Сақтардың мәдениеті мен өнері

0
18604
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Сақтардың мәдениеті мен өнері

Тұрғын үй және киімі

Сақ заманында Қазақстан аумағындағы мал өсіретін тайпаның мәдениеті мен өнері өзінің алдындағы уақытпен салыстырғанда дамудың біршама жоғары сатысына жетті. Темір металлургиясы, көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы материалдық және рухани мәдениет түрлерін түбірімен өзгертті.

Еуразияның мал өсіретін тайпаларының өз негізінде біртұтас экономикалық базисі, экономикалық және мәдени байланыстары Оңтүстік Сібір, Алтай, Қазақстан аумағын, Еділ бойын, Солтүстік Қара теңіз өңірін мекендеген тайпалар мен халықтардың-әсіресе ерте кездегі сақтардың, сарматтардың, скифтердің және басқаларының көптеген ұқсастығы бар мәдениетін өмірге әкелді. Алайда осы тайпалардың мәдениеті мен өнерінде елеулі айырмашылықтар да бар, олар Қазақстанның түрлі аудандарын мекендеген сақ тайпаларында әр түрлі болған.

Ғылымда сақтардың тұрмыс салты мен тұрғын жайы туралы деректер көп емес. Бәлкім, көшім-қонымы көп тұрмыс салтына лайықты тұрғын жайдың тігіліп-жығылатын үлгісі-киіз үй сол кезде-ақ шыққан болуы ықтимал. Аңызға айналған аргиппейлерді сипаттай келіп, Геродот былай деп жазды: «Олардың әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағаш кез келген сәтте тығыз ақ киізбен жабылады, ал жазда жабусыз қалдырылады». Көшпелі тұрғын жайдың бұдан кейінгі эволюциясы барысында киіз үйдің құрылымы кемелдене түсті, бірақ оны жасаудың принципі б.з.б 1 мыңжылдықтың өзінде-ақ белгілі болған еді.

Геродот пен Гиппократтың хабарлайтынындай, мал өсіретін тайпалардың көш-қонды тұрғын үйлерімен бірге, көшпелілерде барынша кеңінен тараған төрт және алты доңғалақты арбаларға орнатылатын киіз үйлер де болды; жартылай көшпелілер мен отырықшы малшылар оларды жыл маусымдарында пайдаланды. Қазақстан аумағының оңтүстік, шығыс және солтүстік аудандарында тұрақты тұрғын үйлер: оңтүстікте-шикі кірпіштен, солтүстік және шығыста-бөренелерден салынған үйлер болғаны мәлім.

Ахеологиялық деректер бойынша, қола дәуірінде даланы мекендеушілер еүмбез тәрізді қима шатыры бар жертөле түріндегі тұрғын жайлар салды. Төбесі ағашпен дөңгелете жабылған мұндай үйлер Қазақстанда, Орта Азияда және Ресейдің оңтүстігінде табылды. Бұғылы өңірінен (Орталық Қазақстан), Шағалалы өзенінің бойынан (Солтүстік Қазақстан) табылған соңғы андроновтық кезеңдегі жер үстінде тұрғын жайлар киіз үйдің одан да гөрі жақын ертедегі үлгісі болып табылады.

Төбесі шатырланып және дөңгелене жабылған бұл ағаш құрылыстар киәз үйге ғажап ұқсайды. Көшпелі сәулет өнерінің бастамасы нақ осы киіз үй тәріздес тұрғын жай болған. Орманды аймақ көшпелілерінің киіз үй тәріздес құрылыстарының бастапқы түрі төбесі шошақ күрке, ал далалық аймақта дөңгелете шатыр шығарылған жартылай жертөле болды.

Күрке мен жертөленің эволюциясы бір жағдайда төбесі шошақ киіз үйдің, екіші жағдайда төбесі дөңгелете жабылатын киіз үйдің жасалуына жеткізді.

Сақтардың киім, бас киім және аяқ киім үлгісі туралы деректер көбірек. Мәселен, Геродот сақтар топтарының бірі жайында олардың тығыз киізден тігілген шошақ бөрік киетінін хабарлайды.

Персепольдегі Ксеркс сарайының бедеріндегі және Пасаргадтағы Дарий мазарындағы бейнелер сақтардың киімі туралы айқын түсінік береді. Оларда бейнеленген сақтар биік шошақ бөрік, денемен дене, тізесіне дейін жететін бешпент киген, белбеу буынған, тар шалбар және өкшесіз аяқ киім киген; белбеудің оң жағына қанжар, ал сол жағына садақ ілінген.

Археологиялық олжалар осы түсініктерді қуаттап толықтыра түседі. Б.з.б 6-5 ғасырлардағы Орта Азия тұрғындарының Әмудария көмбесінен алтын және платина табақшаларында бейнеленген киім-кешек пен аяқ киім иран бедерлеріне жақын, бірақ бас киімінің шошақ төбесі мұнда төмен қайырылған. Оңтүстік Қазақстаннан табылған сақтың қола мүсінінде тік жағалы қысқа бешпент, қарлы дулыға киген адам бейнеленген; Жетісудан табылған алтын тоғалардан жалбағайлы шекпен киген салт аттыны көреміз.

Есік обасынан табылған ложа ақсүйек сақтың сәң-салтанат киімін, бас киімін, аяқ киімін, үстіне тағатын сәндік заттардың қалай орналасатынын қалпына келтірудіңілуде бір кездесетін мүмкіндігін береді. Оның басында тымақ тәріздес желкелігі бар, төбесі шошақ бөрік болған, ол жылқы, барыс, таутеке, құс, ағаш бейнеленген алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген; мойнында-ұшы жолбарыстың басы іспеттес алтын алқа, сол жақ құлағының сырғаларында-перузадан жасалған салпыншақтар бар, көз салған алтын сырға болған.

Үстіне мата көйлек кигізілген, оның өңірі мен жеңдері неше түрлі алтын қаптамалар мен тізбелер араластырып, әшекейлеп, кестеленген; көйлектің сыртынан киілген қызыл бояумен боялған былғары бешпенттің өн бойы жолбарыстың басы бейнеленген алтын тоғалармен және үш сала жапырақ формасындағы кішкене тоғалармен қапталған; бешпенттің сыртынан зооморфтық стильде жасалған, көзің жауын алатын он алты көлемді қаптармамен қапталған құрама белдік буынған.

Белдіктің оң жағына қызыл қынға салынған ұзын темір кемсер, сол жағына бұлан мен жылқы бейнеленген алтын қаптамалар шегелген қыны бар темір ақинақ ілінген. Тігіс-тігісі бойымен ұсақ алтын шеттіктермен әдіптелген шалбар киіп, балақтары бешпенттегідей алтын қаптамалар шегеленген саптама етікке сұғындырылған. Есік жауынгерлерінің алтын киімі иерархиялық басқыштың жоғары сатысында тұрған адамның салтанатты киімі болған.

Тоң болып қатып жататындықтан Таулы Алтайдағы сақ обаларында неше түрлі киімдер: тігіс-тігісіне қызыл жүн бау жүргізіліп әшекейленген ақ мата көйлектер, ақ талдырма киізден және бұлғын терісінен тігілген бешпент, жалбағайлы киіз күртешелер, ерлер мен әйелдердің киіз ұйықтары, әйелдердің тар жеңі кестеленген бешпенттері мен қысқа қонышының ойығы бар шегірен етігі, бұлғын терісінен тігілген балалар мен әйелдердің кеудешелері және т.б. сақталған.

Діни нанымдар мен ғұрыптары

Сақ тайпаларының діни түсініктері туралы мәселе аз зерттелген. Жерлеу материалдарына қарағанда, сақтарда ата-баба аруағына, отбасылық-рулық әулиелер мен желеп-жебеушілерге сыйыну ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптарлың шығуы өлген тумаларының мәңгі жасайтынына, өлгендер өзінің рулық қауымының салттары, үйреншікті ғұрыптары мен ережелері бойынша өмір сүре беретін о дүние бар деген сенімге негізделген.

Осыдан келіп өлген адаммен бірге оның беделі мен қауымдағы алатын орнына лайық мүліктің көмілуі, қауымның жеріндегі ру зиратында атқарылатын әрбір тайпаға немесе тайпалар тобына тән күрделі жерлеу ғұрпы шыққан. Малшыларда бұл ең алдымен қыстау маңы болды. Өлгендердің бәрі әдетте жылдың қай мезгілінде боласа да осы жерге жеткізілді. Мұндай ғұрып кейін сүйегін ру зиратына көшіретін болып не уақытша жерлеуді, немесе өліктің сақталуына көмектесетін қайсыбір амал қолдануды керек еткен.

Таулы Алтай мен Қазақстан аумағындағы сақтар зираттарын ашып-қазу сақ қоғамының ерекше ақсүйек өкілдері үшін өліктері үшін өліктерді бальзамдау мен мумиялау қолданылғанын көрсетеді.

Ондаған және жүздеген обалардан тұратын ірі-ірі рулық зираттар Қазақстанның көптеген аудандарында (Шілікті, Есік, Бесшатыр, Жуантөбе, Сыпыра-оба, Қараоба, Ұйғарақ), яғни отырықшы және жартылай көшпелі мал шаруашылығы басым болған жерлерде белгілі.

Сонымен бірге шөлді-далалық аудандарда ірі зираттар жоқ, онда қыстау үшін қолайлы жерлерде әрқайсысы 2-4 обадан тұран аздаған мола зираттар ғана бар. Сірә, халықтың көші-қонымының көптігіне және қоныстарының жиі ауыстырылуына байланысты көшпелі мал шаруашылығы аудандарында қыстайтын орындар, рулық зираттар болу дәстүрлері қалыптаспаса керек.

Сақ тайпаларының жерлеу ғұрпы алдындағы уақыттың ғұрыптарынан едәуір ерекше болды. Егер қола дәуірі үшін тас қоршаулар мен тас жәшіктерге жерлеу тән болса, сақтар мекендеген аудандардың бәрінде обалы қорымдар болып, адамдар көбіне сопақша етіліп қазылған қабірлерге жерленді.

Лақыттап және ақымдап жерлеудің жаңа түрлері шықты. Жерлеу әдістері де өзгереді: өлікті өртеудің немесе оның аяқ-қолын қусырып, қырынан жатқызып жерлеудің орнына шалқасынан созылта салып жерлеу шығады.

Жерлеу ғұрыптарының салттарында да бірсыпыра айырмашылықтар орын алып, олар шағын және уақытша сипатта болған.Мәселен, Оңтүстік Орал сырты мен Батыс Қазақстанның савроматтары өлген тайпаластарын бетін ағашпен жапқан тар немесе кең тік бұрышты шұңқырларға көмген. Осы аумақтағы кейбір тайпаларда шаршы және шеңбер түріндегі қабірлерге жерлейтін болды, ұзын қабырғаларының жақтауынан шығарылған кертпешелері немесе ойықтары бар қабірлер ұшырасады.

Арал маңы сақтарында түбін айнала шамалап оралған, жерден ойып нар жасаған және түбінің бұрыш-бұрышына не оны айналдыра орнатылған діңгектердің орны бар өзінше бір үлгідегі қабірлер кездеседі. Жетісуда және Алтайда ауқатты адамдар сол кездегі жердің бетіне салынған не жерді қазып орнатқан үлкен ағаш қималарға қойылатын болған. Бұл аудандарға қарапайым адамдарды бір қабірге бірнешеуін жерлеу немесе аса терең қазылмаған қабірлерге бірінен кейін бірін жерлеу ғұрпы тән.

Орталық Қазақстанда жалпақ тақта тастармен жабылып, жерден қазылатын сопақша жерлеу тұрақты дағдыға айналды, нақ осында тас кешенді обалар түріндегі мола құрылыстарының ерекше үлгісі де болған. Тайпалардың жерлеу ғұрпындағы айырмашылықтар оларда біртұтас жүйелі діни ұғымдардың болмағандығын көрсетеді.

Қазақстанның мал өсіруші тайпаларының отқа, жылқыға, күнге және басқа аспан шырақтарына табынумен байланысты ғұрыптары да тарихи тұрғыдан анықталып отыр. Антик деректемелері мен көне ирандық дерктемелер бірқатар сақ тайпаларының сыйынатын басты құдайы Күн болғанын анық көрсетеді, онымен аспан отының бейнесі тығыз байланысты болған.

Орталық Қазақстан мен басқа аудандардың сақ қабірлерінде Күн-құдайға құрбанға жылқы шағу дағдысы талай рет анықталды, әр түрлі нұсқалары: аттың өлігі мен оның тұлыбын көму, аттың басы мен аяқтарының терісін көму, ат әбзелдерін немесе олардың жекелеген бөлшектерін көму нұсқалары да мәлім.

Бәрінен тазартатын киелі күш деп біліп, отқа табыну Күнге табынудан келіп шыққан. Ол Евразияның мал өсіретін көптеген тайпаларында кеңінен таралған. Батыс Қазақстандағы ағашатан жасалған мола үстіндегі құрылыстарды өртеу ғұрыптары зұлым рухтарды жолатпайтын оттың тазартқыш күшіне сенумен байланысты. Арал маңы сақтары сияқты, Елек пен Жайық савроматтарының қабірлеріне де қызыл бояу-от пен Күннің символы жиі ұшырасады.

Қола (Жетісу) және (Арал өңірі, Орт.Қ, Оңт. Орал сырты) құрбандық мехраптарының көптеп табылуы күнге, отқа және үйдегі ошаққа сыйынумен байланысты.

Сақ және савромат тайпаларының діни нанымдарында өлген адамға екі түрлі қарау айқын аңғарылады: бір жағынан, оны құрметтеп, оған сыйынатын болса, екінші жағынан тайпаластарға өлген кісінің жаны қайтып келіп кіреді деп қорқатын болған. Соңғы жағдайда отқа табыну, сірә, өзінше бір сақтану қызметін атқарған болса керек. Нақ осы мақсатпен жерлеу ғұрпы атқарылған кезде обаларды айнала ондаған жерге от жағылған болған, мәселен, Қараоба (Орт.Қаз) және Бесшатыр (Жетісу) қорымдарында осылай істелген.

Сақ заманында түр жағынан барынша өзгерген және өңделген күйде болса да анимизм, тотемизм және магия сияқты алғашқы ең ежелгі діни ұғымдар да сақталған. Савроматтардың қабірлерінен әдейі сындырылған бұйымдардың жиі кездесетінін ғалымдар анимизмнен, заттардың жаны болады деген сенімнен деп түсіндіреді. Тайпалас адамдар өлген кісінің қаруын, айнасын және басқа да меншікті заттарын әдейі сындырғанда, өлген адамның жанымен бірге өліктер еліне жететін заттардың жанын азат етуге көмектестік деп сенген.

Тотемизмнің және магияның сарқыншақтары әр түрлі тұмарларда, тылсымдар мен бойтұмарларда сақталған. Рудың немесе тайпаның қайсыбір мифтік хайуан тегінен шығуы туралы ұғым жануарлардың металдан жасалған мүсіндерінде бейнеленген. Шайқастарда желеп-жебейді деп онымен қару, жауға мінетін атты сақтасын деп жүген безендірілген. Сақтарға жақсы таныс жабайы аңдар бейнесіндегі киелі хайуандар туралы олардың шапшаңдығын, ептілігін және көбіне киелі күшін мадақтайтын аңыздар шығарылған.

Бейнелеу өнері

Сақ заманы тайпаларының мәдени шығармашылығының екі жарқын көріністері арасында қолданбалы өнер ерекше орын алады. Оның басты компоненті б.з.б. 6-4 ғасырларда қалыптасып, Сібірдің, Қазақстанның, Орта Азияның және оңт. Европаның тайпалары арасында тараған аң стилі деп аталатын өнер болды.

Алғашында, Скифияда, ал кейіннен Сібірде де бастапқы табылған орны бойынша бұл бейнелеу шығармашылығы шартты түрде скифтік-сібірлік аң стилі деп аталады. Оның негізгі тақырыбы аңдарды, хайуандарды және аңыздағы зооморфтық ғажайыптарды бейнелеу болды. Мазмұны жағынан мифологиялық, түрі жағынан реалистік аң стилі өнері сәндік сипатта қолданылды. Бейнелеу әдістерінің көбі қазандар мен құрбандық ыдыстарын, семсер, қанжар, қорамсақ, айбалта, жүген, айна секілді заттарды, киімді, тулардың сабын әшекейлеу үшін пайданалынды.

Ертедегі шеберлер еөп жағдайда заттардың пайдалылығын бейнелеуді мазмұндылығымен жақсы үйлестіріп отырды, осының нәтижесінде олардың жасаған көптеген бұымдары дүние жүзіндегі ең таңдаулы үлгілерден қалысқан жоқ. Ертедегі суретшілердің шығармашылығы өздерінің айналасындағы жануарлар дүниесінің нақты бейнелеріне етене жақын болды.

Сақ шеберлері арқар мен таутекенің, жолбарыс пен қабанның, марал мен түйенің, дала қыраны мен киіктің, қасқыр мен қоянның, жылқы мен бұланның өздеріне жақсы таныс бейнелерін сомдай білген. Аңдарды бейнелеуде әр түрлі материалдар қолданылды. Бізге дейін жеткен бұйымдардың көбі қола мен алтыннан жасалған, сүйктен, мүйізден, темірден, киізден жасалған аңдардың бейнелері де кездеседі.

Аң стиліндегі өнерді шартты түрде үш кезеңге: көне заманғы кезеңге, өрлеу мен құлдырау кезеңдеріне бөлуге болады.

Б.з.б. 8-7 ғасырлар үшін аңдарды бір орында тұрған қалпында жеке немесе ішінара бейнелеу тән болып келеді. Таутекенің, арқардың мүсіндері, басын көтеріп жатқан қабанның немесе тұрған жыртқыштың, аяғын бүккен немесе тұяғының ұшымен тұрған бұғылардың бедерлеп салынған суреттері көп кездеседі. Қос шеңберлі тұғырда тұрған екі текенің құйма қола мүсіні назар аударарлық: текелер біршама схемалы түрде түрде, бейне бір секіруге оңтайланған кейпінде, бастары тұқыра бейнеленген, ал бедерлі үлкен мүйіздері арқаларына тиіп тұр (Тасмола)

Жетісудан (Талдықорган) табылған екі қола мүсінде мүйіздері айнытпай түсірілген текелердің басы реалистік тұрғыда көосетілген; мүсіндер ұзын конус тәріздес төлкелерге орнатылған. Алдыңғы қола құю өнерінің тағы бір үлгісі-Солт.Қазақстаннан табылған, басын жоғары көтерген және мүйіздері бірнеше рет бұралған арқардың іші қуыс мүсіні, ол соғыс қаруы-балғашотқа (Бурабай) салынған.

Шілікті обасынан (Шығыс Қазақстан) табылған заттардың арасында үлкен мүйіздерін арқасына қайыра жатқан бұғы кейпінде шебер жасалған алтын бұйымдар, қабандардың ойып жасалған шағын мүсіндері ерекше көзге түседі. Қола пышақтарды жыртқыштардың басын салып немесе тұтас мүсіндерін салып әдемілеу, ал жүген тоғаларына аттың басын немесе ат тұяғының таңбасын салып әшекейлеу сол кездегі көп тараған әдіс болған.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ