Шәкәрім Құдайбердіұлы шағармашылығындағы дүниетанымдық мәселелер.

0
4641
D:\Users\индира\Desktop\a3ffd7ca8c7edaea3187eec41701c5e4_resize_w_520_h_.jpg
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы шағармашылығындағы дүниетанымдық мәселелер.

Жоспар

  1. Кіріспе
  2. Ш. Құдайбердіұлының дүниетанымдық көзқарастарының бастау көздері.
  3. Шәкәрім жырларындағы шығыс шайырларының желісі.
  4. Қорытынды.
  5. Пайдаланған әдебиеттер тізімі.

 

Кіріспе

Қазақ даласының Ресейге қосылуы ХІХ ғасырдың орта тұсында аяқталды.

Осыдан бастап қазақтар қай жағынан болсада да Ресейге тәуелді күй кешті. Бұл кезде Ресейде капиталистік қоғам өркен жайған болатын. Капитализм Ресейге ғана емес, Кавказда, Орта Азияда, Сібірде, сонымен қатар қазақ даласында да қалыптаса бастаған еді. Ресейде болып жатқан экономикалық өзгерістер, саяси оқиғалар, мәдени даму үрдістері азды – көпті болса да қазақ даласына жетіп жататын.

Патшалық Ресей шет аймақтарындағы халықтарды аяусыз қанады, барлық жағынан дамуына кедергі жасап, соған тікелей күш жұмсады. Бұл жағдай ұлттар арасындағы араздықты қоздырды. Ресейге қараған басқа халықтар сияқты, қазақтың да тілі, ұлттық мәдениетіне зорлық келді, қорланды.

Қазақ халқының рухани дамуы патшалық Ресейдің орыстандыру саясатының жасында әдістерімен жетелеп отырды. Патша өкіметі қазақ өлкесінде ғылым мен білімнің дамуына, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне көңіл аударған жоқ. Патшаның жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі ресми құжаттардың біреуінде былай деп жазды: «Мен қырғыздарды (қазақтарды) орналастыру, оларды оқытып ағарту, оларды Еуропа халықтары шыққан сатыға шығару сияқты мүсіркегіштердің мейірбандық әурешіліктерімен шұғылданбаймын. Мен қырғызлардың (қазақтардың) өмірбақи малшы, көшпелі болып қала беруін, олардың ешқашан егін екпеуін, ғылым тұрмақ қолөнерден де мақрұм қалуын жан – тәніммен тілеймін». Бұдан қазақ халқының тағдыры патша үкіметінің « қайраткерлері» үшін немқұрайды мәселе болғанын айқын аңғарамыз.

Ресей патшалығы өзіне бодан халықтар арасына «астам», «алдамшы» идеологияны кеңінен таратып, соны жүзеге асырды. Тек орыс ұлты арасында ғана емес, бодан халықтардың арасында да сол идеологияны қолпаштап, өз бастарының амандығын ойлаған ұлт өкілдері де шыға бастады. Осы идеологияның зардабынан қаншама жазықсыз жандар жапа шекті, көптеген рухани, мәдени қазыналар халықтың игілігіне қызмет ете алмады. Елінің мүддесі, халқының қамы жолында бүкіл ғұмырын сарп еткен ақиық ақын – жазушылар – ғұлама ғалым, кемеңгер ойшыл, бейнелі сөздің биік бәйтерегі болған Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сияқты арыстардың ойшыл да өршіл шығармалары отаршылдық түнегінде тұншыққан қазақ даласына сызаттап қана сәулесін түсіре бастады. Олардың азаттық идеясын таратып, «оян қазақ» деген ұран тастап, теңдік пен тәелсіздік туын бастарын қатерге тігіп, темірдей тәуекелмен тік көтергені бүкіл алашқа аян.

Жалпы, адамзат тарихында күллі дүниені қүрт өзгерткен асулы кезеңдер болады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ басында осындай сынағы мол аласапыран дәуірдің басталғалы тұрғанын дәл аңғарған қазақ халқының көкірегі зерделі ұлдары ұлт тағдырына басқаша қарап, оның хал – ахуалын, тұрмыс – тіршілігі, аңсары мен ұмтылысы, ұлттық дамудың жолдары мен болашағы туралы тереңнен тербеп, саналарын сарықты, іс — әрекеттерін де сол бағытқа бұрды. Олар өздерінің қоғамдық – саяси, ағартушылық, ақындық, журналистік қызметтерімен, көркем туындылары және ғылыми еңбектерімен, әлеуметтік саладағы алуан түрлі ізденістерімен қалың бұқараның ұлттық санасын, отаншылдық сезімін қайрай түсті, жаңалыққа, оқу – білімге ұмсындырды, бостандыққа, теңдікке, бірлікке бастады, Туған халқын отарлықтың тұзағынан, қанаушы өкіметтің құлдығынан құтылуға, елдің тәуелсіздікке ие болып, оның экономикалық, мәдени дамудың жаңа жолына түсінуіне ақыл – ой, дарын – қабілеттерін, күш – жігерлерін, бүкіл саналы ғұмырларын арнады.

Осындай « құдыретті топтың» төрінде жарқыраған үркер шоғырындай зиялылар қауымының бел ортасында, соның рухани көсеміндей болған Шәкәрім қажы жүрді.

Оның ақжүрек адамгершілік пен ақниет азаматтықты дәріптеген өлеңдері, имандылық пен инабаттылыққа шақырған сыр сөздері, елдік пен бірлікке үндеген салауатты жырлары дауылпаздай дабылдап, қалың шарасыздық пен табансыздықтан тауы шағылып, жігері жасыған «қалың  қазақ қайран еліне» тірек болып, болашаққа үміттерін оздырды. Қоғамды танып, дәуірді бағалауға таразы өлшеміндей нысанаға айналды. Ақын сөздері алты алашқа ұран болды.

Шәкәрімнің рухани мұрасы соңғы жылдардың төңірегінде көбірек зерттелді. Көрнекті ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміз, тарихшыларымыз оның шығармашылық биігі мен өмір жолын әр тұрғыда талдап, қалың оқырман қауымға бішама таныстыру ісін атқарды. әсіресе Қ.Мұхаметханов, Ш.Сәттібаева, Б.Әбдіғазиев арнайы зерттесе, Ә.Дербісәлин, Х.Сүйіншәлиев, Ш.Елеукенов, М.Базабаев, М.Мағауин, С.Негімов, Ө.Күмісбаев т.б. ғалымдардың бірнеше мақаларында сөз болып, Шәкәрімнің жалпы шығармашылық мұрасын игеруге тарихи — әдеби жағынан бағдар жасалынды, ал философиялық тұрғыдан оның дүниетанымдық орынын айқындау ісінде Ж.Әбділдин, Қ.Әбішев, Г.Ақмамбетов, М.Бурабаев, Д.Орынбеков, М.Хасанов, Қ.Шүлембаев, Қ.Салғарин сияқты ғалымдар көптеген еңбек сіңірді. Шәкәрімнің шығармашылығын насихаттауда өзінің баласы Ахат Шәкәрімұлының, Ж.Жүнісовтердің еңбектері де елеулі.

Әйтседе, Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниетанымына, оның әлеуметтік – фиософиялық көзқарастарына арнаулы тоқталып, толық және жан – жақты сипаттама, берілді деп айта алма    ймыз. Себебі, Шәкәрім шығармашылығындағы дүниетаным мәселесі тереңде жатыр. Шәкәрімнің діни және дүниетанымдық көзқарастарына жете, түпкілікті талдау жасалмаса да, оған жол салып, соқпағын ашуға А.Айтбаеваның кандидаттық диссертациясы біршама көмек берді. Десек те, Шәкәрәм мұрасы әлі де кең құлашын жая қоймаған алғашқы зерттеулер мен мақалалардағы ой-толғамдармен шектеле қоймаса керек.

Ендігі кезек – ақынның бай шығармашылық әлемін әр қырынан үңіле қарастыру арқылы танымдық сырын, қоғамдық мәнін, көркемдік құдіретін, тарихи маңызын терең талдау. Ақынның қоғамымыздың мәдени, рухани өміріндегі дара тұлғасын таныту. Терең ойлы суреткерге тән шынайы бейнесін көкейге орнықтыру. Шәкәрімнің әдебиет пен поэзияда ғана емес, қоғамдық ой-жүйедегі орынын анықтау.

1-тарау: Құдайбердіұлының дүниетанымдық көзқарастарының бастау көздері.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы – қазақ әдебиетінің кемелдену кезеңінен бастау алып, мағыналық тереңдеу, мәнді ой түйіндеу, көркемдік өрнектену, халықты өрлеуге шақыру, кәсіби тұрғыдан толысу кезеңі еді. Бұл кезде бұрын әлі қалыпқа түсіп бітпеген, қайталана қолданылып келген көшпелі мазмұн, түрлік пішіндердің, бір текті стильдік тілдік оралымдардың сапалы көркемдік әдіске айналу дәуірі басталса, ал қазақ философиясында ерте кездегі философиялық ой-толғамдардың танымдық өрісі одан әрі жандана, жаңара түсті. Бұл үрдіс ең алдымен, Абайдың, оның дарынды шәкірттерінің, әсіресе Шәкәрімнің шығармаларында кеңінен көрінді. Ауыз әдебиетіндегі философиялық ой, дүниетаным Шәкәрім шығармаларында жалғасып, әлемдік философтардыңпікірлері қазақ дүниетанымымен ұштасқан күйі жазба әдебиет үрдісінде көрініс тапты. Ал, сол Шәкәрім шығармаларындағы «жасырынған мағыналар қазынасын» бірлесіп аша түсу алдағы күндердің таусылмас игілікті сыбағасы.

Зерттеушілердің де, әдебиетші ғалымдардың да алдағы нысана-бағдары ақынның сан-салалы шығармашылығын әр бағытта, мысалы, Шәкәрім шығармашылығының тақырыптық желілері, оның поэзиясының көркемдік өрнектері, тәрбиелік және эсттетикалық мән-мағынасы, тарих пен бергі заман байланысы, Шәкәрім поэзиясының Батыс-Шығыс классикалық поэзиясымен сабақтастығы, Шәкәрім өлеңдерінің түрлік, ұйқастық иірімдері, Шәкәрәм шығармашылығындағы ұлттық дәстүр мен ақынның дара ерекшеліктерін танытатын басқа да қасиеттерін саралау, ғылыми жүйеде зерттеу болуы тиіс.

Қандай біртуар тұлға болса да, ол ең алдымен, өз заманының, өз ортасының түлегі. Суреткер өз дәуірінің шындығын шығармаларына арқау етеді. Замандастарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Халқының мәдени, рухани дәрежесін өзі өмір сүрген уақыттың өлшемімен биікке жетелейді. Сол замандағы қоғамның тыныс-тіршілігі мен халқы көтерілген рухани биікті өткен тарихпен салыстырып барып, ел-жұртының қаншалықты ілгерілегенін, жетістігі мен кемістігін салмақтайды. Өткен тарихты санасында сүзіп, өмір сүрген дәуірінің қыр-сырына қанығып, болашаққа болжам жасайды. Көне тарихтың, алдыңғы ата-баба дәстүрінің прогресшіл жақтарын өз уақытына қайта жаңғыртып жеткізеді, өз дәуренімен байланыстырып барып, болашаққа жол тартады. Ендеше, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің көпшілігі – заман мен заманды жалғаушы, ел тарихын көркем туындылары арқылы қайта жаңғыртушы басты тұлғалар. Олардың туындыларының үлкен бір қыры – шығармаларындағы тарихи, қоғамдық, өмірлік танымы, оның үстіне, ақын не жазушы өз шығармалары арқылы заманды жалаң көрсетіп, оқиғаны тізіп шығушы емес, көркем суреттеп, оқушысына жан-жақты әсер беруші. Осы жан-жақты әсердің ішінде көркемдік шеберлікпен бірге тағылым-тәрбие, таным, саналық жолдар көркем туындының бөлінбес бір саласы есебінде қоса жүрмек.

Шәкәрімнің шығармашылық жолы сан-салалы. Әрине, ол ең алдымен, ақын. Сонан кейін барып, шежіреші- тарихшы, елдің ішкі тіршілікгінің қам-қарекетін жазған көсемсөзші. Ең бастысы Шәкәрім өзінің өмір сүрген ортасында болған қоғамдық-тарихи құбылыстар арқылы өмір сырына үңілген дүниетанушы адам. Сонымен бірге, Шәкәрім ғұлама ойшыл, үлкен тәрбиеші. Ол шығармасын тек тарихи тұрғыда жазбайды, ескінің жаңаға ұласуын, арғы заман мен бергі заманның саналық, сапалық ерекшеліктерін образ бейнелері, ой-түйіндері арқылы үнемі даралап суреттеп отырады. Кейіпкерлер іс-әрекеті де, ойлау жүйелері де, көбіне саналы тіршіліктің ыңғайына қарай бағытталып отырады. Және ондай бағытталу автордың әдейі иіп әкелген зорлығы емес, заман мен уақыт шындығының белгісі. Ондай тағылымы терең «жұмбақ» шумақтардың үлгі-өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні үлкен. Ендеше ескілік өмірді, жолсыз салтты сынаушы ғана емес, халықтың өмірі мен тарихындағы ғасырлар бойы қалыптасқан жақсылықты дәріптеуші.

Осыдан келіп Шәкәрімнің танымдық көзқарасының қалыптасу тамыры шығады. Белгілі бір халықты жете танып. Оның өмірлік философиясын білу үшін, алдымен сол халықтың тарихы мен ауыз әдебиетін білу керек. Сондықтан Шәкәрімге де халқының көне тарихын жан-жақты білу, оған қазақтың ауыз әдебиеті, ертедегі арман-тілегі, аңыз әңгімелері әсер етті. Қазақ халқының қиссалары, мақал-мәтелдері, шешендік шиырлары ауыздан-ауызға жетіп, жұрттың рухани жетілуіне өз ықпал-әсерін тигізгені анық. Адамгершілік, бауырмалдық, бір-біріне қамқорлық, ғашықтық, сүйіспеншілік, барлығы да ұлттық дәстүрімізге тән құндылықтар.

Шәкәрім өзінің атасы Құнанбай қажының тәрбиесін көрген. «Мені адалдық жағынан тәрбиелеп, ақыл берегн үлкен әкем – Құнанбай, деген Шәкәрімнің өзі, — Әсіресе, адалдық жағын үйрететін». «Елге адал еңбек етсең, адал болсаң, абыройлы боласың. Елге жақсаң Құдайға да жағасың», «Көпті сыйласаң өзің сыйлы боласың», — деген сияқты нақыл сөздерді жиі айтқан.

Адалдық борышың –

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айныма,

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да өнер мен білім үйрен.

Өнерсіз білімсіз,

Болады ақыл тұл.

Ата тәрбиесінен кейін Шәкәрімді қызықтырған ауыз әдебиеті болды. Ондағы айтылған халықтың мұң-мұқтажы, халықтың тіршілікке деген көзқарасы Шәкәрім дүниетанымын, философиялық ойын жетілдірді, оның өмірге деген көзқарасы халықпен ортақ, бірге болды. Шәкәрімнің қай шығармасында болмасын адамдық қалыпты берік ұстанған, мейірімді пейілден айнымаған көпшілік қауым бар, ол халық екенін, халық санасының қай кезде де қалпы құрымайтындығын, келешек күндердің қиыншылығы ел-жұртты тұрмыстық жағынан да, рухани жағынан және мәдени жағынан да қысуы мүмкін екенін түйіндей барлап, елдің елдігін сақтайтын сара жол халық пейілі екенін болашаққа әдейі ескертетін сықылды.

Шәкәрім шығармаларындағы халық, ұлт образы астарында ең бірінші адам образы тұр. Шәкәрім адамтанушы. «Үш анықта» адамды «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді» дейді. Сонда адамның бұл өмірдегі орыны, қызметі тәнге емес, мәңгі өмір сүретін жанға арналу керек. Ал, жаны таза адамның, тәні де таза болады. Ойшыл бергіні емес арғыны қозғап, сол арқылы адамның шын мәнінде кім екендігін танытқысы келеді.

Мысалы: Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең – дағы, — дейді.

Бұл шәкәрімнің Абаймен үндестігі, ұстазы Абайдан алғаны. Мұнда айтары тәннің уақытша екенін, бұл өмірдің рахаты үшін адам бар жағдайды жасатыны, тіпті тән рахаты үшін сауап бермес қылықтарды, озбырлықтарды жасайтыны, ал сол тән өлгенде тіптен жиіркенішті болатынын айта келе жан тазалығын ұсынады. «Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұжданы соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды». Сндықтан ол позитивті сезім мүшелері, түйсік арқылы жинақталған тәжірибені көбірек жақтайтын ойшылдарды, мысалы Кантты сынайды.

Әрі қарай «Үш анықтан» алуға болады. Дүниетанудың өлеңдері көп қой!

Р.S. Шәкәрім. Шығармалары. Алматы 1988 ж. қараңыз!

ІІ-тарау: Шәкәрім жырларына Шығыс шайырларының тигірек әсері. 

Бетсыдырғы білім мен тамыры келте танымның тісі батпайтын Шәкәрім бабамыздың сыр сөздері — әдеби туынды ретінде қарастыруды қанағат қылмайтын рухани мұра. Бұған, әсіресе, ғұмырының соңғы жартысында жазған дүниелері жатады.

Қажылық сапарынан соң Шәкәрім өмір жолындағы шешуші кезеңге аяқ басады. «Ақылы саудың ойына сыймайтын алдамшы діндерді», «партия қуған өңкей қыртты», «…қатты адасқан, дау сабасқан діншілер мен пәншілердің» пайғамбарын парықтап, ақыл таразысына тартады.

«Таза хақиқат» тілеген жүрек елден жырақта, Шыңғыстауды жалғаз паналауға мәжбүр етеді. Бұл – тек қана «оңаша ой қорытып, шабыт шақырудың» амалы емес, пайғамбарлар мен әулие-әнбиелерден үзілмей үрдіс болған Хақ дидарына ұмтылудың шарықтау шегі, кемелдікке ұмтылған жанның қадамы еді. Әбу Саид, Бухари, Муслим сынды ғұламалар баян еткен хадисте былай делінеді:

«Пайғамбардан:

  • Адамның ішіндегі асылы кім?-деп сұрап едік:
  • Құдайдың жолында малы мен жанын аямай туралыққа ұмтылған жан, деген жауап қайтты.
  • Ал, ең асылы кім?, дегенде,
  • Кімде кім оңаша тауды мекендесе, Құдайынан қорқып, жұртқа жамандық қылмаса, сол адам – ең асыл жан», — деп жауап берді»

Жапанда жалғыз жаттым елден безіп,

Жалықсам аң қараймын тауды кезіп.

Оңашада жатқанды ұнатамын,

Елімді ел қылмасын ерте сезіп.

Жауға қатын, жақынға жалмауыздар

Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп.

Зауал жылдардың дүлей дауылы Шәкәрім жүрегіндегі Жаратқанның жаққан махаббатын өшіре алмады. Жайнаған иман шоғының қоламталанып қалмауын мақсат етіп, Шыңғыстауда бөлекше баз кешкен ақын осындай жолмен рухани мұрасының бүгінгі күнге дейін басы бүтін жетуіне себепкер болды.

Сонымен Шәкәрімнің арман қылған асылы, алуға асыққан асуы «әділетсіз қоғамнан көңілі қайтып, оңаша жерде творчествомен айналысуы ма», әлде бүркіт салып, аң аулап жүріп ара – тұра «Айқап» пен «Таңға» хат жазып қою ма?

Ақын бабамыз дидарына ғашық болған Жар, жарығына ұмытылған Шам, шұрайы мен шырынды аңқымасына ессіз еліткен Райхан гүлі өзі жырлайтын «жүрегінде сипаты бар бояуы мінсіз сұлу шын Жардың», яғни Алла тағаланың жұмбақталған баламалары еді.

Шәкәрім – Шығыс шайырлары желісін үзбей келген ізгілік ілімінің, Исламның ішкі мазмұнының мәнін бізге жеткезуші ұстаз. Әр сөзі Құран аяттарымен астасып жататын ақын жырларындағы кәміл махаббат үнін есту үшін қадірлі оқырман қауымның дін тарихы мен Ислам даналығынан, пайғамбар хадистері мен Ибрахим Әдһам, Зун Нун Мисри, Баязид Бистами, Омар Һәйям, Фарид ад-Дин Әттар, Джалалләддин Руми, Әмір Хұсрау Деһләуи, Муслихуддин Сағди, Қожа Ахмед Йасауи, Шамсуддин Хафиз, Низами Гәнджәуи, Әлішер Науаи сынды әулие ақындардың сырға толы жырларымен таныстығы болуға керек. Шәкәрім шығармаларын сопылық әдебиет өкілдерінің туындыларымен ұштастырудың керегі қанша деген ой тууы бек мүмкін. Сондықтан кеңестік дәуір бойы құлағымызға толассыз құйылған суфизм турасындағы ат үсті анықтамаларды парықтап алатын күн туған сияқты. Исламнан бөлек ағым ретінде көрсетіліп келген бұл жолдың керісінше соңғы діннің ділі екенін көп ешкім ажырата бермейді. Пайғамбарымыз с.ғ.а.-нана кейін әділ билік құрған төрт халифтің дәуірі өткесін таққа таласқан мұрагерлік құқық қуушылар сүннит және шиит ағымдарында бөлініп, олардың өз кезегінде сансыз бөлшектеуге ұшырағаны белгілі. Ислам діні мұндай саяси құрылымдар үшін заңдар жиынтығына айналып кетті де, ішкі рухани маңызы тысқары қала берді. Осындай кезеңде Хақтың жолын жалғастырушы, мансап пен малдан, тақ пен тәжден бас тартқан данышпандар Алла аманат, пайғамбар дәлелет еткен ізгілік ілімін таза жүрек тағылымы мен көркем мінез – құлық тәрбиесін таратып жер – жаһанды кезіп жүрді. Оларды «дәруіш» деп те, «қаландар» деп те, «сопы» деп те атады, «шейх», «ишан», «мақсұм» деген дәреже берді. Мұндай ұстаздар әрбір жерде мектептерін ашып, шәкірттер даярлады. Жоғарыда аты аталған шайырлардың әр – қайсысы белгілі ұстаздан тәрбие көріп барып ұлағатқа ие болғандар. Суфизм атауын жеккөрінішті, түсініксіз, тәркідүниелік сипатта көрсеткен жалған сопылардан айырмашылығы – мұндай «анық асық әулиелердің» еңбектері қолдан түспес қымбат дүниелерге айналды. Өйткені әрбір жан бұл кітаптардан өз дәрежесіне сай қанағат тапты.

Әдебиетші соны теңеулерге таңдай қақса, философ бағалы пайымдарына бас шайқады. Ғұлама терең мазмұнына тәнті болса, өнертанушы шексіз қабілетіне қайран қалды. Мінсіз Құдайға ғашық мұндай құлдардың махаббаты да мінсіз, айтқан сөздері де мірдің оғындай.

Олардың һәммасына ортақ сырлы ұғымдарды Шәкәрім жырларынан жазбай танимыз. Айырмашылығы жалғыз – қазақ тілінде жатық берілуі. Енді осы ұғымдарға қысқаша тоқталып өтейік. Әуелі пайғамбардың аузынан шыққалы бері шайырлардың шабытына арқау болған бұлбұл мен райхан гүлі бейнелері. Күні – түні сарғайып тосқан гүлі таң ата хауызын ашқан сәт сайрап қоя беретін бұлбұл Жаратушының пәк, мінсіз дидарының бір қырын  жүрек көзі шалған сәт Иасауише айтқанда «рақс уа самағ ұрып», яғни сырт қараған жанға ән мен би сияқты көрінетін Құдайды пәктеу жырын – зікірді айтып қоя беертін әулие сипатын танытса, Хафизше айтқанда «аңқымасы естен айыратын, алайда ұстайын десең тікені алақанға кіретін Райхан гүлі» өзіне жақындағысы келген құлын екі өліммен – тірісінде нәпсісін өлтіру және бұл дүниелік тынысы тоқтайтын түбі бір өліммен сынайтын Алла тағаланың жұмбақталған символын білдіреді. Көбелек пен Шам бейнелері де осымен тамырлас мәнді теңеулер. Мұнда жанып тұрған Шам Құранның Нұр сүресіндегі әйгілі аяттарда аян етілген шаммен астастырылады. Румидің Тілінде шебер өрнектелген һикая Шамды танымаққа талап қылған үш көбелек үш түрлі рухани дәрежедегі адамның болмысын көрсетеді. Біріншісі шамды ыстық шиша деп, екіншісі жанып тұрған білте деп ұғады. Сырттай бақылаудан аса алмаған бұлар Хақты тани алмайды. Тек үшінші көбелек шамның ішіне сүңгіп кіріп, жалынмен тұтаса тұқылы қалмай жанып кетеді. Оның бұл әрекеті Шамды, яғни Алланы тануға ынтық жүрегіндегі шынайы махаббат ұшқынының ұлы махаббат Иесінің алып жалынына қосылуы деп айшықталады. Шәкәрім бабамызға тән мәселенің түп – төркінін тез танықыш ықшам тіл мұндай ұғымдарды бір – екі шумақпен – ақ қамтып отырады:

Сол бұлбұл Жарға асық боп,

Нұрлы гүлге айтты зар.

Көбелек те Шамды алам деп,

Отқа түсті боп құмар.

Жарға ғашық болғаныма,

Таңданатын түк те жоқ.

Жер жаралмай тұрғанында

Менде Асықтың нұры бар…

Сұлу жар, Пірмұған, шарап пен мастық туралы жырлар түгел дерлік Шығыс шайырларында кездеседі. Жар – парсының «йар», «дос», «жақын» сөзінен шыққан атау. Ал, «йар» өз кезегінде арабтың «уәли» сөін алмастырған. Құранда Алла тағала қайырлы істермен және терең танымымен өзіне ұмтылған құлдарын дос – уәли дәрежесіне көтереді. «Аулиа Аллаһи» — Алланың достары тіркесі жиі кездеседі. Адасқан аудармашылар әлі күнге дейін «сұлу қыз, көрікті әйел» деп тәржімелеп келеді. Бұл қателікке Шәкәрім бабамыздың тілімен жауап берейік:

Менің Жарым қыз емес,

Хақиқаттың шын нұры

Оны сезер сіз емес,

Көзден таса бұл сыры

Жасырып тұр Жар өзін,

Бас көзімен қарама

Жүрегіңнің аш көзін,

Жардың сырын арала.

Пірмұған – шарапқананың қожайыны деген мағынаға ие. Ал шарап – астары түрде жеткізілген Құдайдың нұрының белгісі. Лық толы тостақ – Құдайдың нұрын әбден сіңірген жүрек. Пірмұғанна мейлінше мол шарап сұрау – рухани асқа деген шексіз сұраныс таныту. Жұрекке шыпылдап нұр толған сәт дүниені де қажет қылмай бір Алланың сырларынан дәметіп отыратын хал мастық күйі ретінде бейнеленген.

Көрем десең Жарымды,

Мас бол, жүрек тазала,-

деп Шәкәрім бабамыз осыны меңзейді.

Ақынның ақық сөздерінің бағамын бір – екі ауыз сөзбен түйе салам деу еш мүмкін емес. Қазағының төбеліне таныс, торысына таңсықтау сыр сөздерді ұғыну атар таңға сілтер шаруа еместігін, танудың, зерттеудің тым қажет екендігін зерделесек керек.

Қорытынды

1917 жылғы ақпан төңкерісі қазақ халқының ұлттық ана – сезімінің көтерілуіне зор себеп болды. Ауылда айтылып жүрген ұлт қамы, ұлт мұңы іс жүзінде жарыққа шығаратындай көрініп, Шәкәрім жарқын ойлар мен жоспарларға беріледі. Азамат соғысы 1919 жылы 1 желтоқсанда аяқталып, Семей облысында Кеңес үкіметі түпкілікті күшейді. Шәкәрім «Бостандық таңы атты!», — деп адал ниетімен қуанып, рухы көтеріліп шабыттанады. Бірақ көп ұзамай – ақ аудандарда болып жатқан заңсыздықты, шолақ белсенділікті, елдің бұрынғыдан да ауырлай түскен халін көрген ол сенімнен, бұрынғы үмітінен айырылып, дағдарады. Не қыларын білмей ашынған ойшыл бұл қалде қалуға болмайтынын, бір жол, шара іздеу керектігін түсініп қайғыға батады. Айналып келіп, халқын өлеңиен оятпаққа ұмтылады. Ақырында, халқына танымал дананың әр сөзінде үлкен қопарылыс жатқанын тез аңғарған өкімет құрығынан ажал табады.

Кейін, өмірінің соңында бәрінен аулақта сопылық тірлік кешуінің, «әрекетсіз әрекет» позициясын көрсетуінің өзі болмыс құбылыстары мен қоғамдағы оқиғаларға белсенді қатынас сипатында болды. Демінің таусылуына аз жылдар қалғанда Шәкәрім шығармашылығы иррационализм мен мистицизмге бет бұрғанымен, оның философиясы анық логикаға құрылған қазақ философиясы тарихындағы негізді, рационалды философиялық жүйе.

 Әдебиеттер тізімі:

  1. Айтбаева А. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларындағы діни және

дүниетанымдық мәселелер Кан.дисс.-Алматы – 1996

  1. Тілеуханова А.Т. Шәкәрім шығармаларындағы шеберлік пен таным бірлігі: ф.ғ.кан.дисс. – Алматы – 1995
  2. Әбдірасымова Г.З. Шәкәрім Құдайбердіұлы философиясындағы адам мәселесі:

ф.ғ.кан.дисс. Алматы. 1998 – 148 бет.

  1. Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері: ф.ғ.кан.дисс. – Алматы, 2001 – 338 бет.
  2. Әмірғазин С.Т. Исламның қазақ халқының рухани дәстүріне ықпалы: ф.ғ.кан.дисс. – Алматы , 1997 – 140 бет.
  3. Жұмағалиев З.Т. Шындық және көркем әдебиет. Қарағанды, 1993 – 216 бет.
  4. Шәкәрім Құдайбердіұлы Иманым. – Алматы: Арыс, 2000 – 321 бет.
  5. Мұсылмандық шарт – Алматы: Қазақстан Мерей, 1992 – 78 бет.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ