Тәрбиеші болу бақыт! (шығармашылық жұмыс)

0
4308
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау

Тәрбиеші болу бақыт!

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие сіңіру, болашаққа жарқын бағыт-бағдар беру, келешекке кемел боларлық ақыл-парасат меңгерту аса жауапты іс екені мәлім. Сондықтан да жауапкершілік жүгі ауыр осынау қажырлы іске бой ұрған әрбір маман қоғам арасында үлкен құрметке ие болатындай дәрежеге иек артуға тиіс. Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиешілік. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адагершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді. 

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.

Педагог К.Гельвеций: «Тәрбиеші – балаларға ересек әлемге есік ашатын сиқыршы. Тәрбиешінің білімі мен біліктілігіне тәрбиеленушілерінің болашағы тәуелді», деген екен бір сөзінде. 

ТӘРБИЕШІ! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды сөз деп танимын. Өйткені, біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз. Өйткені, біз жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін сіңірудеміз. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды жұғысты етудеміз. Даңқты қаһарман Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту —  бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» деп ескерткен болатын. Біз осынау қауіптің болмауына бас-көз болып, тіліміздің, діліміздің жас ұрпақ бойына бай әрі қазыналы қалпында сіңірілуіне күш салудамыз.

Қиындығы мен қызығы, ауартпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым — үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Тәрбиеші болу – әр балаға екінші ана болуға парапар еңбек. Анадай мейірім мен қамқорлық таныту, аялы сөздермен ілтипат білдіріп, ізгіліктерге бағыттау біздің күнделікті еңбегімізде өріліп жатыр.  Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәніменмен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқыған жоқ», деген екен.

Ал В.Сухомлинский:«Баланың  шығармашылық қабілеті мен  дарынының бастауы — саусақ  ұштарында», дейді. Осындай қағидаларды басшылыққа алған мен өз тәжірибемде: «Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін  бейнелеу өнері арқылы дамыту» тақырыбы бойынша жұмыс жүргізудемін. Тәрбиешілік жолдағы басты мақсатым —  бейнелеу өнері арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың констркутивтік, танымдық, шығармашылық, іскерлік  қабілеттерін дамыту.

Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.

Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.

Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз бақшадағы бүлдіршіндерді жақсылық атаулыға тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз.

«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», дейді ғұлама А.Құнанбаев.

Мұндай қағидалардың барлығы біздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алынуға тиіс екенін  ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. Он жылдан аса тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім – тәрбиешілік еңбекке мен басыбүтін бой ұсынып, әбден қалыптастым. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді ешуақытта естен шығармаймын.

Балабақша жұмысы жауапты әрі қызықты. Жауаптылығы сол – Отанның лайықты тұлғаларын қалыптастыруда ең алғаш темірқазық болатын – мектепке дейінгі мекеме. Қызықтылығы сол – жас бүлдіршіндермен араласып, олардың тәтті қиялынан туындайтын әр сөзді, олардың балаң көңілімен ұштасып шығатын әр іс-қимылын күнделікті көзбен көрудің өзі ғанибет.

Балабақша тәрбиешілігін таңдауыма да жоғарыдағы жәйттер негізгі түрткі болды. Сондықтан да мен өз қалауым мен таңдауыма өкініп көрген емеспін. Қайта, балаларды жақсылыққа, адамгершілікке, терең білімге қарай жетелеуден, осы жолдағы ізденістен үлкен ләззат аламын десем болады.

Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысымды одан әрі жалғастырып, елімнің ертеңі болар жас бүлдіршіндердің саналық тұрғыдан өсіп-өнуіне үлесімді қоса беремін деп ойлаймын.

      Сөз соңында түрік ақыны Назым Хикметтің бір шумақ өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап
Біз жанбасақ лапылдап
Аспан қалай ашылмақ?!
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін маман иесі болғанымды мақтан тұтамын!

Жунусова Жулдыз Жомартовна

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ