Ұр тоқпағым, ұр!

0
3784

2017 жылдың 3 шілдесінде Н. Ә. Назарбаев ҚР ҚК-іне өзгерістер енгізу жайлы заңға қол қойды. «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Ұрып-соғу» баптары (108, 109 б.) әкімшілік кодекске ауыстырылды. Шілденің 13-жұлдызында өзгерістер күшіне енді. Қылмыстық кодекс бойынша, әйелін соққыға жыққан ер адамды 45-60 күнге қамауға алу мүмкін болатын. Қазір бұл үшін тек 15 күнге «қамауда ұстау» мүмкін болды. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін салынатын айыппұл мөлшері де азайды. 200 және 60 тәулікке дейін қамауға алу тәрізді шаралар 15 АЕК және 15 тәулікке қамауға алу сияқты жазалау түрлеріне ауыстырылды. Тек бұл өзгеріс тұрмыстық зорлық-зомбылық санын азайтты ма?

«Қазақстанның дағдарыс орталықтарының одағы» мәліметі бойынша Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел қайтыс болады. Қазақстан бас прокуратурасының дерегінше, 2013 жылы әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылық артқан. Бұл жылы 137 мың оқиға тіркелген, 54 әйел тұрмыстық жәбір кесірінен өзіне қол жұмсаған. БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы қорының Қазақстанда жүргізген зерттеуі бойынша, елімізде әрбір сегізінші әйел тұрмыстық-зорлық зомбылыққа ұшыраған.

Мәселенің шешімін іздеместен бұрын оның басты себептерін анықтап алған дұрыс. Біздің мемлекетімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіштерінің артуына түрткі болатын бірнеше айқын себептер бар.

Бірінші және ең басты себеп

қазақы менталитет және «ұят» түсінігі. Жәбірленушінің тиісті орындарға хабарламауының бірден-бір себебі осы. Бір немесе бірнеше рет соққы жесе де, әйелдердің көп бөлігі құқық қорғау органдарына болған жағдай жайлы ақпарат бермейді. Арыз берген күннің өзінде аздаған уақыттан соң арызын қайтарып алады. Себебі біздің елде отбасының мәселесін тысқа шығармау тәрізді түсініктер қалыптасқан. Тек отбасының ішінде жәбір көрсең, ол шынымен де «отбасы» түсінігіне сай келе ме?

Екіншіден

шағымданушының қауіпсіздігіне ешқандай кепіл берілмейді. АҚШ-та шағымданушыға сот болғанға дейін және сот барысында психолог және жеке адвокат беріледі. Сонымен қатар әйелге өз пәтерінде қалуға мүмкіндік және қорғау нұсқамасы беріледі. Бұл нұсқама бойынша жәбір көрсетуші үйдің маңайына және жәбірленушіге жақындай алмайды. Біздің елімізде жәбірленуші арызданғанымен, үйінен өзге барып тұратын жері болмағандықтан жәбір көрсетушімен бірге тұруға мәжбүр болады. Осыдан кейін арызданушының сотқа дейін жетер-жетпесіне ешкім де кепіл бола алмайды.

Үшінші бір себеп

заңның жүйелі болмауы. Жәбір көрсетуші 15 тәулікке қамауға алынды делік, ал босап шыққан соң оның ұрып-соғуын жалғастырмайтынын ешкім де нақты айта алмайды. Бұл үшін қамауға алынған адаммен арнайы психологтар мен дәрігерлердің жұмыс жасауы керек.

Міне, елімізде осы және өзге себептер бойынша толыққанды және сапалы жұмыстар атқарылуы керек. Егер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тамырына толығымен балта шаба алмасақ, психологиясы тұрақты ұрпақ, бақытты отбасы және саналы қоғам түсініктерінен айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Елді өзгертпес бұрын елді құрайтын қоғамды өзгертіп, оны қауіпсіздікпен қамтамасыз еткен дұрыс.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ