Нысанбай жырау

0
9502

«Кенесары-Наурызбай» тарихи дастанының авторы Нысанбай жыраудың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған зерттеу еңбектер жоқтың қасы. Ақынның жоғарыда аталған жыры туралы сөз болғанда есімі айтылады да әкесінің аты көбінесе көрсетіле бермейді.
Нысанбай есімі М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында да ұшырасады. Суреткер онда Нысанбайды көтеріліс ақыны, дем берушісі, насихатшысы, жорықшы жырау бейнесінде көрсеткен. Сондай-ақ, М.Әуезов «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегінде: «Нысанбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы, жанды шындық бар. Көп қолмен бірге кешегі тарыққан қайғы, мұң арманы бар. Өзі – сол оқиғаның адамы», – деп, шығарманың шындыққа құрылғанын баса көрсеткен. Ұлы жазушы «Нысанбай жырында қырғыз үнемі жазықты болмайды. Қырғызда кінә аз. Соның бәрін бадырайтып айтпаса да, барымтаны олжалауға таласады. Ақын мұны да жасырмай жырлаған»,– деп Нысанбай жырына әділ баға беріп, өзге ақындардан өзгешелігі – сыншылдығында екенін айтады.
Сәбит Мұқанов 1942 жылы жарық көрген «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» кітабында Нысанбайдың «Кенесары- Наурызбай» дастанына тоқталып, тарихи маңызына, көркемдігіне баға беріп: «Поэмада оқушының жан жүйесін босататын, ойын тербететін лирикалы мотивтер көп. Бұл поэмасымен Нысанбай ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының арасында төрден орын алады»,– деген тұжырым жасайды [Жұлдыз; № 6, 1991-163 б.]. Жазушы Нысанбай шығармасын талдап, таразылағанымен, авторының өміріне тоқталмайды, әкесінің атын да көрсетпейді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ әдебиетінің тарихы» оқу құралында Нысанбайдың Кенесарының қол астында болғанын айтып, «Кенесары-Наурызбай» жырының шығу тарихына қысқаша ғана тоқталып өтеді [88-89 б.б.]. Кенесары-Наурызбай бастаған көтеріліс Кеңес дәуірінде бұрмаланып көрсетілгені, кейін, тіпті, олардың аттарын атауға тыйым салынғаны белгілі. Осыған орай, Нысанбай есімі де халық жадынан өше бастаған еді. Тек тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана «Кенесары-Наурызбай» жыры жарыққа шығып, Нысанбай есімі, ақындығы қайта жаңғырды.
Ақынның бұл шығармасы алғаш 1875 жылы Россия географиялық қоғамының «Орынбор бөлімінің еңбектерінің» үшінші томында, 1812 жылы Қазан қаласында Жүсіпбек Шайхыисламұлының құрастыруымен, 1923 жылы Ташкентте Х.Досмұхамедұлының, 1924 жылы Н. Төреқұловтың алғысөзімен кітап болып шықты. 1925 жылы Москвадағы Күншығыс елдерінің баспасынан Жүсіпбек Басығариннің редакциялауымен, «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында, 2008 жылы жарық көрген «Батырлар жырының» жетінші томында (11 бет) басылды. Осы басылымдардың тек соңғысында ғана аты-жөні толық жазылып, «Нысанбай жырау Жаманқұлұлы» деп көрсетіледі.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 2009 жылы шыққан көп томдық шығармалар жинағының тоғызыншы томында Кенесары жорығы жайында кеңінен сөз болып, соңында «Кенесары-Наурызбай» жыры беріліпті [184-220 б.б.].
Бұлардың бәрін айтып отырған себебіміз әр басылымда әр түрлі нұсқаларының бар екендігін көрсету. Ал, оларды бір-бірімен салыстырып, қайсысы толық нұсқасы, қайсысы бұрмаланған, дұрысы қайсысы екенін анықтау – әдебиет зерттеушілеріне аманат. Біздіңше, толық өзгертілмей берілгені батырлар жырындағы варианты секілді. Нысанбай Жаманқұлұлы 1822 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында туып, сонда 1883 жылы қайтыс болған.
Нәсіл затым сұрасаң,
Ашамайлы Кереймін,- деп өзі айтқандай, руы керей.
«Кенесары-Наурызбай» жырында он жасында қобыз тартып үйренгені, он бір жасында сөз мәнін түсіне бастағаны, он екі жасында жақсының алдын көргені, он үш жасында жақсылардың соңына ергені, он төрт жасында өз елінде жүргені, он бес жасында Кенесары-Наурызбайды іздеп келгені сөз болады. Бұдан біз, Нысанбайдың ерте есейгенін, сөз өнеріне, музыкаға жақын болғанын көреміз. Жақсыларға жанасып, соңына еруі ақылдылығын да аңғартады.
Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 2006 жылғы 29 маусымындағы «Сыр өнері» деп аталатын қосымшасының (№ 15) Жалағаш ауданына арналған нөмерінде аудандық оқушылар үй жанындағы әдеби-өлкетану үйірмесінің мүшесі Гүлнәзім Алтыбаеваның «Нысанбай жырау» мақаласында Нысанбайдың Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысы аяқталған 1847 жылы Нысанбайдың жараланып еліне оралғаны әңгіме болады. Бірақ, туған жылы 1812 деп көрсетіліпті, қате кеткен болуы керек, 1812 емес, 1822 жыл. Өйткені, Нысанбай Жаманқұлұлы Наурызбаймен құрдас. Наурызбай 1822 жылы туған.
Бәрі де жау көрінді –
Алатаудың тастары.
Елден бұрын Нысанбай
Өзінің басын амандап,
Жоқ сұмдықты бастады.
Бастағанның белгісі –
Қобызы қалды сайлаулы
Қосшысының жанында,
Кейінгі қосқа қашқалы, – деп өзі «Кенесары-Наурызбай» дастанында көрсеткендей, «Табын Бұқарбай, Керей Нысанбай ақын бірнеше адамдар қырғызбен достасып, ебін тауып қашып келген» [//Қазақ әдебиеті, 3.12.1999 жыл].
«Ақын Аққошқар ауылының солтүстік батысында екі шақырымдай жердегі Күлтарыда жерленген» дегенді ғалым, журналист, жазушы Төрегелді Бекниязов жазып, дәлелдеп жүр. Т.Бекниязов сол ауданда, Еңбек ауылында туып-өскен, көнекөз қариялар сөзін тыңдап, солардан естіп-білгенін жазған.
Жалағашта (аудан орталығы) «Нысанбай жырау» көшесі де бар.
Н.Жаманқұлов он бес жасынан Кенесары үйінде тәрбиеленеді. Оған ақынның:
Ханның болып баласы,
Бірге жаттым Ордада
Ахмет, Тайшық қасында, – деген жолдары куә. Ахмет, Тайшық -Кенесары балалары. «Жапар, Тайшық, Ахметтің – ханның мирасқорларының анасы Күнімжан балаларын халық үшін күрестің мүддесіне шыңдады» [«Кенесары хан», Алматы, 1993], – дейді тарихшы, профессор Жан­ұзақ Қосымбаев. Олардың қасында болған Нысанбайдың да Күнімжан ханнан ерлік рухта тәлім-тәрбие алып өскені анық.
Кенесары ханның жыршы, жырау болғанын да ақынның өзі:
Сол кездегі төренің
Сойдақ қожа ақыны.
Қобыз алған балаға
Толмады қожа тақымы.
Хан алдында сөйледім,
Ханның болып жақыны.
Керейттен шыққан жеті ер –
Жар болған соң бегілерім,
Қожаны жеңдім ақыры, – деп айтып кеткен. Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» жыры былайша аяқталды:
Бұл қиссаны шығарған
Нысанбай деген жыршы еді,
Хан Кененің тұсында
Жұрттан озған сыншы еді,-
Айтқан сөзі үлгілі
Құлақтың бір құрышы еді,
Өлең-жырға Нысанбай
МәшҺүр шешен нар еді,
Бір естіген адамдар
Сөзіне тағы зар еді,-
Көзімен көріп сөз қылған
Соғыста өзі бар еді.
Нысанбайдың өзі өмір сүрген заманда қандай ақын болғаны, абырой-беделі, сыншылдығы мен шыншылдығы, көтеріліске қатысқаны да осы жолдарда сайрап тұрған жоқ па?!
Нысанбай Ханның ұлт-азаттық көтерілісінің басынан-аяғына дейін қатысқан жорық жыршысы ғана емес, батыр сарбаздарының бірі болғаны байқалады:
Кене Ханның тұсында
Қарт бурадай жарадың.
Жауды жасқап, жапырып,
Жауған қардай борадың.
«Абылайлап» ат қойып,
Дұшпанның алдын орадың, – деген жолдары соны айғақтайды.
Кенесары Нысанбайдың ақындығына таң қалып: «Шайқаста қорқу дегенді білмейтін Басықарадай батырды көрген емеспін, ал­дыңғы айтқандарын бір рет те қайталамай бірнеше күн қатарынан суырып салып жырлайтын Нысанбайдай жырауды көрген емеспін» [Шипин О. «Жеті батырдың қысқаша тарихы».], – деген екен. Жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны көркемдік деңгейі өте жоғары, әлі күнге дейін құндылығын жоймаған шығарма.
Қорыта айтарымыз – намыс туын көтеріп, ел азаттығы жолында күрескен, сол жолда мерт болған Кенесары, Наурызбай сияқты ерлеріміздің ерлік істерін жырлаған Нысанбай Жаманқұлұлының аты өшпек емес. Дегенмен ақын өмірі мен шығармашылығы әлі де зерттей түсуді, тереңірек үңілуді қажет етеді.

Күлзада Мырзағалиева,
филология ғылымдарының
кандидаты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ