«ОНЛАЙН ӨМІРДІҢ» 10 ЗАРДАБЫ…

0
1381

Біз оны білеміз. Бірақ сезіне бермейміз. Сезінуіміз мүмкін. Алайда алданып қалатынымыз анық.

Иә, қазір адам санасын басқарудың немесе адамзатты рухани аздырудың түрлі тәсілі тәжірибеге енді. Ғаламтор, әлеуметтік желілер, телефонға тәуелділік, тағысын тағылар… «Бұл – бүгінгі заманның техникалық жетістігі. Мөлшерімен пайдалана білсе – пайдасы шаш етектен», – дейтіндердің уәжі де орынды. Өзін басқара алатын (Алла Тағала бізге осындай мінез бен сипатты нәсіп еткей) адамның әңгімесі басқа.

Алайда, қайшының мысалы секілді, біз оны кейде тұрмыстың игілігі үшін емес, біреудің үмітін үзіп яки жан жарасын «тырнап», тіршіліктің тамаша заңдылығына қайшы (мүмкін байқамай, мүмкін әдейі…) пайдаланып жатамыз. Қайшыны адамгершілік құндылықтарға қайшы пайдалану мәселесі мазалайды. Айтайын дегеніміз осы еді. Ендеше, «онлайн өмірдің» зардаптары туралы ойланып көрейік.

1. МЕЙІРІМСІЗДІК. Қазір ұрыс-керістің ХХІ ғасырға тән «тәсілі» пайда болды. «Қарсыластың» (болашақта жақын досыңызға айналуы мүмкін) жағасын жыртып, көзін «көгертіп» әуре болмайсыз. Білектің күшінен асып түсетін «әлеуметтік желі» деген адам жанын ауыр жаралайтын «қаруыңыз» бар. Желіден желдей ескен негізсіз жалалар мен ғайбат сөздер адамдар арасындағы мейірімділік, қайырымдылық, бауырмалдық, т.б. асыл құндылықтардың алтын арқауын біртіндеп үзіп түсіруде… Алла сақтасын!

Желі пайдаланушылар тақырыпты талқылауды қойып, адамның жеке тұлғасын қорлауды, кемшілігін сынап тастауды үлкен «олжа» көре бастады. Бітіспес дау бітімгершілікке бастаса игі еді. Алайда әлеуметтік желі түрлі көзқарастар мен ұстанымдардың «соғыс» алаңына айналды. Несіне жасырайық, оқырмандар арасындағы нүктесі жоқ пікірталастар кеңшілікке емес, кекшілдікке бастап жатқан жайы бар. Пікірталаста жеңілмеу, реті келсе сөзбен түйреп тастау – басты мақсат болып қалғандай.

2. УАҚЫТТЫ ӨЛТІРУ. Таңғы жұмыстың «кіріспесі» әлеуметтік желіні «шарлаудан» басталатын болды. Оған біреу 1 сағатын «құрбан» етеді. Біреулер үшін 2 сағат аздық етеді. Өзгенің не ішіп, не жеп, қандай киім киіп, қайда барғанын көріп, біреу үшін ызаланып, біреу үшін қуанып эмоцияға беріліп жүргенде 2-3 сағаттың өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Таңертең ғаламтордың тұңғиығына бір «сүңгіп» алмасақ бір нәрсе жетіспей тұрған секілді болады… Ватсапқа кіріп, кім не жібергенін көріп шықпасақ, басымыз «ауырып» қалатын жағдайға жеттік. Телефонға тәуелділік күн өткен сайын артып келеді. Қалтафонмен таң атырып, кеш батыратын болдық. Кітап оқу, отбасыға көңіл бөлу, спортпен шұғылдану секілді пайдалы істер кейінге ысырылды.

3. «ӘЛЕУМЕТТІК МҮГЕДЕК». Шотландиядағы Эдинбург университетінің докторы Аяд Рахван желіге тәуелді болған адамды «әлеуметтік мүгедек» деп атапты. Ал керек болса… Желіден «түспейтіндер» арасында ғылыми зерттеу жасаған ғалым: «Әлеуметтік желі адамның ойлау логикасы мен шешім қабылдауына кері әсер ететініне көзім жетті. Осы мәселе бойынша ғылыми талдау жасау барысында әлеуметтік желі адамның сараптау, талдау, есте сақтау қабілетін азайтады деген қорытынды шығардым», – дейді. Доктор А.Рахван желіні белсенді пайдаланушылар арасында қарапайым сауалнама жүргізіпті. Қатысушылардың 80 пайызы санаулы сәтте оңай сұраққа дұрыс жауап бере алмаған.

«Әлеуметтік желіге тәуелді болған адам әр мәселеге атүсті қарайтын дәрежеге жетеді. Өйткені, 1 минутта бірнеше жаңалыққа лезде шолу жасау осыған итермелейді. Сөйтіп, адам ойлау, талдау қабілетінен айырыла бастайды», – дейді Эдинбург университетінің докторы Аяд Рахван. Ғалымның статистикасы бойынша, желідегі белсенділердің небары 20 пайызы ғана көлемді материалдарды соңына дейін оқып, сол мәселе төңірегінде ой қорытып, талдау жасай алады екен…

4. ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛУ. Виртуалды өмір адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, олардың өзара сұхбаттасуына сызат түсіріп жатқанын көріп жүрміз. Бұған мына әзіл жеткілікті: «Дастарқан басында отырған әке-шеше, бала-шаға бәрі телефоннан бас көтермей ватсаппен әуре болып жатса керек. Бір шетте шәй құйып, оны кімге ұсынарын білмей отырған келіні сол ватсаптағы топқа «шәйдан ішіп отырыңыздар» деп жазып жіберіпті…» Күлмекке жақсы әзіл екен. Алайда ақиқаты осы…

Телефонын үйде де, түзде де қолынан түсірмейтін бір жігітке әйелі: «Шіркін, мен сенің «телефоныңа» айналып кетсем ғой…» – депті.

Ғаламтор әлеміне кіріп кеткен адам шынайы өмірден алшақтайды. Бүкіл болмыс, ми, көңіл күй, назар әлеуметтік желідегі боямалы, жасанды өмірге ауған кезде айналадағы адаммен әңгімелесуге, ата-анамыздың көңілін аулауға, баламыздың тәрбиесі мен сабағын қадағалауға уақыт жетпей қалады. Өйткені, біз бос емеспіз. Одан да «маңызды» шаруамен шұғылданып жатырмыз ғой… Ой мен көңілді, сезім мен түйсікті ғаламтордағы қайдағы біреудің жылт еткен жылтырақ суреттері жаулап алған.

«Онлайн режимде» өмір сүретін адам жұмыс пен жанұядағы адамдармен жөнді тіл табысудан қалады екен. Сөйтіп өзі де, өзгелер де тұйыққа тіреледі… Ғалымдар мұндай күйге түскен адамды өзге түгіл өзінің өміріне жауапкершілікпен қарай алмайтын, ғаламтордың нұсқауымен тіршілік кешетін зомбилер мен тірі «құлтемірлер» деген тұжырым айтыпты… Алла сақтасын!

5. ДЕРТ. Мойындамасқа лажымыз жоқ, әлеуметтік желі біздің сырласымыз бен мұңдасымызға айналды. Бұрын ішіміздегі шерімізді жақын адамға айтып, шығарушы едік. Қазір ата-анамызға, досымызға, жанашыр адамға айта алмаған қайғымыз бен қуанышымызды желіде «желпінген» жандармен бөлісеміз. Сөйтіп, отбасының сыры мен құпиясын жалпақ жұртқа жариялап жіберуді айып санамайтын күйге жеттік.

«Түркияға демалуға кетіп барамыз, мынау жолдасым сыйлаған гүл, бүгін күйеуіммен келіспей қалдым, қызымның жаңа сөмкесі, бүгін алған көйлегім…» Осы сарындағы жаңалықтардан көз сүрінеді. Біреудің тіл-көзі бар емес пе?.. Тіл-көз тиюден қалайша қорықпай кеткенімізге қайранбыз.

Өткен жолы әлеуметтік желілерден зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсететін орталықтар туралы ақпаратты оқығанда зәре-құтымыз қашты. Желіге минутын емес, бірнеше сағатын арнайтындар психологиялық күйзелісті бастан кешеді. Интернетке тәуелділік адам жүйкесін «жұқартып» тастайды екен.

6. ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚҰРТУ. Телефон мен компьютерге ұзақ телміргендер денсаулығын құртады. «Белің ауырса, бүйрегің сыр берсе – компьютерде ұзақ отырма. Көбірек жүр, көбірек қозғал. Турникке тартын. Одан басқа ем жоқ», – деп еді бір дәрігер…

Тіпті, тамақтанып отырғанда да телефонымызға дамыл жоқ. Тамақты тәбетпен ішу жоқ. Назарымыз, эмоциямыз – әлеуметтік желіде. Бірінен соң бірін шарлап отырғанда не ішіп, не жеп қойғаныңды білмей қаласың. Тәтті тамаққа тұзды нәрсені араластырып, ыстық шайдан соң суық су ішіп дегендей, тамақтану тәртібінің «кашасын» шығарамыз. Өйткені, толассыз келіп жатқан жаңалықтарды лезде шемішкедей шағу керек…

7. АРТЫҚ АҚПАРАТ – АРТЫҚ ПРОБЛЕМА. Әлеуметтік желі сіз туралы (үй мен жұмыстың мекен-жайы, телефон, электронды пошта, т.б.) ақпараттың бәрін талап етеді. Желіге отбасыңызбен қайда, қанша күнге демалатыныңызды жайып салған сәтте, кейбір әккі ұрылар жанұялық жоспарыңызды ұтымды пайдалануы мүмкін. Осылайша, артық ақпарат артық проблема туғызуы ғажап емес. Желіде «шетелге немесе елге кетіп барамыз» деп шулатқан өзіміз. Мұны аңдып отырған ұрыларға үйдегі бағалы заттарымызды «сыйға» қалдырып кететін өзіміз. Кімге шағымданамыз? Кінәлі – тағы өзіміз…

8. ӨЗ СӨЗІМНІҢ – ТҰТҚЫНЫМЫН… Әлеуметтік желі – іштегі эмоцияны шығарудың алаңы. Кейде іштегі шерді жұтып жіберуге тура келетін жағдайлар болады. Алайда желі деген «сырлас досымыз» бұған жол бермейді. Монитордың арғы бетінен ірі сөйле, тіліп айт, «жыртып» жаз,  «шымшып» ал, аямай «соғып» ал деп тұрады. Сөйтіп, бізді аузы «батыр» адамдардың қатарына қосады. Өзінің шағын мемлекетін (отбасын) басқара алмайтындарды бүкіл мемлекетті «басқаруға» «тәрбиелейді». Саясатқа араластырып, арандатады, біреулерге еріп «үргізеді». Нәтижесінде адамды өз сөзінің «тұтқынына» айналдырады. Мұндай айлаға алданып, жұмысы мен жанұясынан береке кеткен талай жігітті көзіміз көрді.

9. ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАЙҚАЛУЫ. Желідегі жылт еткен суреттерге қызығып та, қызғанып та қарайтын кейбір әйелдер: «Анау жолдасына шуба әперіпті, мынау көлік сыйлапты, анау болса сырға сатып алыпты, мынау Түркияда демалып жатыр. Сонда сен мені қашан жарылқайсың?» – деген шағымдар айтып, қанағатсыздық танытып қоятыны жасырын емес. Осыдан кейін: «Біреудің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай», – деген мағынадағы сөздер отағасыға қарай қарша борайды. Түсінбеушіліктің соңы жақсылыққа әкелмейтіні бесенеден белгілі…

10. КҮНӘ АРҚАЛАУ. Әлеуметтік желіде біреуді кемсіту, оны ғайбаттау, жағалаудағы жартылай жалаңаш суретіңді жариялап, өзгелердің иманын әлсірету, болмашы бұйымдарды салып, қаншама шаңырақтың шайқалуына түрткі болу, денсаулықты құртып, уақытты өлтіру, тұйыққа тіреліп, өз өміріңе немкетті қарау, тағысын тағылар адамгершілікке де, шариғатқа да сай келмейтін әрекеттер. Бұлар пенденің күнә арқалауына себеп болмайды деп ешкім кепілдік бере алмас…

ТҮЙІН. Біздің бұл жазбамыз ғаламтордың игілігі мен тиімділігін жоққа шығару деген сөз емес. Мұрат Мөңкеұлы бабамыз айтқандай, «Мен қауіп еткеннен айтамын…»

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ