Оқушыларға эстетикалық тәрбие берудегі педагогикалық ерекшеліктер

0
1436
Иллюстрация: Freepik.com

«Ел боламын десең бесігіңді түзе». Ахмет Байтұрсыновтың бұл сөзі тек қана отбасы емес, мектепке де қатысы бар екеніне күмәніміз жоқ.

Соның ішіндегі қазір өте көп зерттеліп жүрген, яғни маңыздылығы артқан бір сала – эстетикалық тәрбие беру. Ең алдымен осы сөзге анықтама беріп өтелік. Бұл — баланы тұлға ретінде қалыптастыратын, қоршаған ортаның сұлулығын көре алу қабілетін дамытатын, өнерге, мәдениетке және өткен тарихқа деген қызығушылығын арттыратын процесс болып табылады.

Өскелең ұрпақтың эстетикалық тәрбиесіндегі ең маңызды рөл атқаратыны – өнер, яғни баланың өнердің кез-келген сласымен байланысы оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі.

Ол балалардың бос уақыттарын да пайдалы өткізуде үлкен септігін тигізеді әрі оның эстетикалық қажеттіліктерін өтеуіне, өздерін жан-жақты дамыта түсулеріне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол балалардың сабақ оқудан, спорттан алуы мүмкін болған күйзелістерден арылуға жағдай жасайды.

Адам баласы ертелі-кеш өнердің, табиғаттың, рухани өмірдің эстетикалық құбылыстарымен бетпе-бет келетіні сөзсіз. Сол себепті әрбір баланың эстетикалық білім алуы оның жастайынан қоғамдағы белсенді азамат-азаматшаларға айналуына жасалар алғы баспалдақтар болмақ.

Мектеп жасындағы балаларды эстетикалық тәрбиелеудегі психология-педагогикалық ерекшеліктері жайлы айтып өтейік. Тәрбие алғашқы сыныптардан-ақ басталады, яғни тіл үйрену кезінде, көркем шығармалар оқу, музыка, еңбекке баулу, дүниетану сабақтары арқылы фундаменті қаланады.

Бұл жерде ең бастысы — мұғалімнің дайын болуы. Ол көркем жаза білуі, мәнерлеп әрі эмоцияға салып өлең немесе шығармаларды оқи алуы, музыкалық қабілеті болуы маңызды. Сонымен қатар, балалардың жас ерекшеліктеріне сай оларға жеке жол таба білуі де маңызды факторлардың бірі.

Оқушылардың бойына осындай тәрбие бере алу қазіргі заман талабы. Сондықтан да мектептерде орын алып жатқан әртүрлі кішігірім заңбұзушылық, қылмыс, қазіргі тілмен айтқанда буллингтің алдын алғымыз келсе, онда эстетикалық тәрбие таптырмас бір құрал болмақ.

Себебі, өзін-өзі дамытқан, жан-жақты толтырған адамдардың басқалардың ақысына кіру, мүлкіне немесе денсаулығына зиян келтіру деген ойы болмайды.

Тәуелсіздігімізді алғалы бері тәрбие берудің бұл түрі жылдан-жылға даму үстінде. Мектептерде өнерге, еңбекке баулитын, қоршаған ортаны тануға үйрететіін сабақтар бар. Сонымен қатар, көптеген қосымша үйірмелер жұмыс жасауда. Әрине, әлі де жету керек межеміз алда.

Ең алдымен мұғалімдердің біліктілігін арттыру керек. Кейіннен мектептерде сабақтан тыс оқушылар қызығатындай әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Тәрбие беру бір жақты ғана емес, ата-аналар тарапынан да қолдау көрсетілгені маңызды.

Эстетикалық тәрбие жайлы қорытындылай келе байқайтынымыз – бұл әрбір адам баласына керекті әрі маңызды дүние. Ал оны ерте жастан балалардың бойына сіңіре білу де қазіргі кездегі өзекті тақырыптардың бірі. Әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Бұл тек қана мұғалімдердің ғана емес, ата-аналардың да мықтап есте ұстауы қажет.

Осы күнге дейін IQ-ға көптеп назар берілген болатын, бірақтан қазіргі таңда ЕQ-дің қаншалықты маңыздырақ екенін әлемдік ғалымдар дәлелдеп жатыр. Балаларды алдымен эмоцияналдық түрде тәрбиелеп, шыңдап, содан кейін барып оларға сандарды, әріптерді үйреткеннің дұрыс екенін көрсетуде. Мектеп кезінде де тек қана білімге ғана емес, сонымен қатар эстетикалық тәрбиені қатар алып жүрген дұрыс. Бұл оқушылардағы мектепке, өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарастарын қалыптастырып, құлшыныстарын арттырады.

Қазіргі заманауи технологиялар заманында әлемге әйгілі ЖОО-ларда, соның ішінде Ivy League университтерінің білім алушыларды таңдауда қояр талаптары – жан-жақтылық. Яғни, бұрынғы кездегідей барлық сабақтардан үздік болып, бақылаулардан ең жоғарғы баллдар алу емес, керісінше сабақтарынан кемшіндеу тұстары болса да, оның әр түрлі спорттан алған жетістіктері, қатысқан би, вокал үйірмелері, еріктілер қатарында болуы, т.б. жетістіктері ерекше назарға алынады. Байқағанымыздай, қазіргі заман талаптары бұрынғыдaй емес, яғни құндылықтар өзгерген, эстетикалық тәрбиеге деген қажеттілік те артуда.

Осы орайда Білім Инновация Халықаралық қорының лицейлерінде жүйеге қойылған құндылықтарға негізделген мектеп бағдарламасын

еліміздегі барлық білім беру ордаларында қолға алуына ұсыныс білдіремін. Себебі, бұл болашақ ұрпақты эстетикалық тұрғыдан тәрбие бере алудың таптырмас жолы. Бұл жүйе бойынша жалпы мектеп болып әр айға бір-бір құндылықтан бөліп, сол ай бойына аталмыш құндылық бойынша сабақ үстінде, сабақтан тыс әртүрлі іс-шаралар жасалады.

Демек, әр айда оқушылар бір құндылықты толықтай бойынан өткізіп, меңгеріп шыға алады. Білім мен қатар тәрбиенің ордасы болып жүрген мектептердің барлығына оқушыларға да заманауи жол таба білу жолында көптеген еңбек керек, себебі қазіргі технологиялар оларлың бар назарын, ойын, миын өздеріне алуда. Сол жолда Білім Инновация Лицейлерінің осы әдісін қолданудың берер әсері зор.

Эстетикалық тәрбие – барлық адам баласына қажетті дүние. Ал оны ерте жастан қолға алу, бала кезінен оларды қоршаған ортадан, қоғамнан, табиғаттан әдемілік көре алатындай тәрбие беру, ойын-сауық жерлерін емес, театр, музейге барудан демалатын шығармашылыққа үйір етіп баулу – мұғалімдер үшін де, ата-аналар мен қоғамымыз үшін де үлкен міндет.

Біздің еліміздің болашағы – жан-жақты дамыған, рухани бай, әр құбылысқа өзіндік қалыптасқан пікірі бар жастардың қолында.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Құрманбекова Ж. Эстетикалық тәрбие берудің кейбір жолдары. – Алматы, 2007

2. Герасимов С.А. Эстетическая культура и эстетическое воспитание. – Москва, 1983

3. Богомолова Л.В. Формирование эстетической культуры подростков. – Москва, 1998

4. Любимова Ю.С. Методика организации эстетического воспитания младших школьников. – Минск, 2008

5. Әбенбаев С.Ш. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы, 2004

Оразалы Сымбат Жолдасбекқызы
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан
мемлекеттік университеті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ