Ұстазыма арналған мадақ сөз

Жаңа қоғамға рухани жан дүниесі бай,бойына ата-бабамыздың ізгілігі мен адамгершілігін,имандылығын сіңірген,дүниетанымы,талап-талғамы,білімі мен білігі жоғары жеке тұлға тәрбиелеуде ұстаз еңбегі ерекше. Сондай педагогикалық еңбектің шебері,сен мыңдаған шәкірттің жүрегіне жол тауып,ғылым-білім көшінде келе жатқан ізгі жанның бірі,өмірдегі ұстазым әрі әжем – Әнипа Есенжоловаға өзімнің ізгі ниетімді білдіргім келеді.

Әнипа Есенжолова 1948жылы 22желтоқсанда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» болған әжем Арал ауданындағы №15 орта мектептің түлегі еді. Ол 1967жылы М.Мәметова атындағы педучилищені,1973жылы математика факультетін бітірген.Еңбек жолын Арал ауданындағы №71орта мектептен бастаған.

Ұлағатты ұстаз,тәжірибелі маман,жаны жомарт,пейілі дархан әжем менің өніп-өсуіме,тәрбинің шыңына жетуіне барын салған адам. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігімнің барлығы осы әжемнің бағыт-бағдары,тілегі мен қолдауының арқасы деп білемін. Әжем маған өмірдің қыр-сырын білуге,сын қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып,жан-дүниеме шуақ түсіріп,адамгершілікке баулыған ұстазым. «Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай,әжем,маған да басқаға да ақ пен қараны айыруды үйретуден жалыққан емес. Маған берген өмірлік бағытыңыз бен шынайы тілегіңіз үшін алғысымды айтып тауса алмаспын,сірә!

Себебі жүрегі мейірімге толы өмірлік ұстазым мадаққа да,марапатқа да лайықты. Олай дейтінім саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған апатайым – шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстазым. Маған үйреткенді өзгеге де,өзге оқушыға үйреткенді маған да үйренкен әжем,ешкімді бөліп жарған емес. Әр оқушысын өз баласындай мәпелеп,жақсылығын асырып,жамандығын жасыра білген ардақты «Ана».

Ұстаз еңбегінің қыр сыры мол,қиын да жауапты,шығармашылық  еңбек екендігіне қарамастан ол үнемі отбасына да уақыт табатын. Әр кез жұмысына жақсы көңіл күймен кетіп,жадыраңқы көңіл күймен келетін. Өзінің жұмысын жақсы көргені соншалық бір де бір рет шаршадым деген сөз айтпайтын.

Әжемнің ерекшелігі әділдікті сүйетін,адам еңбегін адал бағалайтын,оны тәрбиелеуде батыл қадамдар жасайтын,тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен және бар ынтасымен жасайтын керемет жан.

Құлағанда көтеріп,мойығанда қолдау көрсетіп,жылағанда жұбатып,қателескенде кешіріп,білмегенімді үйретіп,адам қатарына қосып,әр кез қолыңызды созғаныңыз үшін алғысым шексіз.Менің мақтанышым секілді,мен де сіздің мақтанышыңыз болу үшін барымды саламын.Сізді жерге қаратпаймын деп уәде беремін!Ізгі ниетпен немереңіз.

 

Бибақыт Ерсайынова

Тұран университеті

3 курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ