Сырлы сөз сиқыры

0
3356

           Халықтың эмпирикалық білім жүйесінде байқағыштық, сезімталдық, көрегендік, болжағыштық сынды қасиеттер жиынтығынан орныққан, бір ізге түскен, нормаланған халықтық пайымдаулар мен топшылаулар тізбегі қалыптасқан, киіз туырлықты қазақтың тәлім-тағылымының алтын арқауы мен қайнар көзі халық мұрасы екендігі даусыз. Өйткені бітім-болмысы өздері жүріп өткен өмір аясында қалыптасқан қазақтың таным-түсінігі оның кешегі өмірімен өзектес.

          Ұлтымыздың  қадір-қасиетін, даму тіршілігін тану арқылы оның жүйелілігі, ақыл тереңдігі, таным әрекеттері туралы байыпты пайым жасай аламыз. Продуктивті ой арқылы айқын байқалған халқымыздың ақыл-ой интеллектісін зерделеу ісі де бүгінгі ұрпақ еншісінде.

         Қазақы тағылымның бастау бұлағы болған ұлттық мәдени мұрамыз мен игіліктеріміз- кімді болмасын ізгілікке баулитын, адамгершілікке тәрбиелейтін өмір оқулығы.

         Халық тағылымының басты тәрбие құралы- сөз. «Жылататын да, жұбататын да сөз» (Б. Момышұлы), «Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың» (М.Қашқари), «Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз шалады» (Ғ.Мұстафин), «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» (халық мақалы) деген сөздерде үлкен шындық бар.

       Сиқырлы сөз арқылы ұрпақ тәрбиелеу, оның сана-сезіміне әсер ету, өз-өзіне бақылау жасауға дағдыландыру, көңіл-күйін қалыпты деңгейде ұстау , еңбек қабілеттілігін арттыру міндеті көзделеді.

        Бала бойына адами қасиеттерді ұлттық ұғымдар арқылы сіңіру, оларды ұлттық рухта тәрбиелеу- ұлт мүддесін ойлайтын ұстаз мақсаты.

        Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030» Жолдауында болашақ туралы ой-толғаныстарын ортаға салады. «Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті», — дейді. Ал болашақтың бүгіннен басталатыныны ескерсек, Елбасы алдына қойған мұрат-мақсаттар мен талап-тілкетерді іске асыратын ертеңгі Азаматты дайындау, оны өмірге бейімдеу біздің еншіміздегі игілікті іс. Яғни , бүгінгі таңда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің алдында өз елінің әдебиеті мен мәдениетін, тарихын білетін,өз ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу сынды жауапты жұмыстар тұр. Осы орайда, балаларға  оқулықтағы дүниелерді айтумен шектелмей, халық өмірінен алынған әңгімелерді, тарихи тұлғалар жөніндегі аңыздарды (Қорқыт ата, Асан Қайғы, Бұқар жырау, Шыңғыс хан, Абылай хан, Домалақ ана және т.б) қазақтың дәстүрлі ырымдарын (кәрі жілік, тұмар т.б) тыйым табу сөздерін (үйге қарай жүгірме т.б) діни әңгімелерді (адамның ерекше қасиеттері, құдай бар ма? Ақырзаман бола ма? т.б) басқа да ел өміріне қатысты деректерді келтіріп отырсақ, олардың дүниетанымының кеңеюіне жағдай жасай аламыз. Сондай-ақ тілдік лексиконымызда бала үшін ұғынуға қиын соғатын сөздер өте көп. Әрқайсысының  мағынасын ашып, емін-еркін тілдік қолданысқа енгізу үшін біраз жұмыстануға тура келеді. Көне сөздер мен басқа тілден енген сөздерді айтпағандағ ұлттық мәдениетпен, халық өмірімен тығыз байланысты шығу төркіні мен жасалу жолы қызығушылық тудыратын сөздер легі өз алдына бір төбе. Мақсат- балаларды сөз мағынасының айқындылығына сын көзімен қарауды қалыптастыру, тілдік талдауларды сөздің ішкі мәніне үңілу  арқылы жасауды үйрету. Сабақ барысында мынадай сөздерді пайдалану арқылы лексикалық-грамматикалық талдаулар жасалады: наркескен (сом болаттан соғылған екі жүзі өткір қылыш), сояу (киізді, жабағыны тігетін тебен ине), қос (10 үйір жылқы), сәукеле (сау келе жатыр сөзінің кіріге бірігуі), талқы (теріні керіп созып, иін қандыра жұмсартатын ағаш), сондай-ақ тілімізде жиі кездесетін шығу төркіні қызғылықты есемдер бар. Мысалы: Жамал (сұлу), Нығмет (алғыс), Ғилман (пейіштегі бозбала), Бауыржан (пейіштегі гүл), Нұрила (парсының «Алланың нұры» деген сөзі) т.б.

      Тәрбие құралы ретінде халық арасында айтылатын ырым-тыйымдардың бала зердесіне тигізер әсері зор. Ырым- тымдарды кез келген сабақта, кез келген жағдайда қолдануға болады, ал нәтижесінің айтарлықтай болатынына  еш күмән жоқ.

         Қазақ халқының дәстүрлі ырым-тыйымдары адамдар арасындағы психологиялық ахуалды реттеуге өз әсер-ықпалын тигізе алады. Ырымдап -ниеттеп айтылған сөзбен тыю, жаман әдеттен бойды аулақ ұстау мақсатында айтылған сөз астарында адамның жан қуаты мен ақыл-ойына ықпал етерлік күш жатқандай. Сөз- құдірет. Оның құдіреттілігіне ешкім шек келтіре алмайды. Мысалы, тұла бойым түршікті, өн бойымнан тоқ  жүріп өткендей болды немесе денем мұздап сала берді, төбемнен жай түскендей болды деген тіркестер қандай да болмасын бір сөзді естігеннен кейінгі болған адам бойындағы өзгеріс. Яғни, сөздің белгілі бір дәрежеде адам жан дүниесіне қозғау саларлық күші бар. Күнделікті қарапайым өмірде естіп жатқан сөздердің адамға әсері мұншалық байқалып жатса, халқымызға тән жақсы болса екен деген мақсатпен айтылатын ырым-тыйымдардың адамның ішкі көңіл-күйіне әсері айтпаса да түсінікті.

     Ол адамдар арасында дұрыс қарым-қатынастың орнығуына, сыйластықтың болуына және өзін жақсы жағдайда сезініп жүруіне көмектесе алады.

     Ырым-тыйымдар адамдардың жан мен тән саулығын көздейді. Жан саулығын көздеуден адамның әлеуметтік белсенділігі артады, өмірге деген көзқарасы тұрақтанады.

     Ол өзін қоршаған ортада жақсы сезінеді, жан-жағындағылармен дұрыс қарым-қатынас жасайды, адамға, қоғамға, табиғатқа деген пайымды көзқарас орнығады. Оның бойында тыйым сөздерді естіп, мәніне үңілгеннен кейін жаман әдеттен бойды аулақ ұстау, кешірімшіл, көпшіл болу қасиеті анық байқалады. Өзіне төнер қауіп-қатерден, келер жаманаттан сақтанады. «Адам боп туып, адам боп қалу» жолындағы күресте өзін-өзі шыңдайды. Жамандықтан жиреніп, жақсылыққа ұмтылады. Сенім бар жерде селкеусіз дүние болмайды. Ол мәмілелі келісімге бастайды, дұрыс жолға бағыттап, дұрыс қадам жасауға итермелейді. Өзін-өзі ұстауына , ой-еркіне, ақыл-төзіміне, кейбір жағымды-жағымсыз әрекетке өз байламын жасауға түрткі болады. Әдептілік шеңберінен шықпаған адамның жаны сергек, рухы таза болатыны сөзсіз.

        Ырым – тыйымдардың астарынан жанның тазалығы ғана емес, тән тазалығы , дененің саулығы қалау айқын аңғарылады.

        Көргені мен түйгені мол өресі биік халқымыз ырымдар мен тыйымдарды айтқанда оның адам психологиясы мен денсаулығына тигізер пайда-зиянын бағамдай алған.

        Қазақта құрбақаны баспа деген тыйым бар. Құрбақа да тіршілік иесі. Табиғатта басы артық ештеңе жоқ. Барлығы да бір-бірімен сабақтаса байланысқан. Құрбақаның да биологиялық қоректену тізбегінде алатын орны ерекше. Себебі құрбақа шыбын-шіркейлермен қоректенеді. Егер құрбақалар азайып кетсе, түрлі ауру көбейіп кеткен болар еді. Құрбақаның өзімен де одан жоғары жануарлар қоректеніп, табиғи тепе-теңдікті сақтайды. Сондықтан құрбақа сүйкімсіз болғанымен, сиықсыз екен деп езіп шаншуға болмайды. Бұл тыйым баланы жан-жануарларға орынсыз қиянат жасаудан тежейді. Оның үстіне қай жерде болмасын оны былжыратып жату аса сүйкімді көрінбейді. Одан шыққан иіс-қоңыстың ауаны бүлдіретін тағы бар.

        Сондай-ақ құрбақа сезімтал. Табиғатқа төнетін қауіп-қатерді алдын-ала сезе алады. Медицинада ыстығы көтерілгенде немесе ауырғанда және қотырдың ең асқынған түрін кетіру үшін пайдаланған. Тіпті сүт ашымас үшін де қажетке жаратқан. Халқымыз осы қасиеттерін біле отырып , оны басып-жаншуға болмайтынын ескерткен.

      Қазақ тыйымдарының мәніне терең үңіле отырып, біз баланың жануарлар әлеміне деген сүйіспеншілігін оятып, экологиялық тәрбие бере аламыз.

       Қонаққа барғанда үйге тамақ шайнап кіруге болмайды, керісінше, тамақ шайнап шығу жақсылықтың нышаны дейді.

       Тойға келгеннің тойып келетіні рас. Бірақ осы вервалды емес қарым-қатынас түрі біраз жайдан хабардар етеді. Біріншіден, осы маған не береді дейсің деген астамшылдық оймен әдейі келіп тұрғандай әсер қалдырды. Екіншіден, аузы-басы шайнаңдап жүргенің несі жақсы. Үшіншіден, үй иесінде бөтен ой тумасын дегені. Себебі осы жерге екеуінің арасындағы сыйластыққа сызат түсуі әбден мүмкін. Бұл тыйым арқылы баланы әдептілікке тәрбиелеуге болады.

       Көкті жұлма, көктей соласың дейді қазақ. Бұл сенің ғұмырың да осы жас өскіндей ерте үзілмесің, ешкімге, ештеңеге қылдай қиянатың болмасын дегені.

       Жас желек- табиғат Ананың бізге берген сыйы. Оның тірі ағзаның дамып, тіршілік етуіне тиігізер пайдасы зор. Жанға шипа болатын емдік қасиеті неге тұрады?! «Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады» дейді халқымыз. Сан алуан қасиеттерін ескере келе, өсімдікті қорғай білуге, аялай білуге үйретіп, соның нәтижесінде экологиялық жағдайымызды жақсартуға болатынын аңғара білген халықпыз.

       Қазақта жуған қолды сілкуге болмайды, ыстық асты, шайды үрлеуге болмайды, шөп тістеп жүруге болмайды деген тыйымдар бар. Мұның астарында гигиеналық тәрбие, жеке бастың тазалығы жатыр.

        Мұндай ырым-тыйымдар халқымызда өте көп. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы осы сынды іс-әрекеттерді ұлттық тәрбиенің үлгісі, әдіс-тәсілі ретінде бағалауға болады. Ұрпақ бойына ұлттық таныммен қабысып жатқан ұғым-түсініктерді сіңіру арқылы оларды мәдениеттілікке, өзара түсінушілікке тәрбиелеп отырсақ , біздің басты мақсатымыздың орындалғаны емес пе?!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ