Өнегелі өмір

0
6375

      Мектеп кездері кірбіңсіз балалықтың балбұлағы. Еркелігі, тентектігі, ойланбас аңғалдығы барлығы өзіне тән ерек, тартымды. Ал мектеп қабырғасынан кейінгі өмір- ұстазға деген алғыстың, сағыныштың саябағы.  Бұл күндері келген күз, сыңғырлаған қоңыраулардың дауысы еріксіз мектепке тартып тұратыны бәрімізге таныс. Мектеп десе еске түсетін естеліктер толқынын айтсаңызшы. Өз алдына дастан, ыриясыз күлкі емес пе?  Алғашқы кіршіксіз қылау берген сезімнің ұшқыны бір керемет көріністер болып қалды, бұл күндері. Ал есейгеннен кейінгі тірлік, тынымсыздықтан жаралғандай көрінеді маған. Оқу, талпыну, жылау, күлу, табысу мен қауышулар. Ол өмір деген мектептің дәрістерінің мазмұндамаларындай. Ал мен бүгін сол мазмұндама дәптерімнің парақтарын сараптай келе жаныма жақын деген шырақшым жайында сыр шертпекпін. Шырақшым-ұстазым!

        Мен мектеп кезінде өте белсенді, үздік оқушылардың қатарында болдым. Тарих пен қазақ тілін, әдебиетін  сүйіп оқитынмын. Тіпті ауырып сабаққа бармай қалған күндерімде әлі өтпеген тақырыптарды қызығушылықпен оқып баруды өзіме қызық көретінмін. Осындай күндердің бірінде бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазымыз мектеп шаруаларымен облысқа семинарға кеткен-ді. Орнына бізге таныс та бейтаныс Анаргүл ұстазымыз сабақ өткізуі керек. Сыртынан атын естігенімізбен сабағына тұңғыш қатысуымыз, қорқынышымыз да жоқ емес. Әдетте талай мұғалімдерді айқайлатып тоқтаусыз шулайтын сыныбымыз үнсіз бүгін. Не құдірет, не қорқыныш, әйтеуір үнсіздік. Үйге берген тапсырмаларды сұрауға кіріскеннен-ақ Анаргүл апай тап біздің құрдасымызша өз ойымызды еркін жеткізуімізді сұрады. Бұрын тек таласып айтылатын сабағымыз енді ашық әңгіме майданына айналмақ па? « Мен сабақтан тыс кезде ғана жасым үлкен ұстазбын. Ал сабақ сұраған да сендердің әрқайсыларыңның ойларың маңызды. Сол себептен қазірден озық оймен сөйлеңдер»,-деп жағымды қоңыр үнімен күлімдей қараған-ды. Бұл сөзден кейін қаншама сабақты орындаусыз келетін біздің тентек ұлдар да сол апайдың сабағын асыға күтетін. Себебі кітаби сөздерден қашып ашық сөйлеуден қорықпайтын майдан алаңы енді қыза бастаған. Анаргүл апай толықша келген, бидай өңді, жүзінен мейірім нұры төгіліп тұратын, әр сөзін сазбен мақамдап сөйлейтіндігімен жүрегімізді жаулаған біздің аяулы ұстазымыз. Бойынан бір қазақылығы аңқып, кешегі «Желтоқсан» оқиғасының куәгері болғандықтан ба көзімізге кешегі Ләззат пен Сәбираның символындай көрінетін. Міне, осылайша біздің Анаргүл апайға деген танымымыз күшейе түскен. Менің әңгіме етіп отырған ұстазым-Тойлыбаева Анаргүл Жұмаханқызы.  Шырайлы шығыстың қақпасы саналған Зайсан қаласының Біржан ауылында 1968 жылдың қаңтар айының 1 жұлдызында өмір есігін ашқын. Жастайында үй-ішінің еркелеткен қызы болып өскендіктен қолөнерге онша жақын болмапты. Бұл құпиясын оңаша қыздармен жиналған кезінде бізді тәрбиелеу үшін айып отыратын. Мектепті үздік бағамен бітіріп алдымен Алматы қаласына оқуға түседі. Бұл кезең «қазақ жастарының ұлтшылдығының дәлелі» болған Желтоқсан оқиғасына тұспа тұс келген. «16 желтоқсан. Күн күндегіге қарағанда сәл қытымырлау, дала тіркістенген аяз. Жатақхана дәлізінде « Қазақ жастары қайдасыңдар?!» деген ащы дауыс жайдары отырған біздерді елең еткізді. Есіктен шыға салып «Шығамыз! Шығамыз!» деген ұранды қазақ жастары топ болып жиналып кеткелі жатқандарды көріп абдырап қалдық. Қасымдағы қыздар да жинала бастады. Мен де «Қазақ жастары» деген сөзді естігеннен соң жайбарақат қала алмадым. Бұл кезде тарихқа өзгеріс енгізетін оқиғаның басы екенін ешкіміз де білмедік. Тек топ болып бара жатқан бізге, яғни қазақ жастарына басқа ұлт өкілдерінің кемсіте күліп тұрғаны бізді қапа қылғаннан гөрі намысымызда қайрай түскендей. Себебі  «Қазақ деген ұлттың жастары бар» деген ойәрқайсымыздың оймыз да болды. Осылайша дүмпу болып жатқан орталық Брежнев алаңына жаяу, Абай даңғылымен көтеріле жеттік. Кілең қазақ жастары. Сол кездегі қосыла шырқаған әніміз бұл күндегі көк туымыздың көтелуін көмкеріп жүрген әнұранымыз еді.»  Осы жағдайдан кейін ата-анасы оны  1989 жылы Семей қаласындағы Шәкарім университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетіне оқуын ауыстырған. ХХ ғасырдың аяғында қазақ тілінің төмен тұрғаны тарих беттерінен бізге белгілі.  Осыған қарамастан Анаргүл апай осы мамандықты таңдаған. Оған себеп болған, желтоқсанның жаңғыры. Және  Асқар ағасының: «Қазақ тілі әлі-ақ өркен жайып, тамырынан нәрін қайта тартады. Осы жолда адаспайсың»,-деген бір ауыз сөзінің ықпалы да тиген. Осылайша жүрегі лүпілдеген ауылдың қара қызы қаланың студенті атанып шыға келеді.  Оқуын тамамдағаннан кейін 1994 жылдан бастап Зайсан қаласындағы Гараин атындағы мектепте жұмыс жолын бастаған. Алғашқы шәкірттері бұл күндері әртүрлі саланың білікті мамандары. Содан кейін 2005 жылдан бастап Қаратал ауылының орта мектебінде сабақ бере бастаған. Міне, сол Қараталдың қара шаңырағында әлі күнге дейін білім баптаушысы болып жұмыс істепкеледі. Отбасында аяулы жар, асыл ана, шәкірттеріне шыншылдыққа шыңдаған ұлы тұлға. Осы орайда ол кісінің шәкірті ұстаздық жолды мұрат еткен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың математика факультетінде білім алып жатқан Жақсылықова Айдана ұстазы жайында: «Алғаш көрген 5 сыныптан бірден бауырына басқан, біздің аяулы ұстазымыз. Өзіне жарасымды қоңыр кастюмі, алыстан тануымызға себепкер болатын. Сабағын асыға күтетінбіз. Себебі ерекше атмосфера қалыптастыратын. Ол кісі біз үшін, ерекше ұстаз, сырлас дос, рухани жәрдемші бола білді. Сол үшін ол кісіні жақсы көреміз» деп естеліктерімен бөлісті. Адам баласы ешқашан атақ-даңқпен мәңгі жасамайды. Оның өнегесі оны дара етпек. Міне, менің өнегелі өмірі бар ұстазым осындай. Бұл менің шәкірттік сезімімнен туған сезімдерімнің таңбасы қана. Әңгімемнің соңында ұстазыма қойған екі сауалым бар еді.

  • Өмір өзен дейді. Ағысқа қарсы жүзу қаншалықты қиын?
  • «Иә, өмірдің өзен екендігі, тоқтаусыз дауыл екендігі, терең теңіздей білімнен сусындағандар үшін таңсық емес. Ең алдымен, көкірегі ояу адам тірлікте талайға үлгіруге талпынады. Адамның ой-санасына қозғау салу да үлкен күрес. Себебі ұстаз қателессе, бүкіл елдің болашығы теріс кетпек. Қиын. Дегенмен ащы дәмін татпай тәттіні сезіну мүмкін бе? Қаттыны сезінбей жұмсақты білмейсің. Тек болашақ көшінің дұрыс жүруіне үлес қосу, әр адамның міндеті. Менің бақытым, шәкірттерімнің жетістігі».
  • Кеше бүгінге, бүгін ертеңге жалғасады. Кешегіні  пайымдап, бүгінді өткеріп, ертеңге қандай жоспар қоюдасыз?
  • «Менің кешем қазақ тілін дамытуға деген сезімнен бастау алған. Бүгінім сол бұлақтың сусынын таттырды. Ертеңім сол бұлақтың дарияға құярына сенеді! Қазақ тілі бар да, халқының тарихы сарқылмайды. Келешегі кесілмейді. Тілдің құдіреті- мәңгіліктің мәйегі.»
      Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы. Өмірлік ұстанымдарыңыз әрқашан сіздерді мақсат пен мұрат арқылы арман шаһарына жетелегей. Зерденің пердесін ашатын ұстаздарымыз аман болсын!

Думанқызы Нұржан.

ҚазҰУ, журналистика факультеті.

І курс.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ