Сығанақ алғашқы қазақ мемлекеті – Ақ Орданың астанасы

0
1439
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Сығанақ алғашқы қазақ мемлекеті – Ақ Орданың астанасы

Бүгінгі күнге дейін «Көшпенділер отырықшы өркениет жасамаған, сондықтан олар мемлекеттілік деңгейіне көтеріле алмаған» деп қарайтын сыңыржақ пікірдің сеңі бұзылмай отыр. Әттеген-ай дейтін бір жағдай мұндай пікірді қолдаушылар европалықтар былай тұрсын, отандық тарихшыларымыздың арасында да кездеседі.

Көшпенділік ол тек экзотика емес, ол адамдардың өмір сүріп отырған төл табиғаты, жер-суы, ауа-райы, тұрмыс салтына орай көк тәңірінің адамзатқа берген сыйы, өркениеттің ерекше құбылысы. Кезінде «Көшпенділерді малы мен бірге өріп, бірге жусаған қауым» деп таныған немістің таңдаулы философтары Ф. Гегель және И. Кант табиғатпен тайталасып өмір сүрген қауымға европалық сырт көзбен сүзе қарамай көшпенді халықтың өз өмірімен етене танысқан болса олар тіптен өздері де көшпенділердің ортасында қалып қоюы мүмкін еді.

Көшпенділер делінетін жұрт өзгеге ұқсамайтын сындырлы өркениет жасады. Деректерге жүгініп көрелік. Б.з.б. 128 жылы төтенше тапсырмамен сыр бойына келген қытайлық Чжан Цян тек бір ғана Ферғана өңірінде (Сырдың ортаңғы бойы) ірі 70 қала бар деп жазыпты. Тек кәзіргі Моңғолия жерінде ежелгі түркі-моңғол-кидандардын 220 қала, қалашығының орыны жатыр. Зерттеушілер тек Жошы ұлысы (орысша Алтын Орда) қарамағында 150-200 қала болғаны жайлы қабарлайды. ХІ ғ. өмір сүрген ғұлама Жүсіп Баласағұн,

Болған талай қалалар да халық та,

Уақыт көмді бәрін жерлеп табытқа.

Болған талай ауылымыз, тайпамыз,

Енді соның ізін тауып байқаңыз деген аманат қалдырды.

Бұл аманатты бүгінгі біздің археолог әріптестеріміз орындап жүр. Тарихта Сыр бойы қалаларының қатарында Сығанақ қаласы аталады. Ал осы Сығанақ қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болғаны туралы мәселенің сыры әлі күнге дейін толық ашыла қойған жоқ. Біз енді осы мәселеге тоқталып көрмекшіміз.

Қала 982 жылы түзілген «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен алғаш белгілі болды. Мұнда протоқазақтық Кимек мемлекетінің аймақтарымен қалалары туралы жазылған.

Х ғасырда өмір сүрген араб географы аль-Мукаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырар мен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км). «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Ол ежелгі түркі-қалаларының бірі. Мұсылман деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Өйткені Сығанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын.

Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазады. Хорезм шах Атсыз (1127-1154) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді бағындару үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жайқын жорықтар жасап ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» сығанақ дейірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған.

Сығанақ осылай құлпырып тұрған шағында моңғол шабуылына тап болды. Жошы бастаған моңғол қолы 1220 жылы маусым айында Сығанақты қоршауға алып қала тұрғындарынан қарсылықсыз берілуін талап етіп ұйғыр Хасан қажыны елшілікке жібереді. Бірақ Сығанақ тұрғындары бұл талапты мойындамай Хасан қажыны өлтіреді. Осыдан кейін Жошы қаланы күшпен басып алып жермен жексен етіп, тұрғындарын қырғанға ұшыратты.

Д′Оссон, А.М. Жувейнидің айтуынша «Жошы Сығанақта тірі жан қалдырмаған делінеді». Менімше бұл аса сенімді дерек емес. Егер тірі жан қалмаған болса, Жошы Хасанның ұлын кімдерге басшы етіп Сығанақта қалдырды. Одан гөрі «…Ихэд алж…» немесе «көп адамды қырды» делінетін моңғол тарихшысы А.Амардың пікірі сенімдірек естіледі.

Осы оқиғадан кейін Сығанақ Жошы ұлысы оның әскери сол қанаты Ақ Орданың билігіне өтті. Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның тұсында (1309-1315) Жошы ұлысының орталығы Ертістен – Сығанаққа аударылды. Осы кезден бастап Сығанақтың қайта өрлеу дәуірі басталды. Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю жолға қойылды. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсетеді. Ерзен хан 25 жыл билік құрып 1344/1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы-хан — Орда ежен әулетінен тараған Ақ Ордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды.

Мүбәрәк-Қожа кезінен Ақ Ордада басталған бүліншілік 16-17 жылға жалғасты. Тек 1351-1361 жылдар аралығында Ақ Орданың 8 ханы өлтірілді. Бүліншілік 1361 жылы Орда тағына Шымтайұлы Орыс ханның келуі арқасында тынышталды. Орыс ханның таққа келуі Ақ Орда мемлекеті және оның астанасы Сығанақтың өрлеу дәуірі болып табылады.

Түрік тілінде жазылған, авторы белгісіз «Аноним Искандердің» тұжырымына жүгінсек «Орыс хан Ақ Орданы түбегейлі дербес мемлекетке айналдырды» [ ]. XIV ғ. екінші жартысында Ақ Орда мемлекеті «Орыс хан ұлысы» атанған тұстары бар. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ қара ала ту алып жауға шапты.

Ақ Орданың астанасы ретінде Сығанақтың нағыз шарықтап өскен кезеңі Орыс ханның тұсы. Орыс ханның атында ақша соғылды. Орыс ханның елі тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Ш.Уәлиханов және А.И.Левшиндер Орыс ханды «Алаш хан» деп атап, оны қазақ хандарының атасы деп тануы тегіннен тегін емес. Қазақ түсінігінде «Алаш» ұғымы «қазақ» атауының баламасы болып табылады. Сондықтан Алаштың астанасы Сығанақты қазақтың астанасы деп тануға толық мүмкіндік бар.

Сығанақ жайлы аса құнды дерек қалдырған авторларының бірі Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфахани. Ол өзінің «Михман-наме Бұқар» («Бұқара қонағының жазбалары») атты еңбегінде «Дешті қыпшақты жер жұмағы» деп атап, Сығанақтың орналасу жайы аса қолайлы, ол Дешті Қыпшақтың шекарасы, Түркістанның орталық шебі, онда «күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып кешке қарай одан түйір де қалмайтын» деп жазған еді.

Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылатыны туралы деректі жазып қалдырған да осы Рузбихан. XIV ғ. соңына қарай Сығанақ үшін күрес күшейді. 1375-1376 жылдардан бастап бұл күреске Мауеренахр билеушісі Темір араласа бастады. Ол өз ордасына бас сауға іздеп келген Тоқтамысқа Сығанақты сыйға тартты. Темірдің бұл әрекеті Орыс хан бастаған Ақ Ордалықтардың қарсылығын тудырды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Орыс хан 1375 жылы үлкен Сарайдан Сығанаққа қайтып оралды.

1376 жылдың қараша күзінде Сығанақ үшін бір жағынан Темір-Тоқтамыс қолы, екінші жағынан Орыс ханның ұлы Темір Мәлік қолы арасында ұлы шайқас болып Темір Мәлік қолы жеңіліс тапты. Сөйтіп Сығанақ Тоқтамыстың қолына өтті. Орыс ханның немересі Барақ хан 1423 жылы Сығанақты қайтарып алды. Сығанақ кімге тиесілі екендігін Барақтың Ұлықбекке қойған датынан айқын көруге болады. Онда «Сығанақ жайылымы әдеттегі заң ережелері бойынша маған тиесілі, өйткені менің атам Орыс хан Сығанақта Орда тұрғызған» деп жазылған.

Ақсақ Темір 1395-1396 жылы Тоқтамысқа қарсы жорықтан қайтқан жолында Қажы-тархан, Сарайды жаулап алып Сарайды жермен-жексен етіп қана қоймай жолай сығанақты қиратты. Осыдан болып Сығанақтың қайта құлдырау дәуірі басталды.

Сығанақты 1446 жылы Шайбанилік Әбілқайыр басып алды. Бірақ Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге — төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңіліс тапты. Орыс ханның шөбелері Жәнібек пен Керей бастаған Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті.

Бірақ Сығанақ өлкесі территориялық тұрғысынан қазақ мемлекетінің қарамағында қала берді. Соңғы орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Қалай деген — мен Сығанақ XVII ғ. дейін қала атын сақтап тұрды да кейін үйінді, төбешігіне айналып жер астында қалды.

Қазірде халық оны қастерлеп «Сунах-ата» деп атайды. Қаланың орны Ташкент темір жолынан Төмен-Арық станциясының солтүстік-шығысына қарай 20 шақырымда жатыр. Тарихшылар Муин ад-Дин Натанзи, Б.Д. Греков, А.Ю. Якубовский, А.А. Семенов, Ш.Ш. Уәлиханов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, С. Жолодасбаевтар Сығанақтың тарихын әрдайым Ақ ордамен байланыстырып зерттеп келді.

Соңғы жылдары біз Ақ орда тарихын зерттеуде моңғол және қытай деректерін айналымға енгіздік. Чин империясы кезінің тарихшысы Ломаның 1735 жылы жазған «Моңғолдың Боржығын тайпасының тарихы» атты еңбегінде «Баты хан 1235 жылы батыс жорығына аттанды. 1240 жылы әкесінің иелігіне тиген ел, жердің негізінде Еділдің құйғанында Сарай қаласын тұрғызып астана етті. Тарихта оны Қыпшақ хандығы деп атайды. Арал теңізінің шығыс солтүстігін ағасы Ордаға беріп «Ақ орда хандығы» деп атады. Аралдың солтүстігін Сыбанға (Шибан) беріп ол «Көк орда» атанды деп жазды.

Ежелгі және кәзіргі замандағы моңғол авторларының еңбектерінде «Хасгийн цагаан ордны улс» (Қазақтың Ақ орда мемлекеті) деген аталым қолданылады. Ш.Уәлиханов Мухамед Қайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегіне жасаған талдау белгілеуінде Ақ орданы Моңғол ұлыстарының басқадай ордаларынан айырып жеке атап көрсетеді. Бұл пікірді Л.Н.Гумилев жалғастырды. Ол былай дейді «Ныне казахи занимают огромную площадь с монотонным степным ландшафтом.

В XIII в.степь обезлюдела после жестокой Монголо-половецской войны и была поделена между тремя ордами: Золотой или Большой, -на Волге, Синей между Аральским морем и Тюменью, и Белой (т.е Старшей)-в Тарбагатае и на верхнем Иртыше, на Волге из конглемерата народов сложилась Татары. Синяя орда оказалась нежизнеспособной и в ХІV в слилась с Волжской, зато Белая орда, опиравшаяся на окрайны Сибирской тайги до Оби, склоны и предгорья Алтая и степи Сырдарьи, в то время перемежавшиеся борами, развивалась в самостоятельный этнос, позднее экстроординарные степи Приаралья, Мангышлак и Рынпески».

Сығанақты астана еткен Ак Орда мемлекеті қазақтың алғашқы мемлекеті ғана емес, қазақ халқы оның ұлттық ой санасы қалыптасуының ұйытқысы (концентрат) болып табылады. Олай болуының себебі мынада:

1. Ақ Орда Жошы Қыпшақ ұлысының әскери сол қанаты ретінде қазақ даласының төрінде, бұрынғы қыпшақ хандығының негізінде құрылды. Билікке Шыңғыс хан әулеті өкілдері келгенімен қазақ қоғамының дәстүрлік сыр-сипаты орасан өзгерістерге ұшыраған жоқ.

2. Ақ Орданың территориясы (Ертістен Сырдәрияның құйғаны, Саураннан-Арал, Қараталдан Төменге (Тюмень) дейінгі) қазіргі Қазақстан аумағының көлемді бөлігін (шамамен 60-65%) қамтиды.

3. Ақ Орда халқының негізгі бөлігін қазіргі қазақ халқын құрап отырған байырғы тайпалар (Үйсін, Қаңлы, Дулат, Арғын, Қыпшақ, Найман, Жалайыр қатарлы) құрады.

4. Ақ Орданың шаңырағын алғаш көтеріскен Жошы хан ұлы Орда еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан Ақ Орданың алғашқы дербес билеушісі, Қазақ хандарының атасы (Қазақ мемлекетінің алғашқы ханы) деп танылады.

5. Қазақ мемлекетінің алғашқы ресми қарулы қолы «Алаш мыңдығы» Орыс ханның тұсында, Сығанақта жасақталды. Мыңдықтар ақ қара ту ұстап «Алаш» деп ұрандап жауға шапты, ел, жерінің тұтастығын жанкештілікпен қорғады.

6. Ақ Орда дәуірінде Шыңғыс хан әулетінен тараған қазақ хандары династиясы (Орыс ханнан – Кенесарыға дейін) қалыптасты.

7. Ақ Орда дәуірінде Алаш ұраны – ел ұранына айналып қазақтың бірлігін дәріптейтін мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілді.

8. Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде қыпшақ-қазақ тілі мемлекеттік жазба тіліне айналды.

19. Ақ Орда кейін «Қазақ хандығы» атымен Қазақ мемлекеті қайта құрылуының алғы шарты болды.

XV ғ. өмір сүрген әйгілі ақын Шахрух:

Әйгілі қала Сығанақ,

Дешті Қыпшаққа өтер жолы, қақпасы.

Дештігі келер қонақтар

Саған келіп тірер еді ат басын.

Түркістанның орталығы, шебі едің.

Барша жанды тыныштыққа кенедің,

Ежелден-ақ ғалымдардың мекені,

Белгілі еді тыныш қала екені.

Сенде туды Нихаяның ілімі,

Тарады сенен «Хидаяттың» білімі.

О, Сығанақ, қақпаларыңның шаңын сүйіп жылар ем,

Қайта тусам Сығанақта туар ем

деп жырлаған қазақ мемлекетінің астанасы болған әйгілі Сығанақты жер қайнауында тастамауымыз керек. Археологиялық жұмысты жалғастырып Сығанақты ашық музейге айналдырып «Сығанақ – қазақ мемлекетінің астанасы» деген монумент тұрғызу қажет. Астананың бір көшесін Сығанақ деп атағанымыз игі іс болыпты. Ары қарай астананың жаңа райондарының бірін Сығанақ деп атап Сыр бойындағы елді мекендердің біріне Сығанақ атын берсек тарих алдындағы бір борышымыздың өтелгені болар еді.

Әдебиеттер:

1 Уәхит Хамзаұлы Шәлекенов. Түріктің отырықшы өркениеті. — Алматы; Қазақ университеті. 2003, 100-б.

2 Майдар Д. Турчин П., Сайн-Эр. Д. Градостроительство МНР. — УБ, 1983. — С. 3

3 Цолмон С. Монголын Алтан Ордон Улс. — УБ., 2006., 119.

4 Жүсіп Баласұғын. Құтты білік. — Алматы, 1986. 602-605-бб.

5 Бартольд В.В. Худуд ал-Алам . Рукопись Туменского Л. 1930; Ninorsky V. Hudud al-alam. The region of the World. A/ Pershian Geography., 372, A. N.982, A.D. London, 1937. p.44

6 Академик В.В. Бартольд работы по исторической геграфии. Соч., Т. ІІІ. — С. 229.

7 Д′Оссон К. От Чингисхана до Тамерлана. – Алматы, 1996. — С. 116.

8 Амар А. Монголын товч түүх, УБ, 1989, 144-б.

9 Тизенгаузен В.Г. СМИЗО. Т. 2. — С. 130, 211.

10 Греков В.Г. Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. — М.Л., 1950. С. — 316

11 Артыкбаев Ж.О. Материалы к истории правящего дома казахов. — Алматы, 2001. — С. 42-45

12 Валиханов Ч.Ч. Собр.соч., в пяти томах. Т.2. — С. 160-161; Левшин А.И. Описание киргиз-казчьих или киргиз-кайсакцких орд и степей. 4-1. — СПБ, 1832. — С. 274-275;

13 Тарих-адамзат ақыл ойының қазынасы: он томдық. Т. З. Ортағасырлақ тарихи ой – 2005, 370-371-бб;

14 Абд ар-Раззак Самарканди. «Қос жарық жұлдыз туылып, қос өзеннің қосылағн жері» атты еңбегіннен. СМИЗО. Т. 2. — С. 197.

15 Лома. Монголын Боржигин овгийн түүх. (Моңғолдың Боржығын тайпасының тарихы). Хөх хот. 2000., 106-б.

16 Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч., в пяти томх. Т.4. — Алма-Ата, 1987. — С. 14.

17 Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера земли. — М., 1997. — C. 231-232.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ