Оқушыларды шығармашылық ізденіске жетелеу жолдары

0
6555
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Қазіргі білім берудің басты мақсаты — шығармашыл тұлға қалыптастыру. Егеменді еліміздің ең басты мұраты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Осы орайда оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту — мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған жауапты міндеттердің бірі.

Шығармашылық дегеніміз — оқушының белсенділігі мен дербес іс-әрекетінің ең жоғарғы түрі. Бұл мәселені шешуде шығармашылық тапсырмалардың орны ерекше. Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар оқушының білім деңгейін — оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге көтеруге жол ашады.

Бүгінгі таңда оқушылардың сөйлеу мәдениеті жоғары деп айта алмаймыз. Оның бірден бір себебі, көркем әдебиет оқитын оқушы жоқтың қасы.Қазіргі таңда оқушылардың әдеби шығармалармен танысуына, көркем шығармалар оқуына уақыт аз, ынта төмен. Оқушылар әдеби көркем шығармаларды оқу арқылы жан-жақты әдемілікті меңгереді, әдемі сөйлеу, өздерін кейіпкерлермен салыстыру, терең ойлау, шығармалардағы оқиғаларды елестету арқылы сыни ойлайтын дәрежеге көтеріліп,өздерінің ерекшеліктерін қай жерде де байқата алады. Болмыс, бітіміндегі қасиеттерді әдеби кейіпкерлердің әрекеттері мен сөздері негізінде қалыптастыру мүмкіндігі туындайды. Білім берудегі жаңа тәсілдердің орны бөлек, дей тұрғанмен, кітап еш уақытта екінші кезекке өтпеуі тиіс.

Құнанбай тәрбиелеген Абайдың, Шыңғыс тәрбиелеген Шоқанның қалыптасуында кітап берген тәрбиенің орны ерекше. Сондықтан педагогтың басты міндеті- оқырман оқушыны қалыптастыру, өз бетімен шығармашылық жұмыс жүргізе алатын дара тұлға тәрбиелеу.

Оқушының шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін жоспарлы істің мақсаты мен міндетін айқындап алу қажет. Мақсат – баға жетпес байлығымыз, бар білімнің бастауы ана тілімізді оқытуда жан сарайы кең, ұлттық рухы зор, дүниетанымы бай, ізденімпаз, шығармашыл тұлға қалыптастыру.

Міндет:

  • Заманауи әдістемелердің тиімділігін дәлелдеу
  • Шығармашылық тапсырмаларды айқындау
  • Оқушының өз бетімен ізденісіне бағыт беру

 Алға қойған мақсат пен міндетті орындау үшін оқушылардың танымдық, шығармашылық әлеуетін жан-жақты өсіруге, дамытуға ден қою қажет.

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын үш кезең арқылы жүзеге асыруға болады.

Бірінші кезең – жаңаны, тың нәрсені дамыту, түпкі идеяны табуға ұмтылу. Бұл кезеңде әдеби шығармашылық тапсырмалар беріліп, төмендегідей талаптар бойынша жұмыс жүргізіледі: шығарманы бөлімдерге бөліп, тақырыбын жазып келу; кейіпкер тобын ажыратып, олардың арасындағы шиеленісті түсіндіру; шығарма мазмұнына сай қанатты сөздерді ойлап жазу; әңгіменің белгілі бір бөлімінің көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу.

Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқыта отырып,оқырмандар талқылауын ұйымдастыру жоспарланды.

-Бауыржанның туысқандарын анықтайтын кесте жасау

— Бауыржан тыңдаған аңыз әңгімелер

— Асау тайды үйрету, садақтың оғын дайындау сияқты ұлтымызға тән ерекшеліктер жазылған. Осы арқылы автор не айтқысы келді?

— Бауыржан шығармада ата-анасынан алған тәрбиені ерекше атайды. Себебі неде?

Екінші кезең — қиял, ұшқыр ой қалыптастыру. Бұл кезең -оқиға құрудың, образ жасаудың мүмкіндігі бар кезең. Мұнда оқушыға ертегі, әңгіме, мақалдарды жалғастырып жазу және аяқтау тапсырылады. Оқушы қиялға ерік беріп, оқиғаны дамыта отырып, шығармашылық жұмыс істейді. Өз бетінше іздену — шығармашылық қабілетті ашудың көзі. Бұл бағытта төмендегідей жұмыстар арқылы оқушының таным көкжиегін арттыра түсеміз.

  1. Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар (сөзжұмбақ, ребус шешу, жұмбақ, мақал-мәтел, қанатты сөздер құрастыру).
  2. Берілен тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс түрлері (мәтінді өңдеу, берілген мәтіннен диалог құрастыру).
  3. Өз ойынан еркін тақырып құрастыруға берілген жұмыс түрлері (өлең, ертегі, әңгіме, шығарма жазу).

     Мысалы, «Шын достық»әңгімесін оқушылар өз шығармашылықтарымен жалғастыруы тиіс.

«Еділ мен Елнұр кішкентай кездерінен айрылмастай дос. Олар мектеп табалдырығын бірге аттаған. Содан бері екеуі бір партада отырып келеді. Еділ мен Елнұрдың шын достығын мына оқиғадан білуге болады».

  Күн ыстық еді. Бір топ  бала суға түспекші болады. Балалардың шомылғанына қызыққан ол да суға секіреді. Кенет денесі босап, суға батып бара жатқандай сезінеді…

Тапсырма: Оқиғаны сәтті аяқта. Достық ұғымының мәнін аш.

Қ.Лунара:

Елнұр айқайлап, баплаларды көмекке шақырды. Су жағасында тұрған ересек балалар не істерін   білмей тұрып қалады. Еділ болса тез шешініп суға секіреді.

Ә.Аружан:

«Доссыз өмір-тұзсыз ас »демекші, осы сәтте Елнұрдың бойын қорқыныш билейді. Ол өзінің қалай суға секіргенін, досын жағаға батыл қимылмен алып шыққанын бастапқыда сезген жоқ. Тек жан- жақтарына үймелеген балалардың даусынан есін жиып, досының амандығына көзі жетті. Өзінің батыл әрекетіне өзі таңданып, өткен жазда жүзуді үйреткен ағасы Асқарға іштей алғыс айтты.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін басым міндетті оқушының өз қолына беріп отырған дұрыс. Бұл орайда сыныпты топқа бөліп тақырыпқа сәйкес өлең құрастыру, қанатты сөз ойлап табу, шағын мөлтек сыр жазу тапсырылады.

Үшінші кезең – тапқырылық пен шеберлікке шыңдалу кезеңі . Бұл кезеңде оқушы белгілі бір шығармаға өзіндік көзқарас білдіріп, пікір жазады, мәтінге әдеби-теориялық толық талдау жүргізеді, кіші ғылыми жұмыстарды қорғайды, әңгіме жазады.

«Абай Қарқаралыдан қайтқан соң атқа мініп, ел аралаған жоқ. Көбінесе Жидебайдағы ауылда шешелерінің қасында болды. Көктемге шейін кітап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кітапқа анықтап оқталғаны осы. Араб, парсы тілін, бірталай сөздерін ұмытыңқырап, қарайып қалған екен. Алғашқы бір жұмадай Ғабитханның тәпсіріне қарап, бұрынғы білген тілдерін қайта құрастырып алды. Содан бері мұның қолына түскен әрбір қалың кітап соншалық бір қатты сағынып жолыққан ыстық, қымбат досы тәрізді болды». Әуезов Абайдың кітапқұмарлығын осылай суреттеп, әжесі Зереге мынадай бата бергізеді: «Қарағым, осының ақыл. Ішкен мен жегенге мәз болып, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма! Ұқсама аналарға!» (Абай жолы.М.Әуезов.І том.134-бет)

-Әжесі Зеренің сөзіне көзқарасың

-Әңгімедегі негізгі түйін

-«Менің сөрелерімдегі кітаптар» (эссе)

Осы үш кезеңнен өткен оқушы нағыз шығармашыл тұлға болып дараланады.

Оқыту үрдісінде баланың ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыруды басты назарда ұстау керек. Бала өзінің бұған дейінгі білетін білігінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезінетідей жағдайға тірелуі керек. Сонда ғана ол білуге ықыластанады, әрекеттенеді. Сабақ барысында мұғалім ұйымдастырушы, бағыттаушы адам ретінде болуы тиіс. Әр оқушыға өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады. Оқушы өз тұжырымын дәлелдеуге талпыныс жасайды. Әдіскер-ғалым Қ.Тасболатов «Проблемалық ситуация тудыру — оқушыларға сұрақ қойып, оны шешу ғана емес, мұндағы сұрақ оқушыға бейтаныс, өздігінен ізденіп, өзінше қорытынды жасай білетіндей сұрақ болуға тиіс» дейді. Бұл орайда оқушыларға танымдық сұрақтар қоюдың маңызы зор.

Шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігі қалыптасып, ұстазы берген ақпаратты, іс — әрекет тәсілдері мен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және ұжымдық тәжірибе тағылымдарын игеріп қана қоймай, оқушы барлық іс — әрекетте шығармашылық бағыт ұстанады, қабілет, білігін ұштай түседі.

Шығармашылық сабақтардың оқушылар үшін мынадай маңызды жақтары бар:

*оқушының танымдық іздемпаздығы қалыптасады;
*сұрақтарды, мәселелерді терең талдауға үйренеді;
*шығармашылық ой — өрісі артады;
*кітаппен жұмыс, көркем және ғылыми әдебиеттер, баспа материалдарымен жұмыс істеу біліктерін қалыптастырады;
*ұжымдық ой — пікірлері жетіледі, топ мүшелерінің пікірлерімен ортақ тұжырым жасауға үйренеді;
*мұғаліммен оқушылардың қарым — қатынасы ынтымақтастықта болып, сенімділіктері артады;
*оқушы өз ойын еркін айтуға, сөз мәдениетіне үйренеді;
* білімін жүйелі түрде толықтыруға үйренеді;
*өз әрекетіне сын тұрғысынан қарауға үйренеді;
*тұжырым жасап қорытындылауға үйренеді;

*оқу міндеттерін тиімді шешу мүмкіндігін таниды;

*дүниетанымы кеңейіп, рухани дамиды;

*дарынды тұлға ретінде “мен” деген пікірі қалыптасады;

* бәсекелестік қабілеттері дамиды;

*мұғалімге тәуелділіктен арылып, шығармашылық жұмыстарға белсене араласуға үйренеді.

«Оқыту үрдісінің үш түрлі құрамды бөлігі бар, ол — ғылым, шеберлік, өнер» дейді белгілі педагог

В. А. Сухомлинский. Осы қасиеттер мұғалім бойынан табылса, сонда ғана ол сабақ үстінде білімділік пен тәрбиелік мақсаттарды жүзеге асыра алады.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруда мына жолдарды есте ұстанған жөн:

  1. Сабақты халық педагогикасымен ұштастыра отырып оқыту

Оқыту мен тәрбиенің қайнар көзі — халықтық педагогика. Балаларды халықтық салт — дәстүрді, әдет — ғұрыпты қастерлеп құрметтеуге үйреткен, тәрбиелеген абзал. Халық педагогикасының түрлерін сабақта пайдалану — оқушылардың сабаққа қызығушылығын, белсенділігін, шығармашылық қабілетін дамытуда өте тиімді екені мәлім.

  1. Өнермен байланыстыра оқыту

«Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі»

(Мұхтар Әуезов).

Көркемөнердің бір саласы болып келетін әдебиет пәнінің басты құралы — сөз өнері. Ендеше «Әдебиет пен өнерді» байланыстыра оқытуды жүйелі түрде сабақ барысында қолдану нәтижесі жоғары жетістіктерге жетелейді;

  1. Пікірталас түрлерін пайдалана отырып оқыту (пікір алмасу, ойталқы, ойкөкпар, пікірсайыс, т.б)

Пікірсайыс сабақтарын өткізу үшін алдымен жақсы жағдаят бола алатын тақырып таңдалғаны жөн. Тақырып сәтті таңдалған уақытта оқушылардың этикалық — эстетикалық талғамын оятып, сезіміне әсер етіп, білім іскерліктерін, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыта аламыз.

  1. Сыныптан тыс шығармашылық жұмыстарды өткізу (Мысалы: зияткерлік сайысы, жыр мүшәйраларын өткізу, Абай, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Мұқағали оқулары, ақындар айтысы, т.б.)

Осы орайда оқыту үдерісін ұйымдастыру, дәстүрлі, дәстүрлі емес түрлерін қолдану, сыныптан тыс жұмыстардың әсерлігін арттыру — оқушы қабілетін анықтауға негізделген маңызды әрекеттер екені сөзсіз.

  1. Ғылыми — зерттеу жұмысына баулу, бағыттау

Оқушыларды ғылыми жұмысқа баулудың басы оларды өз беттерімен орындалатын зерттеу, іздендіру бағытындағы тапсырмаларға төселдіруден басталады. Шеберлік — сөздің орнын таба білу. Әрбір сабақ басталар алдында оқушыны қызықтырып әкететіндей кіріспе ойлап табу керек. Бейнелі сөздер, қызықты мәлімет, тартымды үзінді оқу мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Қазақ тілі сабағында оқушыларды шығармашылық жұмыстарға жетелеуде жазба жұмыстарының маңызы зор. Жазба жұмыстары — оқушының іс-әрекетіне негізделген ой еңбегі, шығармашылық ізденісінің жемісі, білімінің көрінісі.

Қазақ тілінде жазба жұмыстары арқылы шығармашылық жұмыстарға қол жеткізу — мұғалімнің де шеберлігін талап ететін өнімді ізденіс.

Жазба жұмыстарының түрлеріне жаттығулар, түрлі мәтіндер, диктант, мазмұндама, шығарма, т.б. жатады. Жазба жұмыстарының бұл түрлері өтілген әр тақырыптың ыңғайы мен мазмұнына сәйкес белгіленіп, оқушылардың теориялық білімдерін нығайту мақсатында жүргізіледі, яғни, жазба жұмыстары бұрын өтілген грамматикалық материалдарды оқушылардың санасына тұрақтандырып, ақыл — ой әрекеттері арқылы тиянақты меңгеруге бағытталады.

Шығармашылыққа баулудың, өзіндік іс-әрекетін ұйымдастырудың төмендегідей түрлері бар:

*Тақырыпты мазмұнына сай жинақтау

*Арнайы бір тақырыпқа пікірталас тудыру

*Шығарманы өз ойымен аяқтау

*Шығарма ,шағын әңгіме құру

*Сөзжұмбақ құру, шешу

*Қиялдау арқылы сурет салу.

Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы талант көзін ашып тілін байыту қиялын ұштаумен өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.

Қазіргі кезеңде білім беру саласындағы әлемдік білім кеңістігіне ұмтылу — мектеп оқушыларының дербестігін, ізденімпаздығын, белсенділігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуды талап етеді. Сондықтан оқушылардың мектепте оқып жүрген кезінде олардың ойлау белсенділігін дамытып,білімі мен біліктерін өмірдің жаңа жағдайында пайдалана білуге үйрету қажеттілігі туындайды. Сондықтан мектеп қабырғасынан кітап оқуды дағдыға айналдырған адам кітап арқылы өзін тәрбиелеуді тоқтатпайды.

 

Сарина Галия Асылбековна

Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы «№4 ЖОББМ 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ