Бүгін Дінмұхамед Қонаевтің туған күні. Қонаев жайлы деректер

0
2460

«Ақиқаттан аттауға болмайды» атты автобиографиялық кітабында Д.Қонаев өзінің ұлы жүздің ысты руынан шыққанын айтады. Ұйғыр жазушысы А.Ганиев болса «Исмайил Юспов: С чистотой помыслов» атты деректі повесінде Қонаевтың ұлты – татар, қызметте жоғарылау үшін төлқұжатта «қазақ» болып жазылды деген тұжырым жасайды.

* * *

Қонаевтар әулетінен үш академик шыққан, олар: өзі, інісі Асқар, әпкесі Әминаның баласы Едіге Түркебаев. Әр түрлі ғылым саласындағы оннан астам ғылым кандидаты шыққан.

* * *

1967 жылдың күзінде Алматинка өзенінің жағалауындағы жартасқа зарядтар қойылып, қолдан жарылыс жасалды. Сөйтіп, селден қорғайтын бөгеттің негізі қаланды. 1973 жылы араға уақыт салып екі дүркін соққан алапат селге осы бөгет тосқауыл болды. Селге қарсы қарбалас жұмыстарға Қонаев өзі жетекшілік етті.

* * *

Жазушы Әлжаппар Әбішев Қонаевты ең жиі сынаған адамдардың бірі. Д.Қонаев басқа пәтерге көшкенде 3 бөлмелі пәтерін басқаға емес, сол Ә.Әбішевке қалдырған.

* * *

Министрлер кабинетінің төрағасы болғаннан кейін академик атағы үшін төленетін 340 сом төлемақыдан бас тартқан. Бұл қаражат балалар мен жас ғалымдарға көмек ретінде аударылып отырған.

* * *

Қазіргі Абылай хан-Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысындағы үш қабатты үйде тұрған Қонаевтың таңертең Үкімет үйіндегі жұмысына жаяу аяңдап бара жатқанын халық жиі көрген.

* * *

Өте қарапайым өмір сүрген. Қонаевтың үйіне алғаш келген И.Брежнев  бір бөлме, ас үй және жеке кабинетін көріп «Иәәә! Бізде полтбюроның мүшелері де бұдан жақсы тұрады!» деп таңданысын білдіріпті.

* * *

Коллекциялық қару-жарақ жинаумен айналысқан. 80-жылдардың соңында қуғындала бастаған кезде коллекциясындағы қару-жарақтар тәркіленген. Тәркіленген қару-жарақтардың кейбіреуі әлі күнге дейін қайтарылмаған. Қайтарылғандарының басым бөлігі қазір Алматыдағы Қонаев мұражайында. Бұл қару-жарақтарды кімдердің сыйлағаны туралы нақты құжаттар сақталған.

* * *

Сонымен қатар, оттық жинаумен де айналысқан. Коллекциясындағы 476 оттықтың біразын Жапония премьер-министрі Ясухиро Накасонэ, АҚШ Президенті Джон Кеннеди, Египет президенті Гамаль Абдеь Насер, Ирак премьері Саддам Хусейин сынды әйгілі саяси тұлғалар сыйға тартқан.

* * *

Музыканы ерекше жақсы көрген, үйінде музыка қосылып тұрғанын қалаған. Лондонға барған сапарында Майкл Джексонның, BeeGees тобының пластинкаларын сатып алған.

* * *

Әйгілі композитор Раймон Паулстың айтуынша, Роза Рымбаеваның «Песня-79» гала-концертіне қатысушылардың тізіміне енуіне Д.Қонаев ықпал еткен.

* * *

1986 жылы 16 желтоқсандағы Қазақстанның КП ОК Д.Қонаевты Қазақстанның КП ОК бірінші хатшысы қызметінен босату туралы шешім қабылданған пленуы 18 минутқа ғана созылған.

* * *

Өмірінің соңына дейін коммунистік идеяларға адал болғанына қарамастан, кітапханасында Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» тарихи-көркем шығармасы болған.

* * *

Д.А.Қонаевтың құрметіне Алматыдағы Карл Маркс көшесінің атауы өзгертілген. Көше бойындағы фонтаны бар сквер жанында қола кеуде мүсіні қойылған. Астанада да Д.Қонаев атында көше бар.

* * *

2002 жылы Д.А.Қонаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Риддер ақаласына оның есімін беру туралы бастама көтерілді, алайда тиісті органдар тарапынан қолдау таппады.

Әзірлеген Нұртөре САМАРҚАН


ПІКІР ҚАЛДЫРУ