Ойкөкпар дегеніміз не?

0
6937
Freepik.com

Ойкөкпар (франц. debat – «талас», «талқылау») – белгілі бір мәселе, тақырып төңірегінде айтылған ойды қолдау не жоққа шығару.

Мұнда нақтылық, бұлтартпас дәлел мен дәйекті пікір қажет. Ойкөкпарда тақырып белгіленіп, резолюция ұсынылады. Айтылған ойды жақтаушы топтың спикері бірінші сөйлейді. Оған қарсы топ сұрақ қояды. Спикер қолма-қол жауап береді. Ендігі кезекте қарсы пікір айтушылар тобының өкілі сөз алып, өз аргументін ұсынады.

Мұнан әрі екі топ бір-біріне сұрақ қоя отырып, қарсылас топтың пікірін жоққа
шығарады. Спикерлер өз аргументтеріне көпшілікті сендіріп, өз көзқарасының өміршеңдігін дәлелдейді.

Ойкөкпардың нәтижесін арнайы белгіленген сарапшылар мен аудиторияның дауыс саны шешеді.

Мақсаты. Қарсылас топтың ой-пікірін жоққа шығарып, өз көзқарасын дәлелдеп, жеңіске жету.

Ойкөкпарға қатысушылар:

Топ мүшелері – спикерлер.

Жақтаушы топ – белгілі бір айқын позицияны ұстанушылар.

Даттаушы топ – қарсылас ұсынған позицияны сынға алып, кемшілігін
көрсетушілер.

Жүргізуші – спикерлердің сөйлеу ретін, регламенттен аспауын қадағалаушы.

Сарапшылар – ойкөкпарды қорытындылап, баға берушілер.

Мәдениеті.Сыпайылық пен ұстамдылық, ізгілік қасиеттерін таныта білу. Тақырып аясында ғана сөйлеу. Ұтымды да тапқыр, кенеттен сөз табу тәсілдерін шеберлікпен
пайдалану. Нақты дереккөздерін пайдалану.

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ