Сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның танылуындағы проблемалар

0
1417
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтас құрмалас сөйлемдердің дамуы, қалыптасуы күрделі процестерден өткен. Ол процестер түрліше танылады. Сабақтас құрмалас сөйлемдерді құруға қатысатын тұлғалар бір ортақ процеспен келгенмен, олардың құрылысы бір сапада емес.

Сабақтас құрмалас конструкциядағы басыңқы компоненттің сөйлем ретіндегі сапасы дау туғызбайды. Тануға проблема болған, әлі де болып келе жатқан – бағыңқы компонент.

Басыңқыға бағыңқы болып қатысқан  құрылым біреуге сөйлем дәрежесінде көрінуді, сол қатысып құрылған конструкция сабақтас құрмалас қатарына жатқызылады. Сол құрылым екінші зерттеушіге сөйлем дәрежесіне жетпеген, сондықтан үйірлі сөйлем мүшесі немесе күрделі сөйлем мүшесі болып танылды.

Мұндайда ол мүшелер қатысқан құрылым сабақтас құрмалас қатарына жатпады. Мұндай алалықтың  болуына себеп — сабақтас құрмаласқа қатысып, оны құратын бағыңқы компонентке қойылатын талап, өлшем (критерий) жоқ еді. Бұл жағдай барлық түркі тілдеріне ортақ болатын.

1956 ж. Алматыда түркі тілдеріндегі етістік түрі (глагольный вид) мен сабақтас құрмалас сөйлем проблемалары туралы координациялық кеңес өтті. Кеңеске Советтер Одағындағы көрнекті түркі тілдерін зерттеп жүрген ғалымдар қатысты. Кеңестің жұмысы жемісті болды. Сабақтас құрмалас сөйлемдерді тануға негіз болатын критерийлер шығарылды.

Кеңесте айтылған басты түйін мынада:

Сабақтас құрмалас сөйлемдерді, олардың бағыңқы компоненттерін тану сөйлемді тануға байланысты теорияға сүйенуге тиіс.

Үстірттеу айтылған бұл тұжырымдаманы кейін ауқымды етіп Э.В. Севортян былай деп қорытындылады: «Таким образом, решение вопроса о том признавать или не признавать данное словосочетание предложением, возможно линшь на базе общее теории предложения, а не сказуемого».

Сөйлемді айшықтайтын жалпы теорияға сүйенуге тиіс дегеннен, конкреттесек, мынандай талаптарды ұстанамыз.

  1. Бағыңқы компонент құрамында бастауыш, баяндауышы мүше болуға тиіс.
  2. Бастауыш, баяндауыш мүшелердің арасында предикативтік қатынас болу керек (байланыс міндетті емес). Баяндауыш предикативтік сипаты, істі бастауыш мүше атаған затқа, құбылысқа қатысты етіп, актуалды танытып көрсетуге тиіс.

Жел желпіп, қалың құрақ сыбдырлады.

  1. Бағыңқының баяндауышы тек бастауышпен предикативтік қатынасқа түсіп қана қоймай, ол өзі мүше болып тұрған құрылымды басыңқы компонентке қатыстырып компоненттер аралық (тактистік) байланысты да қамтамасыз етеді.
  2. Бағыңқы компонент пен басыңқы компоненттің арасына пауза қатысып, бөліп тұруға тиіс.

Жел желпіп, // қалың құрық сыбдырлады.

  1. Бағыңқы компоненттің баяндауышының құрамына кірген көмекші сөздер лексикалық даралығынан ажырап абстрактыланып баяндауыштық форма құрамына кіруге тиіс.

Компонент бағыңқы болып көрініп, оның бяндауыш ретіндегі мүшесінің құрамына лексикалық даралығы жоғалмаған сөз кірсе, ол бағыңқы бола алмайды. Конструкция сабақтас құрмалас қатарына жатпайды.

Қыс түсер алдында салынған мал қора дөңнің үстінде (С.Мұратбеков). Ысқырық қысқан күндеріде шөптің исі бүкіл ауылды манауратады (С.Мұратбеков). Таң атар алдында ғана жатты (Ә.Тарази).

Сабақтас құрмалас сөйлем деп тану үшін, соның қатарына кіру үшін құрылым осы талаптарға сай екшелуге тиіс.

Аталған талаптарға сай екшеліп танылған сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық-семантикалық түрлері қазақ тіл білімінде аталып жүр. Олардың құрылысы кейін талданады.

Қазақ тіл білімі осы критерийлер тұрғысынан қарап, оған сай келмейтін мына құрылымдарды сабақтас құрмалас сөйлемдер қатарынан шығарды.

Жел әкелген бұлт ауыл үстінен өте шықты.

«Баст. З.е. – баян. есімше» болып құрылып анықтауыш бағыңқы ретінде танылып жүрген конструкция сабақтас құрмалас сөйлемдер қатарынан шықты.

а) Жел әкелген – паузамен жік түсірмейді.

ә) ол түгел басыңқы сөйлемге қатыспайды, оның бастауышымен ғана байланысқан.

  1. Сұлтанның қарындасын ұзататынын естіген колхоз ұжымы оған екі қой берді.Толықтауыш бағыңқы ретінде танылған Сұлтанның қарындасын ұзататынын құрылым қатысқан конструкция сабақтас конструкция қатарынан шықты.

а) субьект пен предикат деп танылған тұлғалар матасу арқылы байланысқан – Сұтанның ұзататынын.

ә) Бұл тіркес басыңқының бір ғана мүшесіне толықтауыш ретінде байланысып тұр.

б) Тіркес пен басыңқы компонент арасында  пауза жоқ.

  1. Шөптің уақытылы келгеніне малшылар қуанды.

Бұл конструкциядағы шөптің уақытылы  келгеніне ілгергі конструкция тәрізді талданып, сабақтас құрмалас қатарынан шығарылды.

Бұл екі сөйлемдегі бағыңқы тіркестердегі субьектіні атайтын сөздер ілік септік жалғауын түсіріп жұмсалатыны бар. Бірақ ол – атау септік формасына ауысу емес.

Дүниедегі ең таза тамшылар туған жердің жапырағында тұрғанына жүрек балдай қуанады (М.Тиесов).

Құрмалас сөйлемдер өзара байланысы бар оқиғаларды, құбылыстарды хабарлайды, күрделі пікірді білдіреді. Компоненттер сол себепті байланысқа түседі. Сабақтас құрмалас сөйлемдерде де даму ерекшелігіне, формасына қарамастан компоненттер осындай қатынасқа түседі.

Сабақтас құрмаластардың компоненттерінің басыңқыдағы бір сөйлем мүшесіне байланысқан болып тұра алады:

  1. Тамырына су бармай, семіп, қурап бара жатқан ағаштың түбіне су жіберді (Б.Мұха).

Бұл сөйлемде бағыңқы компонент семіп, қурап бара жатқан деген мүшелерге грамматикалық байланысқа түскен.

  1. Аттылар қораға тоқтап, жаңбыр жауған соң, үйге кірді.

Бұл сөйлемде бағыңқы компонент кірді деген сөйлем мүшесіне байланысып тұр.

  1. Осы сияқты байланыс мына сөйлемде де көрініп тұр.

Алтайда шыбын-шіркейдің ғұмыры қысқа: шілдемен келіп, сүмбіле түсе кетеді, шық түскенше, ар екпін, шықпен бірге кетеді (Қ.Ысқақов).

Осындай байланысына қарамай бағыңқы компаненттер басыңқы компоненттің мазмұнына қатысты болып тұрады, олар бірігіп күрделі пікірді хабарлайды.

Бағыңқы компонент басыңқы компоненттің бір сөйлем мүшесімен форма жағынан бірыңғай болып, функциялық мағыналары ұқсас болған жағдайда да ол басыңқыға өзінше қатысады.

Келемін, апа, көктемде,

Жаңбыр нұрын төккенде

(М.Мақатаев)

Екі көзім төрт болып, омалып мен отырмын (О.Бөкеев).

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  3. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  4. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  7. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  8. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  9. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері


ПІКІР ҚАЛДЫРУ