Шартты рай формалы етістік қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

0
4865
Иллюстрация: Freepik.com

Шартты рай формалы етістік қатысып алуан түрлі қатынасты білдіретін сабақтас құрмалас сөйлемдер құрылады.

Бұл етістік баяндауыш болып бағыңқы компонентті басыңқымен байланыстырады. Баяндауыш ретінде етістік жақтық жалғауды қабылдайды: келсе-м (-ң, -іңіз, т.т.).

-са, -се бастапқыда келер шақ мағыналы форма болған. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің көпшілік грамматикалық  семантикалық түрінде –са, -се келер шақтық мағынасы негізінде қызмет етеді.

Шартты рай етістік жай сөйлемнің баяндауышы ретінде бірқатар ерекше мағына алып қатысатыны белгілі. Баяндауыштың осы жүйедегі түрлері түгелдей құрмалас сөйлем құруға қатысады. Осы сияқты себептермен –са,-се формалы етістік қатысып құрылған сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрылысы күрделеніп кетеді.

Бір негізден тарағандықтан бұл көп мағыналар өзара ұласып, ұқсастанып жатады. Оларды ажырату үшін –са, -се формалы етістік арқылы құрылған құрмалас конструкциялардың құрылысын, лексикалық құрамын, атқаратын коммуникативтік міндетін үңіліп қарап, талдау қажет.

Бұл сабақтас құрмалас сөйлемдер қатарына мынандай грамматикалық – мағыналық қатынастар байқалады.

  1. Шарттық қатынасты білдіретін құрмалас сөйлемдер. Бұл сөйлемдерді құруға –а, -се тұлғалы етістік негізгі амал ретінде қатысады. Сонымен қатар егер деген жалғаулық, онда, сонда деген анафористік есімдіктер қызмет атқарып қатысады.

Егер бұл істі біздің кісілер атқара алмаса, онда қаладан маман шақырамыз. Өзі сөйлеп, өзгелер аузына қарап отырса, сонда жаны кіреді (Т.Иманбеков).

Егер, онда, сонда құрмалас сөйлем құруға факультативті түрде қатысады.

Онда, сонда бірінші компонентте хабарланған іс-оқиғаны қатыстыратын анафористік сөз: онда-олай болғанда.

А.Н.Кононов «Бағының сөйлемнің басында парсы тілінен енген егер деген жалғаулық жұмсалады. Бұл жалғаулықтың жұмсалуы грамматикалық (конструктивтік) қажеттілікке байланысты емес, стильдік мақсатқа сай жұмсалады. Өйткені шарттық қатынасты –са, -се көретеді». деп жазған болатын. Бірақ бұл жалғаулықтық нақты стильдік қызметі аталмай келеді.

Біздің ойымызша, егер мен онда жеке-жеке дербес қызметі бар тұлғалар. Олар бірімен-бірі байланысып пайда болған тұлғалар емес, қызметтері де  дара-дара.

Егер –тыңдаушыға сөздің мағыналық сипатын байқату үшін қатысады. Оны біз социолингвистикалық әдіспен анықтадық.

  1. Шарттық қатынасты білдіретін конструкциялар егер, онда, сонда деген амалдары қатыстырылмай-ақ құрыла береді. Шарттық қатынастың көрінуіне бағыңқы компоненттің баяндауышының шарттық формасының көмегі бар.

Екінші компоненттің баяндауышы келер шақ формадағы етістік болып келеді.

Құтты қонақ келсе, қой егіз табар. Сенің осы қолпаштаған ықтиярыңнан бірдеме шықса, мұрнымды кесіп берейін (Д.Досжанов).

  1. Шартты рай етістік қатысып құрылған құрмалас сөйлемдер оқиғалардың арасындағы мезгілдік қатынасты білдіреді. Мұндай құрмаластардың басыңқысында баяндауыш осы шақ, өткен шақ формада жұмсалады.

Ербол есік алдына шықса, үлкен ауыл жақтан екі-үш атты кісі келе жатыр екен (М.Әуезов).

«Жедел өткен шақ етістік + десе» үлгісімен жасалған баяндауыш сөзге өзгеше рең беретін конструкция құрайды.

Жаз келді десе, балалар бүлдіргенді аңдиды (Т.Иманбеков).

  1. Болымсыз шартты рай етістік (бар-ма-са-м) бірінші компонентке баяндауыш болып, субьектінің бір іске ұмтылуын, мақсаттануын білдіреді. Екінші компонент сол ұмтылыстың себебі ретіндегі оқиғаны атайды.

Басқарақ, бір мықтырақ арқан әкелмесем, мына жіп сенің күшіңе шыдамайды (С.Мұратбеков). Қазір өзім реттеп бермесем, қолы бос ешкім жоқ (А.Шамкенов).

Бұл мысалдардағы бірінші компоненттің баяндауышы жай сөйлем құрамында ұшырайтын бармасам ба типті баяндауыш негізінде жасалып, жұмсалған. Бар-ма-са-м ба мақсаттануды, бір іске ұмтылуды білдіреді.

Келтірілген құрмалас сөйлемдердің компоненттері өзара жалғастық қатынаспен байланысқан. Бұлар орын тәртібі, интонация арқылы бірігіп тұр. –са, -се тұлғаларының байланыстырушы қызметі жоқ. Бұл құрылымдар шартты түрде, сөйлеушілер санасындағы стереотипке сүйеніп сабақтас құрмалас қатарына жатқызылады.

  1. Болымсыз шартты рай тұлғалы етістік тек бірінші жақта мақсаттану, ұмтылу мағынасында жұмсалады (жай сөйлемде, құрмалас

құрамында да). Бұл етістік ІІ, ІІІ жақ формасында баяндауыш болғанда істі, оқиғаны модальдық мағына (болжау, шамалау) қосып хабарлау үшін жұмсалады: Балғаны көршілер сұрап әкетпесе.

Мына құрмалас сөйлемдерде бірінші компоненттер осы мағыналы баяндауышта қатыстырған.

Бұрынғыдан көбейтпесек, азайта қоймаспыз (Ж.Тұрлыбаев). Сен оянбасаң, мен ояна алмаймын (С.Мұратбеков). Бәкешімді егін басынан іздемесең, мұндай кезде үйде отыра ма (Т.Иманбеков). Қалқанжан, өзің ашпасаң, дәрменім қашып тұрғаны (Т.Иманбеков). Қыз баласың ғой, білегің жіңішке, темірді жүргізу ауыр тимесе (С.Мұратбеков).

Бұл конструкциялар да тек шартты түрде сабақтас құрмалас сөйлем қатарына жатады. Бірінші компоненттердің құрамындағы –са, -се тұлғалы баяндауыштар тиянақты (финиттік) формада тұр. Олар дара жай сөйлем құруға қатысады. Құрмаластың құрамындағы компоненттер жалғастық қатынасқа түсіп, біріккен.

-са, -се дара жай сөйлемдегі өз бітімін бұл көрсеткеннен көп айқын танытатын құрылымдар бар.

Бекболат үйленіп, бөлек отау тіксе, өз алдына саба орнатса, Ақберген қара лашығын жанына қондырса, Бекболаттың отауын емін-еркін билесе – міне Ақбергеннің ендігі арманы (Ж.Аймауытов). Жұмыс күні бітсе ғой сонда алдамшы табылар еді, сонда сайлау болмайды (М.Мағауин).

  1. -са, -се тұлғалы баяндауышы бар компоненттер бір жайды, оқиғаны армандай да хабарлайды. Осы құрылыста жай сөйлем ретінде жұмсауға да болады.

Жауқазын қалада болар ме еді, джаз ойнап тұрса, биге шақырсам, бұралып шықса… (Ә.Тарази). Көл жағасы құмдауыт көл екенін көңіл білмесе, көз көрер емес (Ә.Тарази). Екі басым болса, екеуі де ұйықтамаса (Геккель).

  1. –са, -се формалы етістік баяндауыш болып байланыстырған бағыңқы, басыңқы компоненттер оқиғаларды, іс-әрекетті өзара сәйкес екенін білдіріп хабарлайды.

Үй тігіліп жатса, жүк жиналып жатыр (Ғ.Мүсірепов). Көкте күн күрілдесе, жерде колхоз мүшелерінің алақаны дүрілдетеді (Ғ.Мүсірепов). Қостанайда жаңбыр жауып тұрса, Ақмола да солай. Қара жібектен тігілген ұзын қара көйлек киген әйелдері қандай ибалы болса, жұқа ақ жібектен тігілген кең ақ шалбар, ұзын ақ шапан киген ерлері де сондай ізетті (Досанов). Менің шешемнің кісілігін Әуезов та, Мүсірепов те барынша мәртебе тұтатын. Ащы мысқылды адам Мүсірепов шешем отырған жерде сырбаз қалпынан айнымаса, Әуезов өзінің зор мәдениетімен ілтипат көрсететін еді (Қ.Ғабиденұлы).

  1. –са, -се тұлғалы етістік баяндауыш болып құрылған құрмалас сөйлем қарсылықтық қатынасты білдіріп жұмсалады. Бағыңқы компонент бір мақсатқа, мүддеге бағытталған іс-әрекетті хабарлайды, ал басыңқы компонент оған қайшы келетін оқиғаны, іс-әрекетті хабарлайды.

Жұрт жалғыз қызына жете алмай жүрсе, бұларға ойын керек (Қ.Мұхаметжанов). Біз оны уайымдап жүрсек, ол қалада сайрандап жүріпті (М.Тиесов). Қазақтың баласы дейін десе, шашы, бұрымы алтындай алқын сары (Д.Досжанов).

Қарсылықтық қатынас компонентте қарсы мәнді сөздер қатысқанда айқын көрінеді.

Жем сұрасам, шөп жіберіпті. Тәттімбет сары жазды, Саржайлауды сағынады. Жазының санына көзі жетпесе, жайлауының саны көкейінде (Т.Әлімқұлов).

Қарсылықтық қатынасты білдіретін конструкцияларды –са, -се жұрнақтары мезгілдік мағынасына сүйеніп құрған.

Қарсылықтық қатынасты білдіруде жиі жұмсалатын конструкция мына үлгідегі баяндауыштың қатысуымен жасалады.

  1. «Шартты рай етістік + да (де) + демеулік» –се де, — айтса да.

Сол кезде колхоз жүгері егетін. Төрт жарым жылғы соғыс әне-міні аяқталса да, жүдеулі жұрт еңсесін жинап, жадырап кете алған жоқ-ты (Д.Досжанов). Бала ғой, у-шуы көп ауылды сағынады білем, қайта жас та болса, шыдайды (О.Бөкеев). Інім болсаң да, айтайын (Т.Иманбеков).

Мысалдан көрініп тұр, есімді күрделі баяндауыш құрамында демеулік негізгі сөз бен көмекші етістіктің арасына түсіп, лебізді түрлендіреді: Ей, көп халық, көп те болсаң, шөп халық (Ш.Құдайбердиев). Беріп кет-ау сақинаңды мыс та болса (халық әні).

Етістіктің –са да формасы қарсылықтық қатынастың анықтанылуына себеп. Сондықтан бұл құрылыстағы конструкция қарсылықтық қатынасты білдіруге арналған амал ретінде аталады.

Тілдегі фактілерге қарағанда –са да, —се де тұлғалы баяндауыштар мезгілдік, шарттық қатынасты білдіретін конструкция да ұйымдастырады.

 Талдан талға қонған құстар бұталарды шайқап, жапырағын сыбдырлатса да, қайраңнан балық шолп етсе де, қамыс арасынан серігін іздеген үйрек қарқылдаса да, күткенің келіп қалғандай селт етесің, жүрегің алып ұшады, бірақ ешкім жоқ, айнала тыншығып, суға төнген қамыс, тал үнсіз мүлгиді (А.Нұрманов). Сұраса да, беріп жіберетін едім ғой (Т.Иманбеков).

са да, -се де формалары арқылы құрылған конструкциялардың қарсылықтық мағынасы да, компоненттердің мазмұнындағы қарсылықтыққа, олардың құрамындағы қарсы мәндес сөздерге байланысты.  –Са да, се де формалары қарсылықтық қатынастың анық, бадырайып көрінуіне, танылуына себепкер.

  1. Шартты рай етістіктің қатысуымен құрылған сабақтас құрмалас сөйлем мынандай қатынастағы оқиғаларды, іс-әрекетті хабарлайды: басыңқы компонент сөйлеушінің тұжырымын, қорытындысын хабарлайды, бағыңқы компонент қорытындыға, тұжырымға дәлел болатын оқиғаны, іс-әрекетті

хабарлайды. Бұл қатынасты мына схема мен көрсетуге болады: дәлел ретіндегі оқиға, іс-әрекет – қорытынды, тұжырым.

 — Үйден қандалы деген бәле шығып, екі күн болды, мазамды алып ұйықтатпай жүрген.і

— Қандалыға мазаң кесе, әлі де қытығың басылмаған-ау, сайтан (Ә.Асқар). Асқар осындай икемі жоқ балаға үй салуды тапсырса, оның жағдайы мәз болмағаны (Ә.Асқар). Бұйрық шығарса, бастық қаһарына мінген болды ғой (Ә.Ақпанбет). Күләш мейірлене қарады:

-Қызғансаң әлі мені жақсы көреді екенсің ғой онда (Т.Иманбеков).

  1. Осыған жуық мағыналық қатынаста мына құрмалас сөйлемдер құрылған.

Әл-ауқаты жақсы, ішкені алдында, ішпегені артында болса, кигені үстіне қонса, бұл да – азамат көркі, ел тыныш болса, ол да – алаңсыз көңілге дәт (Ә.Асқаров). Сен сатқындық жасасаң, мені ұстай берсең, мысалы, ол – дәл сол жерде өлгенің, ар-намыстан жұрдай болғаның (А.Нұрманов).

  • Хайуан арыстан, жолбарыс болмай, бәрі бір қасқыр немесе маймыл боп жаралса оның несі қызық.
  • Шынында да жер бетіндегі төрт-бес миллиард адам түп-түгел бір адамнан туған сияқты туса, ол да жаман-ау (Ә.Ақпанбет).

-са, -се тұлғалы баяндауыш бар компонент келешекте болатын оқиғаны хабарлайды. – са, -се келер шақ мағынасын білдіреді. Басыңқы сөйлем сол келешек  оқиға туралы сөйлеушінің бағасын, орны жөнінде пікірін білдіреді. Компоненттің құрамында ол деген есімдік анафористік қызмет атқарып, ілгергі оқиғаға қатысын көрсетіп тұрады.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Етістіктің көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  2. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  3. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  4. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  5. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  6. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  7. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  8. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  9. Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері
  10. Сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның танылуындағы проблемалар
  11. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық түрлері және олардың жасалуы
  12. Келер шақ көсемше етістіктің қатысуымен құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  13. -майынша, -ғалы, -гелі формалы көсемше қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер


ПІКІР ҚАЛДЫРУ