С.Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» повесіндегі табиғат күшіне адамдар қарсы тұра алды ма?

0
23890

Адамның жан сезімін көңіл-күйін тікелей  сыршылдықпен айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын қабылдаудан, сезім-әсер байлығынан туады. Осы сезім сырын психологиялық мотивировка жағынан шебер суреттеген жазушыларымыздың бірі – Сәкен Жүнісов.
Сәкен Жүнісов өмір шындығына қоса оқырман көңілін аялап, сезімге шомылдырып, еріксіз ойға батыратын, мөлдір сағынышқа бөлейтін нәзік сезім иірімдерімен оқырман көңілінен ерекше орын алған.
«Заманай мен Аманай» — Сәкен Жүнісовтің табысты туындыларының бірі. Оның қазақ прозасындағы орны ерекше. Сәкен Жүнісовтің повесінде ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы халық ахуалы, тіршілігі көрініс береді. Ұжымдастыру уақытында жат мекен, өзге қонысқа қоныстанған қазақтардың сұрықсыз өмірі, күйбең тірлігінен сыр беретін повес романға арқау болар ауыр жүкті арқалаған. 
Жат жерде жүрген қазақтың елін, жерін сағынып, көксеуі Отанға деген нағыз махаббатын көрсетеді. Өзге топырақта күн кешіп, өзге судан ішіп, өзге ауамен тыныстаса да, жүрегі темірқазық туған жері үшін соғып, кіндік қаны тамған өлкені бір сәтке болсын естен шығара алмауы оқырманның тұла бойын нәзік сезімге толтырып, ұлтын, жерін сүюге үндейді. Повестің өскелең ұрпаққа берері мол. Отанын сүюге, патриоттық сезімге тәрбиелейтін повесть қазақ прозасындағы шоқтығы биік туынды болып қала бермек.
Жазушы жан сарайыңды жаулап алып, оны құдіретті, ізгі және ілтипатшыл ететін ұлы махаббат сезімі екенін өзінің «Заманай мен Аманай» повесіндегі аты аңызға айналған Сәукеле тауы арқылы жеткізіп, оны  махаббаттың символы іспеттес еткен. Жазушы Сәукеле тауының идеялық-композициялық желісін көркемдік шеберлікпен қазақ ұғымына түсінікті етіп, мынадай біртұтас сюжеттік бөліктер жүйесімен шебер жеткізе білген. Бірінші – ғаламат өнерімен атақтары бүкіл елге жайылған Сәннәт пен Зеннәт атты екі ұстаның ұлы достықпен өмір сүруі; екіншісі – Сәннәттің жеті қызы, Зеннәттің жеті ұлы болып, бір-бірімен құда болуы және қыздарына ісмерлік, ұлдарына зергерлік, ұсталық қонбауы; үшіншісі – Сәннәт пен Зеннәтқа қылышынан қан тамған хан Ми-Лаудың жалғыз ұлы Жәәйді өздерінен асқан зергер етіп шығаруға бұйрық беруі және екі ұстаның Гүлсәнә атты қызы мен Ғиззат атты ұлының дүниеге келіп, тағы да бір-бірімен құдаласуы, олардың сұлу әрі он саусағынан өнер тамған шебер болып өсуі; төртіншісі – хан Ми-Лаудың Гүлсәнәнің сұлулығына таңданып, жалғыз ұлы Жәәйге атастыруы, оларға Ғиззатты малай етуі және Сәннәт пен Зеннәттің зар илеп қиналуы; бесіншісі – Жәәйдің періштедей екі сәбидің (Ғиззат пен Гүлсәнәнің) сұлу мүсіндерін алып жартасқа қашап салуы және Жәәйдің қаза табуы, хан Ми-Лаудың Ғиззат пен Гүлсәнәға көрсеткен зұлымдығы; алтыншысы – Ғиззаттың Гүлсәнәні хан Ми-Лаудың қорлығынан құтқаруы; жетіншісі – Ғиззат пен Гүлсәнәнің құшақтасқан қалпында ақ сәукелесімен аппақ мұзды шыңға айналуы.
Бұл үзіндіні оқи отырып, туған жер, атамекен әр адамның тағдырын құрайтынын түсінеміз. Тек одан барлық алғаныңды көңіл сүзгісінен өткізіп, бал жинаған арадай жүрегіңе құя білуің шарт деген ойға келесің.
Туған жерді сүю дегеніміз өмір бақи өз жеріңде байланып қалу емес. Әлемге назар аудармай табандап отырып алсақ, ақпайтын көл секілді өз-өзімізбен тұйықталып, әлемдік даму мен өркениеттен құралақан қалар едік.
Десе де, жер шарының қай ендігі, экватордың қай белдеуінде жүрсең де, қайта соғар, сағынышыңды басар темірқазығың — туған жер атты ұлы ұғым біреу. Сонымен рухани байланысыңды үзбесең ғана айдарыңнан жел еспек. Өйткені өзге топырақ, өзге ауа, өзге су оның орнын толтыра алмақ емес.
Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманай» повесінде туған жерге деген перзенттік махаббат пен Отанға деген сүйіспеншілік керемет суреттелген. Повестің бізге берер тәрбиесі, тағылымы көп. Балалардың бойындағы патриоттық сезімді оятып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Осындай шығармалар арқылы ертеңге еге болар ұлтжанды ұрпақтар көбейеді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ