтижелері мен процестері (бейнелеу өнері, музыка, поэзия және т.б.) болып табылады. Дәл осы мағынасы қазіргі әлемде негізгі болып табылады және біз де оны осы мәнде қарастырамыз.

2. Әсемдік эстетикалық құндылық ретінде адамзат мәдениетінің тарихында, ең алдымен антикалық философияда терең теориялық тұрғыда талданған еді.
Софистердің бізге дейін жеткен шығармаларының көпшілігі эстетикалық мәселелерге арналған. Мысалы, «Dіalexeіs» деп аталатын трактатты алуға болады. Бұл шығарманың алты тарауының екіншісі «сұлулық пен тұрпайылық» мәселесіне арналған: «Әсемдік пен тұрпайылық» туралы екі жақты пікірлер айтылады.

Біреулер оны өз атаулары көрсетіп тұрғандай әсемдік басқа, тұрпайылық басқа деп тұжырымдайды; келесілері әсемдік те, тұрпайылық та бір деп есептейді. Мен болсам былайша пайымдаймын. Әшекейлермен безену, иіссуларды жағу, алтын заттарды тағу еркек үшін – тұрпайы, ал әйел үшін — әсем. Достарыңа жақсылық жасау — әсем, ал жауларына – тұрпайы. Дұшпаныңнан қашу тұрпайы да, ал алаңда жүгіру — әсем. Достарың мен азаматтарды өлтіру – тұрпайы, ал дұшпандарды өлтіру — әдемі. Және барлығы да осылай…

Менің ойымша, егер біреу адамдарға барлық тұрпайы нәрселерді бір жерге жинауға бұйрық беріп (әркімнің өз қалауы бойынша) және осы үйіндіден әркім өзінше әсем деп есептейтін нәрселеріңді алыңдар деп бұйырса, онда адамдар бұл дүниеден түк қалдырмай талап әкетер еді, өйткені адамдар әртүрлі ойлайды (Лосев А.Ф. История античной эстетики. Софисты. Сократ. Платон. М., 1974, 16-17 беттер).

Бұл мәтін софистердің әсемдіктің салыстырмалы сипатын мойындағанын білдіреді. Әсемдік орынның, уақыттың және мақсаттың шарттарымен байланысты ғана өмір сүреді. Нәрсе бір қатынасында әсем болса, екіншісінде тұрпайы.

Әсемдіктің мәні туралы осыған ұқсас ойлар кейінгі ғасырларда да айтылды. V ғасырда (Византия), XV ғасырда (Испания), ХХ ғасырда (АҚШ) айтылған бірнеше аксиологиялық пікірлерді келтірейік. Дионисий Ареопагит: «Әсемдік дегеніміз барлық әсемдік сияқты үнемі мәнді, бірдей әсем, сонымен бірге ерекше әсем, пайда болмайтын және жойылмайтын…

Өз-өзінде және өз өзімен келісімінде ол бүкіл әсемдіктің терең сұлулығын сәулелендіріп тұратын әрқашанда тұтас бейнелі әсемдік». Леоне Эрео: «Тән үйлесімділігі, адам тәнінің үйлесімділігі немесе өнердегі үйлесімділік әлемдік рухта да үстемдік ететін үйлесімділік пен тұтастықтың бейнесі болып табылады.

Бұл үйлесімділік әлемдік рухтың бейнесі, өйткені әлемдік рухтағы реттелген тұтастық пен формалардың тәртібі сияқты бұл да үйлесімді үндестік және тәртіптен құралады, үйлесімді әндегі, насихатты ой-толғау немесе өлеңдердегі дыбыстардың тәртібін естудің нәтижесінде біздің рухымыз онда бейнеленген әлемдік рухтың үйлесімділігі мен үндестігіне қуанады». Дж. Сантаяна: «…Сұлулық … идеалдың көрінісі, құдіретті парасаттың символы болып табылады».

3. Жаңа заманда әсемдіктің құндылықтық мәні Гегельдің эстетикалық еңбектерінде қарастырылған. Эстетикалық құбылысты Гегель танымның диалектикалық методы позициясынан қарастырады. Эстетиканың маңызды категориясы — әсемдіктің мәніне берген оның анықтамасы терең диалектикалылығымен ерекшеленеді.

Әсемдік идеяның сыртқы болмыспен нақты бірлігінің сезімдік құбылысы ретінде, ұғым мен нақтылықтың, сыртқы форма мен ішкі мазмұнның тұтастығы ретінде көрінеді. Әсемдіктің осы түсіндірмесіне сүйене отырып, Гегель идеал мен оның даму сатылары туралы ілімін дамытады, идея мен оның сыртқы бейнесі арасындағы арақатынасқа байланысты өнер формаларының қалай өзгеретінін көрсетеді.

Гегель әсемдіктің мынадай анықтамасын береді: “Әсемдіктің мәніне сәйкес, әсем объектіде оның ұғымы, мақсаты және жанымен қатар, өзгеден емес, оның өзінен туындайтын сыртқы айқындылығы, алуан түрлілігі мен нақтылығы да көрінуі тиіс. Біз жоғарыда айтқандай, әдемі зат нағыз мән мен ұғымның және белгілі сыртқы болмыстың имманентті тұтастығы және келісімі ретінде ғана шынайы… Ұғым мен құбылыс арасындағы келісім олардың толық өзара бір-біріне енуін білдіреді.

Сондықтан сыртқы форма мен образ сыртқы материалдан ажыратылған болып қалмайды… оның ұғымына сәйкес нақтылықтың өзіне тән тәнкристалданған форма болып табылады” (Эстетика в 4т. т.1.М.,1968, 123-бет.)

4. Асқақтық — бұл өзінің ерекше мағыналылығымен және құдыреттілігімен өзгешеленген әсемдікті сипаттайтын эстетикалық категория. Сондықтан да кейбір асқақ құбылыстардың формалары өзінің сыртқы ұсқынсыздығына қарамастан шаттанудың, шабыттанудың, ерекше танданудың қоздырушы сезімдерін оятады. Әлемнің шексіздігі мен мәңгілігі, табиғат пен адамның ішкі күш-қуатының құдіреті, әлемді игерудің шексіз мүмкіндіктері — мұның барлығы асқақтықты (эстетикалық категория ретінде) бейнелейді.

Егер әсемдік пен асқақтық эстетикалық құндылықтардың бейнелері болса, онда тұрпайылық пен таяздық оның антиподтары болып табылады. Тұрпайылық пен таяздық әсемдік пен асқақтыққа қарсы ұғымдар. Аксиологияда, жоғарыда айтылғандай, “кұндылық” ұғымының көлеміне қатысты біржақты қалыптасқан пікір жоқ.

Кейбір авторлардың пікірінше, құндылықтар тек жағымды белгілермен ғана болмайды, жағымсыз құндылық ретінде оның жағымсыз белгісі де болады. Әрине, құндылықтарды жағымды және жағымсыз деп бөле салуға да болар еді, алайда бұл терминнің қоғамда қалыптасқан дәстүрлі түсінігі “құндылық” ұғымының тек жағымды мағынасын ғана қабылдайды, өйткені құндылық — бұл құны бар, жағымды нәрсе деген сөз. Мұнан шығатын қорытынды: құндылықтың қатынастар шеңберіндегі жағымсыз мағынаға ие заттарды, құбылыстарды, оқиғаларды “антиқұндылық” терминімен белгілеуге болады.

Демек, бір-біріне қарсы тұрған әсемдік пен тұрпайылық — бұл эстетикалық құндылық және антиқұндылық. Жиіркеніштілік – асқақтықтың үнемі сыртқы сұлулығы бола бермейтіні секілді, бұл да кейде сыртқы сұлулығы болатынына қарамастан антиқұндылықты білдіреді. Жиіркеніштілік өте жағымсыз құндылық ретінде сипатталады.

Тұрпайылықты ең түркі шегі болып табылады. Бұл адамның еркіне толық бағына қоймаған, олар үшін қауіп-қатер тұрғызатын жағымсыз, құпия, жасырын күштер. Егер адамзат өз қоғамдық қатынастарын игермесе, онда ол үлкен қасіреттердің көзіне айналып кетуі мүмкін. Осындай қаһарлы қатерлерге қатысты барлық құбылыстар – фашизм, тирания, соғыс және т.б. адамдар жиіркенішті қабылдайды. Жиіркеніштілікпен тұрпайылық тығыз байланысты. Тұрпайылық кері итерсе, әсемдік өзінің бір көрінісімен баурап алады.

Тұрпайылық — бұл дисгармония, патология, ішкі байлығы, жарығы, рухы жоқ бос нәрсе, бірақ ол адамзатқа қауіп-қатер төндірмейді, өйткені бұл заттардағы күштерді адамдар игерген. Трагедиялық пен комедиялық құндылықтар мен антиқұндылықтардың күресі процесінде қалыптасқан күштердің күрделі қиюласуы нәтижесінде пайда болады.

Бұл өзіне дұшпан күштермен кұресте қасіретке немесе өлімге ұшырайтын оқығаның немесе әлеуметтік қоғамның, құбылыстың, адамның эстетикалық құндылықтарының бекітілуі: Қасіреттің, өлімнің өзі қүндылық болып саналмайды, бірақ солар арқылы құндылық бекітіледі.

Трагедиялық эмоция – бұл эстетикалық-адамгершілік тұрғыда “тазалайтын”, рухани шынықтыратын, ондағы ашылған сұлулыққа жақындастыратын терең қайғы мен жоғары шаттықтың қосындысы. Трагедияның адамға әсерін кезінде Аристотель “катарсис” – тазалану деп атаған болатын. Комедиялық та құндылық пен антиқұндылықтың қайшылығының нәтижесі.

Өйткені комедиялықтың мәні қайшылықта. Комедиялық қарама-қарсы тұрудың, контрастың, айырылудың нәтижесі, тұрпайылық пен әсемдіктің, жиіркеніштік пен асқақтықтың, жалған мен ақиқаттың, аңғалдық пен ақылдылықтың және т.б. Комедиялық — бұл ақырында антиқұндылық болып шығатын адамдар мен құбылыстардың өзін-өзі айқындап қоюы, оның нағыз құндылықтық мағынасын аңғару. Комедиялықты эстетикалық күйде қабылдау адам бойында күлкі, әжуа туғызады.

Адамдар қандай да бір ақымақтықтың мәнін оның шынайы құндылығын бейсаналы түрде салыстыра отырып, өзінің бағалау қабілетіне орай келеке етеді. Комедиялықта ұлтшылдық ерекшелік бар, бірақ сонымен бірге жалпы адамзаттық белгілерді де аңғару қиын емес. Әлеуметтік дамудың жалпы заңдылықтарына орай бір құбылысты барлық халықтар да бірдей күлкіге айналдыра алады.

Өзіндік бақылауға арналған сұрақтар:
1. Әсемдік және сұлулық жайындағы ілім
A. Эстетика
B. Этика
C. Социология
D. Аксиология
Е. Гносеология

2. «Эстетика» термин кім еңгізді?
A) Гегель.
B) Баумгартен.
C) Пуфендорф.
D) Кант.
E) Леонардо да Винчи.

3. Асқаққа қарсы эстетикалық категория:
A) Комедиялық.
B) Әсемдік.
C) Таяз.
D) Ұсқынсыз.
E Трагедиялық.

4.С.Кьеркегор бойынша адам өмiрiнiң үш сатысы:
А. Табиғи, эстетикалық, этикалық
В. Эстетикалық, этикалық, діни.
С. Табиғи, қоғамдық, рухани.
D) Жастық, балалық, кәрілік.
Е. Жастық, ержету, өшу.

5. Қайта Өрлеу дәуіріндегі дүниекөзқарас неге бағытталды?
А. өнерге
В. дінге
С. мемлекетке
D) құдайға
Е. космосқа

Дереккөз: «Алматы технологиялық университеті» АҚ , Тағам өндірісі факультетінің дәрісі

Басқа  материалдар:

  1. Еркіндік философиясы (сабақ жоспары)
  2. Ойлау мәдениетінің қалыптасуы: ойлаудың философиялық түрі
  3. Әлемді философиялық талдаудың негіздері: сана, жан және тіл
  4. Онтология болмыс туралы ілім
  5. Адам және оның құндылықтық әлемінің философиясы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ