Ойлайық та, ойнайық! (эстафеталық сайыс)

0
3604
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

«Ойлайық та, ойнайық!» тақырыбында ұйымдастырылған эстафеталық сайыс. Сайыс арқылы оқушылардың салт-дәстүр, тарихи танымын жетілдіреді.  

Сыныбы: 1, 2, 3, 4.
Ұранымыз: «Ұлы елдің әлем сүйген ұланымыз
Сол елге лайық болу — ұранымыз»
Мақсаты:   Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын оқушылар арасында кең көлемде насихаттау мақсатында оқушыларға ұлттық ойындар эстафеталық сайыс өткізу. Сайыс салауатты өмір салтын қалыптастыруына, олардың ұлттық және аула ойындарының ұмыт қалған тұстарын қайта жаңғыртуға бағытталған.
Көрнекті құралдар: АКТ, шарлар,  интерактивті тақта.

Ән: «Мен Қазақпын». Орындайтын: Әбуталиев Бақдәулет
Жүргізуші: 
Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Ойлайық та, ойнайық!» атты ұлттық ойындар эстафетасына қош келдіңіздер!

Армысыздар ұстаздар мен оқушылар!

Бармысыздар жан күйер әз-қауымдас!

Бүгінгі кеш сайысты біз бастайық,

Сайыста көңілменен қол соғайық.

Біздерде ойын-сауық басталады,

Тамаша күй тартылып, ән салайық.

Қошеметтеп қол соғып отыралық,

Ұмытарсыз күні бойғы шаршағанды.

Жүргізуші:

Мәңгі – бақи есте қалар,

Қызықты бір жиын болсын.

Білімдірек шәкірт озар,

Сұрақтары қиын болсын!

Ойланайық азырақ,

Уақытыңды үнемдеп,

Кім шығады кәнеки,

Жауабын мен білем деп- дегендей, қазір жұмбақ, сұрақ қою арқылы бүгінгі ойынға дұрыс жауап берген оқушыларды іріктеп аламыз.

Жұмбақ, сұрақтар.

  1. Құс жүнінен жасалатын зат (жастық)
  2. Әже айналдыратын таяқ (ұршық)
  3. Қанаты бар ұшпайтын судағы құс (балық)
  4. Көктемнің бірінші айы. (наурыз)
  5. Алабота тамағы, Шөлге шыдай алады (Түйе)
  6. Байғазы (Байғазы – балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетін ақшалай-заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ)
  7. Аманат (Аманат-бір адамның екінші біреуге сақтауға берген заттары. Аманатты сақтау, оны мезгілінде қайтару зор адамгершілікке жатады. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ол өте ауыр күнә деп есептеледі)
  8. Кекіл (Кекіл-жас балалардың шашын тегістеп ұстарамен алып тастайды да бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді)
  9. Жеті ата (Жеті ата. Әр адам өзінің жеті атасын білуі көрегенділік пен білімділігін танытады. Білмесе жеті атасын білмеген жетесіз деп сөккен)
  10. Шашу (Шашу! Қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанаты дәстүр. Бала дүниеге келгенде, келін түскенде, құда келгенде, осындай қуанышты күндерде тәттілермен, күміс тиындармен әйелдер шашу шашады)
  11. Сүйінші (Сүйінші! Қуанышты хабар жеткізуші адам Сүйінші! Сүйінші! деп келеді. Мұндайда қуанған үй иесі қалағаныңды ал,- дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуанудың, ризашылықтың белгісі)
  12. Қандай ұлттық ойын түрлерін білесіңдер?
  13. Ұлттық ойындардың қандай маңызы бар?
  14. Қазақтың ұлттық тағамдарын кім біледі?
  15. «Наурыз көженің» құрамын ата.
  16. «Иткөйлек» деген не?
  17. Тұсаукесер деген не?
  18. 18. Ат қою рәсімі
  19. Бесік той

20.Бесік жырын білесің бе?

Оқушыларды қоржыннан асық алу арқылы екі топқа бөлу.

— оқушыларды топтарға бөлу
— топ басшысын сайлау

Жүргізуші: Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен.
Қазір сіздердің назарларыңызға мына бір бейнежазбаны ұсынып отырмыз.
Ұлттық ойындар туралы бейнежазба.

Ұлттық ойындар — ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді.

Қазақтың ұлттық ойындары: Бес тас, Алтыбақан, Тоғызқұмалақ, Теңге алу, Қыз қуу, Аударыспақ, Жамбы ату, Асық ойнау, Қол күрес, Ақсүйек т.б. спорттық сипатпен бірге үлкен тәрбиелік маңызға да ие болды.

Манашұлы Тұяқпай жырында:
Балалармен ойнайды
Ойнап жүріп ол бала
Кеудеге ақыл ойлайды» — деп түйіндейді.
Сайысқа қатысқалы отырған 2 топты ортаға шақырамыз.Бүгінгі өткелі отырған сайысымызды әділ бағалау үшін әділ қазы:

Директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары: Құсайынова Несібелі апай

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Исаева Лиман апай

Мектебіміздің психологі: Құлтаева Ұлболсын апай

Бүгінгі өткізілгелі отырған сайысымыздың кезеңдерімен  таныс болыңыздар:
1. Таныстыру (әр топ өздеріне ат қояды, ұран шығарады) 
2. Жамбы ату.
3. Аударыспақ
4. Теңге алу
5. Асық ойыны
6. Білектесу (қол күрес)
7. Мыршым-мыршым 

  1. «Қыз – оюымен көрікті,

Ұл – қамшысымен көрікті»

  1. Ләңгі ойыны 

1-кезең: Таныстыру 
1. 1топ (өздерін таныстырады)
2. 2топ (өздерін таныстырады)
Сайысымыздың 2-ші кезеңі «Жамбы ату» 

Бұл сайыс мергендер сайысы. Үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалып өткізіледі. Жамбыны атып түсірген адам жүлдеге ие болады. Үлкен тойларда жаяу немесе ат үстінен сырық басындағы теңгені атып түсіру. Ойыншы садақ жебесін нысанаға әрі тез дәл тигізу керек.

Біздің ойыншыларымыз ілулі тұрған шарды көздеп атады. Жебесі дәл тиген жағдайда, ішінен сұрақ шығады. Сұраққа жауап берген оқушы ұпайға ие болады.

1. Наурыз мерекесі қашан тойланады?

2.Асық ойынының қандай пайдасы бар?

3.Өзіңнің жыл атауыңды ата

4.Күн мен түн қай кезде теңеседі?

5.Сүйікті әніңді айтып бер

6.Жақсы көретін тамағың қандай?

7.Ең сүйікті мультфильмің қалай аталады?

8.Туған жер туралы мақал-мәтел айтып бер.

9.Жаңылтпашты қайтала

Баланың жаман баға алмағаны,

Мұғалім ағаның жаман болмағаны.

10. Мақалды жалғастыр

Оқу білім бұлағы…

11.Ең сүйікті кейіпкерің кім?( ертегі немесе кинодағы)

  1. Жаңылтпашты айтып бер

Жағажайды жағалай,

Жүгіреді Қамажай.

  1. Жұмбақ: Ақ құман жүр жүзіп.
    Су бетін сүзіп.
  2. Торда 12 құс отыр. Оның 11-нен басқасы ұшып кетті? Торда қанша құс қалды?

15.Мамыр айындағы мерекелерді ата

16.Ұнататын пәнің?

17.Өз бойыңдағы жаман қасиет

18.Абай ата айтқан бес асыл:

19.Абай ата айтқан бес дұшпан:

20.Жеті қазынаны ата

 

Би. «Қамажай»


Жүргізуші: Келесі кезеңіміз «Аударыспақ» деп аталады.
Өте көне дәуірден келе жатқан қазақ халқының ұлт ойындарының бірі. «Аударыспақ» ол – қазақ халқының арасында кеңінен тараған ойын. Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады.
Екі топтан 4 оқушы шығып осы аударыспақ ойынын көрсетеді. Қай топ жеңсе сол топқа ұпай қосылады.

Ойынымыздың келесі кезеңі «Теңге алу», «теңге ілу»

Ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарымыздың бірі – «Теңге ілу».Теңге ілу де ат спортына жататын ойынның бірі. Теңге алу ойыны тегіс жерде өткізіледі.Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу үшін үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабандоздық тәжірибені талап етеді.Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Ертеде үлкендігі ақ тоқымдай киіздің үстінде 50, 20, 15 тиындық майда ақшаларды салып қоятын болған. Сондай кішірек затты ат үстінен еңкейіп көтеріп әкететін адам жеңімпаз атанады.

«Теңге алу» жүргізуші ортаға бос бөтелке қойып, бөтелкенің аузына ақша тығып қояды. Шығатын адам бөтелкеден он адымдай қашықтықта тұрып, ұзындығы 50-70 см таяқтың бір ұшын жерге тіреп, екінші ұшына маңдайын қойып, сол тұрған орнында басын алмай бес рет айналып болып, бойын ұстап шайқалмай, теңселмей барып бөтелкенің аузындағы ақшаны алуы керек. Егер орта жолда тәлтіректеп кетсе, ойыннан шығады әрі айып төлейді. Айып мөлшері бөтелкенің аузында тұған ақшаның мөлшерінен кем болмауы керек. Келесі адам шыққанда да сөйтеді. Ойындар арасында би биленеді, күй тартылады, ән айтылады.

Жүргізуші: Сайысымыздың келесі 6 кезеңі «Асық ойыны»

Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына , шаруашылық мүмкіндіктеріне байланысты қалыптасады.Асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арғыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке , ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Бұл ойынның шарты бір топ бала, жиналып келіп, тегіс жерге төрт бұрышты сызық сызады.Сол төрт бұрышты ортасынан тең екіге бөледі. 1х1, 5м. мөлшерде. Асық ататын орын белгілейді.
Ойыншы асықты дәл тигізіп сызықтан шығарса, оны алады да, сақа түскен жерден қайта атады. Егер оның сақасы асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады.
Ал енді сайыскерлерімізбен асық ату ойынын бастаймыз. Оқушыларымызға ойынның шарты түсінікті болды. Әр топ қанша асық атып алса, сонша ұпайға ие болады.

Жүргізуші: Сайысымыздың келесі кезеңі «Білектесу» деп аталады.
Бұл ойын күш сынасу үшін ойналады. Бір столдың шетіне қарама-қарсы отырған екі ойыншы оң қолдарының шынтағын столға қояды да, бірінің қолын бірі алақандастыра мықтап ұстайды.Сол жақтағы қолдарын әркім өзінің оң жақ қолтығына тығып алады. Осылай ұстасып алған екі палуан, ойын бастаушы белгі берісімен, шынтақтарын сол орынынан қозғамай, қарсысындағы палуанның тіреулі қолын шалқасынан түсіруге ұмтылады. Білегі тайып жантайған палуан жеңіледі. Бұл білек күшінің жетілуіне көмектеседі.
Ер жігіт дүниені көрген артық,

Дүниеде не бар жоғын сезген артық

Түскендей аспан жерге іс болса да,

Бел байлап тәуекелдеп төзген артық.

Бұл қазақта палуандар көп мың жыққан,

Тойлаушы еді сол жігіттер шындықтан

Ата салған сара жолды жалғайық,

Қол күресіп, күш тайдырмай шынтақтан.

Ойынды әрі қарай жалғастыру үшін екі топты ортаға шақырайық. Екі топтан бір-бір ойыншыдан шығып күш сынасады. Барлық ойыншы түгел қатысады.

Жүргізуші: Сайысымыздың келесі кезеңі «Мыршым-мыршым».
«Мыршым-мыршым» ойыны өте ертеден қалыптасып келе жатқан, көбінесе ойын-сауық кештерде ойналатын ойын. Ойыншылар қаншалықты көп болса, ойын соншалықты қызықты болады. Ойынға қатысушылардың жас мөлшеріне қарамай қатыса беруге болады. Ойын жүргізуші ойыншыларды жайғасып отырғаннан кейін бір ойыншыны шығарады.Отырған ойыншылардың біреуінің аузына тиын салынады. Қалған ойыншылардың ауыздарында еш нәрсе жоқ. Ойын жүргізуші айтқан Мыршым-мыршым деген сөзді қайталайды. Ойыншының аузында тиын бар екенін табу керек. Бұл ойынның негізгі мақсаты оқушыларды байқампаздыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу.
Оқушыларымыз осы ойынды ойнау үшін ортаға 1-ші топты шақырамыз. Біздің ойыншыларымыз ауыздарына  өрік  салып алып, мыршым-мыршым деп айтып отырады. Келесі топтан бір оқушы шығып қай оқушының аузында өрік бар екенін табуы керек. Тауып алса ұпай алады. Топ кезекпен ойынға шығады

Жүргізуші:

Жігіттің көркі – өнері,

Талап кісі – мұраты.

Өнер қалмақ артында,

Дүниенің өшпес шырағы, — дей келе сайысымыздың келесі  8 кезеңі

«Қыз – оюымен көрікті,

Ұл – қамшысымен көрікті» деп аталады. Қыздар ою ояды, ұлдар қамшы жасайды.

Жүргізуші: Сайысымыздың соңғы кезеңі «Ләңгі» ойыны.

Бүгінгінің компьютер құмар баласы асқан шеберлікпен аяқтың ептілігін қажет ететін, «ләңгі» деп аталатын ойын бар екенін біле ме екен? Балалық шақтары өткен ғасырдың 70 – 80-ші жылдарында өткен аға буын өкілдерінен бұл ойын жайында сұрай қалсаң, аузының суы құрып айтып беруге дайын. Бертін, 90 — жылдардың аяғына дейін ауылдық жерлерде ойналып, кейін халық қалаға қарай үдере көш кенде ләңгі ойынының да дәурені тарқай бастапты. Себебі, ләңгі ойыны асфальтта емес, топырақта өскен ойын баласына арналған болатын. Қазір ләңгі ойнамақ түгілі, шыбықты ат қылып мінбейтін қала баласын тек «counter strike» қызықтырады.

Ләңгі —  қазаққа етене жақын ежелгі ойын. Көкпар, асық сынды ұлттық ойындарымыздың қатарында.
– Ләңгіні де сол қатарға алып, қазақ баласына қайта ұсынсақ, ұлттық мәдениетіміз байи түспесе, кедейленіп қалмас. Онсыз да қымызыңа неміс, айтысыңа армян жиендік етіп жатқан уақытта өз ұлттық құндылықтарымызға аса сақ және құрметпен қараған жөн.

Видеоролик.

Кезекті соңғы «Ләңгі» ойынына берейік. Әр топтан екі немесе үш ер баладан шықсын.

Мәңгі толы қазағымның ғұмыры
Сан асылдың ашылып тұр тұғыры
Кеше ғана керексіз ғып тастаған
Ғажап екен әдебі мен ғұрыбы, — дей келе әділқазы алқасы ұпай сандарын есептеп болғанша ән тамашалайық.

Ән: «Көк тудың желбірегені»
Бүгінгі өткізіп отырған «Ойлайық та, ойнайық!» атты сайысымызды аяқтаймыз.  Осы өткізіліп отырған сайысымыздың бағасын беру үшін әділқазы алқасына сөз береміз.

 

Садықова Сәнімкул Серікбайқызы

№2 Облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі    


ПІКІР ҚАЛДЫРУ