ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛ БАҚЫТЫ (баяндама)

0
5228
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛ БАҚЫТЫ

Туған ел, Отан деген сөздер қастерлі де қасиетті сөз болып есептеледі. Біз есейіп ер жеткенде, біздің азаматтығымызға баға беретін осы ұлы Отаның – анаң емес пе?! Біз сол мейірімді ұлы ананың перзентіміз. Бала қамын анасы ойласа, есейе келе ана қамын – Отан қамын баласы ойлауы қандай жарасымды!

Менің елім – Қазақстан! Бұл – әрбір дала перзентінің кәрісі бар, жасы бар – көкірегін кернеген мақтанышпен айтатын сөзі. Бұл тақырыпты жазар алдында көп ойланып, көп толғандым. Елім жайлы, алтын бесігім – туған жерім жайлы азаматтық жүрегіммен толғана сыр шерте алар ма екем?!

Менің Отаным – Қазақстан Республикасы – әрі жас, әрі кәрі, байырғы атамекен. Жас болатыны – бабалар армандаған тәуелсіздік туының желбірегеніне 27 жыл болды, кәрі болатыны – мына бүгін жаңғырып, жасарып жатқан Республиканың кең-байтақ аумағы, бағзы замандардан бері сенің атамекенің – бүгінгі біздің, кешегі бабаларымыздың құт мекені…

Қазақ елінің тарихы қызық та ұзақ, әрі терең. Оны ойлағанда, көз алдыңа толқынды асау теңіз елестейді. Суы мол, нәрлі бұлақтан бастау алған, оған үлкенді-кішілі өзендер қосылып, арнасын тереңдетіп үзбей ағып жатуды жазған. Халық жанының тереңінен нәр алған асау тау өзендерінің толқыны ен дарияға өлмес өмірдің күшін дарытып, бұрқанта көрсетеді. Толқын толастамайды, ағыс азаймайды, өйткені тарих сыры ән-жырға құмар халықтың сезімімен, қиялымен, ойымен араласып жаңа бұлақтардың көзін ашады, сол арқылы дария суын молайтады.

Қазақ баласы тарихтың қай сүрлеуінен өтті деп соңымызға айналып қарайтын болсақ, көк мұнар басқан көкжиектен құбыжық суреттер елестейді. Сеңдей соғылысқан тарих толқынында дарияның шетіне шығып қалған жаңқадай болмай, иірімге батып жоғалып кетпей, бірде алыса жүзіп, толқынға таласа ілесіп, талай оқиғаларды өткерді.

Қазан төңкерісі – қазақтар үшін отта тұрған берекелі қара қазанын шайқап-шайқап, төгіп-шашып төңкергендей әсер етті. Қара қазаны төңкерілген отбасынан береке кетеді, бірлік қашады, қазанды шағу – тал бесікті сындырып, отқа жағумен бірдей. Қамбасындағы астығын, қорасындағы малын алып, қазанын төңкерген қазақ – қаратабан жұтқа – ашаршылыққа ұрынды.

Бұл әлі аз. 29-30-шы жылдардағы Сталиндік зұлматтың зардабы әлі де сорақы. Бұл қазақ заманға ілескіш пе, әлде заманның зор жүгіне иығын төсеп, төтеп бергіш пе?!… Екі жағдайдың да желкесіне жармасып, бірде сүрініп, бірде жығылып, жер бетінен жойылып кетпей, ілдебайлап келе жатқанына қайраным бар.

Жері қандай кең болса, маңдайына жазылған азабы да соншалық мол. Қазақтың қаны мен теріне суарылған азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылған күресі бейне қиыр сахарадағы жолаушыға бағыт сілтеп алып, бәйтерек тәрізді қай-қай замандарда мәуесі үзілсе де, тамыры қырқылмай, алғы күндерге үміткер етті. Айта салғанға елеусіз, әйтсе де, әркімнің көкейінен еш кетпей жүретін «Үміт» деген үлкен сөз.

Дария бөгетті бұзып, суды тасыту бір адамның қолынан келеді. Шақпақ тастан от беріп ғажайып өрт шығару бір адамның қолынан келеді. Ал сол тасыған суды тоқтату жүз адамның да қолынан келмейді. Орманды алған қалың өртті мың адамның да сөндіре алмауы мүмкін. Өзіңше басбұзарлық көрсетіп ел-елдің арасын бүлдіру қай рудың болсын қолынан келеді. Ал шашыраған, бүлінген жұрттың басын біріктіріп, тізе қосып, ел ету тек халқына жаны ашыған ұлдардың ғана қолынан келеді.

Иә, жері мен елі, Отаны үшін аянбай қызмет етіп, әділдікті жақтап, шындық жолын қуып, жанын пида етуге әрдайым дайын болған халқымыздың ұл-қыздары аз емес қой.

Алып даламыздың, алып апалары толғатқан, ондаған ғасырлық ата тарихымызда өздерінің ой парасатынмен, білегімен, жүрегімен, жанымен, тәнімен қорғай жүріп, өз қолымен жасаған бабаларымыз азан шақырып, атын қойған Алаш тұлғалы апаларымыз бен ағаларымыз, ұлыларымыздың арқасында қазақ ел болды, осы күнге жетті, азаттық үшін алысты, елдік үшін бір ұранның қиқуында табысты, әлем өркениетіне айрықша із тастаған, алуан-алуан ұлы оқиғалардың тұсауын кесіп, қанатын қақтырған, қиратуы мен жаратуы қатар жүрген ХХ ғасырды тұрлаулы тарихқа аман атап, міне, жаңа дәуірге тәуелсіз ел болып аттандық.

Иә, алуан-алуан мінезді алаш жұртының кейінгіге жалт етіп қараған жалын толы жанары мен қимай қол созған қасиетті әлемі ғой бұл.

ХХ ғасырдың бізге сыйлаған басты бақыты – еліміздің тәуелсіздігі. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ… Бұған жетер жолды халқымыздың сан қилы тағдыры, жүріп өткен иір-қиыр жолдары мен асу-асу белдері жатыр. Тәуелсіздік алғалы бергі жылдарда жас та жаңа мемлекетіміз үшін оңайға соққан жоқ. Сол айтулы белестен әрі қуанып, әрі қобалжып жүріп, ірі қадам жасадық. Осыдан жиырма жеті жыл бұрын қазақ елі айдай әлемге өз тәуелсіздігін жариялап, біз өз тарихымызды алғаш рет жалпақ дүниеге танытқан едік.

Бұл әрі тарихи сый, әрі сын еді.

Тәуелсіздіктің баянды етілгені – Қазақстан халқының тәуелсіздікке лайықты болып шыққанының арқасы, жұмылған жұмысының жемісі, ынтымақпен алған ырысы.

1986 жылғы жастар көтерілісі – бүгінгі еркіндігіміз бен тәуелсіздігіміздің баспалдағы. Сол көтерілістің рухани төркіні – сол өркендерді оятқан күш!

Арзанды алданыш етпей, елін, жерін ардақ тұтып, Отанына қызмет етуді алтын арқау етіп өткен асыл адамдар – міне, солар, нағыз өр көңілін бастырмай өткен өмір сүргіш өрен жандар, қайталанбас қадау-қадау тұлғалар. Өз халқын сүйе білген адам, өзге елді де сүйе біледі. Өз елін өле-өлгенше сүйіп өтетін, намысын нандай ардақтаған адамдар өз халқының шаңырағында уық болып тігіле де біледі. «Өз елім – өзегім», — деп жығылмас туды ту еткен жасампаз жандар өлшеулі ғұмырын өз махаббатымен өрнектеп өткен.

Елімнің ерлік пен өрлікке толы тарихы, оның ертеңгі үлкен де жарқын болашағы көз алдыма елестейді. Ұлы Даламды жайлаған тәуелсіз елдің азаматы екенімді, ел алдындағы мәңгілік өтелмес борышымды айшықты сөзбен кестелеп айтып бітіре алмаспын.

Әр нәрсеге бір елтіп жүрген балдай тәтті бала кезімде ештеңеге терең үңіле қоймаушы едім. Сонда да көңілімде әйтеуір бір шегі жоқ сауалдар кернейтін де қоятын. Алайда не үшін өмір сүретіндігіме, келер күнге деген келелі мүддем қандай екеніне ой салмаппын. Айыл, тартпастан енді жиып, еліміз енді ғана белді бекем буған шағында бізге артқан, тәрк еткен азаматтығымыз қандай?

Бақыт… Бақыт дейсіздер ғой… Осы сөздің астарында қандай мағына жатыр десеңізші! Әр адам оны өзінің ой-пікіріне қарай әр қилы түсінеді. Ал мен бақыт дегенде, көз алдыма үш байлығым келеді: Халқым, Тілім, Отаным!

Мен бақыттымын! Өйткені, дербес елім, тәуелсіз жерім, ана уызымен қанға сіңген қасиетті қазынам – ана тілім бар, ата-бабамыздан қалған қара да дара жерім бар.

Менің алдағы өмірлік мақсатым – осы елім мен жеріме қызмет ету. Өзімді өзім сондай ұлы арман иесі болуға міндетті түрде дайындаймын. Өйткені, жалғасын таппаған жақсы арман көкіректе туындаған көркем жырдың қағазға түспей, қағжау көріп қалғандығындай өкінішке ұрындырады. Ал асқақ арманның асқар шыңдарына ар-намысының туын тіккен жан шыға алады. Міне, осы нағыз мықты адам.

Талай ұрпақтың сағын сындырып, қапы қалдырып, біздің маңдайымызға бұйырған тәуелсіздік пен бостандық көзіміздің қарашығына айналғаны рас. Бүгінгі таңдағы төзім мен сабыр, ертеңге жетелеген үміт пен сенім, бойымыздағы кісілік пен біліктілік осы тәуелсіздікке қалай қызмет ететінімізге орай өлшенбекші.

«Жыр жазылар күйің келсе, сөз сөз болар түйіндесе» демекші, жоғарыдағы ойларымның тобықтай түйінін өлеңмен былайша өрнектеп айтсам деймін:

Жиырма жыл, жиырма жыл азаттық,

Өзімізді құрсаудан да босаттық.

Ақтадық біз ата-баба үмітін,

Қолда қазір көк ту менен бостандық.

Желтоқсанның қанды суық ызғары,

Қалың әскер қазағымды қорлады.

Тәуелсіздікті қолдаған жастардың

Отан үшін табандары тозбады.

Жүректе намыс оты лапылдаған,

Күш-жігері жастардың сарқылмаған.

Отан үшін олар шығып алаңға

Қарсы ағып өзендей тасқындаған.

Болмасам да сол кезде мен сеземін

Жүректе намыс оты сөнбегенін,

Ызғарына аяздың төзгендерін,

Бұл күннің оңайлықпен келмегенін.

Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,

Мықты болсын елімнің керегесі.

Татту-тәттібоп халқымыз әрқашан,

Кетпесін туған жердің берекесі.

Менің өмірге іңкәр, өз халқыма ғашық жұмыр жүрегім осылай деп ой толғап, жыр төгеді.

Әрбір адам өз өмірінде белгілі бір адамның жетегінде жүреді, арманына жету үшін бойындағы бар күш-қайратын жұмсайды. Адамның мақсат-мүддесі, оның шын мәніндегі ұлылығын немесе кішілігін көретеді.

Менің нұрлы мақсат, биік арманым – өз халқымның көсегесін көгертіп, мерей-мәртебесін биіктету.

Осындай толғанысты ойлар әркімнің де көңілінде еліне – Қазақстанына деген шексіз мақтаныш сезімін туғызбай қоймайды. Мұндай сезім, көңіл-күй барлығымыздың бойымызда бар, ол бізге ана сүтімен қоса дарыған, сол ана әлдиімен санамызға сіңіп, мектеп ұстаздарының тәрбиесімен қалыптасты.

Қытығына тиіп, намысын таптасаң, қайтпай соғысатын әрі өжет, әрі қайсар қазағым тозақ пен азаптан өтіп, жер бетінен мүлдем жоғалып кетпей, ел болудың жолын ойлап, ұлы шерудің бел ортасында келе жатыр.

Елімнің, жерімнің басқа елдермен терезесі тең болғанына, тіптім кейбір елдердің алдыңғы қатарынан көрінгеніне мақтанамын! Тәуелсіздігіміз жасасын!!!

Мағзұм Гүлнұр Әмірханқызы
филология магистрі, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі
«Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» КММ
Қостанай қаласы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ