Онлайн оқудың пайдасы мен зияны қандай?

0
4773

Таң атты.Будильник даусының шырылынан оянған студент лезде телефонын қосты дағы,белгілі бір қосымшалар арқылы сабағына кірді.Бір сағат ерте оянып,боянып -сыланудың қажеті жоқ.Тек қана бір ссылканы бассаң болғаны,әп-сәтте лекция залына топ ете түсесің.Бұл бүгінгі карантиндік онлайн оқудың күйі.

Жақсы оқитын студент болса,онлайн оқуда да жақсы оқиды.Ал,оқымайтын студент тіпті сол ссылканы басып,сабаққа кіруге де қиналады.Бірақ,жақсы оқитын студенттің өзі онлайн оқудан жалығады емес пе?Көк экранның бетіне күндіз-түні телміруден кім шаршамайды?

Студенттің сабақтан демалғаны-әлеуметтік желілер ақтару.Ол да сол бір көк экранда уақыт өткізу.Онлайн оқу онсыз да уақытының көп бөлігін интернетте өткізетін студенттерді көк экранға байлап қойғандай.Онлайн оқу деп интернетсіз студенттің бір күнін елестету мүмкін емес боп қалды.

Онлайн оқу ақылы бөлім студенттері үшін тиімді екені айтпаса да түсінікті.Олар жұмыс жасап,өз оқуларын өздері төлеуге мүмкіндік алды.Бірақ сабақты қабылдап,толық игеру мүмкіндіктерінен айрылып жатқандар да бар.

The New York Times (https://www.nytimes.com/2020/02/06/learning/what-students-are-saying-about-how-much-they-use-their-phones-and-whether-we-should-be-worried.html)  сайтында жарыққа шыққан What Students Are Saying About How Much They Use Their Phones, and Whether We Should Be Worried” — “Студенттер өздерінің телефондарын қаншалықты пайдаланатыны туралы не айтады және біз алаңдауымыз керек пе?” – жүргізілген сауалнамалар және оған жасалған анализдер ұсынылған. Студенттер өздері де  уақытының көп бөлігін  телефонмен өткізетіндерін білетіні жазылған, сондай-ақ осы әрекеттерінің өздері үшін пайдалы емес екендіктерін де білетіндері көрсетілген.

Әрине,пайдалы емес.Себебі,телефонда көп отыру денсаулығымызға біраз зиянын да тигізеді.Көзіміз ауырып,басымыздың айналуы да байқалуы мүмкін.

Жалпы,жақында ғана «карантин бізге оқу үшін университет не мектептің керек еместігін дәлелдеп берді» деген сөйлемді көзім шалып қалды.Иә,шыныменде карантин кезінде біз кей жерлерде тойханаларды да мектепке айналдырдық емес пе?Оқу үшін белгілі бір объектінің болуы шарт емес екеніне көзіміз жетті.Онлайн оқу бізді ізденіске көп үйретті.

Дегенмен де университеттің жөні бөлек.Онлайн оқу арқылы студенттер аудитория атмосферасының бағасын біліп қалғандай.Бірге оқитын группаластарымен өткізген әр тәтті естеліктің бақыт екенін түсінгендей.Сессияға дайындалып отырған студенттерге лық толы кітапхананы аңсағандай.Лекция кезінде қалғып кеткенде,»Әй,тұрсаңшы,түнімен жұмыс істедің бе?» деген лектор сөзін сағынғандай.Ал,сіз,құрметті студент, оқу орныңызды қаншалықты сағындыңыз?

Тұрлыбек Ұлжан
Тұран университеті
3 курс


ПІКІР ҚАЛДЫРУ