Оғыз мемлекеті (ІХ—ХІ ғғ. басы) туралы (Сабақ жоспары)

0
1199
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:

—  6.3.1.2 VI-IX ғғ. мемлекеттерді білу және картаны қолданып, саяси
процестерді түсіндіру.

—  Оғыз мемлекетінің алғашқы ұлыстарының орналасу аймақтарының
және олардың ІХ-ХІ ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы қағанатының
орындарын айқындау.

Зерттеу сұрағы:
“Оғызнама” жыры қандай мәлімет береді?

Оқулық: 
Оғыз мемлекеті (IХ—ХI ғғ. басы). 39–42 беттер.

Ресурстар: 
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 3-том. Алматы.
Атамұра. 2010.
История Казахстана с древнейших времен до наших дней (очерк) Алматы.
1993.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. 1-кітап. – Алматы, 2016.

Тірек сөздер: 
— “Оғыз” этнонимi
— “Оғызнама” жыры
— “Түрікмен” атауы

Көрнекілік

Ежелгi оғыздардың атамекендерi бейнеленген (оқулықта 42-бетте) және олардың қазiргi Қазақстан аумағындағы орналасу аудандары көрсетiлген карталарды оқу барысында пайдалану; оқулықтағы (41 беті) Оғыздың антропологиялық мүсіні.

• Тарихи деректер: Қорқытата кiтабы, “Оғызнама” дастанынан үзiндi.
• Тарихи суреттер: Қорқытатаның суретi, оғыз мемлекетiнiң туы, оғыз
жауынгерлерi.

Мақсатты айқындау: 

Ежелгi оғыздардың кiмдер екендерiн, “оғыз” этнонимiнiң қандай мағына беретiнiн және алғаш орналасқан аймақтарын айқындап беру. Кейiнiрек IХ ғасыр соңымен Х ғасыр басында күшейе түскен оғыздар мемлекетiнiң ежелгi тарихының қазiргi Жетiсу, Оңтүстiк Қазақстан және Сырдария аймақтарымен тығыз байланысты екендiгiне оқушылардың көздерiн жеткiзу.

Дамытушылық маңызы — қазақ халқы мен басқа да түркi халықтарының
этникалық тұрғыдан жаңаша қалыптасуларына оғыздардың өзiндiк үлкен
үлес қосқандарын айқындап беру.

Тәрбиелiк маңызы — оғыздардың әскери жорықтары мен мемлекеттi нығайтуды көздеген саясаты және бiздiң заманымызға дейiн жеткен оғыз  мәдени мұраларымен таныстыру арқылы оқушыларды отансүйгiштiк рухта тәрбиелеу. Мұның өзi олардың орта ғасырлық ежелгi деректердi, әсiресе М. Қашқаридың “Диуани лұғат-ат түрiк” атты шығармасын оқып-үйренуге деген ынта құштарлықтарын арттыра түсуi тиiс.

Сабақтың деректік материалдары
Жаңа материалдарды оқып үйрену мұғалiмнiң “оғыз” этнонимiне байланысты тартымды да әсерлi әңгiмесiнен басталады. Ол оғыздардың кiмдер екендiктерiн М.Қашғаридың “Диуани лұғат-ат түрiк” шығармасындағы және “Оғызнама” тарихи аңыз дастанындағы деректер негiзiнде баяндап бередi.

Оқушылар ежелгi қазақ жерiн мекендеген оғыз тайпаларының аттарын жұмыс дәптерлерiне жазып алады. Мұғалiм қазақ және тағы басқа түркi халықтарының тарихи тағдырларындағы оғыздардың алатын орындарын жан-жақты әрi тиянақты түсiндiрiп беруi тиiс. Сабақты пысықтау барысында мұғалiм оқушылардың оқулықтағы мәтiнмен толық және тиянақты танысып шығуларына мүмкiндiктер жасап, осы мәселеге байланысты өз беттерiнше қалай жұмыс жасаулары керек екендiктерiн түсiндiредi.

Әр топқа тапсырма беру. Тапсырманы орындау оқушыларды үш топқа бөлу
арқылы орындалады.

Бiрiншi топ оқушылары мұғалiмнiң көмегiмен М.Қашқаридың еңбегiне
сүйене отырып, жазу дәптерлерiне оғыз тайпаларының аттарын ретiмен жазып
шығады. Мұнда Қазақстан аумағындағы саяси оқиғаларда ерекше белсендiлiк
көрсеткен оғыз тайпалары бөлек жазылады.

Екiншi топ оқушылары мұғалiмнiң әсерлi де, мазмұнды әңгiмелерiндегi және оқулықтағы деректердi басшылыққа алып, өздерiнiң жұмыс дәптерiнде оғыздардың батысқа жылжу бағыттарын көрсетедi, сондай-ақ олар жаулап алған аймақтар жайлы деректiк мәлiметтердi келтiредi. Мұнда басты назар Оғыз мемлекетi күшейген тұстағы оған бағынышты болған аудандарды айқындап беруге аударылады.

Үшiншi топ оқушылары Оғыз қағанатының әлсiреу және күйреу себептерiн анықтап, оларды жазу дәптерлерiне түсiредi. Оқушылар Оғыз мемлекетiн талқандауға себепкер болған көршi мемлекеттер туралы нақты әңгiмелер айтулары тиiс.

Әр топ өз тапсырмалары бойынша постер жасап, оны қорғау.

Сабақты қорытындылау

Сабақты бекiту мақсатымен мұғалiм Оғыз қағанаты тарихын сипаттайтын
жоспарды тақтаға жазып шығады және оқушыларға төмендегiдей жоспар
негiзiнде тарихи әңгiме құрастыруды тапсырады.

Талдау: Ашық тест орындау.

Жоспар:
1. Алғашқы оғыз бiрлестiктерi (аттары).

2. “Оғыз” атауына түсiнiктеме.

3. Оғыздар орналасқан аймақтар.

4. Қазақстан аймағындағы оғыздар бiрлестiктерiнiң күшеюi және олардың
мемлекетiнiң құрылуы.

5. Оғыздардың жаулау жорықтары.

6. Оғыз қағанатының күйреуi.

7. Кейiнгi қазақ және тағы басқа түркi халықтарының этникалық қалыптасу тарихындағы оғыздардың ықпалы (халықтар аты).

Осы тапсырманы орындаған оқушылар үш бөлiктен тұратын кесте толтырады. Онда алғашқы бөлiкте алғашқы оғыздар бiрлестiктерi пайда болған хронологиялық кезең, екiншi бөлiкте Оғыз қағанаты күшейген мерзiм және ең соңында осы мемлекет күйреген заман нақты көрсетiлуi тиiс.

Сабақтың түрі мен әдісі

Аралас. баяндау, пiкiр алмасу, ой бөлiсу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық
технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабiлетiн дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер

— “Оғыз” этнонимiнiң мағынасын түсiнеміз.
— “Оғызнама” жырының тарихи дерек ретіндегі маңызын айқындаймыз.
— Оғыз мемлекетi қашан және қалай құрылғанын және оның этникалық, қоғамдық құрылымын, орналасқан орнын анықтаймыз.

Кері байланыс

Сабақ қызықты болды?
Түсінбегендер?
Менің ұсынысым.

Бағалау мүмкіндіктері (Топтық бағалау; Өзін-өзі бағалайды)

1. Оғыз атауының мағынасын түсiндiрiп берiңдер.
2. Оғыздартуралықандайжазбашадеректер бар, атап берiңдер.
3. “Оғызнама” жырының маңызы неде деп ойлайсыңдар?
4. Оғыз мемлекетi қашан және қалай құрылды?
5. Оғыз мемлекетiнiң этникалық және қоғамдық құрылымы туралы
әңгiмелеп берiңдер.

6. Оғыз билеушiлерiнiң сыртқы саяси жорықтары жайында не бiлесiңдер?
7. Балалар дәптер бетін екіге бөліп, оғыз билеушілерінің ішкі және сыртқы
саясатын жазып шығады.
8. Еуразия кеңiстiгiнде халықтар тарихында оғыз тайпаларының алатын
орны қандай?
9. Балалар бұрынғы және қазіргі кезеңдегі оғыз тілдестердің орналасу
аймағын төмендегідей тәртіппен жазып шығады:

ІХ-ХІ ғ. оғыздар мекені
Қазіргі кезеңдегі оғыз тілдес халықтар
Олардың мекендері

10. Картадан Оғыз мемлекетiнiң аумағын көрсетiңдер.
11. Оғыз дәуiрiнiң мәдени мұралары жайында әңгiмелеп берiңдер.

Қосымша тапсырма

1. Оқулық мәтiнiмен жұмыс. Берiлген сұрақтар мен тапсырмалар негiзiнде
жұмыстар жасау.
2. Картаға оғыз мемлекетiнiң аумағын, астанасын түсіру.
3. “Қорқытата кiтабы” шығармасын оқу

Рефлексия. Кері байланыс.
Де Бононың 6 қалпағы арқылы қорытындылау.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ