Шығармашылық білім беру саласы бойынша сурет салуданұйымдастырылған ашық оқу іс-әрекетінің конспекті

0
7830
«Күн дидарлы-Қазақстан!»

Шығармашылық білім беру саласы бойынша сурет салудан

ұйымдастырылған ашық оқу іс-әрекетінің конспекті

Тобы: ІІ-кіші.

Білім беру саласы: Шығармашылық.

Ұйымдастырылған ашық оқу іс-әрекет түрі: Бейнелеу.

Тақырыбы: Шөп ішіндегі бақбақ.

Мақсаты:
  • жасыл түсті шолақ және биіктігі әртүрлі түзу сызықтарды салу дағдыларын дамыту;
  • саусақтарының көмегімен шеңберлерді сала білуге үйрету;
  • түстерді ажырата білуге үйрету (жасыл, сары);
  • табиғатты қорғауға тәрбиелеу.

Қажетті материалдар: сары және жасыл гуашь, бақбақ гүлдерінің үлгілері, ватман, бала саны бойынша аралар, желім, салфетка.

Көрнекілігі: тірі бақбақ гүлі, суреттер, ара.

Барысы:

І Кіріспе бөлім.

Ұйымдастыру кезеңі:

1. Шаттық шеңбері:

Кел, балалар, күлейік,

Күлкіменен түлейік.

Күлкімізді күн қылып,

Гүл өссін деп тілейік. (қимылмен көрсету).

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы бізге қонақтар келіпті. Қане барлығымыз амандасайық.

Балалар: Саламатсыз ба!

Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар, енді орнымызға отырайық.

2. Т: Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

Балалар: Көктем.

Т: Балалар, көктем мезгілінің ерекшелігі қандай?

Балалар: Көктем мезгілінде күн жылынады, құстар келеді, гүлдер өсе бастайды.

Т: Иә, балалар, көктем мезгілінде күн жылынып, айнала жасыл бола бастайды.

ІІ. Негізгі бөлім.

Т: Балалар, көктем туралы кім тақпақ біледі?

Балалар: Көктем.

Бүршік шашып, жапырақ ашып,

Даланы гүлдер басады.

Сұлу көктем есігін ашып,

Шуағын бізге шашады.

Гүлдер.

Гүлім, гүлім, өсе бер,

Әдемі боп, асыл боп.

Күндей жайнап кете бер,

Қызыл, сары, жасыл боп.

Көктемде.

Бүршік жарып ағаштар,

Құстар ұя салады.

Сылдыраған бұлақтар,

Ағып бара жатады

Көктем.

Көктем болды алақай,

Қуанар барлық балақай.

Көктемде жаңбыр болады,

Бақшаға гүлдер толады. (Аяулым)

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Көктем туралы жақсы тақпақ айттыңдар. Балалар, көктем мезгілінде ең бірінші қандай гүл өсіп шығады?

Балалар: Бақбақ.

Тәрбиеші:: Балалар, мен сендерге әдемі өлең айтып берейін:

Бақбақ

Бассаң аттап

Айнала аппақ.

Қойғандай ақтап,

Үкісін жайған

Шатырлы бақбақ

Кербезі-ай, паһ-паһ!

Қараңдаршы, қандай әдемі бақбақ. Балалар, бақбақ гүлі неге ұқсайды?

Балалар: Күнге.

Тәрбиеші:: Балалар, гүлдің түсі мен пішіні қандай?

Балалар: Дөңгелек. Түсі сары.

Психогимнастика “Бақбақ гүлдер”.

Тәрбиеші: Ал қазір балалар, біз сіздермен көктемгі бақбақ гүлдерге айналамыз. (әуен қосылады).

Біз жерде дән болып отырамыз. Күннің шуақтары бізді жылытқан сайын, біз жоғары қарай ұмтылып өсіп келеміз. (екі қолын қосып тізерлеп тұра бастайды).

Гүлдің сабақтары Күнге қарай күлімдеп өсіп келе жатырмыз (балалар орнынан тұрып, аяқтың ұшына тұрады, екі қолын жоғары көтеріп).

Гүлдеріміздің күлтелері жәйлап ашылады. Әп әдемі гүлдер болып жайқалып тұрады, бір біріне күлімдейді. (қолдарын жоғары көтеріп, жан жаққа теңселеді, күлімдейді).

Тәрбиеші:Жарайсыңдар, балалар, біздің топта қандай әсем бақбақ гүлдері шықты!

Таңғажайып сәт.

Тәрбиеші:: Балалар, не ол ызылдап жатқан?

Балалар: Ара.

Тәрбиеші:: Сәлеметсің бе, ара! Сенің атың кім?

Ара: Майя.

Тәрбиеші:: Балалар, ара біздің топта бақбақ гүлінің бар екенін біліп келген екен. Ол ерте оянып, ұшып келді бізге. Бірақ әлі гүлдер еш жерде өсе қойған жоқ. Ара гүлдің шырынын сондай ішкісі келіп тұр. Сол үшін ол бізге достарымен, аралармен ұшып келді.

Тәрбиеші:: Балалар, гүл бізде біреу. Ал, аралар көп екен. Жәндіктер гүлдердің шырынын ішкісі келіп тұр. Біз оларға гүлдерді қайдан аламыз?

Балалар: Гүлдердің суретін саламыз.

Тәрбиеші:: Қалай саламыз? – бізде қылқалам жоқ қой.

Тәрбиеші:: Қиналмаңдар, біздің әрдайым қасымызда жүретін он қылқаламымыз бар. Ол қандай қылқалам? Таптыңдар ма? Әрине ол біздің саусақтарымыз.

Ал енді мен сендерге саусақтармен қалай сурет салу керектігін үйретейін. Саусағымызды сары бояуға батырамыз, сосын қағаз бетіне дөңгелек тәрізді нүктелер саламыз, ал сосын оның айналасына көп нүктелер саламыз.

(Балаларға үйретіп, олардың жұмыстарын бақылау).

Тәрбиеші:: Міне, әдемі сары бақбақ гүлі болды. Енді оның несін ұмыттық балалар?

Балалар: Шөбін және жапырағын.

Тәрбиеші:: Балалар, шөбі мен жапырағын түзу сызықпен салуға болады. (салу үлгісін көрсету).

Тәрбиеші:: Қандай әдемі гүлдер болды. Балалар, енді аралар гүлдің шырынын ішу үшін оларды гүлдің үстіне отырғызайықшы.

Балалар: Балалар, алдарындағы араларды желімнің көмегімен гүлдердің үстіне жапсырады.

Тәрбиеші:: Міне балалар, гүлдерді салып, араларды отырғыздық. Аралар қатты қуанып жатыр. Жарайсыңдар! Балалар, қараңдаршы аралар сендерге рахметтерін айтып, өздерінің шырындарынан бізге де беріп кетті. Шырынның дәмін көреміз бе?

Балалар: Иә!

Тәрбиеші:: Дәмді ме?

Балалар: Иә!

Сергіту сәті:

Шомылып нұрға атырап,

Ағаштар жайды жапырақ.

Далаға бірден таралды,

Гүлдерден жұпар шашырап.

ІІІ. Сабақты қорытындылау.

Тәрбиеші: Балалар, бүгін қандай сабақ болды?

Балалар: Сурет.

Тәрбиеші: Сурет сабағында біз ненің суретін салдық?

Балалар: Бақбақ гүлін.

Тәрбиеші: Біз гүлдерді не үшін салдық? Оларды кімге бердік?

Балалар: Араларға.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Бүгінгі сабағымыз аяқталды. Барлығыңыз гүлді жақсы салдыңдар, сабаққа белсене араластыңдар. Енді қонақтарымызға сауболыңыз айтайық.

Балалар: Сау болыңыз!

“Ер Төстік” бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі

Нуржанова Максат Достановна

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ