Сөз-семсер! көркем сөз оқу дағдысын жетілдіру сабағы

0
1690
“Шығармалардағы әдіс –амалдарды жетілдіру” Ашық сабақ

Тақырыбы: Сөз-семсер!

Мақсаты:

Оқушылардың көркем сөз оқу дағдысын жетілдіру. Көркем шығармалардан үзінді не толық өлеңді сөздерді жатқа айтқыза отырып, сөз мағынасын, сөз құдіретін таныту. Ел тарихын, әдебиетін зерделеуге бағыттау арқылы сыни ойлау, шығармашылық дағдыларын дамыту.

Әдісі:мәнерлеп оқу, рөлдік орындау

Түрі: әдеби-танымдық кеш

Көрнекілігі:

Барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ.1-жүргізуші: Тәуелсіз егемен ел болғанымызға 25 жыл. Бірақ тәуелсіздік оңай келген жоқ. Ата-бабаларымыз азат елдік үшін дәуірлерді дүбірлетіп, ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен ғана емес, сөзді семсер етіп те күресіп өткеніне ата тарих жеткізген ана тіліміз куә, өзен-көліміз куә, тау мен тасымыз куә, ұлан даламыз куә. Ендеше, «Рухани жаңғыруға» бағытталған

«Сөз-семсер!» тақырыбындағы әдеби кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

2-жүргізуші: Қай халықтың болса да өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды.

1-жүргізуші: Өткен дәуір Ү-ҮІІІ ғасырларда Түркілер «Түрік қағанаты» деп аталатын алып мемлекет құрды. Монғолиядағы Орхон өзені бойынан табылған жазулардың бірі түркі батырына арналған «Күлтегін» жыры. Жырдың мазмұн байлығы, ой тереңдігі, таза көркемдік қасиеттері көне түркі дәуірінің өзінде сөз өнерінің жоғары өреге жеткендігін айғақтайды. Жырдан үзінді.

  1. Бақшақбаева Гүлсары
  2. Нұрланбекқызы Фарангиз
  3. Айранбаев Айсұлтан
2-жүргізуші: Қазақ даласында байырғы заманнан осы уақытқа дейін небір даңқты көсемдер мен шешендер, айрықша қабілетті даналар мен сөзі дуалы билер, ержұрек батырлар өткен. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласында осы даланың тұлғаларын тану, таныту, танығанын жинақтап, сериялар шығару, аллея жасау мәселесін тапсырды.

1-жүргізуші: ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, өз алдына ұлт болып ұйысу жолындағы күрес сөз өнерінің соны сыпатта қалыптасуына әсер етті. Бүкіл Дәшті-Қыпшаққа даңқты жыраулар өз заманында елге ұйтқы, азаматқа ақылгөй, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, әскербасы, рубасы болып сансыз жортуылды бастан кешірді. Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі, өз заманының ұлы ойшылы Асан қайғы атанған Хасан Сәбитұлының толғаулары.

  1. Қырында киік жайлаған (Жолболдиева Кәусар)

2-жүргізуші: Сахара эпосын тудырушылардың бірі- ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик Қазтуған жырау Сүйінішұлы.

  1. Мадақ жыры
  2. Алаң да алаң, алаң жұрт (Нұрғалиев Ақнұр, Қожабекова Забида)
1-жүргізуші: Толғауларынан ортағасырлық көшпендінің өр тұлғасы, ерлік кейпі, асқақ рухын танытатын жорық жыршысы-Доспамбет жырау. Донның төменгі ағысындағы Азау қаласында туып, Астрахань түбінде 30-ға жетпес жасында қаза тапқан. Доспамбет жырау бүкіл Дәшті-Қыпшақты жақсы біліп, Стамбул мен Бақшасарайда да болған.
  1. Қоғалы көлдер, қом сулар
  2. Қалаға қабылан жаулар тигей ме?
  3. Азау, Азау дегенің (Расулхан Мелена, Құрманбекқызы Гауһар)

2-жүргізуші: Өзінің ұзақ өмірінде Дәшті-Қыпшақтың төрт бұрышын түгел шарлаған, заманының бірінші ақыны танылып, даңққа бөленген әміршілердің ешқайсысының шашбауын көтеріп жағынбаған, турашылдығынан танбаған Шалкиіз жырау Тіленшіұлы.

  1. Алаштан байтақ озбаса
  2. Би Темірге бірінші толғау

(Қожабекова Забида, Нысанова Алиса, Байтақов Сағадат)

1-жүргізуші: Қазақ халқы ерлікке толы күн кешкен ХҮІІ ғасырдан біздің заманымызға Жиембет, Марғасқа жыраулардың аттары жетті. Сөз өнерін жетік меңгерген арқалы жыраулар тарихта «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен белгілі Есім хан тұсында өмір сүрді.

  1. Ей, Қатағанның хан Тұрсын (Марғасқа жырау)
  2. Әмірің қатты, Есім хан (Жиембет жырау)

(Нысанова Элиза, Нұралиева Айғаным)

2-жүргізуші: Күлтегін заманынан жалғасқан күрескерлік рух ХІХ ғасырға да жетті. Жалындаған жас өмірін бір ғана қасиетті мұратқа, ұлы арманға- халқының бостандығына арнаған ұлы ақын, Исатай Тайманұлы бастаған ұлт- азаттық көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі- Махамбет Өтемісүлы.
  1. Ереуіл атқа ер салмай
  2. Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны. (І-ХІІ бөлім)

2-жүргізуші: Махамбет өлерінен үш күн бұрын түс көріпті. Түсінде иығынан ұшып түскен өз басы өзіне қоштасу айтып тұр екен.

  1. Махамбеттің соңғы сөзі.

(Өлең авторы заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов,

Жамаладинова Аружан)

1-жүргізуші: Өз заманындағы қорқау хан, сұлтандарға, жемқор билерге кемшілігін бетіне айтқан ержүрек ақын әрі көтеріліс сарбаздарының бірі- Шернияз Жарылғасұлы. Исатай батыр қазасынан соң Шернияз ақын Баймағамбет сұлтан қудалауына түседі. Бетпе- бет кездесуде Шернияз ақынның Баймағамбет сұлтанға айтқаны бойынша Аралдық қайсар да күрескер ақын Зейнолла Шүкіровтің өлеңі.

  1. Шернияз ақынның сөзі (Қожабаева Қарақат)
2-жүргізуші: Ғасырлар безбенінде талайлар өткен туған халқының болашағы үшін қабырғасы қайыса толғанып. Солардың бірегейі- данышпан Абай атамыз. Абай бүкіл адамзаттың деңгейіндегі ой баққан ғұлама. Данышпанның даналық ойларынан аударма арқылы әлем сусындауда.
  1. Осы мен өзім қазақпын.
  2. Көкіректе сәуле жоқ.
  3. Біреулер құдайдан бала тілейді.

(Құдайбергенова Динара, Кәни Мөлдір, Тәңірбергенова Іңкәр)

1-жүргізуші:

  1. Өзің үшін еңбек қылсаң,
  2. Адам ата-анадан туғанда…

(Бекжанова Гүлбағыс, Қоныс Назира, Бектұрғанова Нұрсая )

2-жүргізуші:

  1. Сенбе жұртқа.
  2. Қалың елім, қазағым.
  3. Ей, жүрегімнің қуаты, перзентілерім.

(Сансызбаев Жанболат, Қазбекова Айым, Бектұрғанова Аружан)

1-жүргізуші: Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Шоқан мен Абай сынды көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Солардың ісі мен сөзін ХХІ ғасырға жалғаған қазақтың біртуар перзенті Мұхтар Шаханов Отанды сүю төрт анадан бастау алатынын айтқан.

  1. Төрт ана (Нұрсейтов Сырым)

2-жүргізуші: Ұлы дала елінің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақ мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!- деген елбасы сөзімен кешімізді қорытындылаймыз. Қатысқандарыңызға рахмет.

Сексенбаева Балагул Карсакбаевна
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Абай селосы
№59 орта мектеп


ПІКІР ҚАЛДЫРУ