Наурызда Қазақстанда жаңа телеарна ашылады

0
1110

Биылғы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызда Қазақстанда жаңа телеарна ашылады. Ол «Еларна» деп аталатын болады. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы хабарлаған болатын.

Естеріңізде болса, «Еларна» деген арна бұған дейін де болған. «Жабылып қалған арнаның атауына неге қайта оралып отыр екен?» деген сауал көкейіңізде тұрған шығар. Осы орайда: «Бұл ескі телеарнаны қайта жаңғырту болмайды. Жаңа арнаның форматы да   өзгеше, жаңаша. «Еларна» деген – барлық тілге етене, жақсы бренд. Сондықтан, оны сақтап қалғымыз келеді. Жаңа арна Қазақстанда жасалған, тек отандық көркем және деректі фильмдерді, сериалдарды көрсететін болады» дейді министр. Сондай-ақ, жаңа туындылармен қатар, 1940 жылдардан бері Қазақстанда жасалған киноклассиканы да осы арнадан көрсету бойынша келіссөздер жүргізілген. Олай болса, жаңа арна жас ұрпақты «Менің атым Қожа», «Алдар көсе», «Гауһартас», басқа да қазақ кинематографиясының Алтын қорына енген, қазір өзге арналар сирек қоятын тамаша туындылармен қауыштырары сөзсіз.

 Соңғы үш жылда ұлттық фильмдер өндірісі аясында министрліктің қолдауымен 100-ге жуық фильм түсiрiлген. Қазiргi уақытта 40-тан астам кино түсiрiлiп жатыр.

Ресми статистикаға сәйкес, елде қызмет ететін 35 киноөндіріс ұйымы жылына 250-ден астам кинокартина түсiредi, оның ішінде телевизиялық және жеке жобалар да бар. Жалпы, кинопрокат көлеміндегі отандық фильмдердің үлесі бүгiнде  алты  пайызды құрайды.

Сондай-ақ, қазiргi уақытта қазақ киносын дамытуға арналған тұңғыш заң жобасы әзiрленiп жатыр. Ол наурыз айында Үкiмет қарауына ұсынылып, мамырда Парламентте қаралады деп жоспарланған.

*Сіз не дейсіз?

Ернар БЕКЕНОВ,

киноблогер:

Уақыт талабынан туындаған мақсат

– Мұндай арнаның ашылуы заңдылық. Кеңес заманын айтпағанда, тәуелсіздік жылдары жарық көрген кинокартиналар көп. Түсірілген фильмдердің оннан бірі ғана кинотеатрда көрсетілетін шығар, қалғандары прокатқа түрлі себептермен  жол таба алмай жатады. Халықаралық кинофестивальдарға қатысып жүрген жүлделі фильмдер де аз емес. Бір өкініштісі, авторлық киноның көрермені аз, сондықтан, кинотеатрлар ондай жобаларды бұқараға көрсетуге аса құлық танытпайды. Осылардың барлығын көрерменге жеткізетін бір құралдың қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан, «Еларна» дер кезінде, аса маңызды уақытта ашылғалы отыр.

Әрі кино – мораль мен идеологияны жеткізетін ең өтімді құрал. Осы тұрғыдан алып қарасақ, көрерменін тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дарыту мақсатында мемлекет үшін де тамаша мүмкіндік ашылып отыр.

Еламан ТӨлешоВ,

студент:

Теледидар – тәрбие құралы

– Көп ретте қазақ тілді туындыларды кинотеатрлардан көрмек болған сәтте, уақытының ыңғайсыздығы қолайсыздықтар туғызатын. Яғни, жеке кәсіпкерлер «сұраныс жоқ» деген желеумен қазақ тілді киноларды тым ерте уақытқа немесе тым кешкі мезгілге қояды. Бұл жерде қазақ тілді жарнаманың да маңыздылығы туралы мәселенің шеті шығады. Ал, енді тек отандық кинотуындыларды көрсететін каналдың ашылуы – расымен де үлкен қуаныш.

Теледидар – тәрбие құралы. Ендеше, қолымызда бар құралды өз деңгейінде пайдалана алуға қол жетіп отырғаны – құптарлық. Айта кеткен жөн, соңғы кездері түсіріліп отырған киноларда көбіне ауылдың кенже қалған, дамымаған, адамдарын таяз түсінікті етіп көрсетеді. Бұл – дұрыс емес. Ауыл – бәріміздің бастауымыз.

Салтанат СҮЛЕЙМЕНОВА,

үй шаруасындағы ана:

Қазақ киносының кемдігі жоқ

– Қазір көрейін деген адамға кино өте көп. Тек біздің өмірлік ұстанымдарымызға лайықтысын таңдау қиын. Олай дейтін себебім, үндінің, филиппиннің, түріктің сериалдары арналарда қаптап жүр. Балаларымыз «Келіндегі» кейіпкерлерді жаттап алған, жылаңқы сериалдарды да үйіндегілерден қалыспай көреді. Осы ретте тек отандық киноларды көрсететін арнаның ашылуы – үлкен қуаныш.

Негізінен үйде отырғандықтан, мен қазақша сериалдардың басым көпшілігін көріп шықтым. «Әулет», «Қара шаңырақ» сынды сериалдарын тамашалап, тәнті болсам, керісінше «Айжан», «Жібек» секілді сериалдардағы қазақ қызының жат қылықтары аналық жүрегімді ауыртты.

Гүлжан Әмірова

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ