Ұстаның құрал-жабдықтары. Көрік, төс, қысқаш деген не?

0
3165
Freepik.com

Көрік — ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып, зыдырып, өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел беріп тұратын құралы. Көріктің «қос керік», «қол көрік», «мес көрік», «аяқ көрік» деген түрлері бар.  Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады.

Төс — ұстаның түрлі металды қызыдырып немесе құрғақтай өңдейтін негізгі құралы. Төстің алдыңғы сүйірлене біткен жағы — тұмсығы, оған қарсы жағы — дүмі, үстіңгі жағы — беті, екі жақтауы -қапталы деп аталады. Төстің беті суғарылған асыл болып келеді.Тұмсығының түбінде, яғни төстің желке тұсында темір кесуге арналған жасық жері, сондай-ақ дүм жағындағы бетіне бір дөңгелек және бір төрт бұрышты тесіктері болады. Дөңгелек тесігіне салып әртүрлі кесу жұмыстары атқарылады.Ал төрт бұрышты тесікке түрлі көмекші құралдар сұғылады.

Төстер қайың, қарағаш, емен сияқты қатты ағаштардан  көлденең кесіліп алынған дөңбекке бекітіледі. Оны төстұғыр немесе «мықан» деп атайды.  Мықан ағашты айналдырып, құрсаулап қояды. Темір ұстасы көбіне жұмысты тұрып істейді.  Сондықтан жұмыс кезінде  белі ауырмау үшін әрі балға соғуға ыңғайлы болуы үшін төстің биіктігі ұста тік тұрып, қолын жанына қойып, жұдырығын түйгенде төстің бетіне тиіп тұратындай деңгейде орнатылады.

Қысқаш — ұсталардың қозған металды көріктің оттығына алып, қысып тұрып төске төсеп, аударып-төңкеру үшін тұтынатын құралы. Қысқыштың көмегімен металды қысып ұстап, июге болады.  Қысқыштың сабы қолға ұстауға ыңғайлы әрі серпімді болғаны дұрыс. Үлкен, ауыр металды қысқанда қысқаштың сабына шығырық кигізіп қояды.  Істелетін жұмыстың ыңғайына қарай қысқаштың тұмсығы, яғни металды  қысатын аузыда әртүрлі болады. Олар «жалпақ тұмсық», «құс тұмсық», «біз тұмсық», «имек тұмсық», т.с.с атала береді.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа да ақпараттар:

  1. Ұсталық өнер. Темірді балқыту әдісі

  2. Ағаш өңдеуге арналған құрал-саймандар

  3. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

  4. Ағаш өңдеу шеберлігі және оның түрлері

  5. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  6. Ағаш желімі және оны күйдіріп әшекейлеу


ПІКІР ҚАЛДЫРУ