САБАҚТА ОҚУШЫ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

0
2805
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

САБАҚТА ОҚУШЫ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі дәуірде жас ұрпақтың білімді болуының маңыздылығына ерекше назар қаратып: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.» — деген еді. Қазіргі кезде еліміздің білім саласында жаңа реформалар жүргізіліп жатыр,білім берудің мазмұны қайта қаралуда. Бұл өз кезегінде білім беру жүйесіндегі тың өзгерістерге алып келеді.

ХХІ ғасыр білім мен ғылымның,ақпараттық технологияның қарыштап дамыған кезеңі. Міне,осы қазіргі заманға лайықты болу,тең аяқ басып жүру үшін де мұғалім тың өзгерістерге жан – жақты дайын болу қажет. Өйткені рухани жаңғыру кезеңінде мұғалімнен бәсекеге қабілетті,өз ойын еркін жеткізе алатын,рухани бай,жан – жақты дамыған тұлғаны,жас ұпақты тәрбиелеу жауапкершілігі жүктеліп отыр. Сабақта қажетті білімді берумен қатар оқушы құзыреттілігін арттыру мәселесін де есте сақтаған жөн.  Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді іс – жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігі.

Жаңартылған бағдарлама мұғалімдердің жауапкершілігін күшейте отырып,жаңаша ізденуді,шеберлікті талап етеді. Дәстүрлі оқытуда білім дайын күйінде берілетін болса,жаңартылған бағдарлама бойынша оқушылар әр сабақта өздері шығармашылықпен ізденіп,керекті білімді жинақтайды. Осы орайда пән мұғалімі сабақта оқушының ынтасын оятып, белсенділігін арттыру жолдарын қарастырады. Әрине,бұл жерде ұстаздың ізденімпаздығы,шеберлігі,тәжірибесі көмекке келеді.

Қазақ тілі  — оқушының ана тілі,ұлттық рухтың өзегі. Ана тілін терең меңгермей тұрып,басқа пәндерді игеру мүмкін еместігі дәлелденген. Сондықтан да «Қазақ тілі» пәніне ерекше назар қаратылады. « Жалпы білім беретін мектептерде «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, сондай-ақ қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету.»  («Мұғалімге арналған нұсқаулық») Осы көзделген мақсатқа жетудің бір жолы – сабақта оқушының белсенділігін  арттыру, белсенді оқуға қол жеткізу.

«Сабақ барысында «баланың өзін еңбектендіріп, бірлестіріп, өз бетімен білім тапқандай қылса», «жұмыстайтын материалдар даяр түрінде емес, балалар тәжірибе қылып, зерттеп, өз бетімен шешкендей, тұрмыс жұмбақ түрінде берілсе» (Ж.Аймауытұлы, 1929) оқудың анағұрлым тиімді болатынын естен шығармаған дұрыс.» («Мұғалімге арналған нұсқаулық»)

Ең бірінші кезекте мұғалім белсенді оқуға қол жеткізу үшін сыныпта жағымды психологиялық ахуал туындатып,ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыра алуы,жаңаша педагогикалық әдіс – тәсілдерді сабақтың тақырыбына сәйкес қолдана алуы, сонымен қатар жеке,жұптық және топтық жұмыстарды талапқа сай ұйымдастыра білу керек.

5 – сыныпта «Бос уақыт және хобби» бөлімі оқушыларда ерекше қызығушылық оятады. «Мен бос уақытымды қалай өткіземін?», «Бос уақыт деген не?» тақырыптарында белсенді оқу әдістерін қолдандым.  Мәселен, АКТ – ны  пайдаланып,оқушының бос уақыты туралы бейнеролик ұсындым. ТКО (тыңдау,көру,орындау) әдісі арқылы оқушыларды диалогке тарттым. «Не үшін бос уақытты тиімді пайдалану керек?» деген сұрақ төңірегінде балалар өз ойларын айтты. Диалогтік сұхбатқа оқушылар қызыға араласып,өз ойларын таласа жеткізді. Сол арқылы олардың тақырыпқа қызығушы- лығымен бірге сабақта белсенділігі арта бастады. Соңынан «Оқылым кезінде «Тірек сөздерді бөліп көрсетіңіз» әдісі арқылы «Бос уақыт» мәтінін оқиды.  Дәптерлеріне тірек сөздерді жазды. Мыс: бос уақыт,тиімді пайдалану т.б. Сөздердің қай сөз табына жататынын анықтайды. Оқушы жеке жұмысты орындайды,солай да болса топтағы басқа оқушылармен ақылдасу,олардан көмек алу мүмкіндігіне ие болады. Әрі оқушы пәннен алған білімін практикада қолданады. Енді олар «Жұптық əңгіме» әдісі арқылы «Уақытты тиімді пайдалану» тақырыбында әңгімелеседі. Бұл оқушының парталасымен қызықты сұхбат құруына жағдай жасайды,ауызекі сөйлеу мәдениеті қалыптасуына түрткі болады. Осылай біз оқушыны белсенді оқуға тарта бастаймыз. Келесі тапсырмамыз топтық жұмыс болады. «Бос уақыт» сөзін «Дара диаграммаға» салып талқылау,оны қорғау. Жеке,жұптық жұмыстарда белсенділігі артқан,білім жинақтаған  оқушы топтық жұмыста да белсенділік танытады. Постер қорғауда да өз білімін дәлелдеуге тырысады. Тапсырмаларды орындауда белсенділік танытқан оқушыларға «Мәлімдеуге арналған жазба» әдісі бойынша «Менің бос уақытым» тақырыбына қысқаша мәтін құрау қиын соқпайды. Сабақтың аяқталу кезеңінде бүгінгі сабақта не үйренгендігі туралы «Хабарлама» (SMS) жазуды қызыға орындайды.

Міне ,біз сабақта осындай жаңаша әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы белсенді оқуды ұйымдастыра аламыз,оқушыны қызықтыра отырып,тақырып бойынша білімді өздері жинақтауына,өзіндік жұмыстарға бейімделуіне барынша жағдай жасаймыз.

 

Амирбаев Асылбек Кадирбаевич

Алматы облысы,Қарасай ауданы,Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ