Судың да сұрауы бар

0
1179

2019 жылы 25 қыркүйекте БҰҰ-ның арнайы баяндамасы жарияланды. Баяндама авторлары әлемдік мұхит деңгейінің күрт жоғарылауы адамзат үшін апаттарға әкеліп соғатынын айтты.

Негізгі болжамдар

Полярлық аудандардағы жылыну мен мұздықтардың еруі климаттық өзгерулер мен теңіз жануарларының азаюына әкеліп соғады. Шығарылатын парниктік газдардың көлемі азайтылғанмен де, кейбір мемлекеттерді су басу қауіпін алдын алу мүмкін емес. Ғаламдық жылыну топырақтың тұздануына, ал бұл азық-түліктің қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін.

Басты себептер

Ғаламдық жылынудың басты себептеріне тоқтала кетейік. Бұл тұста антропогендік факторды атап өтуге болады. Парниктік газдардың көп шығарылуы да адам әрекетіне тікелей байланысты жүреді. 1850 жылдан бастап ауаның орташа температурасы жыл сайын артып отырған. Ауадағы артық жылуды мұздар 3%, континенттер 3%, атмосфера 1%, ал мұхиттар 93% өзіне сіңіреді. Орташа температураның артуы және мұздықтардың еруі сияқты нәтижелер осының салдарынан орын алады.

Кішігірім статистика және шешу жолы

Адамзат өмірінде мұхиттың атқаратын рөлі өте ерекше. Мұхиттарға түскен көмірқышқыл газы калий карбонаты ретінде бөлініп шығады. Судың үлкен айналымының арқасында ол атмосфераға енеді. Сол арқылы жерді тіршілікке қолайлы етеді. Бірақ 1970 жылдан бері атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері 20%-ға артқан. Осыған байланысты мұхит суы қышқылдана бастады. Қышқылданудың салдарынан біз маржан кедертасын жоғалтып алуымыз мүмкін. Ғалымдар осы мәселенің алдын алудың екі жолын ұсынады. Біріншісі — СО2 газының мөлшерін ұлғайтуды тоқтату. Екіншісі — мұхит суларына жергілікті жерлерде ұқыптылықпен қарау (ластауды, балық аулауды азайту, т.б).

Әлемдік мұхит жағдайының нашарлауына адамзаттың әсерін айтып тауысу мүмкін емес. Парниктік газдар, ластау, мұнай қалдықтарын ағызу сияқты мәселелерді былай қояйық. Коммерциялық балық аулау да бұл жағдайға өзінің үлесін қосып жатыр. 40 жыл бұрынғы әрбір оныншы жылмен салыстырғанда, теңіздегі балықтардың әрбір үшінші қоры таусыла бастады. Балық аулау кәсіпшілік ресурстары жылына 130 миллион тоннаға дейін жетті. Табиғи ресурстардың қалыпқа келу мүмкіндігі бұдан әлдеқайда төмен. 2003 жылы жарияланған “Nature” ғылыми журналындағы салыстырмалы тізім бойынша 1950 жылмен салыстырғанда мұхиттан акула, тунец және марлин сияқты жыртқыш балықтардың 90%-ы ауланған. Егер балық аулау осы қарқындылықпен жалғаса беретін болса, 2050 жылға қарай мұхитта мүлдем балық қалмау қауіпі бар.

Әлемнің әлем болып қалыптасуында және адамзаттың тіршілігін жалғастыруында маңызды рөл атқаратын мұхиттың қазіргі жағдайы шынымен алаңдатады. Бар уақытында қадіріне жетпей, кейін осы әрекетімізге өкініп қалатын күн туар ма екен? Мұхитты құтқару қолымыздан келіп тұрса да, қадам жасауға асығар емеспіз. Келешек ұрпақ пластик пен мұнай қалдығының ортасында қалып, ертеде тіршілік еткен бізді жазғырмаса болғаны…


ПІКІР ҚАЛДЫРУ