Сал-серілердің (әнші-ақындар) көтерген мәселесін, қозғаған тақырыбын талдап жазыңыз.

1
24318

Қазақ поэзиясының ерекше дамыған кезі – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы. Бұл кезеңдегі қазақ поэзиясының басында сал-серілер шығармашылығы тұрды. Сал-серілер поэзиясы — өзіне дейінгі ауызша поэзия мен жазба поэзияның жалғастыратын буын сияқты, өзінің алдында өткендерге қарағанда бір адым ілгері кеткен, жаңалығы, ерекше сипаты бар өнер. Оның қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен, тың өрістерге көтерген арна екені дау тудырмайды» — дейді профессор Ш.Керимов [1,120]. Шындығында да сал-серілер мұралары – қазақ поэзиясын көкке көтеріп, жұлдызын жарқыратты. Осы кезде қазақ поэзиясы жаңа түрге ие болып, сан алуан бояу — өрнектермен   дами   түсті.
    Сал-серілер — әдебиет тарихында да, музыка өнері тарихында да есімдері алтын әріппен жазылып, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне, ықыласына бөленген талант иелері. Сал-серілер сегіз қырлы бір сырлы жандар болғаны бәрімізге мәлім. «Жігітке жеті өнер де аз» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Сал-серілер сан түрлі өнерді игерген. Олар ақын, әнші, композитор болумен қатар, әрі бишілік, әрі артистік, әрі фокусшілдік қасиеттерін бойына жинақтаған жан-жақты талант иелері. Сал-серілердің әнші, композитор ретінде қазақтың өнерін, музыкасын дамытып, жаңа белеске көтергендігін әрі әншілік-сазгерлік шығармашылықтың өзіндік озық үлгі — өрнегін қалыптастырғандығын, поэзия мен музыканың, халықтың ойын-сауық өнерлерін ұштастырып келгендігін, ең бастысы қазақ поэзиясының дамуына зор үлестерін қосқандықтарын әдебиетші, өнертанушы ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп жазып   келеді.
Сал-серілер туралы алғашқы жазба деректер Қазан төңкерісіне дейін де әр түрлі Ресей басылымдарында жарияланған. Бірақ олар негізінен сипаттама түрінде болды.
Сал-серілердің өмірбаяндық деректерін жинап, өлеңдерін жазып алу, нотаға түсіру ісі Қазан төңкерісінен кейін ғана қолға алынды. XX ғасырдың 20-жылдарынан бастап сал-серілер туралы зерттеулер жариялана бастады.
   Сал-серілердің өмірбаянын, шығармашылығын, композиторлық, әншілік өнерін жан-жақты зерттеген ғалымдар кімдер деген сұраққа, ең бірінші ауызға алатынымыз – С.Мұқанов, А.Затаевич, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, Ғ.Әбетов, Ғ.Малдыбаев, І.Жақанов т.б.
   Ең алғаш баспа жүзінде Біржанның атақты сал ақын, әнші ретінде есімі С.Мұқанов, А.Затаевич, С.Сейфуллиннің еңбектерінде аталады. М.Жұмабаевтың «Ақан сері», С.Мұқановтың «Үкілі Ыбырай» деген мақалалары жарияланды. А.Затаевич әнші ақындардың туындыларын нотаға түсірумен қатар, оның авторы, орындаушысы жайлы деректер береді. Мәселен, Біржан әніне жазған түсініктемесінде сал мен серінің айырмашылығы, мінездері туралы айтады.

Ақан сері Қорамсаұлы.

Ақан сері өмір шындығын терең жырлаған. Асқақ ақын ғана емес, сыршыл лирикалық сезіммен, әншілік орындаушылық композиторлық өнерімен бүкіл қазақ даласына танылған ерекше дарын иесі, арқаның ардагер ақын әншісі болды. «Ойқалқа», «Біздің көңіл қайда жатыр».
Жастық, бозбалалық көңілде Ақан серінің көп жырлаған тақырыбы достық, махаббат болды. Өзі ақын, өзі әнші, өзі аңшы сұлу жігіт Ақанның халық арасына атағы тез жайылады. Оның айналасына қыз-бозбала топтала береді. Эстетикалық сезімі, талғамы күшті, ол Көкшенің көркем табиғатында туған небір әсем әндерін бабына келтіріп орындайтын болған. Ақанның енді қадірі ел арасында күннен-күнге арта түскен. Нәзік жанды ақын өмірдегі небір сұлу, әдемінің бәрін беріле жырлаған. Ол өзінің «Желдірме» өлеңінде:

…Ғашықтық бір ыстық күн, желі тынық,

Басына түскен жанның көңілі сынық.

Жарлы, бай, жаман, жақсы дегізбейді

Уа, шіркін, желіктірсе жігітшілік, –

деп бастан өткізген албырт жастықтың бір кезеңін сүйсіне толғайды;

Ақынның «Жайықтың ақ түлкісі», «Ақ көйлек» т.б. лирикалық өлеңдерінде көркі көз сүріндірер сұлу арулар ақын назарынан тыс қалмайды. Ол адамның түсі де, ісі де, жаны да сұлу болуын қалайды, өлеңдерінің лирикалық    қаһарманы  –  әсем  бейнелі, жаны сұлу адам болып келеді. Оны суреттеу барысында неше алуан теңеу,  метафоралар,  бейнелі сөздер,  үздік эпитет, теңеу, шендестірулерді молынан шебер пайдаланады.  «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы» өлеңінде:

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,

Алдымен сен бір қашқан маралдағы.

Ертістің құба талы секілденіп,

Жаудырап екі көзің отырасың

Тұндырған шай секілді құмандағы, –

деп келіп енді бірде:

«Сен болсаң, ол – қызыл гүл асыл еркем,

Мен – бұлбұл сайрап тұрған иран бағы, –

деп қызды гүлге теңеп, еркелете келіп, өзін бұлбұлға теңейді. Қыз бейнесін суреттеуде Ақан ең әдемі, нәзік суреттермен береді; «ақ түлкі», «ақ  марал»        өмірде сирек кездесетін, ешкімнің қолына оңайшылықпен түсе бермейтін   сүйкімді  хайуанаттар.

Ары қарай:

Қалқыған дариядағы сен бір кеме,

Ішінде бір шамшырақ бұрандалы,

немесе:

Сен болсаң адамзаттың асылысың,

Біз қанжар алтындаған қыныңдағы.

Ұнаса көңіліңе, перизатым

Жүре бер беліңе, орап буын-дағы, –

деп ақын қыз бейнесін ерекше бір нәзіктікпен суреттей отырып, өзінің де осал еместігін ұмытпайды, «Алтын қанжарға», «Сұңқарға» теңеп, қияға қол созып, арманын ашық көрсетеді.

Жүсіп төренің сұлу қызы Жамалға ғашық болған Ақан оны ешбір қызға теңемейтінін өлең шумағында анық білдіреді.

… Етегін ақ көйлектің алтындаған,

Ажарың ақжамбыдай жарқылдаған.

Сексен қыз серуенге шықса-дағы

Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.

Сармойын ақкуымсың көлге тартқан.

Жүйрік ат көлденеңдей жемге тартқан.

Болғанда сен аққу құс көлде жүзген

Лашын кұс не болады талпынбаған.

Мұнда ақын Жамалды «Ақ жамбы», «Аққу» «Қоңырқыз» т.б. сияқты небір теңеулермен аспандата суреттеп эмоциялық әсерін күшейте түседі. Осындай  сұлу  жанның  өзіне  тең  келмейтін сүймеген адамына баруына мүлде қарсылық білдіреді. Жамалды мүлде ұмыта алмаған Ақан сері оның өзі ұнатпаған адамына ұзатылу кезінде іштегі мұң-шерін өлеңнің, музыканың тілімен сыртқы шығарған әйгілі «Сырымбет» әні дүниеге келеді. Бұл ән кімнің болса да жүрегін қозғайтын, ішкі жан ашуының, сезімінің адамшылық, азаматтық сырларын паш еткен шығарма. Ақан суреттеген бейнелер Шығыс поэзиясында кездесетін қыздардың романтикалық сипатымен ұқсас келуі, оның шығыс әдебиетін жақсы білгенін көрсетеді. Ақан әндерінің ішінде көңілді, ойнақы, қысқа қайырылатын әні – «Балқадиша», бұл да – халық арасында кең тараған әндерінің бірі. Бір сапарында Ақан Қарауыл Шәкейдің Ыбырайының қызы Балқадишаны кездестіреді. Атына сай көрікті қылықты қыз Ақанды өзіне тарта түседі. Қыздың мінез-құлқын,   түрінің әдемілігін, әдептілігін бірден байқаған сері Ақан  оны  қасынан  жібергісі келмейді. Бірақ, қыздың жеңгесі қайталық деп болмайды, қыз екі оттың арасында қалып мазасыздана береді. Сезімтал Ақан оны байқап: –

Дегенде Балқадиша, Балқадиша

Есілді өрлей біткен тал Қадиша

Жеңгеңіз қайталық деп асығып тұр,

Рұхсат бізден сізге бар, Қадиша, –

деп табан астында өлеңмен өзі амалсыздан қимаса да рұхсат беретінін білдіреді. Өлең – асығып тұрған қызға тілек-ықыласын байқату мақсатында шығарылған   ән. Мұнда мұң, қасірет, өкініштен бөлек, ашық-жарқын көңілділік, ойнақылық басым.

«Құлагер». Ереймен еліндегі Сағынайдың асында Ақанның сүйікті аты Құлагерге қастық жасалады. Бұл кез серінің сүйген жары Ұрқиядан, қыран     құсы Қараторғайдан, құмай тазысы Базаралыдан айрылған кезі болатын. Ат    арқылы халық арасында беделі айырықша артып бара жатқан Ақанды дұшпандары көре алмайды. Топ аттың алдында озып келе жатқан Құлагерді    Батыраш-Қотыраштың адамдары тосып тұрып, шоқпармен ұрып өлтіреді. Ақан  сері алдыңғы аттың түсінің өзге екенін көріп, бір  жамандықты көңілі сезеді.

Біржан сал Қожағұлұлы.
Қожағұлұлы Біржан (1825 — 1897) – қазақ халқының әйгілі әнші — композиторы, ақын. Соңғы деректерге сүйенсек және ең бастысы Біржанның өз өлеңдеріне табан тіресек — ол 1925 жылы наурыз айында Ғ. Мүсіреповтің туған ауылы Жаңажолдан 4 — 5 шақырым жердегі «Қожағұл бүркеуі» делінетін қалың орман мекендеген Бертіс ауылындағы зергер Тұрлыбай Қожағұлұлының отбасында туған. Топырақ бұйырған жері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты Қожағұл бүркеуі деген жер. Шыққан тегі — Орта жүз Ақсары Керей, оның ішінде Көшебе. Үлкен әкесі Қожағұл Бертісұлы Ресей отаршыларының қысымын көріп, 1826 жылы Көкшетау, Ақмола өңіріне қарай қоныс ауыстыруға мәжбүр болады. Бозбала кезінен әнші — ақындардың қасына еріп, той — думанның сәніне айналады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан тәрізді өнер иелері – Біржан салдың ұстаздары. Біржан сал алғашқыда Қызылжардағы екі жылдық орыс — қазақ мектебін оқып бітірген. Сонан соң осындағы медресеге оқуға түседі. Оның өнер жолына біржола бет бұруы осы медреседен басталады. Өйткені, медреседе ұстаздық еткен Имағамбет Ырғызбекұлы, Көрпеш Бахрамұлы деген кісілер Көшебелі көп Керейге аттары мәлім ақын, өнерпаз болған. Бұлар Біржанға діни ғибадатшылыққа қоса, ән — күй өнерін, ақындық — жыршылықты, қол өнерінің алуан түрлерін, атбегілікті, аңшылық — саятшылықты үйреткен. Тіптен тоғызқұмалақ, дойбы ойындарына дейін терең меңгеріп шығуға мән берілген. Яғни, Біржанның болашақ сал — сері атағына лайық болып, өнердің үлкен жолына түсуіне бірден — бір негіз болған. Ол Қызылжар медресесінен араб, парсы, шағатай тілін меңгеріп, оң — солын танып, өз ортасының сауатты адамы болып шыққан. Біржан сал өмірінде төрт рет некелі болып, он бір ұл сүйген адам. Бірінші әйелі Балқаштан — Ақыл, Алтынбек, Әділбек, Мақұлбек, екінші әйелі Ләйләдан — Ахметжан, Ахметбек, үшінші әйелі Айтбайдан — Ахметқали, Айтжан, Айтмұхаммед, төртінші әйелі Әпіштен — Теміртас, Қалкен есімді ұлдар туған. Әлеуметтік ауыртпалық, репрессия зобалаңы, соғыс салдарынан осы балалардың ішінде тек Теміртастан ғана ұрпақ жалғасты. Теміртастан Мұхаммедқали туған. Біржан Тұрлыбайдың баласы. Атасы немересін бауырына басып, ежелден ерке өсіреді. Ата мен әже тәрбиесін көріп өскен ерке Біржан «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» деп жар салатын содан. Дәулетті атасының тәрбиесінде өскен Біржан тұрмыс таршылығын көрмей, еркін ер жетеді. Бас еркіндігі өзіндегі талантты бала жас шағынан домбырамен ән салуға, өлең сөз қиыстыруға бейімдігін байқатады. Өлеңге құмар жас тар аяда оңалмай, ошақ басы, от анасы әңгімелерінен биік тұрып, ел тамсандырар серілер өміріне қызығып, өзі де салдық, серілік құра бастайды. Осы әншілігінің, ақындығының арқасында Біржан алты алашқа оңай танылып, кейінгіге ертегідей жетіп, қазақтың ерекше салт — дәстүрі серілік дәстүрін шыңға шығарған жанға айналады. Ол тек Көкшетау аймағы ғана емес, бүкіл Сарыарқаға танылып, кейіндері қазақ әдебиетінің биік тұлғасына айналады. Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, балуан Шолақ секілді әнші — ақындар Біржан жолын жалғастырушы болып, соның жолымен жүрген жандар еді. Біржанның әр әні ерекше жағдайларда, ерекше жайларда туады. Мәжіліс құрып отырған шақтарда, я болмаса көңілінде қалған бір түйткіл жайларға байланысты Біржан ән шығара береді.


1 ПІКІР

  1. Рахмет, өте жақсы жазылған. Көмегі болды!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ