Заманынан озып туған азамат еді. Сағат Әшімбаев туралы

0
2675

 \r\n\r\nСағат Әшімбаев туралы\r\n\r\nҚоғамды қозғайтын, адам санасын өзгертетін тұлғалар болады. Олар өзінің қата­рынан, заманынан озық туады. Өткен ғасырдың алпысыншы – сексенінші жылда­рының арасы қазақ руханиятына дарындыларды үйіп-төгіп беріп-ақ еді. Өкініші, со­лардың көбінің ғұмыры қысқа болды. Орыс әдебиетінің бағына туған Писарев секілді құйрықты жұлдыздай жарқырап жанып, ағып түскен жарықтарымыздың бірі – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың өсуіне үлкен үлес қосып кеткен асылымыз Сағат Әшімбаев еді.\r\n\r\n \r\n\r\nМен Сағатқа сабақ берген, оны жақсы білген кісілердің бірімін. Сағат та заманынан озып туған азамат еді. Кездескен кезде қынабынан суырылған жалт-жұлт еткен қы­лыш елестеуші еді көзге. Қай ортаға барса да сыйып жүре беретін, өзінің пікірін бүкпесіз ашық айтатын, оппонентін лезде ашық пікірге шақыратын. Бұл, сірә, көп оқып, көп тоқығанынан болар. “Мына мәселе туралы көзқарасыңыз қалай?.. Өзім былай ойлаймын”, – деп “әу” деп ауыз ашқаннан-ақ ұршықша үйіріп, жіпсіз жетелеп, ағыл-тегіл текті сөзге бұрып әкететін. Жатсыну, тіксінуді білмейтін, аңқылдаған ақпейіл көңілдің тереңіне сүңгігендей әсерде болатынбыз. Қалай шүйіркелесіп, тіл табысып кеткеніңді білмей қалатынсың.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат көп оқитын. Дүкенге бір жақсы кітап түсті десе – күндіз қолына шам алып із­деп тауып, оқымай тынбаушы еді. Шөлдегі жолаушы секілді білуге… білім кәусарынан мейір қандыруға… құныға, құлшына ізденуге әрдайым бейіл еді. Сол білгенін өзінің пайымына, байлауына қосып төгілдіріп айта жөнелгенде, кісі еріксіз ұйып тыңдайтын. Тыңдарманы көп болатын.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат ініміз әдебиеттің тұлпарына мінгенде М.Әуезов, Е.Ысмайылов ағаларымыз бақи жалғаннан озып, Б.Кенжебаев әбден қартайып, көркем сөздің туын тіккен жазушылар ортасы бос қалғандай, әсіресе әдеби сын жанры жетім баладай жалтаң, азусыз халде еді. Сол бәсеңси бастаған әдеби сынның түтінін қайта шығарып, түндігін желпілдеткен Сағат бастаған бір топ жас перілер болатын. Ол әдебиетке келіп қосылған жаңа леп, тың күшті елден бұрын сезіп білді. “Балықшы балықшыны алыстан таниды” демекші, өзімен тұстас келіп жатқан жас топқа жетекші бола білді, соңына ілестірді, солардың сөзін сөйледі. Қай-қай ортадан бол­сын өзіне таныс, біліс, сырлас сыпайыны жылдам-ақ тауып ала қоятын.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат Хан Тәңірінің балапан қыранындай топшысы ерте қатайып, түлеп ұшқан тас түлек еді. Өртеңге шыққан гүлдей ә дегеннен-ақ жайнап, жарқырап көзге түсті. Ол табиғаты таза, өзінің кіндік қаны тамған Аспантаулар әлемінің мөлдір бұлағындай, кәусар бастауындай, жасыл құрағындай қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздай алып­тарынан бастап, одан кейінгі ақын-жазушылар, өзінің тұстастарына, сол кездегі оқырманы көп қазіргі “Жас Алаш” — бұрынғы “Лениншіл жас” арқылы қалың жұртшылыққа қаршадайынан-ақ танылып үлгеріп еді.\r\n\r\n \r\n\r\nАкадемик Мұхаметжан Қаратаев: “…айтулы әдебиет сыншысы, сарапшысы, әділет­сіздікке төзбейтін сарбаз атанды. Сағаттың “Сыншы мұраты” атты тұңғыш жинағы – осының айғағы” деп жазғанда Сағат бар болғаны қылшылдаған жиырманың үстіндегі жас жігіт еді. Азаматтық, сыншылық позициясы берік қаламгер болып қалыптасты. Өз өмірін, еңбегін адам рухының биіктігі мен тазалығын қорғауға арнады.\r\n\r\n \r\n\r\nӨткір көздері көзәйнегінен ұшқындап, жүзінен нұр төгіліп тұратын қыр мұрынды, дөңгелек жүзді жігіт еді. Аузын ашса көмейі көрінген ақкөңіл еді. Оқығаны да, тоқығаны да көп еді. Төл әдебиетімізді былай қойғанда, әлем әдебиетінде еркін жүзіп, Батысты оқып, Шығысты тоқып өсті. Замандастары арасында ойлылығымен де, тереңдігімен де, бүкіл бітім-тұлғасымен де оқшауланып айрықша көрінетін. Тұнық көздері де, терең сөздері де, көзілдірігі де, желкесіне төгілген шашы да өзіне жарасып тұратын. Жүзінде шындық, жылылық бар болатын.\r\n\r\n \r\n\r\nСаңлақ сыншы Сағат әдебиет әлеміне алғаш аудармамен келді. Ол 1966 жылы Мәскеудің “Прогресс” баспасынан шыққан “Афоризмы” атты әлем ақыл-ой алыптарының даналық сөздері болатын. “Сын мұраты” (1974) атты тырнақалды туындысы үшін 1976 жылы Жастар сыйлығының лауреаты атанды. “Талантқа тағзым” (1982), “Парасатқа құштарлық” (1985), атты сын кітаптарын жұртшылық жылы қабылдады. Өзі өмірден өткен соң “Шындыққа сүйіспеншілік” (1993) атты еңбегі жарық көрді. Аталған еңбектердің әдеби, ғылыми айналымнан түспей, әркез сұранысқа ие болуы Сағат есімінің сан ғасырларға баратынының, артында қалған мұрасының өлмейтіндігінің айқын айғағы.\r\n\r\n \r\n\r\nЕкінің бірін көзге іле қоймайтын, паңдығы бір басына жетіп артылатын сырбаз қаламгер Ғабит Мүсірепов Сағатты ерекше бағалап, інілерінің бірі санап, салиқалы сұхбаттар бергеніне бәріміз де куәміз. Сағат асыл ағасы туралы қадау-қадау мақалалар да жазды. Сол дүниелер қазір ұлы қаламгердің ұлттық бейнесін көрсететін құндылыққа айналды.\r\n\r\n \r\n\r\nТекті адамдардың бірін-бірі жазбай танитынына тәнтімін. Мен осыған інімнің артында қалған мұрасымен танысып отырып тағы да көз жеткіздім. Сағат әсіресе үш ұлыны пір санапты, ардақ тұтыпты. Шығармаларын талдап, желісіне арқау болған алуан түрлі оқиғалардағы ұлттың ұлылығын, халқының қасиетін бір арнада тоғыстырып, биікке көтеріпті. Олар – данышпан Абай, ұлы Мұхтар Әуезов, қара сөздің хас шебері Ғабит Мүсірепов.\r\n\r\n \r\n\r\n“ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы сана-сезімі оянуының бұрқ еткен ең айқын көрінісі – Абай поэзиясы. Ұлттық сана-сезім оянуының басы Абай…”, – дейді Сағат. Дұрыс айтады.\r\n\r\n \r\n\r\nКемеңгер Мұхтар Әуезов туралы: “Кезінде Белинский Пушкинді Байронмен, не соңғысын алдыңғысымен салыстыру рабайсыз деген ғой. Сондықтан да Н.Погодин­нің: “Әуезов – қазақтар үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы”, – деген сөздері орынсыз-ақ. Мұнда пәлендей терең ой жатқан жоқ. Шындығына келгенде, Әуезов пен Шолохов творчествосы екі бөлек ұланғайыр дүниелер. Шығармашылық лабораториясы ұқсамаған жазушыларды бір-бірімен салыстыру қалай десек те көңілге қонбайды. Екіншіден, Әуезов Абай жетпеген биікке көтерілді. Абай айтпаған кең тынысты ойлар айтты, яғни ұстаздан шәкірті озды. Әуезов өз ұстазын қайталамағандықтан ғана ұлы. Және Әуезов Шығыстың Шолоховы еместігін, Шығыстың ұлы екендігін дәлелдеп берді, өзі соның жарқ еткен жарқын көрінісі бола білді. Олай болса, кейде жоғарыдағыдай бір жақты пікірлерге мәз болу жарасымсыз-ақ”.\r\n\r\n \r\n\r\nШынында, көп жұрт осы сөздің ақ-қарасын анықтамай, байыбына жетіп, пайымын аңғармай малданды. Мақтан етті. Бірақ ұлы қаламгер шыққан шыңға тұман іліп қойғанын аңғармады. Сағат сол тұманды парасаттылықпен, ойлылықпен ысырып тастады. Тума талантты, даусыз дарынды өз тұғырында қалдырды. Солай таныды. Оны ол кезде көбіміз біле қойғамыз жоқ. Осының өзінен-ақ сыншы Сағаттың кең құлашты, кемел ойлы екенін көруге болады. Көп айтты болды демей, өзінің байламын күмілжіп-кібіртіктемей, күнге бағып күлбілтелемей анық айтқан Сағатқа қалай риза болмайсың. Советтік дейтін заманда, жұрттың үнемі жоғарыға қарап, жалтақтап сөйлейтін уақытында, Сағаттың дәл осылай батыл, сенімді сөйлеуі шынында да батырлық еді.\r\n\r\n \r\n\r\nСонау ықылым заман, көне тарихтан бастап, Пушкин, Абай, Байрон, Толстой, Дос­тоевский, Гете, Данте, Бунин, Әуезов, Хемингуэй, Маркес шығармаларын зерделей отырып бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясының хал-ахуалы төңірегінде ой тербеуі Сағаттың деңгейінің қаншалықты биік болғандығының айқын дәлелі. Білу бар да, оны әдебиеттің әжетіне жарата білу бар ғой. Сағат терең білімін туған әдебиетінің мұратына арнай білді. Бұл шындықты да мойындау қажет. Асылы, әде­биет әлемін еркін игеру Сағат секілді санаулылардың ғана еншісіне жазылған. Әйтпесе бізде білмей тұрып білгішсінетіндер аз емес.\r\n\r\n \r\n\r\nБұл аз десеңіз, Сағат Мұхтар Әуезовтің дарын, қарымын орыс әдебиетін былай қойып, Еуропа әдебиетімен иық тірестіре алатынын, тіпті жоғары тұрғанын риясыз дәлелдейді. “Орыс әдебиетшілері осынау әдебиетті ХІІ ғасырда туған “Игорь полкі туралы жырдан” “Тынық Донға” дейінгі аралықта алып сөз етіп жүр. Ал, біз әдебиетіміздің алтын бастауы саналатын V-VІІІ ғасырлардағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен Әуезовтің “Абай жолына” дейінгі кезеңдер бойынша алып қарай­тын болсақ, жалпы әдебиетіміздің даму тарихының тым әріден басталатындығын көруге болады. Біздің көркемдік ой-санамыздың даму тарихы әріден басталатындығы зор мақтаныш! Осындай терең арналы әдебиетте Әуезов өзіндік үнімен қалмақ. Егер батыс әдебиетшілері Әуезовті шығыстағы Бальзак, Мопассан, тағы басқа деп жатса, мүлде қисынсыз пікір болар еді. Ол осы халыққа көрсетілген рухани сый-құрмет емес, мүсіркеушіліктен туған жадағай пікір екені дәлелдеуді қажет етпейді”. Көріп отырғанымыздай, сыншы Әуезовтің ұлы екенін, әлемдік әдебиеттің асқарлы шыңдарының бірі екенін дәлелдейді.\r\n\r\n \r\n\r\nСағаттың бұл сөзінің астарында елдік рух жатыр. Астарлы сөз, қырағы ой жатыр. Тәуелсіздік тұсында бәріміз айтып жүрген, біз ешкімнен кем емеспіз, ұлы десең ұлыларымыз бар, дана десең даналарымыз бар, иық тірестіріп, сөз жарыстыра алатын алыптарымыз да бар дегенді Сағат орда бұзар отызында-ақ айтып кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында бәрін қалай орын-орнымен айта білген десеңізші! Бейсекең бастап, мен қоштап зерттеген әдебиетіміздің ерте дәуірі жайында, байтақ эпостарымыздың құдіреті жайында көп білгісі келіп, құмартып ұзақ әңгімелескеніміз әлі есімде. Ғажайып эпостарды, дастандарды, құдіретті күйлерді, тамылжыған әндерді дүниеге әкелген қазақтың осы ұлы мұраларын әлі күнге дейін әлемге танытып, мойындата алмай жүргеніміз аянышты әрі өкінішті-ақ.\r\n\r\n \r\n\r\nМені Сағаттың ерекше алғырлығы мен алымдылығы таңдандырады. Ол жап-жас кезінде-ақ аталы сөз айта білді. Ол тағы бірде былай деп жазады: “Жалпы, Абай өмірі, Абай заманы төрт кітапқа арқау болды ғой деп, тарихи адамдарымыздың өмірінен міндетті түрде екі-үш немесе төрт-бес кітап жазуды “модаға” айналдырмаған жөн сияқты”. Бұнысы да боямасыз шындық. Әлем әдебиетінде Абай секілді алыптарды танытудың сан түрлі жолы бар. Оған мен бір мысал келтіре кетейін. Орыс әдебиеті Пушкинді әлі күнге зерттеп, зерделеп біте алмай жатыр. Бір қуанарлығы біз данышпан Абайдың да сондай қырларына дендеп ене бастадық. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясын ақ орда десек, әлгі жазылып жатқан, жазылатын еңбектер оның көркіне көрік қосатын ақшаңқан отаулар ретінде кең қанат жая береді. Әр нәрсеге еліктегіш халық екенімізді ескерсек, Абай жайындағы төрт томды оқығаннан кейін татитын, татымайтын көп томды тарихи романдар, қазақ әдебиетінде көбейіп кетуі мүмкін еді. Сағат орынды-ақ ескерткен.\r\n\r\n \r\n\r\nСағаттың Абай туралы мақалаларын оқысаңыз, ол ұлы ақынның өлеңдерін талдап қана қоймайды, алда атқарылар істі, әлі де тереңдете түсер тақырыптардың бар екенін еске салып отырады. Әсіресе ақынның гуманистік қасиет, адамгершілік және мораль мәселелеріне, Тәңір сөзінің астарында әділдік пен шындықтың жатқанына, дүниеде себепсіз ешнәрсе болмайтынына, жасандылық пен жалғандықтың ғұмыры ұзақ еместігіне талдау жасай келіп, бұл тақырыптар қазақ үшін мәңгілік дегенді меңзейді. Сағат шығармашылығының өн бойынан адамға сүйіспеншілік, өмірге іңкәрлік айқын аңғарылады.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат Әшімбаев саналы ғұмырында қадірлеп өткен Ғабит Мүсіреповтің шығар­машылығын сөз еткенде, болмыстағы бояу мен атаудың сан түрлі болатынын, бірақ солардың түп атасы жеті түрлі, атап айтқанда ақ, қара, көк, жасыл, қызыл, қоңыр, сары дейді де, бұлардың бәрі қай заманда да өз түр-түсін сақтап келе жатқанын, өзгермейтінін ескертеді. Сөйтеді де ұлы Ғабең творчествосын полотно-палитрасына жатқызып, әлгі негізгі жеті бояудан жетпіс бояу жасағанын тілге тиек етеді. Өзі сын жазғанда жетпіс бояуды жеті жүз түрге жеткізіп, дүние жүзіндегі атақты жазушылардың шығармаларымен шендестіріп, жазушы шеберлігін алақанға салғандай ашып береді.\r\n\r\n \r\n\r\nАлаштың ардақтысына айналған Зейін аға – Зейнолла Қабдоловтың бір қанатты сөзі бар еді. Ол: “Әдебиет – ардың ісі” деген сөз. Сол ардың ісіне адалдық танытқан азаматтардың бірі – Сағат Әшімбаев. Оның әдебиеттегі сыншылығын бәріміз де жоғары бағаладық. Қазақ әдебиеті сынына алғаш философиялық бояу дарытқан да осы Сағат Әшімбаев болатын. Төл әдебиет сынымызда Сағат салған сара жол сайрап жатыр.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат үшін сын жанры “біреуді мұқату” немесе “тізе батыру, ділмәрсу” емес, ұлттық ойлау мен танымның көкжиегін кеңейту, өрісін ұзарту болатын. Өнерге, шындыққа және әділеттілікке өліп-өшкен сүйіспеншілік жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ. Ол “Ақиқатты айтқан айыпты емес, оны көріп тұрып көзін жұмып айналып өткен адам айыпты” деген қағидамен ғұмыр кешті. Жақсылыққа жаны құмар, жаңалыққа жүрегі құштар Сағаттың өмірлік ұстанымы, өзі айтқандай: “Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны қара бақыр, сыйластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ”. Жақсылықты, қайырымдылықты, сыйластықты ғұмыр бойы ту етіп ұстау көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ұлттық болмысқа сыншылық тұрғысынан қарау кешегі данышпан Абайдан қалған дәстүр болатын.\r\n\r\n \r\n\r\nӘдебиет сыншысы болу дегеннің қиын екенін мойындамайтын адам жоқ. Менмін дегендердің талайының сыншы боламын деп сықпыртып жазғанмен, түйінін жасай алмай, алған тақырыбын аша алмай, шығарманы бағалай алмай орта жолда қалып қойғанын білеміз. Ендеше, сыншылық – кез келген әдебиетшінің өресі жете бермейтін, нағыз таланттарға ғана бұйыратын болмыс. Сағат соны бойына біткен дарынымен бағындыра білді, сыншылықты ұшан-теңіз білімімен бағындырып, құйрық жалы сүзілген сұлу торы аттай топты жарып, шашасына шаң жұқтырмай өмірден өтті. Оның сын мақалаларына ой жүгіртіп қарасаңыз, әдебиет сынына барудың өзінің сын әрі батырлық екеніне және Сағаттың сыншы болмауы мүмкін емес екеніне көз жеткізесіз.\r\n\r\n \r\n\r\nКезінде бәріміз де табынып, бүгінде көбіміз ауызға ала бермейтін, айналып өтуге тырысатын Маркстің, Энгельстің, Лениннің, өзге де әлем ойшылдарының еңбектерін әдеби шығармалардағы оқиғалармен ұштастырған тұстары, тіпті керемет жатық оқылады. Әлгі даналармен өрбітіп ой жарыстырады. Оқып қана қоймайсың, ақын-жазушылардың романдары мен повестерінен, өлеңдері мен поэмаларынан мол мағлұмат алып, танып-біліп, ондағы терең тағылымдарға таңдай қаға сүйсінесің. Кейде Сағаттың сын мақалаларынан кейін сондай шығармаларды оқуға ұмтылатын да кездерің аз болмайды. Ол әдебиетке биік талап тұрғысынан қарады, талап қоя да білді.\r\n\r\n \r\n\r\nСағаттың мақалаларын оқып отырған кезде әдебиет әлемін аралағандай ерекше әсер аласыз. Өйткені, ол туындыларын тар шеңбермен шектеп қоймай, небір әлемдік құнды еңбектерді дәлел-дәйекке келтіріп, қаламгерлердің шығармаларын жан-жақты салыстырып, салмақтап барып түйін жасайды. Сонда аз ғұмырының ішінде осыншама рухани құндылықтарды қалай оқып үлгерді екен, қалай көңіліне түйіп, санасына сыйғызды екен деген ойға қаласың.\r\n\r\n \r\n\r\nКөбіміз айтып жүретін бір сөз бар. Ол ерте кеткен талант өз жалынына өртеніп кетті ғой дегенге келеді. Мен осы сөзді Сағатқа қаратып айтуды жөн көріп отырмын. Ол қашан көрсең жалын боп жанып, от болып өртеніп жүретін. Ұлт дегенде, тіл дегенде қолды-аяққа тұрмай кететін. Жұмыр жердің бетіндегі ұлтын сүйген ұлылардың біраз мақалаларын аударғаны да есімізде. Соларға бүгін үңіліп қайта қарасам, аудару үшін аудармаған екен. Ұлтын сүйген азамат сол ұлтына әлемдік дәрежедегі қаламгерлердің озық ойын жеткізуді мақсат тұтыпты. Мысалы, И.Эренбургтің “Пабло Пикассо шығармаларының сыры” деген мақаласының аудармасында ұлы суреткердің бүкіл өмірін қазақ оқырмандарына таныстыра отырып, оның “Мен іздеймін, мен табамын” деген сөзіне ерекше назар аударады.\r\n\r\n \r\n\r\nСағаттың өзі де өміріне осы сөзді бағыт-бағдар етіп алады. Оған оның аз ғұмырында артында қалдырған мол мұрасы дәлел. Сол секілді авар ақыны Расул Ғамзатовтың “Әнім де, жырым да сен – туған елім!” деген мақаласын 1972 жылы аударып жариялапты. Осындағы ақын сөзіне қарап отырсаң үйренер үрдіс көп-ақ екен. Біз соны кезінде біле алдық па, біле алмадық па, білмеймін. “…Орыс ақынын орыс тілінсіз, авар ақынын авар тілінсіз тіпті көз алдыма елестете алмаймын… Біз қанша шырқатып, жаңа да әсем әндер айтқанымызбен, жас кезімізде санамызға ана сүтімен сіңіп қалған бесік жырларын ешуақытта ұмытуға, естен шығаруға тиіс емеспіз”, деген ақын сөздерін дәл осы күндері бүкіл қазақ айтып жүр. Ал оны Сағат сол қырық қатпарлы саясаты бар Кеңес заманында қазақ оқырмандарының керегіне жаратыпты.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат үнемі ой үстінде жүретін. Санасын сансыратқан сан сауалдарға жауап іздеп сенделіп, саналы ғұмырын оқырмандардың көз алдында өткізді.\r\n\r\n \r\n\r\nӘдебиет әлеміндегі жақсыға жаны қуана, жаманға жирене қарайтын, алғыр ойлы азамат алпысыншы жылдардың орта шетінде “синкретті өнер” теледидар саласына ден қоя бастады. Сол алғашқы “Жүректен қозғайық” телехабары кеңге құлашын жайып, кемелдене келе “Парыз бен қарызға” ұласты. Ол қазақ теледидарында қазақ зиялыларының басын қосып, осы “Парыз бен қарыз” бағдарламасында енді айтпауға болмайтын сөздерді айтты. Айтулы ақындарды, мен мендеп қаламын қару еткен жазушыларды, танымал ғалымдарды бір үстелдің басына жинап, олардың ел, ұлт туралы толғақты ойларын халыққа жеткізді. Ол кезде бұл кез келген кісінің қолынан келмеуші еді. Ол үшін жүрек, батылдық, намыс, өрелі ой керек еді. Сағаттың бір басында осының бәрі де болды. Алмағайып заман тұсындағы небір оқиғаларды тақырыпқа арқау етіп алып, соның желісіне ұлттың мүддесін, тілін, ділін, дінін сыналап болса да кіргізіп отырды. Үрейленген, үрейі ұшқан кейбіреулер бұра тартып жатса, өзінің ақыл-парасатымен “бұғалық” салған асаудай райынан қайтарып, ырқына көндіріп, әңгіменің желісіне түсіріп жіберетін.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат перзенттік парызға, азаматтық қарызға келгенде адалдықтың ақ туындай жел­біреген айрықша адам еді. Ұлттың ұлы мұраттарына ұмтылудың үздік үлгісін көрсетіп кеткен Алаш ардақтыларының қатарында Сағат Әшімбаев есімі ерекше аталады. Тәуелсіздік таңының атқанын көре алмай кеткен арда азамат арамызда жүрсе ордалы ойларымен жасына жетпей-ақ халқының абызына айналар еді. Арман-ай десеңші, амал не!..\r\n\r\n \r\n\r\nШыны керек, Сағат сол “Парыз бен қарыз” арқылы ұлтымыздың ұйқылы-ояу санасын оятты. Теледидардан да ел үшін деп тепсініп тұрып пікір айтуға болатынын дәлелдеді. Мұны да мен Сағаттың ерлігі дер едім. Халқы алдындағы парызын өтеп, қарызын қайтарған азамат болса осы Сағаттай-ақ болсын. Менің бұл пікіріме қалың жұртшылық қосылады деп ойлаймын. Көп азаматтар басшылық жұмыста жүреді. Бірақ олар елдікке келгенде бір “пәлеге” ұрынып қалармын деп жалтақтап, өзінен жоғарының алдында кішірейіп, жалпақтап жүретінін талай көргенбіз. Сағат ол топтан емес еді. Желкесіндегі кірпік қақпай қадалып тұрған қарауылға қарамай, ел дегенде, қазақ дегенде қиын жердің өзінен жол тауып кететін еді. Сөйтіп, Сағат азамат ретінде, адам ретінде жұртын жорадан құр қалдыр­майтын. Несін жасырайық, сұрқай саясаттың сойылын соғып жүріп көбіміз оның алысқа шабатын тұлпар екенін, биікке ұшатын сұңқар екенін біле тұра баптай да, аялай да алмай қалдық. Желтоқсан көтерілісі тұсында аяулы Сағат біраз әуре-сарсаңға түсті, азап шекті. Қайыспайтын емендей боп қатайды. Күнделігіне моншақтай тізіліп түскен: “17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы” деген сөздер осы ойымызға айқын дәлел бола алады.\r\n\r\n \r\n\r\nҰлт намысы дегенде жанын салатын, көкірегі қарс айырылатын. Дүниеде сызат пайда болса ол міндетті түрде ақынның жүрегі арқылы өтеді деген сөз бар. Сол сияқты Сағат та бәрін болмысымен, жан жүрегімен қабылдайтын. Асыл мұраттар жолында арпалысып, жұдырықтай жүрегінен жұмыр жердің қайғысын өткізгендей болып күйіп-жанып жүретін мінезіне оның ет-жүрегі шыдай алмады. Советтік дәуір делінетін кезеңдегі ұлтқа жасалған қиянатқа төзе алмай жанып кетті. Сағаттан айырылған күні мен ең жақынымнан айырылғандай болдым.\r\n\r\n \r\n\r\nСағаттың жаратылысы бөлек еді. Тасты жарып шыққан мөлдір бұлақтай еді, қылауы жоқ сынаптай, жаны нәзік тербелген құрақтай еді. Асыл еді, жанымызға жақын еді, табиғатынан ақын еді. Сыншының тереңі, әділі еді. Ақ сөйлеуші еді, тумысынан таза еді, пенделіктен ада еді. Аузын ашса жүрегі көрінген ақкөңіл еді, маңдайға сыймай кетті. Әлі күнге дейін өз тарихымызға өзіміз ие бола алмай жүрген, аз жақсысын өзгеден емес, өзімізден қызғанатын ел емеспіз бе, біз Сағатқа тірісінде ие бола алмай қалдық, оны сақтап қала алмадық. Адамды тірісінде бағалай алмайтын енжарлығымыздан біз Сағатты да тірісінде бүгінгідей тани, бағалай алмадық. Ақкөңілділігін пайдаланып, оны да азғырушылар, адастырғысы келушілер табылды. Сағаттың Хан Тәңірісінің етегінде туған жыр Тәңірісі Мұқағали жайындағы мақаласы сондайлардың кінәсінен жазылған еді деп ойлаймын. Осының бәрі кейінгіге сабақ болғаны жөн. Әсіресе біз, ұлтымыздың келешегі жастарға абай болуымыз керек. Олардың санасына қылау түсірмеуіміз керек. Олар түзу өсуі керек. Ел түзу болсын десек, жастарымыздың түзу өсуіне ерекше мән беруіміз керек.\r\n\r\n \r\n\r\nСағат тәуелсіздікті көре алмай кетті, жете алмады. Содан бергі он алты жыл ішінде ел-жұрты Сағатын жадынан еш шығарған жоқ, шығармайды да. Артында қалған мұраларын әлденеше рет жаңғыртып басты. Оны жоғарыда келтірдім. Осындайда менің ойыма данышпан Абайдың “Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деген аталы сөзі оралады. Сағат аз ғұмырында артына өлмейтін, өшпейтін мол мұра қалдырды. Жалындап жанып тұрған от еді. Айналасына шуағын шашып, нұрын төгіп жүретін. Академик Зейнолла Қабдоловша айтсақ: “мінезі мен мүсіні, мазмұны мен пішіні, болмысы мен бітімі бөлек еді. Сағат екінің бірі емес, бірегейі еді. Ақ тілеуі ел үстінде жүретін. Іздегені – ізгілік, жақсыларға жанаса жүретін”. Ол өмірден өтсе де оған деген халқының сағынышы басылған жоқ, басылмайды да. Сағаттан қалған ой, Сағаттан қалған өнегені ешкім тарихтың еншісінен бөліп ала алмайды. Қазақ әдебиеті барда, сол әдебиеттің алыптары мен ардақтылары, саңлақтары мен сарбаздары барда сын жанрының сардары Сағат Әшімбаев та бар. Қазақ сыни ойының дамуында да Сағаттың шығар өз төрі бар. Енді ешқашан өлмейтін оның байтақ өмірі басталды. Сағат туған халқымен, туған әдебиетімен бірге жасай береді.\r\n\r\n \r\n\r\nМен асыл інім туралы сөзімді Әбдіраштың Жарасқанының мына бір жыр шумағымен аяқтағым келеді:\r\n\r\n \r\n\r\nҚайран Сағат, жандың, сөндің, от едің,\r\n\r\nПарызың мен қарызыңды өтедің.\r\n\r\nКүллі қазақ баласына өзіңді,\r\n\r\nӨміріңді өлмес үлгі етемін!\r\n\r\n \r\n\r\n \r\n\r\nАвторы: Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ