«Үш көмек» қағидасы

0
619

Қазақи менталитет бала күнімізден бізді үлкендерге көмек көрсетуге, кішілерге қамқорлық жасауға, шама-шарқы кем жандарға жанашырлық етуге тәрбиелейді. Біздің көмегімізді қажет ететін кез келген жағдайда біз қол ұшын созуға дайынбыз. Тіпті, кей кездері өз шаруамызды ысырып қойып, өзгенің ісінің әлегімен мазалы боп жүреміз. Алғыс алған жақсы-ақ, дегенмен сол алғыс қаншалықты ұзаққа шыдайды?

НЕ?

Менің түсінігімде қалыптасқан «Үш көмек» қағидасы бар, әрбір мәселеде маған үлкен көмегін тигізеді. Бұл қағиданың басты мәні: «Бір адамға үш реттен артық көмек жасайтын болсаң, ол мұны міндетті зат ретінде көре бастайды». Демек, адамның бағалай алатын жақсылығының максималды көрсеткіші – үшеу. Бұдан арғы жақсылығыңда не береке, не бағалау болмайды. Адамзаттың жаратылысы сондай – жақсы нәрсеге бойы тез үйренеді.

НЕГЕ?

Менің ойым көмек жасауға даяр жандарға тіпті ерсі көрінуі мүмкін. Әрине, аузын ашса жүрегі көрінетін адамдарға үш рет, тіпті, он рет жақсылық жасау текке тұрмасы анық. Бірақ бұл қағида менің бақылауымнан өтіп, санамда нақты қалыптасқан. Адамдардың барлық өтінішін жерде қалдырмауға тырыссаң, олар саған жүгінуді әдетке айналдырады. Алғаш рет көмек көрсеткенде алғыс жаудырып, төбеңді аспанға бір-ақ жеткізері сөзсіз. Себебі, ол кезде сен олар үшін жеке индивид, көмектесуге немесе көмектеспеуге құқылы жеке тұлға боласың. Төртінші рет өтініп келсе – ойланба, қайта бұр да, қайтарып жібер! Кейін осы әрекетің үшін өзіңе деген сыйластығың арта түседі.

ҚАЛАЙ?

Көмекті міндетті зат ретінде көре бастаған мезгілді қалай дөп басып табуға болады? Сенің уақытыңды, күшіңді, энергияңды еш қайтарымсыз, қайырымсыз тартып ала бастағанды қалай танып білесің? Бар болғаны «жоқ» деп көр, нәтижесін өзі-ақ береді. Сенің көмегіңе еті үйренген адам бас тартуыңа ренжіп, бұған дейінгі жақсылықтарыңды жоққа шығарады. Иә, дәл солай! Сондықтан, қазірден бастап шектен шыққандарды шетке шығарып салуды үйрен.

Атақты философ Николло Макиавелли адамның іс-әрекетінің ең негізгі түрткісі – өз мүддесі деген тұжырым жасаған болатын. Ендеше жаратылысымыздан берілген эгоизмді дұрыс жерде қолданып, өз мүддемізді қорғай білуді неге үйренбеске? Қайткенмен Макиавеллидің:«Адамдар жайында, жалпы алғанда мынаны айтуға болады. Олар рақымсыз және тұрақсыз, алдау мен екіжүзділікке жақын, әлдебір төнген қауіптен қашады, оңай олжаға жүгіреді», – деуі бекер емес. Мен ешкімді мүлдем эгоист болуға шақырмаймын, тек өзге үшін өзіңіздің қадіріңізді жоғалтпаңыз дегім келеді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ