Есімшелердің қатысуымен құралатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

0
1280
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтас құрмалас сөйлем құруға есімшелердің барлық формалары қатысады:

1) –ған, -ген, -қан, -кен; 2) –тын, -тін; 3) –ар, -ер.. Бұлар негізгі тұлға болып саналады. Байланыстырушы қызметін атқару үшін есімшелер үстеме тұлғаларды қабылдайды. Ол үстемелер – тәуелдік жалғаулар, септік жалғаулар, септеуліктер. Тілдің бүгінгі кезеңінде тәуелдік жалғаудың конструкцияға қатысуы факультативті болды.

Жалғаудың конструкцияға қатысуы, бүгінгі факультативтенуі бағыңқы компоненттің қалыптасу процесіне, кейінгі даму жолдарына бағынышты.

Негізгі тұлға болып есімшелер бастапқы қимыл есім ретіндегі  санасында жұмсалады.

Көп — мезгілдік, мекендік т.б., мағынаға ие септік жалғауларын, септеуліктерді қатыстырған есімше формалары оқиғалар, іс-әрекеттер, құбылыстарды хабарлайтын сөйлемдер арасындағы таксистік байланысты мол құбылтып көрсетеді. Сондықтан бұл форма көсемше, шартты рай тұлғаларымен салыстырғанда  құрмалас сөйлем құруда көп жұмсалады.

Есімше формалары да құрмалас сөйлем құруға тең қатыспайды. Өнімді, жиі жұмсалатыны –ған, -ген. Сондықтан да ғылыми еңбектерде, оқулықтар да осы тұлға арқылы жасалған контрукциялар ғана аталады.

Үстеме тұлға ретінде жалғанатын тұлғалар:

а) септік жалғаулары: барыс септік жалғауы (-ға, -ге), жатыс септік жалғау (-дан, -ден), шығыс септік жалғау (– нан, -нен), көмектес септік жалғау (-мен).

ә) септеуліктер: соң, кейін, дейін, шейін, сайын, үшін т.б.

ған, -ген формалы есімшелер арқылы жасалған құрмалас сөйлемдер.

Өткен шақ есімшелердің қатысуымен құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

  1. «Өткен шақ есімше + жатыс септік жалғау» (-ғанда) түріндегі баяндауыш бағыңқы компонентке қатысып, оны басыңқымен байланыстырып, сабақтас құрмалас сөйлем құрылады: поезд тоқтағанда, жолаушылар жолға шықты. Бұл үлгімен жасалған конструкция көп мағыналы. Ол мынандай мағыналық қатынастарды білдіреді.

а) мезгілдік қатынас – бағыңқы компонент атаған оқиға басыңқы сөйлем хабарлаған оқиғаға тұс келетін меже ретінде көрінеді.

Колхоздарың алғаш ұйымдасқанда, алдымен кірген мен емес пе ем (Б.Майлин). Сағынып келгенде, сөйлеу деген болмай ма екен (Қ.Мұхаметжанов). Қонақ болып келгенінде бір ауыз сөз айтылмады (Ә.Ақпанбет). Көлік дайын болғанда, келесіңдер (М.Тиесов). Бір-бір үйдің тентегін қайтсем адам қыламмен шыр-пырың шығып, әбігер болып жүргеніңде, таңдайың кеуіп те қалған болар (Ә.Ақпанбет).

Бағыңқы құрамындағы –ған формасының өткен шақтық мағынасы өзгеше өлшемге бағынады. Ол басыңқы сөйлемге тән шақтық мағынаға  бағынады.

ә) шарттық қатынас – бағыңқы сөйлем хабарлаған оқиға, іс-әрекет басыңқы хабарлаған оқиғаға шарт болып қатысады. Басыңқы компоненттің баяндауышы келер шақ формасында болады.

Кемпірім де ашулы. Оны жібергенімде, сендерді түтіп жейтін еді (Қ.Мұхаметжанов). Егер сол күні әкесі келмегенде, Ұзақ Тападан біржола ажырайтын да ма еді (С.Мұратбеков).

Конструкция осы мағынадағы жұмсалыста бірқатар басқа амалдармен құрылған құрмалас сөйлемдермен қатар келеді.

б) қарсылықтық – бағыңқы хабарлаған құбылыс, оқиға басыңқыда айтылған құбылысқа, оқиғаға, қарсы қойылады қарсы қойылып салғастырылады.

Қыздар қарта болғанда, біз жал-жая (Біржан). Сұлтанның қолы жаман мәстекке жеткенде, көршісінің мінгені – «Волга» (Ә.Тарази). Сіз дария болғанда, біз қоңыр қаз (халық әні).

  1. «Өткен шақ есімше + шығыс септік жалғау» (келгеннен) үлгісінде жасалған баяндауыш бағыңқы компоненттің құрамында тұрып сабақтас құрмалас сөйлем құрады.

Бұл конструкция мезгілдік қатынасты білдіреді – бағыңқы компонент атаған оқиға басыңқы хабарлаған оқиғаның басталу кезеңі ретінде көрінеді.

Ұлбосынның өзін суретке салуға рұқсат еткеннен-ақ,  маған деген қасиетті сезімнің орнына басқа сезім пайда болғанын білдім (Х.Есенжанов). Алшынбай сөйлегеннен, қасқа бас тілмаш аудара бастады (М.Әуезов). Аты өшсін бұл құмның … Іргесіне келін қонғаннан, қосағым ауырып, балам адасты (М.Тиесов). Бекең, таң сыз бергеннен, егіндіктерді аралады (С.Мұратбеков).

  1. «Өткен шақ есімше+ барыс септік жалғау» (келгенге) үлгісінде жасалған баяндауыш бағыңқы компоненттің құрамына кіріп, оны басыңқымен байланыстырып, сабақтас құрмалас сөйлем құрады. Бағыңқы компонент хабарлаған оқиға басыңқы білдіретін оқиғаға себеп ретінде қатынасады.

Құнанбай күлгенге, үйдің ішіндегі әйелдер де күлді (М.Әуезов). Қой өткелге, су бетіне май бітпес. Салқын самал желпігенге қарағайлар да мәз-ырғала теңселіп, іштей ыңылдай, үнсіз уілдеп, әндетеді (К.Толыбаев). Сырт жүріп сырын алмағанға, сұмырай көрініп жатыр да бұл құм (М.Тиесов).

  1. «Өткен шақ есімше + субстантивтік жұрнақ –дық + шығыс септік жалғау» (келгендіктен) үлгісінде баяндауыш бағыңқы компонентке қатысып сабақтас құрмалас сөйлем құрады. Компоненттер себептік қатынасқа түседі – бағыңқы хабарлаған оқиға басыңқыда айтылған оқиғаға себеп болып байланысады.

Бұл жердің қысы қатты болғандықтан, жұрт шөпті мол дайындайды (С.Мұқанов). Бірақ қазір Базаралының көзі бадырайып кеп Оразалы мен мұның өзін тапқандықтан, Күнтуға жауап айтуға тура келді (М.Әуезов).

  1. «Өткен шақ есімше + мен (көмектес септік жалғау)» (айтқанмен) үлгісіндегі баяндауыш бағыңқы компонент құрамында тұрып, оны басыңқы компонентпен байланыстырады. Осылай құрылған құрмалас сөйлемнің компоненттері қарсылықтық қатынасқа түседі – басыңқы хабарлаған оқиға, іс-әрекет бағыңқы білдірген оқиғаға, іс-әрекетке қарсы түсіп тұрады – оның болмай қалғанын немесе тежеулі, шегерулі екенін, кедергісін хабарлайды т.т.

Сондай жерде ұрысқанмен, түзелем бе (М.Әуезов). Үй ішіне су сеуіп ылғалдап қойғанмен, көйлегің теріңе жабысып, былжырайды да тұрады (Д.Досжанов). Қимыл-қозғалысы шабандау тартқанымен, сұсы басым, түсі суық (Р.Рамазан). Жамбыл биыл сыриып бойы өскенмен, денесінде артық қырым еті жоқ, тым азғын, боп-боз еді (Н.Қаналбеков). Сыртым шуақ болғанмен, ішім боран (Ж.Әбдіралиев).

Осы мысалдардан байқалатын жай – қарсылықтық қатынастың нақты көрінісі салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерде бірдей.

Таксистік қатынасты ілгергі аталғаннан де түрлендіріп, молықтыру қажеттілігін өтеу үшін – ған тұлғасы септеуліктерді көмекке алды. Ол септеуліктер мыналар:

1) кезде 2) кейін, соң 3) дейін, шейі 3) сайын.

Бұл септеуліктердің көбі септік жалғаулы есімшеге үстеледі: келгеннен кейін (соң), келгенге дейін (шейін). Екі-үш септеулік кезде, сайын, соң – түбір күйіндегі есімшеге үстеледі: келген кезде, келген сайын, келген (нен) соң.

Септік жалғаулы тұлғаға үстелген септеуліктер сол тұлғаның мағынасына үстеме мағына қосады: келгенге дейін, келгеннен – келгеннен соң т.б.

  1. ған кезде (айтқан кезде) тұлғалы баяндауыш қатысып құрылған құрмалас сөйлем бағыңқыда айтылған оқиға болған тұста басыңқы атаған оқиға да болатынын хабарлайды.

Самал таң етегіндегі жазықты аралап кетіп, біразға дейін арылмаған кезде, ерке жапырақтар күлмей, ойнамай, томсарады да қалады (К.Толыбаев). Ашық терезеге бандалар лап қойған кезде, бұлар да жетіп үлгеріпті (Б.Нұржекеев).

2.- ғаннан кейін (соң) тұлғалы баяндауыш (барғаннан кейін) қатысқан конструкция басыңқы айтқан оқиға, іс-әрекет бағыңқы атаған оқиға, іс-әрекет болған уақыттан соң іске асатынын білдіреді.

Ол келген соң, әжем біраз отырып, жүн түтуге кірісті (С.Мұратбеков). Осылай ұйымдасқан құрмалас сөйлем себептік қатынасты да білдіреді: бағыңқы хабарлаған оқиға басыңқы хабарлаған оқиғаға себеп ретінде келеді.

Осындағы ағайындар қаумалап отырып алған соң, іші қан жылап жүріп, ет комбинатына өткізген (Д.Досжанов). Қайтейін, астаналық трестің білдей директоры шабылып телефон соғып жатқан соң, сол директормен сөйлесейік дедім (Д.Досжанов).

Баяндауыштық форманың (-ған соң) себептік мағынасы мезгілдік ілес мағынасы негізінде пайда болып отыр.

Марқакөлде майға бөккен мал мен ел, тау ызғары жамбасынан өткен соң, етектегі қыстауына еңбектесіп түскен еді (Ж.Аймауытов). Тыста бағанағыдай тағы да ит шулаған соң, тазысымен келген солар болар деп, үйден шықтық (М.Әуезов).

  1. –ғанға дейін (шейін) тұлғалы баяндауыш (жеткенге дейін) бағыңқы компонентке қатысып, сабақтас құрмалас сөйлем құрайды. Компоненттердің арасындағы синтаксистік қатынас мынандай. Басыңқы хабарлаған оқиға, іс-әрекет бағыңқы хабарлаған оқиғадан, іс-әрекеттен бұрын, озып орындалатынын уақыт межесі ретінде көрсетіледі.

Олар бөктер айналып жеткенге дейін, мына төбесімен сіздер де жетіп қалысыздар (М.Әуезов).

  1. ған сайын (ілгерілеген сайын) тұлғалы баяндауыш ұйымдастырған конструкция мезгілдік қатынасты білдіреді – басыңқы хабарлаған оқиға, іс-әрекет бағыңқы хабарлаған оқиғамен, іс-әрекетпен қатар жүретін немесе қатар қайталап тұратын боп көрінеді.

Трактор тоқтаған сайын, оған су құйып тұрдық (К.Сегізбаев). Ғазизаның көңілін бұл қиял кернеген сайын, үйге кіру  керексіз бола бастады (М.Әуезов). Ол кешіккен сайын, мен мазасызданып, шарқ ұрып, кең дарбазаға симай кетемін (А.Ілиясова).

  1. ғанша формалы баяндауыш ұйымдастырған конструкция мынандай мағыналық қатынастарды білдіреді.

а) мезгілдік-басыңқы хабарлаған оқиға, іс-әрекет бағыңқы хабарлаған оқиға, іс-әрекет болмай, жүзеге аспай тұрып орындалғандығы, орындалатыны мезгілдік меже ретінде көрсетіледі.

Күн қызғанша, жолға шығып кетейік (Д.Досжанов).

ә) «жедел өткен шақ етістік + дегенше» үлгісімен жасалған баяндауыш ұйымдастырып, құрмалас сөйлем оқиғалардың біріне-бірі ілесе орындалғанын, келгенін экспрессивті етіп хабарлайды.

Әр үйдің егістік жері бар. Көктем басталды дегенше, олар егістік жерін жыртады (Ж.Әлмішұлы). Түйенің үстінен жолбарыс ырғып өтті дегенше, әлгі түйеден қайран кетеді (Д.Досжанов).

б) Қарсылықтық – басыңқы хабарлаған оқиға, іс-әрекет бағыңқы хабарлаған оқиғадан, іс-әрекеттен гөрі талғаулы, артық екендігі білдіріледі[2].

Опырмай, мынаны көргенше, жер жарылып, жұтып кетсеші бізді (М.Әуезов). Жатқа да жақынға да жығылып төсек болғанша, осынысы дұрыс та (Ә.Ақпанбет). Елдің ағасы болғанша, судың сағасы бол.

Келер шақ есімшелердің қатысуымен құрылатын құрмалас сөйлемдер

Сабақтас құрмалас сөйлем құруға –ар, -ер, -тын, -тін тұлғалы есімшелер қатысады.

  1. –ар, -ер тұлғалы есімше жатыс септік жалғауын жалғап, бағыңқының баяндауышы болып, оны басыңқымен байланыстырады – арда, -ерде (барарда, келерде). Бағыңқы келешекте болатын оқиғаны, іс-әрекетті атап, оны басыңқы хабарлаған оқиғаның, іс-әрекеттің болар, жүзеге асар мезгілі ретінде қатыстырады.

Дәл көктем шығарда, жауғаны жақсы (С.Мұратбеков). Пар ат жеккен тарантасқа Айбарша мінерде, ауыл адамдары жапырласа қолдасып амандасты (С.Мұқанов). Мен сүйем, күн шығарда, көгілдір көк жібектей көтерілген көкшіл буды (М.Жұмабаев).

  1. –ар кезде (келер кезде) тұлғалы баяндауыш қатысып құрылған құрмалас сөйлем де осы мағыналық қатынасты білдіреді.

Шай ішіліп болар кезде, бала да оралып қалар (С.Сматаев). Құдалар үйден шығып, аттанар кезде, анадай жерде тұрған Анарбай шақырып алды (Х.Есенжанов).

  1. –тын, -тін тұлғалы есімше жатыс септік жалғауын жалғап (келетінде), бағыңқының баяндауышы боп, оны басыңқымен байланыстырады.

Қарағым, қыста әлгі Батырбай барып, Тоқтамолдаға сенің үстіңнен шағым жасайтында, сол күні өзің біздің үйге келіп, қаншама ақылды сөз айттың (Б.Соқпақбаев). Отызыншы жылы бір жүз үйден колхоз құрып, қыс ішінде киіз үйден қала салдыратынымда, осы сықылды бір әйел шапылдады (Б.Майлин). Қыс ішінде үй тұрғызатынымда, сен келдің (Б.Майлин).

Бұл конструкциядағы –тында тұлғалы баяндауыш іс-әрекетті өткенде болған етіп көрсетеді. Сондықтан сабақтас құрмалас сөйлем –ғанда тұлғасы арқылы құрылған сөйлемнің мезгілдік қатынас мағынасына коммуникативтік синоним болып жұмсалады.

Кейбір түркологиялық еңбектерде – ғанша көсемше тұлғалар қатарына жатқызылған.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Шартты рай формалы етістік қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  2. Етістіктің көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  3. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  4. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  5. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  6. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  7. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  8. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері
  11. Сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның танылуындағы проблемалар
  12. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық түрлері және олардың жасалуы
  13. Келер шақ көсемше етістіктің қатысуымен құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  14. -майынша, -ғалы, -гелі формалы көсемше қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

ПІКІР ҚАЛДЫРУ