Су сұраған студентке айран мен сүт кім берер?

0
656
Әрбір ата–ана баланың толық отбасыда, таршылық көрмейтіндей жағдайда өсіргісі келеді. Адам болған соң жас қосып, есейіп,  ЖОО-на түсіп, студент атанады. Біреуі грантқа оқуға түссе, біреуі тағдырдың басына жазғаны болар немесе тестілеуге дайындалмағанынан болар ақылы оқуға түсіп жатады. Қандай бала ата-анасын қолайсыз жағдайға қалдырып, олардың 4-5 жыл бойы оқуы мен тұрмыс жағдайын қамтығанын қалайды? Меніңше, ешкім.

Бес саусақ бірдей болм

ағандықтан, барлық студенттердің атынан сөйлей алмаймын. Ата-ана болғандықтан баланы соңына дейін асырауға, жанын беруге дайын тұрады емес пе? Сонда да жанымда жүрген достарым әке-шешелеріне ауыртпалық салғызғысы келмегендіктен сабақтарынан соң кешкі жұмысқа шығады. Ұйқы қанбайды. Келесі күні сабаққа маужырап барып, тақырыптарды да толық түсінбейді. Өз басымнан өткен соң өте жақсы түсінемін. Барлығына да үлгеруге тырыссаң да кейде біріне үлгеріп, біріне кешігесін.

Сенің тағдырың ешкімді қызықтырмайды, сенің проблемаң ешкімге де керек емес. Шынымен де біреудің басын ауыртып қалай, қайда , не үшін жұмыс жасап жүргеніңді айтқың келмейді.

Екі апта сабақтан қалып қойғаным бар. Дүкенде киім жағынан кеңесші болып жұмыс істеп жүргенімде бастық маған келіп айғайлап, боғауыз сөздер айтып, балағаттайтын да. Тіпті бір күні есіргені сонша қол көтермекші болды. Сабыр-деп, өзімді тыныштандырып, сабырға келтіріп , сөз қайтармайтынмын. Үлкенге сөз қайтарма, қарсы шықпа— деген тәрбиемен өскен соң, ештеңе де айта алмайсың, жәй ғана ішіңнен тұнып жүресің. Көзден қанша жас төгілді, төзім де таусылды. Бір апта бұрын жаңа жұмыс іздей бастадым, табылған сәтте жағымсыз бастығыммен қоштасуға дайын тұрдым.

Құрбым менің жағдайымды ести сала бірден мені жанында жұмыс істеуге шақырды. Бардым. Көрдім. Бастықтармен таныстым. Бірден достастым. Жұмыс уақыты  кешкі 6-дан танғы 6-8ге дейін–екенін ескертті. Ертеңнен бастап іске кіріс”- деді.  Қуанышым қойныма симай, жүгіріп менің көз жасыма қалған бастығыма барып мен жұмыстан шыққым келеді –деп едім, көзі шар айнасынан шығып кете жаздады да,шықсаң шық, бірақ біздің ереже бойынша екі апта толық жұмыс жасап кетуің керек-деп, бетіме қарап күлді. Ал не істей аласың-дегені ғой. Келісуден басқа амалым болмағандықтан келістім.

Міне, ұйқысыз өткен күндерім басталды. Таңғы оннан кешкі алтыға дейін киім таңдау жағынан кеңесші болсам, кешкі алтыдан таңғы алтыға дейін бармен болдым. Үйге келіп жуынып, тамақтанғанша сегіз де болады. Ал, тоғыз бола салысымен қайтіп жұмысқа кететінмін. Көзімді бір сағатқа ілінгеніме қуанатынмын.

Жүріп бара жатып ұйқыға кеткен адамды көргенсіз бе? Көрмесеңіз сол кезде менің жанымда жүруіңіз керек еді. Көзімнің жеткені адам іс-қимыл үстінде де қиындықсыз ұйқыға кетуі мүмкін екен.

Білемін, бұл- өмірімнің қиындықтарының ең жеңілі екенін. Сонда да сол күндердің біткеніне қатты қуаныштымын. Адамгершілігі мол жандармен жұмыс істеген бақыттың бір түрі  екенін түсіндім. Бір ойым құдайдың мені сынағаны шығар дедім. Шынымен де Аллаһ тағала өзінің пендесіне жеңе алатын қиындықтарды басына береді емес пе?Қайтсекте, не түрткі болса да жеңілмеу керек. Бұл тек басы ғана.

 

                                                                                      Диара ҚАЛДЫБЕК


ПІКІР ҚАЛДЫРУ