Самал Шынтаева, ұстаз: «Қазір мұғалімнің сабақ өтуіне кедергі көп»

5
2956

«Бар өнер музыкамен үндесетіні сияқты, барлық ғылым математикамен қабысып жатыр»-, дейді испан жазушысы Джордж Сантаяна. Мектеп кезінде математика сабағынан қашсақ та, өмірде құтыла алмайтыныңызға көзіңіз жеткен болар?

Менің бүгінгі кейіпкерім қиын да, қызық пән арқылы он жылдан бері жас буынды сусындатып жүрген — Самал Шынтаева.

Қайырлы күн Самал ханым! Сізді көріп «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген ән есіме түсіп отыр. Нәзік болмысыңызға қарап, ұстаздық жолына қалай түскеніңізді білгіміз келеді.

Самал Шынтаева:   Сәлеметсіздер ме! Сіздің бұл сұрағыңыз бір кездері  басқа салаға ауысқым келгенін есіме түсіріп отыр (күліп).  Негізі мен мектепте жүрген кезімнен-ақ мұғалім болуды армандадым. Кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ғылыми математика факультетінде білім алдым. Тәжірибе алу үшін қаладағы технологиялық лицейге баратынбыз, ол ақылы мектеп болған соң оқушы саны аз, әрі тәртіп те қатал еді. Біз тек бақылап отырғанымыз болмаса, сабақ өтпедік. Ал университетті бітірген соң бірден қалалық мектепке жұмысқа орналастым. Шыны керек, маған өте ауыр тиді, оқушылармен жұмыс жасау қиынға соқты. Содан алғашқы айдың өзінде-ақ мамандығымды ауыстыру туралы ой келді. Сырттай есепші мамандығына тапсырып, бір жылдай есепші болып жұмыс істедім (күліп). Кейін басқа мұғалімдердің сабағын бақылап қарасам, қиын дүние емес сияқты, сондай-ақ қыз баласы болғандықтан ба мектепке бір күш тартып тұратын. Сол себепті бір жылдан соң мектепке қайта келдім. Енді оқушылармен тіл табысып, олардың әр қайсысын жеке-жеке зерттей бастадым. Мен сабақ беретін мектепті зерттеп қарайтын болсаңыз 70-80%-ы ата-аналары ажырасып кеткен, тұрмысы төмен отбасынан шыққан оқушылар. Қиыншылықты көп көріп өскен баланың да ойлау деңгейі, санасы басқаша болады ғой олармен жеке жұмыс істей білу керек. Ал ол үшін кәсібіңді сүю және  оқушыны зерттей алған жөн. Міне қазір он жылдан асты кәсібімді, оқушыларымды зерттеумен келемін.

Демек, оқушылардың әлеуметтік жағдайы да интеллектуалына әсер  ететін болып тұр ғой. Өзіңіз қазір қарапайым мектепте сабақ бересіз және ақылы курста жұмыс істейді екенсіз. Екі жақтың қандай айырмашылықтарын байқайсыз?

Самал Шынтаева: Бұл екі тараптың айырмашылығына емес, жалпы дайындыққа келетін балаларға тоқталайын. Дайындық курстарына 10 сыныптан, көбінде 11-сыныптың ортасынан бастап келеді, ал 9 айдан кейін олар тест тапсырады, мектепте алгебра 7 жыл, геометрия 5 жыл өтіледі, жалпы 12 жыл математиканы ашып, толық асықпай игеруіне мүмкін болды. Бірақ соның өзін толық игере алмаған, не осы уақытқа дейін қызықпаған оқушылар дайындық курсына келіп өз білімін аз ғана уақыт ішінде жетілдіруге тырысады. Әрине 12 жыл өтілген білімді 9 айда меңгеру қиынға соғады. Соған қарамастан оқушылардың деңгейін біліп, сол бойынша топтарға бөліп жеке-жеке топпен жұмыстар жасалады. Математикаға қызыққан оқушы оны алып кете алады, ал өзге оқушылардың қызығушылығын оятуға күш салып, жоғары нәтиже көрсету үшін әрекет етеміз.

Жекеменшік орталыққа сабақ беру туралы… Ұсыныс қай тараптап болды?

Самал Шынтаева:  Студент кезімізде оқытушымыз талапты өте көп қоятын. Бір балл алу үшін 2-3 күн дайындалатынбыз, егер талабына сай келмесек айтылған баллды бізден шегеріп тастайтын. Сол ағайымыз: «Өзіңді дамыту үшін өзгеге үйрет» дейтін және соған дағдылайтын. Бізде соның ізімен студент күнімізден азын аулақ ақшаға келісіп төменгі курстарға сабақ өтетінбіз. Кейін мектепте жұмыс істеп жүргенімде дайындық курстары шақыра бастады, бір жағынан қаражат та керек болды.

Қайткен күнде де болашақ ұрпақтың біліміне жауапты сіздер ғой. Қазір мұғалім болғысы келмейтін мамандар көп, ұстаз болып жүрсе де мамандығына берілмеген жандар бар. Сіздің ойыңызша, ұстаздардың санын емес сапасын қалай артыруға болады?

Самал Шынтаева: Ең бірінші көп мектептерде ұстаздарға жағдай жасалмаған. Жаңадан келген жас мамандарды тәжірбиесі жоқ, оқушыларға не үйрете алады деп алғысы келмейді. Алған күннің өзінде азаннан кешке дейін сағат беріп, талаптарын күшейтеді. Оған қазіргі жастар шыдай алмайды. Талаптарына көніп, айтқандарын істеп жүрген күннің өзінде мұғалімнің алып жатқан жалақысы өзіне жетпейді.  Орташа жалақымыз шамамен 100 000 теңге шығар. Үлкен қалада өмір сүретін адамға не болады, оның тұратын жері мен тамағынан артылмайды.  Еш жерге жетпейтін жалақымен ешкім жұмысқа тұрғысы келмейді деп ойлаймын. Сосын мұғалімге қойылған талап тым көбейіп кеткен, оқушыны ұрсуға, ұруға болмайды, бетіне қарап күліп сөйлеу керек. Бір нәрсе болса ата-анасы жетіп келеді, оның бәрі мұғалімнің сабақ өтуіне кедергі келтіреді. Шындап келгенде, мұғалім мектепте сабағын шабытпен өте алмайды. Қалада жиналыс болса бірінші мұғалім кетеді, сенбілік болса да мұғалім оқушыларын сүйреп аулаға шығады, оның бәрі мұғалімнің дұрыс сабақ өтуіне мүмкіндік бермейді.

Осындай жағдайдан қалай шығуға болады?

Самал Шынтаева: Менің ойымша «Біздің мәртебеміз төмен екен» деп басымызды төмен салып жүре беруге болмайды. Кез келген жағдайдан шығар жол табылады. Өз ойыңды басшыларға жеткізіп, сабағыңды дұрыс өтуге мүмкіндік сұра. Қаражат жетпей жатса қосымша жұмыс қарастыру керек. Бір мектепте 30 оқушыға сабақ өткен адам, қосымша тағы 5-6 адамға да сабақ бере алады. Бәрі де адамның өзіне байланысты. Мысалы мықты маман, өз ісінің үздігі болса оған қашан да сұраныс жоғары болары сөзсіз. Кейде оқушыларым маған «Сіз сияқты мұғалім боламын» дейді, ондайда мен әрине қуанамын. Бірақ оқушыма қолдаумен қатар «Ойлан, ата-анаңмен ақылдас, қолыңнан келе ме?» деп жауапкершілік артамын..

Сіз айтқандай мұғалімдердің барлығы қосымша жұмыс істей бермейді. Шыны керек, тіпті жаңа бағдарлама бойынша арнайы білім алғанымен, оны күнделікті өмірде қолдана алмай жатады. Мұндай жандардан жақсы шәкірт шыға ма?

Самал Шынтаева: Жақында қаладағы жеке меншік бір ЖОО-ның  студенттері тәжірбиеден өту үшін мектепке келген. Математиканы таңдаған бір студентті маған жіберген екен. Мен одан «Мұғалімдікті өзің таңдадың ба?» — деп сұрағанымда «Иә, өзім таңдадым, оқуды аяқтаған соң мұғалім боламын» деген ед. Үш күннен кейін «Мен мұғалім болмай-ақ қоямын-ау» дейді. Расын да, адам өзінің қолынан келетін іспен айналысуы керек қой, «Ақша керек, амал жоқ уақытша мұғалім бола тұрайын» деуге болмайды! Мектепте бізге де: «Жұмысыңды жақсы атқара алмайсың ба? Онда орныңды босат!» — дейді. Мектепте негізі тек нағыз мамандар қызмет етсе екен деймін. Себебі баланың білімімен ойнауға болмайды. Бүгінгі бала, ертеңгі болашағымыз ғой.

Өзіңіз мектепте мұғалімдерге қойылатын талаптармен келісесіз бе? Мысалы қағазбастылық, үш тілділік, пайдасыз жиналыстар… тағысын тағылар көп. Бастықтардың қойған талабына қаншалықты сай келесіз?

Самал Шынтаева: Мен мектеп талаптарымен онша келісе бермеймін. Қағазбастылық – мұғалімдердің қолын байлайды. Барлық қағазды шығарып басып жүрмей  электронды түрде көрсетіп келісімін алса жетеді деп ойлаймын. Бірақ бәрінің алатыны сол интернетте тұр. Оған көп мектептер келіспейді, қолмен жазсын, сонда мұғалімнің ізденгені болады дейді, оны мұғалім қанша жылдан бері қайталап жазып өзкізе береді. Оны жазып отыруға кеткен уақытын  мұғалім ізденіп, тың ақпарат табуға жұмсар еді. Бір сабаққа жоспар жазудың өзіне 20-30 минут уақыты кетеді, күніне 5 сабаққа кіретін болса, сонда жай күннің өзінде 2 сағаты сабағына жоспар жазуға жұмсайды. Сол уақытты ізденіске жұмсаса, дайын жоспарға рұқсат берілсе деймін. Жақында бір мақаладан оқыған едім, Американың бір штатында мұғалімге жылдың басында сабақ өтуіне қажетті бүкіл дүниесін бір қорап қылып өздері дайындап береді екен. Оның ішінде дайын жоспары, сабақ өтуіне қажетті көрнекілігі, қағазы,  маркері бәрі-бәрі бірге келеді екен. Мысалы бізде қарапайым интер белсенді деп берген тақталарының өзі ары кетсе 3-ақ жылға жарайды, оған жазатын маркерлердің жақсы дегені 180 теңге тұрады, ал математиктерге оның өзі 2-ақ күнге жетеді. Қазір тендер деген жақсы болды ғой, ең сапасыз дүниенің бәрі сонымен келеді, оның келген аты ғана болмаса, пайдасын жарытып көрмейсің де. Өзіңе қажетті дүние болған соң оның бәрін  қалтаңнан ақша шығарып аласың. Осының бәрін назарға алса екен деп ойлаймын.  Үш тілділік мәселесіне келсек, мен оны қолдаймын. Әр бала ағылшын, орыс басқа да тілдерді білгені жақсы емес пе? Тілді жақсы білу бала болашағына үлкен мүмкіндіктер береді. Тек бастауыш сыныптарынан бастап үш тілде бірдей сабақ беріп миын ашытуға болмайды. 5–7 — сыныптардан бастап үш тілде білім беруге болады.

Жалпы қазіргі мектептердегі жаңа оқу бағдарламасына өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?

Самал Шынтаева: Иә, жаңа оқу бағдарламасы бойынша оқытып жатырмыз, бірақ бізге қиынға соғып жатқанын жасыра алмаймыз. Өйткені жаңа бағдарламаны бірде 5-сыныпта, келесісін олар 7-сыныпқа өткенде енгізіп отырады.  Ал енді қалыпқа түскен балаларға тағы бір бағдарламаны қабылдау оңай емес және сабақ өту бізге де қиын. Мүмкін бірінші сыныптан бастап жаңа бағдарлама бойынша білім берсе, барлық оқушы алып кетер ме еді? Ал орта жолдан жаңаша сабақ өту, бағдарламаны өзгерту оқушылардың сабақ оқуын қиындатып жіберген тәрізді. Кей сыныптарда тек баға үшін оқитын оқушылар болады. Қазір оларға баға қойылмайтын болғандықтан,  оқуға қызықпайтын болып кетті. Енді жақсы жақтары жаңа оқулықтар шығып жатыр, бұрынғы оқулықтарға қарағанда ішінде 30%-ы өзгерген, жаңадан есептер қосылған, әдіс-тәсілдер өзгертілген.

Оқушыларға жаңа сабақ түсіндірер кезде өзіңіз қандай жаңа  әдіс – тәсілдер қолданасыз?

Самал Шынтаева: Жаңа оқу бағдарламасы бойынша әдіс-тәсілдер оқушыға сабақ түсіндірер кезде жақсы әсер етеді, бірақ біз математикада көп қолдана бермейміз. Соның өзінде 30-40%  қолдануға тырысамыз. Жаңа сабақты өтер кезде ойын арқылы түсіндіруге тырамын. Сабақты бастамас бұрын логикалық сұрақтар беру арқылы миға шабуыл жасаймыз.

Елбасымыз биылғы жолдауында «Педагог мәртебесі» деген заң қабылдауды тапсырды. Аталмаш заңға өзіңіздің қосатын қандай да бір ережелеріңіз, ескертпелеріңіз бар ма?

Самал Шынтаева: Балаға қатысты көп міндеттемелерден мұғалімдерді босатса деймін. Оқушы сабақтан тыс уақытында төбелессе, неге ұстаз жауап беруі керек. Мектепте баланың тәртібін түзеймін деп, кінәлағаны үшін неге мұғалім жұмыстан шығуы керек? – деген сыны сұрақтар бар. Баланың білімін былай қойғанда, баласын дұрыс тәрбиелеп, тамақтандыра алмайтын ата-аналарды да көріп жүрміз.  Қанша жерден ұстаз балаға білім мен тәрбие беремін десе де, үйдегі тәрбие дұрыс болмаса онда ол берілген білім балаға жеткіліксіз болады.

Уақыт бөліп, өз ойыңызбен бөліскеніңізге рақмет! Білімді, алғыр шәкірттеріңіз көп болсын!

Martebe.kz


5 ПІКІРЛЕР

  1. Оте тамаша! Мугалимдеримиздин мартебеси аскактай берсин! ?????

  2. «Балаға қатысты көп міндеттемелерден босатса…» — деген пікірін қолдаймын. Педагог мәртебесін жоғарылату керек !

  3. Орынды сұрақ, керемет жауап болды. Істеріңіз алға баса берсін!

  4. Осындай білікті ұстаздарымыз көп боосын. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ